Астық келісімінен бас тартқан Ресейдің талабы қандай?
Ресей дүйсенбіде астық келісімін орындаудан бас тартқан соң, әлемдік нарықты бидай мен жүгері бағасы күрт өсті. Осылай деп CNN телеканалы хабарлады.
Ақ үй "Ресейдің шешімі азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, әлемдегі әлсіз миллиондаған адамға зиянын тигізеді" деп мәлімдеп, Мәскеуді "тез арада бұл шешімінен бас тартуға шақырды".
"Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірден көтерілген астықтың бағасы Қара теңіз арқылы Украинадан шығарылатын астық келісімнен соң азық-түлік бағасы біршама төмендеген", - деп CNN АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Адам Ходжаның сөздеріне сілтеме береді.
БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресейдің бұл шешіміне өкінетінін жеткізді. Оның сөзінше, астық келісімі азық-түлік бағасын 23 процентке түсіруге мүмкіндік берген еді.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Ресейдің шешімін арсыз әрекет деп атады. Ол ЕО украин ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды жалғастыра береді деп мәлімдеді.
Ұлыбритания Ресей билігінің шешімін "өздері бастаған заңсыз соғыста орасан зиян әкеліп жатыр" деп атады. Нидерланд сыртқы істер министрі Вопке Хукстра Ресейді астық келісімін қайта жүзеге асыруға шақырды. "Ресей астықты қаруға айналдырып жатыр. Бұл адамгершілікке жат", - деп жазды твиттер парақшасына.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің шешіміне қарамастан, Киев Қара теңіз дәлізі арқылы астықты экспорттауды жалғастыра береді деп мәлімдеді.
"Біз Ресейсіз де Қара теңіз дәлізін пайдалана береміз. Бізге жекеменшік кеменің өкілдері өтініш жасады. Олар украин астығын шығаруға дайын екенін мәлімдеді. Түркия астық кемесін өткізеді", - деді Зеленский.
Ол астық келіссөзі аясында екі келісім-шартқа қол қойылғанын жеткізді. Біріншісіне Ресей, Түркия және БҰҰ қол қойды. Екіншісіне Украина, Түркия және БҰҰ қол қойды. "Сол себептен Ресей астық келісімін орындаудан бас тартамыз десе, олар БҰҰ бас хатшысы Гуттеришпен және президент Ердоғанмен келісімнен бас тартып жатыр. Бізде Ресеймен ешқандай келісім болған емес", - деді Зеленский.
Ресей астық келісімі қайта жүзеге асуы үшін Россельхозбанкті халықаралық SWIFT жүйесіне қосуды талап етіп жатыр. Ресейге салынған санкцияларда халықаралық төлем жүйелері алынып тасталған.
Сонымен бірге Мәскеу орыс астығы мен тыңайтқышын Украина арқылы Еуропаға жеткізуді сұрайды.
Abai.kz