Есенгүл КӘПҚЫЗЫ. ҰЛАНБАТЫРДАҒЫ 4 КҮН
Қоймыреті қоңыр тірлікпен, мал шаруашылығымен күнелтетін қазақтың баласы, оқу оқып, ой тоқығаннан кейін нәпақасын алыс Ұланбатырдан және оған еншілес жатқан Налайх, Дархан, Эрдэнэт секілді өндірісті қалалардан іздеді.
Қоймыреті қоңыр тірлікпен, мал шаруашылығымен күнелтетін қазақтың баласы, оқу оқып, ой тоқығаннан кейін нәпақасын алыс Ұланбатырдан және оған еншілес жатқан Налайх, Дархан, Эрдэнэт секілді өндірісті қалалардан іздеді.
ЖОЛДАР – ШАҚЫРАДЫ
Бүгінде Ұланбатырдың өзінде және көршілес қалаларда 50 мыңдай қазақ күнелтеді екен. Көбі – кәсіпкер, мәдениет және ақпарат саласында қызмет етеді. Моңғолия Парламентінде екі қазақ депутаты бар және вице-министр деңгейіне жеткен қазақ азаматын олар мақтан тұтады. Моңғолияны Қазақстанмен байланыстыратын да осы қазақтар болуы керек еді. Алайда белгілі және белгісіз себептермен екі елді тікелей байланыстыратын жол қатынасы әлі күнге дейін жолға қойылмай келеді. Сол себепті де Ұланбатырға бару үшін Бішкек әуежайынан Turkish Air lines әуекомпаниясы ұшырып тұрған Стамбул-Бішкек-Ұланбатыр транзитті ұшағымен қатынауға тура келеді. Ал сапарыңызды пойызбен жалғастырғыңыз келсе, Новосибирскіні бетке алып, Наушк арқылы жолға шығасыз. Ондағы қазақтың ұлттық аймағы Баян-Өлгийге бару үшін жолаушылардың көбі жеңіл көлікпен, Ресейдің Алтай өлкесін басып, Барнаул, Таулы Алтай жоталарымен қатынайды.
Алматы мен Бішкек арасын жалғап жатқан күре жол Қазақстандағы ең жібі түзу жолдардың бірі болуы керек. Сондықтан да, күн күркіреп, найзағай жарқырап, жаңбыр сіркіреп тұрғанына қарамастан Бішкек әуежайына 3 сағатта-ақ жетіп келдік. Мен көрген әуежайлардың ішіндегі ең қарапайымы Бішкектің «Манас» әуежайы екен. Оның жанында Ұланбатырдың Шыңғысхан әуежайы өркениетке әжептәуір жақындығымен ерекшеленді. Бішкектің әуежайында отырып құлазыған көңілім Ұланбатырдың әуежайында бірталай тоқмейілсуге жол берді. Қырғыздар мен моңғолдарды салыстыруға бола ма? Екі халықтың шығу тегі бір делінеді. Қырғыздар Ыстық көл жағалауына Енесайдан, Енисей бойынан ауған. Олардың мінез-құлқы да ұстанған салты да түркі халықтарының ішінде моңғолдарға жақын. Бірақ тілі қазақтың тілінің бір диалектісі дейтіндей. Аэропортта жолыққан бір танысым «қырғыздар қазақша сөйлейтін моңғолдар» деп еді. Қырғыз тілінде моңғол сөздерінің көптеп ұшырасатынын жұрт екі халықтың бір тектен шыққандығынан іздейді. Түркологтар қанша мойындағысы келмесе де, моңғол да түркі халықтарының бірі. Тек түркілердің басым көпшілігі Исламды, моңғолдардың Будданы қабылдауы түбі бір екі халықтың алыстауына түрткі болды. Қырғызстанда 4,5 - 5 миллион халық бар. Моңғолияда 2,9 миллион. Қырғызстан екі рет революция жасап, Үкіметті басып алса, Моңғолияда да мұндай революциялар бірнеше дүркін орын алды. Сарапшылар екі халықтың қанының қызулығы әсер етті дейді бұған. Бірақ бұдан демократияның берік орнығып кетпегені аян. Керісінше халық әлі күнге дейін кедейлік қамытынан құтыла алмауда. Әсіресе, Бішкекті басып өткен осы жолғы сапарым менің бұл ойымды бекіте түскендей. Халықаралық «Манас» әуежайы сонау кеңестік дәуірдің таңбасындай әсер етті. Тіпті Қазақстанның облыстық әуежайларының деңгейіне жетпейді. Кеден бақылау бекетінде адамдарды тінту процесі қолмен жүргізілді. Шаң-шаң кілемінің үстіне аяғымызды шешкізді. Әуежайда интернет те, басқа да өркениет нышандары да байқалмайды. Ұланбатырдың «Шыңғысхан» атындағы халықаралық әуежайы онымен салыстырғанда әжептәуір үлкен екен. Аумағының өзі ат шаптырым. Анадайдан мұндалайтын Шыңғыстың бейнесі де көз тартады. Ең бастысы әуежайда интернетке ену еркін.
Бішкек пен Ұланбатырды ұқсастырған басты нәрсе – әуежайға апарар жол болды. Жол – кез келген мемлекеттің дамуының көрсеткіші десек, бұл жағынан Бішкектің де, Ұланбатырдың да мақтанар жайы болмады. Жолдар ескірген. Әрі көшелері тым тар. Ұланбатырдағы 1 миллион халықта 300 мыңнан астам машина бар. Содан да болар, күн ұзаққа жол кептелісі болады екен.
«ҰЛАНБАТЫРДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫ ИМАНҒА ҰЙЫТСАМ», – дейді «Ел бірлігі» қоғамдық қорының жетекшісі Жеңісбек
Ұланбатырдағы әуежайдан мені «Арулар» қоғамдық қорының мүшесі, әнші Шұға Смайылқызы қарсы алды. Ұланбатырда соңғы рет бұдан 15 жыл бұрын болған едім. Қала келбеті ондағымен салыстырғанда әжептәуір өзгерген екен. Бір қызығы, жергілікті әкімшілік қаланы «Көшпенділер қаласы» деп атағанды ұнатады екен. Әуежайдың кіре берісінде де, шыға берісінде де ағылшын тілінде жазылған «Ulanbator: city of nomads» деген жазулар көз тартады.
Осында болған төрт күн мен үшін еш болмаған сияқты.
Әуелі қазақ ағайындардың салдырған мешітіне тәу ету мақсатында Ұланбатырдан 45 шақырым қашықтықтағы Налайх қаласына жол тарттым. Сәні мен салтанаты келіскен шағын Хазірет Оспан мешітінің имамы Жанбота Тиянақұлы діни білімін Мысыр қаласында алған. Осы мешіттің жанындағы қыздар медресесінде 16 қыз тәлім алады.
– Біздің мақсатымыз, осындағы қазақ балаларының діни сауатын ашып қою ғана емес, сонымен бірге қазақ тілін де үйрету, сөйтіп, мұндағы тілін, дінін ұмытып бара жатқан азғана қазақтың бетін бері қарату, – дейді Жанбота Тиянақұлы. Өзі қазақтардың ұлттық аймағы Баян-Өлгийде туып-өскендіктен қазақ тілін еркін меңгерген, мектепті қазақша тәмамдаған. Ал Налайхыдағы қазақтарға арнап мешіт салдыруға «Ел бірлігі» қоғамдық ұйымы мұрындық болған екен. Ол ұйымның құрушысы және жетекшісі Жеңісбектің айтуынша алғашқы мешітті Ұланбатырда қазақтар шоғырлана орналасқан Толгойт шағын ауданында салған екен. Бүгінде мұндағы азғана қазақтың имандылық ордасына айналған «Хазірет Омар» мешіті әзірге осы маңайдағы жалғыз мешіт.
– Ұланбатырдағы діни ахуал өте қиын жағдайда еді. Өйткені мұндағы қазақтар тілін, ділін және дінін ұмытып барады. 2007 жылы Түркияның қайырымдылық мекемелерінің бірі «Дост Елінің» атқарушы директоры Меджит Йылдырым Ұланбатырға келіп, осындағы алғашқы мешіттің салынуына түрткі болды. Сол Толгойт шағын ауданындағы мешіттің ашылу рәсімін Түркия Парламентінің спикері Мехмет Әли Шахин деген кісі өзі жасады, Налайх қаласындағы мешітті Түркияның бас уәзірі Тайып Ердоган өзі ашып берді, – дейді ол.
«Ел бірлігі» қоғамдық қоры мұнда Ислам мәдени орталығын ашып, онда мешіт, медресе және әйелдердің тігін курсын ұйымдастырып отыр. Налайх қаласы Баянөлгийден кейінгі қазақтардың ең көп шоғырланған жері. Сол себепті де олар екінші мешітті осы жерге салуды жоспарлапты. Бір өкініштісі – Түркия Ислам мәдениеті ұйымдарымен тығыз байланысы бар бұл ұйымдардың Қазақстанмен мүлдем байланысы жоқ деуге болады. Қазақстаннан қазақ тілінде шығып жатқан діни кітаптарды Ұланбатырға жеткізу де үлкен проблема болып отырған көрінеді.
– Қазір Астанадан мыңдай діни оқулықтарды жеткізе алмай отырмын. Негізгі себебі – Ресей кеденінен өтудің машақаты мол екен. Сол себепті де Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен ресми байланыс орнату біз үшін өте маңызды болып отыр, – дейді ол.
– Толғойтыдағы мешіттің жанынан қазақ балаларына арналған балабақша салынып жатыр. Негізінен бұл мәдени орталықты салудағы басты мақсатымыз осындағы азғана қазақтың тілін ұмытпауына сәл де болса септігімізді тигізу. Осында қазақтардың бас қосуына мүмкіндік жасамақпыз. Бізде басты проблеманың бірі – оқулықтың тапшылығы.
Бұндағы қазақ зиялыларының есебі бойынша, Налайх қаласындағы 35 мың тұрғынның 5 мыңға жуығы қазақ. Қазақтар бұл қалаға негізінен өткен ғасыдың 70-80 жылдары көмір шахталарында еңбек ету мақсатында қоныс аударған. Отставкадағы майор, «Моңғол-заман» газетінің тілшісі Базар Кәжейұлы осындағы қазақтардың шежіресін жасаумен және қазақ балаларына қазақ тілін үйретумен шұғылданады екен. Осы мақсатта ол Моңғол-қазақ тілдерінде ең көп кездесетін күнделікті сөздердің сөздігін әрі қазақ тілін оқытудың методикасын жасаған.
– Осы мешіттің жанынан осындағы аз ұлт өкілдері – қазақ балаларына қазақ тілін үйрететін арнайы үйірме құруды жоспарлаған едім. Алайда қазір қала әкімшілігі оған рұқсат бермей отыр. Өйткені, зайырлы білім беру мен діни білім беруді бір бірімен араластырғысы келмейді. Басқа жерден орын тауып беруге уәде берген. Соны күтіп жүрмін, – дейді ол.
Базар Кәжейұлының айтуынша, 1989-1993 жылдар аралығында осы қалада қазақ балаларына арналған қазақ бастауыш мектебі болған екен. Алайда осы бастауышты тәмамдаған қазақ балалары моңғол мектебіне көшкен кезде ол тілді игере алмай, қатарластарынан көш кейін қалып қойыпты. Сол себепті де қазақ ата-аналар бұл бастауыш мектепті жаптыруға мүдделі болған.
ЖАРТЫ ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРҒАН ШЫҢҒЫСХАН – МОҢҒОЛДАРДЫҢ МАҚТАНЫШЫ
Бұдан осы Налайх қалашығынан 30 шақырымдай қашықтықтағы Шыңғысхан кешеніне жол тарттық. Осы сапарымда тағы бір түйгенім, моңғолдардың ұлттық мақтанышы болар тұлғасын асқақтата отырып, жас ұрпақтың зердесіне ұлттық рухты сіңіре білуі. Кешеннің аумағы тым ауқымды. Жалпы ауданы – 212 гектар. Шыңғысханның зор тұлғасы анайдайдан-ақ мұндалап, мысыңды басады екен (1- нші суретті қараңыз). Бүкіл әлемнің жартысын атты әскерімен-ақ бағындырған Шыңғысханның алып тұлғасы, ол мінген тұлпар және оның тұғырымен қоса есептегенде биіктігі қырық метрге жететін алып ескерткішке келушілердің қатары да көп екен. Бұл ескерткіш кешені – «Шыңғысхан» деп аталады. Оны салушылардың басты мақсаты дәл осы кең жазыққа Шыңғысхан заманын суреттейтін алып қорған салу. Шыңғысханның әлемді жаулаған жауынгерлері, көшпелі ордасы, сол кездегі моңғол мәдениеті барлығы да осы кешеннен орын табады деп жоспарланған. Кешен авторы – «Женко тур Бюро ХК» акционерлік қоғамы. Әзірге бұл алып кешеннің құрылысы аяқталмапты. Шыңғысханның еңселі ескерткішімен бірге, болуы тиіс өзге персонаждар әлі де жасалу барысында көрінеді. Ескерткіштің ішінде алыптығы жағынан Гиннестер кітабына енген «Моңғол етігі» бар (2-нші суретті қараңыз). Бұл етіктің қойылуындағы мән – жарты әлемді осы етіктің арқасында жауладық деген идея бар. Бұл етіктің биіктігі – 9 метр, ұзындығы – 6 метр, ені – 2 метр. Оны жасау үшін 225 сиыр терісі мен 4500 кендір, 120 шаршы метр киіз, 72 шаршы метр поролон, 13 текше метр ағаш, 300 литр желім, 180 текше метр брезент жұмсалған екен.
Қытай мен Ресейдің геосаяси ойынының арқасында 1921 жылы дербес мемлекет болып, жеке өз алдына ту тіккен Моңғолияның бүгінгі саяси-әлеуметтік жағдайы адам қызығарлықтай емес. Дегенмен олардың ұлттық мақтанышы болар өткен тарихы, ұлы тұлғасы бар. Олар сол тұлғасымен мақтанады. Соңғы бірнеше жыл көлеміндегі сапарымда көңіліме түйгенім, тәжіктер – Сомониін мақтан тұтады, ақшасын Сомонидің атымен атайды, Америка Джордж Вашингтонды пір тұтады, долларда Вашингтонның суреті бар, өзбектер – Ақсақ Темірге табынады, моңғолдар – Шыңғысханын асқақтатады, қырғыздар «Манасты» шоң көреді. Ал – Қазақ?! Қазақ хандығының негізін қалаған тұңғыш хандары Жәнібек пен Керейге арналған кешені де жоқ. Хандар аллеясы да жасалынбаған.
Атажұртпен рухани байланыс үзілді
Сапарымның үшінші күні – Ұланбатырда түрлі ақпарат саласында қызмет етіп жүрген қазақтармен кездесу өткізудің сәті түсті. Кездесуді Моңғолиядағы «Арулар» қоғамдық ұйымы мен Моңғолияның бұқаралық телевидениесінің MN2 арнасы бірлесіп өткізді. Кездесуде он беске жуық қазақтар бас қосты. Негізгі әңгіме – осындағы қазақ руханияты және оның Қазақстанмен байланысы. Ұланбатырда көптеген қазақ жастары Моңғолияға кеңінен танымал республикалық басылымдардың журналистері қатысты. Жиынды бастап сөз алған «Арулар» қоғамдық қорының төрайымы Айнагүл Сарайқызы аталмыш қоғамның Ұланбатыр және оған еншілес қалаларда тұрып жатқан қазақтарды рухани тұрғыдан ояту мақсатында істеп келе жатқан ауқымды шараларынан хабар бере отырып, жалпы қым-қуыт тірліктің салдарынан дәл осындай сыр сұхбаттардың жиі бола бермейтіндігін сөз етті.
MN2 телеарнасының аға редакторы Досан Қабдылбари Баянөлгийде Қазақстандық телеарналарының біразы көрсетіп, қазақ ағайындардың көзайымы болып отырғанымен, ол аймақтан тыс жүрген қазақтардың ақпараттық вакуумде өмір сүріп отырғанын айта отырып, осындағы қазақ жастары ЮНЕСКО-ның Моңғолиядағы бюросының қолдауымен осы MN2 арнасынан жергілікті қазақтарға арнап күн сайын 15-20 минут қазақ тілінде ақпарат тарататындығын жеткізді. Ақпарат қазақ тілінде және моңғол тілінде субтитрмен беріледі дейді ол. Сондай-ақ, екі аптада бір рет жарты сағаттық «TV-толқын» тележурналы да эфирге шығады. Сонымен бірге аптасына бір рет эфирге шығатын «Толқын» радио хабары, күнделікті 20 минуттық ақпараттық радио бағдарлама да бар екен. Елдегі аз ұлттарды ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында буриад және тыва тілдерінде де хабарлар таратылады.
«Арулар» қоғамдық қоры Моңғолиядағы қазақ әйелдерінің құқығы және әлеуметтік проблемаларымен айналысады, әрі Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан өзге елді мекендерде тірлік ететін қазақтарды іздеп, солардың ұлттық рухани болмысын сақтауы үшін қолдарынан келген тірліктерін жасап жатқандығы мәлім болды. Жиында сөз алған Моңғолия «Білім» институтының Қазақ балаларының білім секторының ғылыми қызметкері Зүлмира Жаубайқызы «Арулар» қоғамдық ұйымының тапсырысымен қайда қазақ бар, сонда барып олардың ахуалымен танысып қайтуды мақсат етеді екен.
– Сондай бір сапармен Қобда аймағына барғанымда, ондағы қазақтарға қазақ тілінен сабақ беретін бір апайдың 1979 жылғы «Қазақ тілі» оқулығын әлі пайдаланып жүргенін көріп, Баян-Өлгийдегі ағайынның қара орман қазақ екеніне көзім жетті, – дейді.
Жиынға Баян-Өлгийдегі қазақ ақпаратын дамытуға үлес қосып жүрген Күмісбек Сайлауұлы мен Өмірбек Қабайұлы келіп қатысты. Күмісбек Сайлауұлы ондағы «Дербес» телеарнасының жетекшісі. Оның айтуынша, Баян-Өлгийде ақпарат тарататын телеарналардың саны бірнешеу. Сондай-ақ, www.baiolke.com атты ақпараттық портал, www.kaznews.com, www.kazlife.com атты сайттар жұмыс істейді. Ал 1965 жылдан бері қарай хабар таратып келе жатқан қазақ радиосы жұртпен күніне бір сағат қауышады. «Шұғыла» журналы және «Жаңа дәуір» газеттері бар. Оның сыртында Қазақстандық телеарналардың барлығы дерлік көрсетеді. Дәл осы мүмкіндіктің Ұланбатырға жетпей отырғанын айтып қынжылған www.kaznews.com, www.kazlife.com сайттарының ұйымдастырушысы Өмірбек Қабайұлы Ұланбатырда спутник иә кабельдік желімен Қазақстан телеарналарын көре беруге неге болмайды дегенді зерттеп көрдім дейді.
– Біздегі кабельдік жүйе 60% -та жиілікті қабылдайды, ал «Астана» және «Балапан» телеарналары 90%-та хабар таратады екен. Сол себепті де, қазіргі кабельдік жүйе Қазақстан телеарналарын қабылдай алмайды екен. Ол үшін екі мемлекеттің өзара келісімі қажет көрінеді.
Жиналғандардың айтуынша, Қазақстанға көшіп барған, моңғолиялық қазақтардың арасынан 450-дей журналист Қазақстанның түрлі ақпарат құралдарында қалам тербеп жүр екен. Алайда, өкініштісі, екі елдегі қазақ журналистердің өзара байланысы жоқтың қасы. Соның салдарынан ақпарат алмасу, елдегі болып жатқан саяси ахуалды зерделеу, екі елдегі қазақтардың әлеуметтік мәселелерін ой елегінен өткізу, ең бастысы руханияттың көшін бірге сүйреу және Моңғолиядағы қазақтарға рухани қолдау көрсету секілді мәселелер жолға қойылмай келе жатыр. Сол себепті де, ең әуелі екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жолға қою үшін, жол қатынасын жөндеу қажет. Моңғолиядағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Қалыбек Қобландинге жақында сенім грамотасын табыс еткен Моңғолия президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастың жақсаратындығына сенім арта отырып, жол қатынасы қайтадан жанданатындығына үміт артқан екен. Қалыбек Қобыландин бұған екі жақтың да мүдделі екендігін айтыпты. Ағайындар осыдан біраз дәмелі.
Алматы-Бішкек-Ұланбатыр-Бішкек-Алматы.
"Түркістан" газеті