Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3838 0 пікір 2 Қыркүйек, 2009 сағат 18:08

Нұрлан ӨТЕШОВ: Бізде жастар оппозициясы жоқ

- Былайғы жұрт Сізді «Жас Отанның» жоғарғы сапынан көргенше, киноға түстіңіз. КВН-да ойнап, күлдірдіңіз. Қазір - Отан деп екіленген жастардың ортасында көшбасшысыз. Осы тұрғыдан алғанда карьералық баспалдақтармен қарғуды, атақ-лауазымды былай қойып, «Сіз кімсіз» деген сұраққа жауап бере аласыз ба?

- Біріншіден, мен - қазақпын. Бұл сөздің астарында қаншама мән-мағына жатқанын менен де артық білесіз. Елін, жерін сүйетін патриот та, әке-шешесін төбесіне көтеріп құрметтейтін бала да, осы ұғымға сыйып кетеді. Және де өзімді қазақстандықпын десем, артық айтқандық болмас. Ия, осылай дұрыс болатын шығар.

- Сонымен қазақсыз ба, әлде қазақстандықсыз ба? Қайсысын бірінші орынға қоясыз?

- Ммм... Әңгіме былай болып тұр ғой, осы кезге дейін өзімді қазақстандықпын деп санап жүрдім, солай деп ұғындым. Алайда, соңғы 3-4 жылдың ішінде қанымдағы қазақшылығым оянғандай болды. Бұған бірден-бір себеп, әрине - ұлды болуым еді. Балпанақтай балама қарап-ақ, салт-дәстүрлердің сырын, әдет-ғұрып, ырым-тиым дегендей, қазақы мәдениетті қазтабандап болсын түсінуге ықыласты болдым. Сонда да, мені қазақпен бірге қазақстандықпын деп атаған дұрыс, осылай дұрыс болады ғой, ия?

- Құдай-ау, сонымен бірінші кезекте қазақсыз ғой, ә?

- Былайғы жұрт Сізді «Жас Отанның» жоғарғы сапынан көргенше, киноға түстіңіз. КВН-да ойнап, күлдірдіңіз. Қазір - Отан деп екіленген жастардың ортасында көшбасшысыз. Осы тұрғыдан алғанда карьералық баспалдақтармен қарғуды, атақ-лауазымды былай қойып, «Сіз кімсіз» деген сұраққа жауап бере аласыз ба?

- Біріншіден, мен - қазақпын. Бұл сөздің астарында қаншама мән-мағына жатқанын менен де артық білесіз. Елін, жерін сүйетін патриот та, әке-шешесін төбесіне көтеріп құрметтейтін бала да, осы ұғымға сыйып кетеді. Және де өзімді қазақстандықпын десем, артық айтқандық болмас. Ия, осылай дұрыс болатын шығар.

- Сонымен қазақсыз ба, әлде қазақстандықсыз ба? Қайсысын бірінші орынға қоясыз?

- Ммм... Әңгіме былай болып тұр ғой, осы кезге дейін өзімді қазақстандықпын деп санап жүрдім, солай деп ұғындым. Алайда, соңғы 3-4 жылдың ішінде қанымдағы қазақшылығым оянғандай болды. Бұған бірден-бір себеп, әрине - ұлды болуым еді. Балпанақтай балама қарап-ақ, салт-дәстүрлердің сырын, әдет-ғұрып, ырым-тиым дегендей, қазақы мәдениетті қазтабандап болсын түсінуге ықыласты болдым. Сонда да, мені қазақпен бірге қазақстандықпын деп атаған дұрыс, осылай дұрыс болады ғой, ия?

- Құдай-ау, сонымен бірінші кезекте қазақсыз ғой, ә?

- Білесіз бе, қазақ пен қазақстандық ұғымдарының арасында пәлендей айырма жоқ десем... Ол этносқа қарамайды. Мысалы, мынау Дима (қасында жүрген көмекшілерінің бірін нұсқап) - қазақ, қазақшаға ағып тұр. Ол орыс па, қазақ па енді? Түсініксіз. Мен де сондаймын. Орыспын ба, қазақпын ба? Мен қазақстандықпын.

- Түсінікті. Сізді саясаткер санауға бола ма?

- Жоқ, мен саясаткер емеспін. Ел танитын саясаткер болу үшін үлкен тәжірибеден өту керек. Дұрысы, мені саясат саласында жұмыс істеп жүрген адам десе болар.

- Бірден болмаса да, сол сиқырымен сананы арбаған саясат ауылына төтелеп барасыз. Жалпы, саяси өмірдің қай қиындығынан қорқасыз?

- Тәуекелге бас тігу. Бұл бір жағынан жаңынды түршіктірсе, бір жағынан еліктіреді, елітеді. Мысалы, аузыңнан шыққан бір сөз осы уақытқа дейін жинаған абыройыңды шашып жіберуі мүмкін. Бастаған ісіңнің табысты болуы, я балшыққа батуы да соған байланады.

- «Саясат пен соғыс бірдей. Тек соғыста бір рет жан тапсырсан, саясатта мың мәрте өлуге тура келеді» деп Черчилль дұрыс айтқан дейсіз ғой. Мақұл, Сіз басы-қасында жүрген «Жас Отан» жастар қанатына 160 мыңнан астам жас мүше көрінеді. Ашығына келгенде, «Жас Отан» жекелеген жасқа, айталық Мойынқұм төсінде қой-ешкісін қайырып жүрген шопан баласына не береді? Керек пе оған осы ұйым?

- Кез-келген жасқа «Жас Отанның» берері, бәлкім өсу үшін жаңа мүмкіндіктер беретіні шығар.

- Қандай өсу? Карьералық па?

- Рухани болсын, білім алу тұрғысынан болсын, әйтеуір өсуге мүмкіндік берері мәлім. Мысалы, сіз айтқан Мойынқұм малшысының баласы қандай да бір кездесуге келсе, өз тағдырымен кездессе, кейіннен сүйіктісіне қосылса... Осылай болуы мүмкін емес пе? Ал берілген мүмкіндікті пайдалана білу енді өзіңе байланысты.

- «Жас Отан» десе, жұрт санасында қалыптасқан стереотиптің қарапайым кескіні мынадай: футболкалар, қылқындыра галстук тағып, қалшиып костюм киген белсенділер, ұзынсонар баяндамалар, т.т. Осы қалыпты бұзған дұрыс па, дұрыс десеңіз, қалай?

- Әрине, бұзған жөн. Мысалы, қазір Ресейдегі «Единая Россия» партиясының «Молодая гвардия» жастар қанатымен тығыз байланыс ұстап тұрамыз. Жиі-жиі бас қосамыз. Сондағы байқағаным, олар смокинг кимейді, кәдімгі күрте, футболка секілді жеңіл киімдерді оң көреді. Себебі, федеральды деңгейдегі басшылардтың көзіне көрінсе де олар мұны әбестік санамайды, қайта жастықтың лебін өздерімен бірге алып жүргендей болады. Еркіндік, албырттық деп, осыны айт! Өз басым аймақтарға шыққанда қатаң стильге қарап қалмаймын. Бір өкініштісі, ауыл-аудандардағы жастар белсенділері «дұрыс киінбегендерге» дүрсе беріп, «мына түріңмен сені әкімшілікке кіргізбейді, ешкім сөзіңді тыңдамайды» дейтін көрінеді. «Футболка кигіміз келсе де, галстук тағуға мәжбүрміз. Әйтпесе, басшы ағаларымыз менсінбейді» деп талай жас та жекелей өзіме айтты. Бұл енді қанға сінген «қасиет» те, болмаса киімде тұрған не бар тәйірі....

- Жастар ұйымының идеал моделі дегенде, ол қайсыбір министрліктен, я партиядан іргесін бөлек салған тәуелсіз болуы тиісті. Әрі ниеттен амалға айналып үлгермеген істерге алдын-ала пиар жасайтын бос акциялардан алыс болғаны да жөн. Жалпы, сіздер осы модельге жақындағыларыңыз келе ме?

- Айтқаныңыздың дұрыс екенінде дау жоқ. Он жастың басын қоссаң, соның тек екеуі ғана ортақ тіл табысып, көңілдері жарасады. Біреуі пысық, бизнеске барсам деп тұрады, біреуі момын, баяу сазды ұнатады. Осы ретте «Жас Отан» жас қауымның әрбір мүшесіне жекелей ыңғай жасауға тырысады. Әманда солай. Түсініктірек болу үшін, мысалы рокерлер мен рэперлерді бір бөлмеге отырғызып қойсаң, міндетті түрде төбелес болады. Сондықтан, рокерді де, рэперді де ренжітпей сөйлесу керек.

- Кеңестер тұсындағы ВЛКСМ талай комсомолдың маңдайын жарқыратып, жоғары биліктің құйыршығын ұстатты. Қазір мұны «әлеуметтік лифт» деп сәнді атап жүр. Сырт көзге тәуелсіз елдің тарихында осы лифт тек Сіз бен Тәңірберген Бердіоңғаровты көтерген секілді. Осы көтергіштің сыйымдылығын қалай арттырса болады?

- Аа, ол үшін бізге кету керек. Маған және Танға (Т.Бердіоңғаров - ред.) кету керек.

- Қайда кетесіздер?

- «Жас Отаннан». Біздің де өскіміз, басқа салаға ауысқымыз келеді. Былтыр жаздық саяси лагерьде Дархан Кәлетаев ағамыз: «Бұрын Бердіоңғаров еді, одан соң Өтешов пайда болды. Осы Өтешовтан басқа жас бар ма өзі?» деген-ді. Әрине, бұл сөз қағытпа түрінде жастардың ортасында айтылғанымен, астарында үлкен салмақ бар. Әрбір жастар ұйымында көшбасшылардың алмасуы жиі болып тұруы қажет. Мұнсыз болмайды.

- Қазіргі билікті қолдайтын жастар ретінде өздерін оппозициялық жастар құрылымдары ретінде көрсететін «Айбар», «Қаһар», Әлеуметтік қарсылықпен текетіресіп көріп пе едіңіздер? Жалпы, олармен байланыс  орнатуға қадам жасадыңдар ма?

- Әрине, ашық қарсылыққа бармаймыз, бірақ олармен қарым-қатынас орнатуға талпынудан шаршаған емеспіз. Министрге хат жазған Жанбота да, басқалары да өзіміз сияқты қарапайым жігіттер. Қайбір жиындарға «Рух пен Тіл», «Ар, Рух, Хақ» секілді қоғамдық ұйымдардың жетекшілерін де шақырып жүрміз. Жас кәсіпқойлар қоғамымен бірге кейбір заңнамалық актілерге өзгерту-түзетулер тұрғысында жұмыс жасап жатырмыз. Негізі айтарым, біз қандай болсын, ұйымға қарсы емеспіз, бірге жұмыс жасаймыз десе, қуана келісеміз, қолдаймыз. Өз басым жастар оппозициясы деген ұғымды жоқ деп санаймын.

- Жастар оппозициясын көзге ілмейсіз бе, әлде ұғымның өзін жоқ дейсіз бе?

- Дұрысы, ұғымды. Неге десеңіз, олар да елім-жерім деген патриоттар, демократиялық жаңаруды жақтайды. Мүмкін, «Нұр Отанға» сенбейтін шығар, мүмкін қайсыбір саяси мәселелерге көңілі қалған шығар, бірақ біз де, олар да Қазақстанның болашағы жайлы сәт сайын ойлайды.

- Билік қорғанбайды. Оппозициялық партиялар, «оғаш ойдағы» қозғалыстардың баспасөз бетінде жазбағаны қалмады, жаза да береді. Үндеу жазып, митинг өткізеді, ал ресми билік бұған іштен ренжімесе, таққан айып, жаққан күйе үшін аласұрмайды. Мысалы, «Жас Отан» - «Нұр Отанның» бел баласы деуге тұрарлық құрылымы. Партияға қарасты айтылған сындарға тойтарыс беруді өздеріңізге тиесілі деп санайсыздар ма?

- Әрине. «Қанға қан» дегендей, сынға сынмен шығуға болады. Ресейде тап қазір осы жағдай. «Молодая гвардия» билікке қарсы ұйым жетекшілерімен ашық пікірталасқа түсіп, алпауыт олигарх-байларды айыптап, алаңда пикет өткізеді. Бір-бірімен ырду-дырду. Құдайға шүкір, біз бұл деңгейден өттік. Сынды өркениетті түрде жеткізетін болса, ол міндетті түрде жоғарыдағылардың құлағына жетіп, жүзеге асады. «Ақ жол» партиясы 2002-2004 жылдары көтерген ұсыныстар қазір мемлекет тарапынан қолдау тауып жатыр емес пе? Бірсыпырасы жүзеге де асты.

- «Мен бақылауыма алам», «Менің есептеуімше» деген сөздер лексиконынызда көп секілді. Өз атыңыздан қарата көп айтатыңызға қарағанда, амбициядан кенде емессіз. Алайда, көпшілік саясаткерлердің «Ахиллес окшесі» де, осы амбицияның асып-төгіліп, қисын мен білімге орын қалдырмауы. Сіздіңше, амбиция мен эрудицияны теңестіруге бола ма? Бұның құпия кілті бар шығар.

- Ол кілт бар, бірақ менде емес (күледі). Себебі, әлі де тәжірибе алу, дайындалу үстіндеміз.

- Енді-енді қазақша сөйлеуге төселіп келесіз. Өзіңіз құралпы жастар көшбасшыларының бойынан ұлттық рухтың ұшқынын көрмегенде, «әй, қойшы осыларды» деп қол сілтейсің. Қашан өзгересіздер?

- Қазір 30-35 жасты еңсеріп қалған аға буынның арасында бір-бірін «асфальт қазағы, ауыл қазағы» деп бөлу қатты байқалады. Біздің буын бұл жағынан біраз өзгерді. Менің ізбасарларымның қай-қайсысын ал, қос тілде еркін сөйлейді, ауылдың да, қала жағдайын да жақсы біледі, шетел көрді.

- Елбасын есепке алмағанда, өмірде идеалыңыз болды ма?

- Идеалым жоқ, бірақ ұстаздарым бар. Ең кемел, ең данышпан деген адамның өзі ағаттық жасауы мүмкін, қателессе - айып емес, қайта жақсы. Сол қателігінен сабақ алмаса, онда жаман. Ұстаз болу дегенде, міндетті түрде жасы үлкен адам емес, менен әлдеқайда жастардың өзінен біраз нәрсе үйренуге болады. Егер бір-бірімізден үйрене білетін болсақ, онда екі жаққа да тек пайдасын береді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Өркен КЕНЖЕБЕКОВ,

«Дала мен Қала» газеті, №34, 31.08.2009

Төрдің қонағы туралы:

Нұрлан Сүлейменұлы Өтешов 1977 жылы 24 ақпанда туған. «Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ атқарушы директоры, ҚР Білім және Ғылым министрлігі жастар саясаты департаментінің директоры сияқты лауазымды қызметтерде болған. 2009 жылдың ақпанынан бері - «Нұр Отан» ХДП-ы «Жас Отан» жастар қанатының Атқарушы хатшысы. 2000 жылы Лейла Аранышеваның «Десант» боевигіне түсті. 2004 жылы Парламент мәжілісінің сапына өтуге талпынған, сәті түспеді.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340