Дәрігер қателік жіберсе, демек, оның білімін әлі де болса жетілдіру керек деген сөз
Ержан ӨТЕУЛИЕВ, Алғашқы медико-санитарлық көмек және реабилитациялық қалыптастыру медицина мамандары қауымдастығының президенті, медицина ғылымының кандидаты:
Ержан ӨТЕУЛИЕВ, Алғашқы медико-санитарлық көмек және реабилитациялық қалыптастыру медицина мамандары қауымдастығының президенті, медицина ғылымының кандидаты:
– Ержан Сәбитәліұлы, таяуда елімізде халықаралық деңгейде дәрігерлер Конгресі болып өтті. Жалпы маңыздылығы жағынан алып қарағанда, бұл сонау 1978 жылы елімізде әйгілі академик Төрегелді Шармановтың ұйытқы болуымен өткізілген, әлі күнге дейін әлем елдерінің денсаулық сақтау саласы сол бойынша жұмыс істейтін Алматы Декларациясы қабылданған Конференциядан кем түспеген секілді. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Былтыр алғаш қолға алынған бұл конгресс биыл екінші рет өткізіліп отыр. Оның негізгі мақсаты – алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету саласында қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен олар жайлы ақпараттық танымды арттыру және дәрігерлерді әлемде болып жатқан медицинаның соңғы жаңалықтарымен қамтамасыз ету. Ол үшін біз еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ әлем елдерінен білікті мамандарды шақыртып, денсаулық сақтау саласындағы еңбек жолын енді бастаған мамандарға сол білікті, білімді әрі осы салада қаншама жылдық тәжірибесі бар дәрігерлермен өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасауымыз шарт. Конгресс сол мақсатта, осындай ұлы мұратта ұйымдастырылды. Шынын айтуымыз керек, бұрын дәрігерлерді біліктілігін арттыруға мәжбүрлейтін болса, бір қуанарлық жағдай бүгінгі таңда дәрігерлердің өздері ақпараттық танымдық деңгейлерін арттыру үшін осындай Конгресс ұйымдастыруға мүдделі. Себебі осындай басқосуларда мамандар денсаулық сақтау саласындағы жаңа тәжірибелермен алмасып, сондай-ақ осы салаға қатысты елімізде соңғы жылдары қабылданған заңдар мен түрлі қаулы-қарарларды да қарастырады. Мысалы, осы Конгресте алғашқы медициналық көмек көрсетудің практикалық мәселелері, яғни дәрігерлердің күнделікті жұмыс барысында ұшырасатын емдеудің жаңа тәсілдері, диагностикадағы жаңа әдістер, сонымен қатар жалпы алғашқы медико-санитарлық көмек көрсетуге енгізіліп отырған жаңа заңнамалық өзгерістер талқыланды. Себебі кез келген заңнаманың тиімді не тиімсіздігі оның жұмыс істеу барысымен анықталады емес пе?.. Біз жалпы биылғы Конгресте диспансеризацияны күн тәртібіндегі өзекті мәселе етіп қойдық. Диспансеризация негізі 1978 жылы біздің елімізде әйгілі академик Төрегелді Шармановтың ұйытқы болуымен өткен Дүниежүзілік Дәрігерлер Конгресінде бірауыздан қабылданған Алматы Декларациясының негізгі ұраны болды. Осы Конгресс барысында біз сол нәрсені қайта жаңғырттық деп кеуде қаға қоймасақ та, осы диспансеризациялаудың жаңа тәсілі төңірегінде өткен жылдың 26 желтоқсанында дүниеге келген бұйрықтың дайындалуына ұйытқы болған едік. Әрине, Денсаулық сақтау министрлігінің тікелей бұйрығымен.
– 2012 жылдың 26 желтоқсанында шыққан бұйрықты ерекше атап көрсетіп жатқаныңызға қарағанда, оның диспансеризация, яғни алғашқы дәрігерлік көмек көрсету саласына әкелген бір жаңалығы болып тұрғаны ғой, демек?
– Әрине, бұл бұйрықтың көптеген жаңалықтары болып тұр, соның ішінде ең бірінші атап көрсетерлігі, мұнда дәрігерлердің алдына нақты алгоритм қойылады. Айталық, мысалы, бұрынғы бұйрықта дәрігерге «мынадай ауру түрінде науқастан осынша анализ аласың, дәрігер қадағалауына осынша рет келесің» дейтін болса, қазіргі бұйрықта әлгіндей жағдайлар сақтала отырып, тағы да қосымша әдістер қамтылады. Ең бастысы, мұнда орта буын медицина қызметкерлерінің рөлі анықталды. Ал бұрын әр медицина қызметкерлерінің міндеттері жеке-жеке жазылмай, жалпы айтыла салған болатын. Ал қазір әр қызметкердің функциясы мен рөлі өз алдына қарастырылады, яғни орта буынды медициналық қызметкерлер, жалпы тәжірибелі дәрігер немесе тар салалық дәрігерлер не істейді солар жеке-жеке көрсетіледі. Түсінікті болу үшін айта кетсек, мұнда орта буынды медициналық қызметкер деп отырғанымыз медбикелер мен фельдшерлер болса, жалпы тәжірибелі дәрігерлер – терапевт немесе отбасылық дәрігерлер, ал үшінші бірі кардиолог, эндокринолог, окулист, т.б деген секілді нақты бір саланың маманы. Жаңа бұйрық бойынша осылардың әрқайсысының рөлі анықталды. Сонымен қатар бұл бұйрықта дүниеге сәби әкеліп, ұрпақ өрбітуге қабілетті жас аралығындағы әйелдердің жүктілігіне кері әсер ететін және еш әсері жоқ ауру түрлерін анықтау мәселесі де қамтылды. Осылардың барлығы таблица түрінде көрсетіле отырып, әр таблицаға қосымша алгоритм жүреді. Алгоритмде әр сырқат түрінде қай дәрігер не істеуі керек, қандай әдістерге сүйенуі шарт, оның нәтижелі болған жағдайында және нәтижесіз жағдайында не істеу керек, яғни қандай маманға бағытталады соның нақты бағыты көрсетіледі. Былайша айтқанда, медицина қызметкеріне бүгінгі таңда «жаңадан велосипед ойлап табудың», яғни не істеймін деп дағдарудың қажеті жоқ, тек қана осы бұйрықты оқып, танысса болғаны, онда барлығы тайға таңба басқандай көрсетілген. Мұның тәжірибеге енгеніне көп болған жоқ, өткен жылдың желтоқсанында басталды, сондықтан енді оның нәтижесі азаматтардың денсаулығын қорғауда қаншалықты өз тиімділігін көрсетті, соның барлығы осы биылғы Конгресте талқыланып, мүмкін жаңа заңнамалық толықтырулар қажет пе, емес пе, сол мәселеге дейін қамтылды. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан атқарылып отырған бұл шара – өте өзекті әрі дер шағында атқарылып отырған іс. Ал аталған бұйрық дәрігерлер тарапынан тәжірибе барысында халық денсаулығын сақтауда өзінің нәтижелі екендігін көрсетті.
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1978 жылғы Алматы Декларациясын қабылдауға мұрындық болған Конференция сол заманның қажеттілігінен туған дәрігерлік кеңес болғандай. Себебі сол кезге дейін дүниежүзінде бес жасқа дейінгі балалардың 15 миллиондайы алғашқы дәрігерлік көмектің болмауы кесірінен көз жұмғанға ұқсайды. Әлемнің 140 елінен делегация қатысқан сол Конференцияда бірауыздан қабылданған Алматы Декларациясы жаңа туған сәби перзентханадан үйіне оралысымен оның және анасының жағдайын дәрігерлердің үйіне барып қадағалауына қол жеткізген. Ал енді техникасы мен технологиясы көш ілгері дамыған бүгінгі медицина несімен мықты?
– Ең бастысы, бүгінгі таңда ақпарат алмасу, науқастарды тіркеуге алу, емдеу – барлығы да автоматтандырылған. Мысалы, бұрындары біз тәуліктеп күтетін анализдер нәтижесі осы автоматтандырылудың арқасында бүгінде бар болғаны 15-20 минутта белгілі болады. Сонымен қатар тағы бір ауыз толтырып айтарлық үлкен бір жаңалық – телемедицинаның жетілуі. Осының нәтижесінде шалғай орналасқан елді мекендердегі мамандар орталықтағы тәжірибелі әрі білікті деген дәрігерлерімен тікелей байланысқа шығып, тіпті шұғыл операцияларға кіруге дейін қол жеткізе алады. Яғни ауылдағы науқасқа сол жақтың жергілікті дәрігерлері ота жасайды, ал оларды білікті мамандар орталықта отырып қадағалап, кеңес береді. Мұның қаншалықты тиімді екенін өздеріңіз бағамдап жатқан боларсыздар. Неге десеңіздер, біріншіден, біздің еліміз өте кең, сол дархан далада тұрғындар өте шашыраңқы орналасқан. Ал әлдеқалай жағдай туа қалса, мәселен, адамдар аяқ асты ауыра қалса, олардың барлығын бірдей орталыққа жеткізу мүмкін бола бермейді, кейбірінің халі жолды көтермейді деген секілді. Осы ретте телемедицина – таптырмайтын әдіс. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі деп аталатын дәл қазіргі таңдағы жетістігі де азаматтарға барынша тиімді қызмет көрсетуге көшті дей аламыз. Нақты айтсақ, азаматтарымыз қай жерде емделгісі келеді, порталға тіркеле отырып, өзіне аурухананы таңдай алады. Және де ол бойынша әр адамға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетіледі.
– Мұндай жағдайда науқас адам кезекті ұзақ күтіп қалмай ма? Науқастың халі мүшкіл болса ше?
– Оған бөлек жағдай қарастырылған, яғни жедел жәрдем арқылы жеткізілген ауруы асқынған науқас болса, оған шұғыл көмек көрсету жағдайы бөлек қарастырылған. Ешқандай кезек күтпейді, порталдың оған еш кедергісі жоқ.
– Бұл енді медицинаның бүгінгі жақсы жетістігі, ал осымен қатар қанша жерден техника мен технология дамып жатса да, адамдар бүгінде мамандардың бірыңғай техникаға сүйеніп, соның кесірінен бұрынғыдай мықты, білгір мамандар азайып кетті деген пікірді алға тартуда, бұған не дейсіз?
– Меніңше, бұл жалпылама айтыла салған сыңаржақ пікір секілді. Қанша дегенмен жеті немесе тіпті тоғыз жыл осы медицина саласында білім алған жандарға білікті маман деп қарау дұрыс дер едім мен. Ал ендеше неге жоғарыдағыдай сауал туындап жатыр? Біріншіден, бұл біздердің қандай да бір мәселеге біржақты қарауымыздан. Яғни, біздіңше, қашанда ауру асқынса дәрігер жаман, ал сол дәрігер айтқан нұсқауды орындамайтындығымыз ескерілмейді. Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр дерсіз?!. Мысалы, дәрігер науқасқа емделу күні мен ем қабылдаудың ретін көрсетеді. Айталық, өкпенің қабынуы, яғни пневмонияны алайық. Оған дәрігер күніне алты реттен он күн пенициллин қабылдаңыз дейді, сосын қақырықты жібітетін дәрілерді тағайындады делік, оның қай сағатта, ас ішер алды, не соңында ішу керектігін, күндік мөлшерін, емделу курсын тағайындайды. Алайда науқастар не істейді, сол курстың жартысын қабылдар-қабылдамас ауруының беті қайта бастаса болғаны, ем қабылдауды тоқтатады да қояды. Ең қауіптісі – осы, себебі емделе бастаған кезде бойдағы ауру антибиотиктен сақтану формасына еге болады да, осы ретте науқастар жазылдым екен деп қате тұжырымға келеді. Шын мәнінде, бұл дерттің егесін алдауы, яғни науқас емдеуді тоқтата қойса, ол ойда-жоқта қайтадан бас көтеріп, бұрынғыдан да бетер күшейеді де, ойда-жоқта сол адамды алып жығады. Солайша бір кездері болмашы аурудың асқынуын біздің көпшілік азаматтарымыз өзінен емес, дәрігерден көреді. Бұл біздің қоғамымыздың жаппай «асқынған дерті» болып отыр.
– Әрине, мұндайды жоққа шығара алмаймыз, әйтсе де бізде диагнозды дұрыс қоя алмау деген де проблемалар бар ғой, тіпті бүйрегі ауыратын адамға бауыр ауруы деген диагноз қойып, нәтижесінде дертті емдемей, дерт үстіне дерт жамап жататын кездер аз емес. Кейде тіпті соңы өлімге ұшыратып жатқан өрескел жағдайларды дәрігердің кінәсінен демей не дейміз?
– Дұрыс айтасыз, диагностика – өте маңызды мәселе. Осы ретте қателесіп жататын дәрігергер де жоқ емес, ол жалғыз біздің елімізде ғана емес, әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Алайда қазір еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселеге кәдімгідей көңіл бөліп жатыр. Қалай дейсіз ғой? Қазіргі таңда қай жерде дәрігер тарапынан қателік жіберілген болса, сол жерге тіпті десант түрінде барып оқытуға дейін жағдай жасалған. Яғни кез келген қателік республика немесе штаб деңгейінде көтеріліп, қателікке ұрынған дәрігерді бір айлық, болмаса одан да көп мерзімге білімін жетілдіруге қаржы да бөлінеді, жағдай да қарастырылады. Өйткені дәрігер қателік жіберсе, демек, оның білімін әлі де болса жетілдіру керек деген сөз. Бұл бір, екіншіден, бір жерде орын алған қателік екінші бір жерде тағы қайталанбасын деген мақсатта осылай етіледі. Соңғы екі жылда осы жағы қатаң назарға алынды.
– Ержан Сәбитәліұлы, сіз эндокринология саласында білікті де білімді маман ғана емес, сонымен қатар білікті ұстаз да екенсіз. Олай болса, қазіргі кезде заманға сай дәрігер маман даярлау қалай жүзеге асып жатыр?
– Бүгінде ең жаңа тәсіл симуляциялық технологиялардың жайына тоқталғым келеді. Симуляциялық технология дегеніміз не? Айталық, сіз өзіңіздің жақыныңызды ешқашанда әлі біліктілігіне көз жетпеген жас маманның қабылдауына, яғни экспериментіне бермейсіз ғой? Алайда маман дайындау керек, яғни жас кадр түрлі ауруларды емдеуді тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибе түрінде меңгеруге тиіс қой. Егерде біз болашақ дәрігерлерді адамдармен тікелей байланысқа түсірмесек, онда ол ертеңгі күні науқастарды қалай емдемек? Міне, осы тұрғыда қазір түрлі аурудың жағдайына ене алатын манекендер жасап шығарылды. Симуляциялық технология деп отырғанымыз сол, яғни болашақ маманның алдына белгілі бір аурудың бағдарламасы жүктелген манекенді береді де, соны қалай емдеу керектігін білікті маман көрсетеді және оның өзін сынайды. Мысалы, әлгі интерактивті манекенге бауыр ауруының бағдарламасын жүктейсіз, ол тура адам секілді ауырып, тура сондай белгілер береді. Анатомиялық жағынан әлгі манекеннің адамнан титімдей де айырмашылығын таппайсыз. Өзі босанатын манекендер де, тіпті босану кезінде патологиялық жағдайға ұшырайтын да манекендер бар қазір. Оларды елімізге АҚШ-тан, Еуропа елдері немесе Израильден алып келеді. Бұл медицина ғылымының ХХІ ғасырдағы дамуының нәтижесі деп айта аламыз. Сондықтан болашақ маман оған «қуыршақ» деп қарай алмайды, олай қарауға құқы жоқ. Біз бүгінде болашақ дәрігер мамандарды осы симуляциялық жолмен түрлі сынақтардан өткізіп, дәрігерлік қызметке кірісуіне жолдама беріп жатырмыз. Қысқасы, бүгінде мемлекет болашақ дәрігерлердің барынша жақсы білім алып, тәжірибеден өтуіне қаржыны да, мүмкіндікті де аяп жатқан жоқ.
– Аға, біз әңгімемізді алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету мәселесінен бастадық. Сол ретте бір мәселенің шетін шығарып қалдыңыз, яғни азаматтарымыздың өз денсаулығына салғырт қарап, бірақ соны дәрігерден көреді дедіңіз. Осы тұста көкейге бір сауал кеп тірелді, яғни кез келген дертті асқындыра түсуде біздің менталитетіміз де рөл ойнамай ма деген. Шыны керек, бізде «өзіне-өзі диагноз қою» деген бір әдет бар, яғни, қазақ үшін екі-ақ ауру бар: «суық тиген» немесе «көз тиген» деген. Осының да өз кезегінде зияны бар дей алар ма едіңіз?
– Әрине, өте дұрыс айтасыз. Тіпті «қазақтар дәрігерге өлерінен бір сағат бұрын келеді» деген де бір анекдот секілді әңгіме бар ғой. Ол негізсіз емес. Яғни қазақ бауырларымнан дәрігер ретінде қай жеріңіз ауырса да, дәрігерге бірден жүгінуін өтінер едім. Себебі біз – ауруды әбден асқындырып, дәрігерге әбден болары болып, бояуы сіңгенде бір-ақ келетін халықпыз. Оған дейін біз өзіміз бір ем қолданамыз, қала берді таныс, дос, көрші-қолаңға жүгінеміз, оған болмаса тәуіп жағалаймыз, сөйтіп жүріп қаншама айлар, тіпті жылдарды өткізіп аламыз. Талай жандар солай ауруын асқындырып ең соңында басқа үміт қалмады дегендей, алдыма жығылған кездері болды. Әрине, ауру енді басталған кез бен асқынған кездегі ем-шараның нәтижесі екі бөлек қой. Бірақ егер ем қонбаса, уақытты босқа өткізіп алған науқастың өзі кінәлі емес, кінәлі дәрігер болып шыға келеді. Былайша айтқанда, кім жаман, дәрігер жаман. Жер шарында қазақтан басқа дәл мұндай халық жоқ шығар, сірә. Сондықтан да айтарым, денсаулық – ең басты байлық, ендеше оған біржақты қарамай, әр адам өз денсаулығына жаны ашырлықпен қараса. Әрине, дәрігерлердің де тарапынан кетіп жатқан кемшіліктерді жасырмаймын. Сондықтан да айтарым, біз қанша жерден миллиондап қаржы құйсақ та, қазақ «өзіне-өзі дәрігер» болуын қоймаса, денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды жоя алмаймыз. Яғни елімізде ауру түрлері де, аурулар саны да азайсын десе, онда ең алдымен өзінен бастасын. Сондай-ақ дәрігер де алдына келген адамға бейжай қарай салмай, өзінің жақыны деп қабылдауы шарт. «Аурудың табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсе-ші» деп ойлайтын дәрігер ғана нағыз дәрігер.
Abai.kz