Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4142 0 пікір 11 Маусым, 2013 сағат 03:31

Ердос ҚАЛИМУЛЛАҰЛЫ, химия ғылымдарының докторы: «Жаңа әңгімеміз – «жасыл экономика»

– Елбасы үздік инновациялық зерттеулер үшін әл-Фараби сыйлығын тағайындағаны белгілі. Осы сыйлық ғалымдарымыздың ғылыми жұмыстарының әлеуетін арттыруға серпін бере ала ма?
– Әрине. Әл-Фараби сыйлығымен әлем­дік деңгейде ашқан жаңалығы бар немесе ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде өндіріс орны ашылған, болмаса ғылыми жаңалығын қолданысқа енгізген еліміздің ғалымдары марапатталады деген сенім­демін. Бірақ ғылым сыйлық алу үшін жа­салады деген ой тумауы керек. Шын мәні­сінде ғылымы әлемдік деңгейде мой­ын­­далған ғалымдардың еңбегін осылай баға­лау қажет және бұл ғалымдардың ғы­лыми зеттеулерінің деңгейін жоға­ры­латуға серпін береді. Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта мемлекеттік деңгейде ға­лымдар екі жылда бір рет Мемлекеттік сый­лықпен марапатталады. Бұған дейін меценаттар тағайындаған тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы бар еді, соңғы жылдары беріл­мей­тін бол­ды. Сондықтан әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің ға­лым­дары арасында да аталған сыйлыққа лайық­ты­лар бар деп есептеймін.

– Осы орайда еліміздегі соңғы жыл­дар­дағы ғылымның дамуына көңіліңіз тола ма?

– Елбасы үздік инновациялық зерттеулер үшін әл-Фараби сыйлығын тағайындағаны белгілі. Осы сыйлық ғалымдарымыздың ғылыми жұмыстарының әлеуетін арттыруға серпін бере ала ма?
– Әрине. Әл-Фараби сыйлығымен әлем­дік деңгейде ашқан жаңалығы бар немесе ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде өндіріс орны ашылған, болмаса ғылыми жаңалығын қолданысқа енгізген еліміздің ғалымдары марапатталады деген сенім­демін. Бірақ ғылым сыйлық алу үшін жа­салады деген ой тумауы керек. Шын мәні­сінде ғылымы әлемдік деңгейде мой­ын­­далған ғалымдардың еңбегін осылай баға­лау қажет және бұл ғалымдардың ғы­лыми зеттеулерінің деңгейін жоға­ры­латуға серпін береді. Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта мемлекеттік деңгейде ға­лымдар екі жылда бір рет Мемлекеттік сый­лықпен марапатталады. Бұған дейін меценаттар тағайындаған тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы бар еді, соңғы жылдары беріл­мей­тін бол­ды. Сондықтан әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің ға­лым­дары арасында да аталған сыйлыққа лайық­ты­лар бар деп есептеймін.

– Осы орайда еліміздегі соңғы жыл­дар­дағы ғылымның дамуына көңіліңіз тола ма?
– Үкімет тарапынан соңғы жылдары ғылымға үлкен көңіл бөлініп отыр. 2011 жылы елімізде «Ғылым туралы» заңның қабылдануымен ғылыми жобаларды қа­рас­тыру, қаржыландыру және жүзеге асыру механизмі жақсарды. Қазір байқауға түс­кен ғылыми жобаларды шетелдік және отандық сарапшылар қарастырып, бағалап, сосын Ұлттық Ғылыми кеңес мүшелері, яғни елімізге белгілі ғалымдар талқылайды. Нәтижесінде 2011 жылы еліміз бойынша ғылымға 26,8 млрд теңге бөлінсе, 2012 жылы бұдан 2 есе көп – 48 млрд теңге қар­жы бөлінді. Биылғы жылы да осы деңгейде қаржы беріледі деп күтілуде. Қаржы көлемі ұлғайып жатыр деп ауыз толтырып айт­қа­нымызбен, бұл ішкі жалпы өнімнің 0,2 пайызын ғана құрайды екен. Дамыған елдерде бұл шама 2,5-3 пайызды құ­ра­ған­дықтан, біздің елімізде әлі де бұл жағынан ойланарлық мәселе бары анық. 2015 жылға қарай бұл шаманы 1 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ғылым мен білім беру жүйесі үшін қойылып отырған негізгі мәселенің бірі – жоғары оқу орындары тек білім беру қызметін ғана емес, қолданбалы және ір­гелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жан­дандыруы тиіс. Бұл өз кезегінде еліміздегі саны көп, бірақ сапасы лайықты деңгейдегі емес, қазіргі уақытта бірте-бірте оңтайлан­дыру жүргізіліп жатқан жоғары оқу орын­да­рының нарық заманында бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Мұнда, әсіресе, академиялық автоно­миялық ұлттық университеттер өздерінің ғылыми-зерттеу қызметін белсенді да­мы­туы тиіс. Бұл арада соңғы жылдары зерттеу статусын иеленуге барлық қызметін арнап, ғылыми-зерттеу әлеуетін барынша дамы­тып отыр­ған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бүгінгі күнгі әрекет-жоспары осы Жолдауда айтылған Елбасы тапсырмасының үдесінен шығып отыр. Университет ғалымдары 2012 жылы 3,5 млрд теңге қаржыға 400-дей ғылыми жоба­ны іске асырды. Бұл 2011 жылмен салыс­тырғанда 3 есе жоғары. Оның барлығы елімізде бекітілген басым ғылыми бағыт­тар: энергетика, шикізатты терең өңдеу, еліміздің интеллектуалды әлеуеті, ақпарат­тық технологиялар және өмір туралы ғы­лым­дарды қамтиды.

– Осы ғылыми зерттеулердің өндіріспен байланысы туралы не айтасыз? Өнеркәсіптік компаниялар тарапынан ғылыми жобаларға қызығушылық бар ма?
– Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу біздің елімізде әлі де то­лыққанды шешілмей жатыр деп айтуға болады. Басты себебі, мысалы, қазір шикізат кен орындары немесе кәсіп­орындар жеке кәсіпкерлердің қолында. Олар тез қайтарымын беретін ғылыми жаңалыққа ғана назар аударады, оның үстінде ол өнеркәсіптік ауқымда толық сыналып, бірден өндіріске енгізуге дайын болуы тиіс. Егер кәсіпорын басшылары ғалымдарымызбен өндірістік сынақ жасау үшін келісімшарт жасасып, қаржы бөлсе ғана, мұндай мүмкіндік пайда болады. Президент мемлекеттік, жекеменшік әріп­тестік негізінде консорциумдар құрып, ғы­лым мен кәсіпорындардың байланысын дамыту туралы Үкіметке тапсырма беріп отыр. Осы тапсырма аясында аталған мәселенің өз шешімін табуға жол ашыла­тын шығар. Негізі менің ойымша, өнді­ріс­тік компаниялар немесе кәсіпорындар өздеріндегі туындаған мәселені ғалым­дардың алдына қойса, ғалымдар да сол мәселені шешуге бар күш-жігерін салады. Яғни қызығушылық пен мүдде екі жақтан пайда болуы керек, сонда ғылымның пайдасы тиеді. Жалпы, ғылыми зерттеулер де осылай орындалуы керек.

Ел экономикасының басты қозғаушы күші – экономиканы әртараптандыру екендігі айқын. Оған қол жеткізудің негізгі тетігі – еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл бағдарлама әртараптандыру арқылы экономиканың тұрақты және ұдайы өсуін қамтамасыз етіп, оның бәсеке­лестікке қабілеттілігін арттыруға бағыт­тал­ған. Осындай экономиканың негізін қалып­тастыру мақсатында ұлттық инно­ва­циялық инфрақұрылымдарды дамыту, коммерциализациялауға болашағы бар ғылыми-технологиялық жобаларды қолдау жұмысы жүргізілуде. Бұл бағытта біздің факультет ғалымдарының жүргізген ғылы­ми зерттеулері мен ашқан ғылыми жаңа­лық­тарының өзектілігі тікелей индустрия­лық-инновациялық бағдарламаның негізгі басым бағыттарына сай келіп, бүгінгі күні өндіріске енгізуге толыққанды дайын жо­ба­лары аз емес. 2012 жылы химия және химиялық технология факультетінің ға­лым­дары 1 млрд теңгеге жуық қаржыға ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын іске асырған болатын. Айта кетер бір жайт, біздің ғалым­дарымыздың жаңалықтары тек қағаз бе­тін­де қалып жатыр дей алмаймыз. Мысалы, белгілі ғалым, үш ғылыми жаңалықтың ав­торы Х.Оспанов металлургия бойынша жасаған зерттеулерінің нәтижелерін Өс­кемендегі Үлбі металлургиялық зауытында өндірістік сынақтан өткізуде.
Жалпы, бұл мәселе бойынша ғалым­дарымыз басқаша жол тапты, олар ғылыми зерттеулерінің негізінде өздері жаңа кәсіп­орындар – өндірістер ашып жатыр. Мыса­лы, Жану мәселелері институтында ака­демик З.Мансұровтың басшылығымен отқа төзімді кабель, күріш қауызын күйдіру арқылы биокөмір, көміртекті сорбенттер өндірісі жұмыс жасап жатыр. Бұл өндіріс сондай-ақ жылына 100 тонна оттан қорғай­тын қаптағыш материалдар шығаруда. Фи­зика-химиялық зерттеу әдістерінің ор­талығының директоры, профессор М.Нау­рызбаевтың жетекшілігімен шунгит ми­нералы негізінде сорбенттер өндірісі ашылды. Аталған сорбенттер суды зиянды заттардан тазарту үшін қолданылады.
Осы өндіріс орындарының ашы­луына «Ғылым қоры» АҚ тарапынан бөлінген қаржы және Білім және ғылым министрлігі мен Бүкіләлемдік банктің қар­жылан­дыруымен өткізілген «Техноло­гияларды коммерцияландыру» байқауы үлкен қолдау беріп отыр. Соңғы екі жылда осы байқау­дың нәтижесінде біздің факуль­тет ғалым­дары 4 ірі жобаны жеңіп алып, әрқайсысына үлкен қаржы бөлінді. Соның арқасында жобаны орындаушылар жаңадан «AIM Lab», «НПЦ Экохим», «Химия және инно­вация», «EcoRad SM» атты жауапкершілігі шектеулі серіктес­тіктер құрды. Осы серіктестіктерді құру арқылы бөлінген қаржыны игеріп, тағы да бірнеше жаңа өндіріс орындары ашылады деп күтілуде.

– Ғалымдардың еңбектерінің әлемдік ғылыми қауымдастықпен мойындалуы қандай дәрежеде деп ойлайсыз? Шетелдік әріптестер ғылыми бағыттар бойынша біздің ғалымдарымыздың зерттеулерімен таныс па, пікірімен санаса ма?
– Ғылыми еңбектердің тек өз елімізде ғана емес, жалпы сол сала бойынша әлем­дік ауқымда да бағалануы әрі қажет, әрі ғаламдану заманында бүгінгі күннің тала­бы деп айтар едім. Мұның негізгі жолы – ғы­лыми еңбектердің шетелдік белгілі жур­нал­дарда жариялануы және оларға әріптестерінің сілтеме жасауы. Сондықтан қазір әрбір ғылыми жоба бойынша жылдың соңында осындай импакт-факторы жоғары журналдарда кем дегенде бір мақаланың шығуы талап етіледі. Әрине, бұл үлкен ең­бек­ті және алынған нәтижелердің заманауи деңгейге сай болуын қажет етеді. Мысалы, PhD докторанттар да осындай мақала болмаса, жұмысын қорғауға жіберілмейді. Өзінің әлемдік деңгейдегі орнын бағалай білетін журналдар жай мақалаларды қа­был­дай бермейді, қабылдаған күннің өзін­де де бірнеше рет өңдеуден өткізіп, кейде бір мақаланы шығаруға 2-3 жыл кетеді. Сондықтан қазіргі докторанттардың көп­шілігі диссертацияларын қорғауға үлгермей жатыр. Жаратылыстану бағы­тында бұл мәселе біршама жоғары деңгейде десек те, осы талаптарға сай болу үшін ғылыми зерт­ханаларды заманауи деңгейдегі жаңа құрал-жабдықтармен, аспаптармен жаб­дық­тау қажет екендігі түсінікті. Бірақ бұл үл­кен қаржылық шығындарды талап етеді. Химия саласында интеркомплексті полимерлер алу бағытында профессор  Г.Мун осы саладағы әлемдік ғалымдар рейтингінде бірнеше жылдардан бері 1-орында келеді және осы жетістігі үшін Thomson Reuters агенттігінің дипломымен марапатталған. Бұл мәселені шешудің тағы бір жолы – өз ғылыми журналдарымыздың танымал­дылығын арттыру, яғни оларды халық­ара­лық агенттіктердің мәліметтер базасына енгізу. Елімізде шетелдік Scopus агенттігінің базасына кірген бір ғана журнал бар – бұл профессор З.А.Мансұровтың бас редак­тор­лығымен шығып жатқан «Eurasian Chemico-Technological Journal» журналы. Бұдан басқа факультет базасында тағы да үш журнал шығарылады, олар: ҚазҰУ хабаршысы, Химия сериясы; International Journal of Biology & Chemistry; Горение и плазмохимия. Қазір осы журналдарды да аталған агенттіктің базасына енгізу үшін жұмыстар жүргізілуде.

– Өткенде Үкімет отырысында еліміздегі химия өнеркәсібінің даму мәселесі қаралды. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізу қа­жет деп ойлайсыз? Жалпы, еліміздегі химия өнеркәсібінің дамуы қаншалықты дәре­жеде?
– Естеріңізде болса, Кеңес Одағы ке­зін­де, өткен ғасырдың 60-жылдары Хру­щевтің бастамасымен химия өнеркәсібін дамытуға елдің бүкіл әлеуеті жұмылды­рылған еді. Тіпті «Кеңес Одағы дегеніміз – бұл Кеңес үкіметі және бүкіл елді электр­лен­діру және химияландыру» деген ұран­дар да шықты. Сол уақыттарда, Қазақ­стан­ның әртүрлі аймақтарында зауыттар мен фабрикалар салынып, іске қосылған еді. Химия ғылымында әлемге белгілі ғалымдар Ә.Б.Бектұров, Б.А.Бірімжанов, Д.В.Со­коль­с­кий, М.И.Усанович, О.А.Сонгина және басқа да ғалымдарымыз жаңа ғылыми мектептердің негізін қалап, ғылыми зерт­теу­лер қарқын алған еді.
Қазіргі кезде Қазақстан Республи­касы­ның үдемелі индустриялық-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асырылып жатқаны бәрімізге белгілі. Соның бір бөлі­мі химия өнеркәсібін дамытуға арналған. Қазақстанда бүгінгі таңда химия өнер­кәсібінің дамуын екі бағыт бойынша атап көрсетуге болады. Біріншісі – мине­рал­ды шикізатты өңдеу. Бұл бағытта ай­тар­лықтай жұмыстар жасалуда, ол туралы Үкі­мет отырысында да жақсы айтылды. Минерал­ды тыңайтқыштар, каустикалық сода, хлор, күкірт қышқылы және тағы басқа да негізгі химиялық өнімдер өндіру үшін «Қазфосфат» ЖШС, «ҚазАзот» ЖШС, «Еврохим» ЖШС, «Каустик» АҚ тәрізді ірі кәсіпорындар жұмыс жасауда. Металдар мен металл құймаларын өндіру үшін металлургия алыптары – «Миттал Стил Теміртау», «Қазақмыс» АҚ, «Қазмы­рыш» АҚ және басқа да кен байыту және өңдеу өнеркәсіп орындары қызмет етуде. Бұл бағытта химия өнеркәсібін дамытушы оператор ретінде бекітілген «Біріккен химиялық компания» ЖШС-нің көмегімен Тараз қаласында арнайы экономикалық аумақ құруы жаңа серпін берері сөзсіз.
Екінші бағыт – көмірсутек шикізатын өңдеу. Индустриялық-инновациялық бағ­дарламаның бір саласы – мұнай-газ сек­торы мен мұнай химиясы. 2012 жылы елімізде 79,2 млн тонна мұнай мен газ конденсаты және 40,1 млрд м3 газ өндірілді. Осындай көп мөлшерде көмірсутек шикі­заты өндірілгенімен, еліміздегі Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарында 14,2 млн тонна ғана мұнай өңделді. Бұл көмірсутек шикізатын терең өңдеу арқылы толық технологиялық цикл­ді жүзеге асыратын өндіріс орнының жоқ­ты­ғымен түсіндіріледі. Сондықтан әлемдік деңгейдегі мұнай химия өндірісін жасаудың инвестициялық жобалары – газ-химия кешенін, ароматты көмірсутектер өнді­рі­сін, синтетикалық каучук, битум өндірісін тұрғызу қолға алынуда.

– Осы отырыс кезінде негізгі мәселенің бірі ретінде 2020 жылға дейін химия өнер­кәсібіне 15 мыңға жуық маман, оның ішінде 3 мың жоғары білімді мамандар қажет екен­дігі айтылды. Осы мәселені шешуде сіздердің қосар үлестеріңіз қандай?
– Инновацияны дамыту үшін үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасының жүзеге асуына жас маман­дарды тарту – ел болашағының дамуына қарқынды қадам басу екендігі айқын. Стра­тегияда Үкіметке инженерлік білім беруді және заманауи техникалық маман­дықтар жүйесін дамытуды жүзеге асыру тапсырылған. Мұның себебін қазіргі кезде еліміздің кәсіпорындары мен өндіріс ошақтарында істің тетігін білетін, техни­калық құрылғылармен жұмыс жасауды меңгерген инженер, технолог мамандарына сұраныстың артуымен түсіндіруге болады. Жоғары білім беру орындарының түлектері – болашақ мамандар алдыңғы қатарлы дамыған құрал-жабдықтармен, қондырғы­лармен жұмыс жасай білуі тиіс. Бұл жерде замана көшінен қалып қоймай, мамандар­дың әрқашан біліктілігін арттыру қажеттігі өте орынды көтеріліп отыр. Химия және химиялық технология са­ласында қазіргі мамандықтар классифи­каторына сәйкес «химия», «бейоргани­ка­лық заттардың химиялық технологиясы», «органикалық заттардың химиялық техно­логиясы» мамандықтары бойынша бака­лавр мамандарын дайындаймыз. Жыл сайын осы мамандықтар бойынша талап­керлерге мемлекеттік 620 грант бөлінеді, соның 200-ден астамы, яғни 40 пайызы біздің факультетімізге оқуға түседі. 80 жылдық тарихы бар факультеттің 150-дей білімді ұстаздары мен білікті ғалымдары өздерінің бар күш-жігерін осы мамандарды дайындауға арнайды. Біздің мамандардың теориялық білімі өте жоғары деп айта аламын, практикада өз білімдерін еліміздегі белгілі өнеркәсіп орындарында – Павлодар мұнай химия зауыты, Атырау мұнай өңдеу зауыты, Қарашығанақ кен орнында, фар­мацевтика, металлургия, жеңіл өнеркәсіп және басқа өндірістік мекемелерде жетіл­діреді.
Стратегияда айтылғандай, жоғары оқу орындарында 2-курстан бастап кәсіпорын­дардағы міндетті өндірістік тәжірибе заң­на­малық тұрғыда бекітілсе, яғни кәсіп­орын­дарға болашақ мамандарды тә­жі­ри­бе­ден өткізу міндеттелсе нұр үстіне нұр болар еді.

Өздеріңізде белгілі, елімізде мамыр айы­ның соңғы жексенбісі «химия өнер­кәсібі қызметкерлерінің күні» деп аталып өтіледі. Біздің факультетте бұл мереке «химиктер күні» ретінде 1961 жылдан бері, яғни биыл 52 рет тойланды. Осы мереке қарсаңында соңғы екі жылда химиялық кәсіпорындар, яғни жұмыс берушілер өкіл­дерімен арнайы дөңгелек үстел ұйым­дастырылып келеді, онда химия өнер­кәсібі үшін мамандар даярлау мәселесі жан-жақты талқыланды. Биылғы жылы осы іс-шара «Біріккен химиялық компания» ЖШС-ме бірге өткізіліп, оған «Kazakhstan Petrochemical Industries», «Агрохимия», «МК «KazSilicon» компаниялары мен ҚР минералды шикізатын кешенді өңдеу ұлттық орталығының өкілдері қатысты.

– Жақында ел экономикасын «жасыл экономикаға» көшіру туралы қаулыға қол қойылды. 2017 жылы елордамыз Астана қаласында EXPO – 2017 халықаралық көрмесін өткізуге байланысты бұл дер кезінде басталған шара деп қабылдау керек. Жасыл экономиканы орнатуға химиктер қандай үлес қоса алады?
– Экономика сияқты, химияның да «жасыл» түрі бар. Соңғы жылдары дүние­жүзінде химиялық заттардың өндірісіне жаңа көзқарас қалыптасып келеді, бұл – «жасыл» химияның негізі, ол қалдықсыз және қоршаған ортаға зиян тигізбей өнім өндіруге мүмкіндік береді. Еліміз «жасыл экономикаға» назар аударып жатқан тұста «жасыл химияның» берері мол.
Қоғамда химия деген кезде, теріс түсі­нік қалыптасқаны айқын. Жеп отырған тағамымыз, ішіп отырған суымыз, күн­де­лікті тыныс алып отырған ауамыз, тіршілік етіп отырған жеріміз ластанса, басты себепті кейде химияға әкеліп түсіндіреміз. Әрине, химия дамыған сайын оны пайдалану салдары да өсіп келеді. Әсіресе, бұл өнеркәсіп өндірісінде қалдықтардың түзілуінен анық байқалады. Бірақ оның екінші жағы да бар. Химия өндірісіне қар­сы шығып отырған кез келген адам оның өнімінсіз күнделікті тіршілігін көз алдына елестете алмайды. Біздің үстіміздегі киім, тұрып жатқан үйіміз, тұтынатын заттар, барлығы да химиялық элемент­терден жа­сал­ған. Химия өміріміздің барлық сфера­сына толық енді деп айта аламыз.Осы жерде химиялық өндірістер үшін бүгінгі күннің өзекті мәселесі – «жасыл химияның» ережелеріне сәйкес өнім өн­діру. «Жасыл химия» бағыты 1990 жылдарда қалыптасып, химиялық қауымдастықта үлкен қолдау тапты. Оның екі жақты мағы­насы бар. Біріншіден, бұл – ғылымның бір саласы. Екіншіден – бұл философия, яғни химиктер күнделікті ғылыми зерттеулерінде жетекшілікке алатын ұстаным.

Экология мен «жасыл химия «бір ба­ғыт­та қызмет етеді, бірақ екеуі бір сала емес. Қоршаған орта туралы ғылым ретінде экология қоршаған ортаның ластану көздерін анықтайды, ал жасыл химия жаңа баламалы қауіпсіз технологияларды іске асыра отырып, осы ластануларды болдыр­мау жолдарын іздестіреді.Мысалы, өсімдік шикізатынан био­отын өндіру, химиялық процестерді еріткіш­сіз, яғни аса жоғары критикалық қысым­да сығылған көмірқышқыл немесе басқа да газдарда жүргізу, катализатор пайдалану, табиғи газдан сұйық отын алу сияқты ба­ғыттар жасыл химияның негізін құрайды. Бұл бағытта да факультет ғалымдары сер­пінді жоба ретінде жұмыс жүргізіп келеді. Баламалы энергия көзі ретінде көмірден сұйық мотор отындарын алу, өсімдіктерден «Санжар», «Гаухар», «Рамон», «Корвалол», «Нововалидол» фармацевтикалық пре­парат­тары әзірленіп, өндіріске енгізу жол­дары қарастырылып жатыр.

– Ғылым туралы айтқан кезде, жастарды ғылымға тарту туралы мәселесін айтпай ке­туге болмайды. Жастардың ғылыммен шұ­ғыл­дануға ниетіне көңіліңіз тола ма? Әлде материалдық құндылықтар билеген бүгінгі заманда жастарымыз ғылымнан алшақтап бара жатыр ма?
– Ғылымға бет бұрған жастарымыз соңғы жылдары көбейіп келе жатыр деп айтар едім. Біздің жоғарғы курс студенттері, барлық магистранттар мен докторанттар ғылыми жобаларды орындауға міндетті түрде қатыстырылады. Өткен жылы 250 студент өз шәкіртақыларына қоса ғылыми жоба бойынша қосымша жалақы алды. Олардың арасында біліктілігімен, ғылымға құштарлығымен көзге түскендері кейін магис­тратура, докторантурада өз білімдерін жалғастырады. Оқытушылық қызметте жүрген жастар да ғылыми жобалар бойын­ша жұмыс жасайды, сондықтан олардың ары қарай өз біліктіліктерін көтеруге, ғылыми атақтар алуға мүмкіндіктері бар. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, жетекші ғалымдарымыз да өз ғылыми мектептерінің өміршеңдігін жалғастыру үшін шәкірттер тәрбиелеуде. Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген жақсы мақал бар. Сондықтан қалыптасқан ғылыми бағыттарды жалғайтын жастар әрқашан табылады деген сенімдемін.

– Өзіңіз мұнай химиясы саласында зерт­теулер жүргізіп келесіз. Еліміз мұнайға бай деге­німізбен, неліктен мұнай өнімдеріне тап­шы­лық әрқашан алдымыздан шыға келеді?
– Мұның себебін алдында шамалы айтып кеттім. Біз жылына 80 млн тонна мұнай өндіргенімізбен, зауыттарда 14 млн тоннасы ғана өңделеді. Ал мұнай өнім­деріне сұраныс бұдан әлдеқайда жоғары, сондықтан қалған бөлігі сырттан тасымал­данады. Бұл мәселені шешу үшін үкімет мұнай өңдеу зауыттарын жетілдіріп, өңдеу тереңдігін арттыруға күш салуда. Оның үстіне «Евро» деген стандарттар да бар, яғни мұнай өнімдерінің қоршаған ортаға тигізетін әсері төмен болуы керек. Сондық­тан мұнай өңдеу және мұнай химия ке­шендерін салуды қолға алу қажет. Бұл ба­ғытта елімізде біршама жаңа жобалар жүзеге асуда, Атырауда газ химиялық ке­шен, Ақтауда битум зауыты іске қосылғалы жатыр.
Жану мәселелері институтында жүзеге асырылып келе жатқан біздің ғылыми жобалар мұнай-битумды жыныстарды өңдеуге және мұнай битумдарының сапа­сын арттыруға бағытталған. Елімізде таза мұнай қорынан басқа өте көп мөлшерде мұнай-битумды жыныстар бар. Олар 50-100 м тереңдіктегі құрамындағы битумның мөлшері 15-30 пайызды ғана құрайтын табиғи шикізаттар. Осы шикізат кен орын­дары қазір жеке меншіктің қолында және ешқандай өндіру және өңдеу жүргізілмейді. Кезінде 1980-жылдары академик Н.Нәді­ров­тың жетекшілігімен осы жыныс­тарды өңдеу және пайдалану мәселесі жақсы көтерілген еді, қазір ұмыт қалды. Сондық­тан осы жыныстарды жол-құрылыс сала­сына қайта пайдалану жолдарын қарас­ты­руға бағытталған ғылыми зерттеулер жүр­гізілуде.
Екінші мәселе – жол құрылысына қажет битумдардың қасиеттерін жақсарту үшін резина үгіндісін қосып, асфальтбетон қоспаларын дайындау технологиясын әзірлеу зерттелуде. Мұнда да бұған дейін мұ­найлы қалдықтардан алынған немесе күкірт қосу арқылы битумдардың сипат­тамаларын арттыру жұмыстарын жасаған едік. Қазір осы битумды түрлендірудің оңтайлы жолдары қарастырылуда.

– Қазір дәл осы уақытта мектеп бітіру­ші­лердің алдында үлкен таңдау тұрғанын бі­лесіз. Соларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? Ұлттық бірыңғай тестке көзқарасыңыз қандай?
– Ұлттық бірыңғай тестке қарсы шы­ғып жүргендер оның орнына лайықты баға­лау формасын ұсынсын, әйтпесе босқа даурығудың қажеті жоқ деп есептеймін. Негізі білетін балаға қалай тапсырса да – бәрібір. Әрине, тестің теріс жақтары бар, оқушыларымыз ойын, пікірін айтудан қалды, тек жаттанды сұрақ-жауаптарға ғана дайындалады. Бірақ математика, физика, химия пәндерінен есеп шығару үшін теориялық дайындығы болмаса, құр жаттаудың бәрі бекер. Өкінішке қарай, қазірше тестің орнына лайықты балама жоқ, сондықтан оған мойынсұнуға тура келеді. Мектеп бағдарламасында толғандыра­тын мәселе – жаратылыстану пәндеріне арналған сағат саны жылдан-жылға қыс­қарып келеді. Мысалы, химия пәніне апта­сына 1 сағат қана бөлінген. Нәтиже­сінде жылдан-жылға 4-пән ретінде химия­ны таңдап жатқан түлектер саны да азаюда. Егер болашақта техникалық мамандық­тарды дамытамыз десек, Үкімет осыған назар аудару қажет.
Хакім Абайдың өзі «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәр­селермен ғана озады» деп айтып кетке­ні белгілі. Сондықтан мектеп түлектеріне айтарым, білім алыңыздар, лайықты таң­дау жасаңыздар. Біздің ҚазҰУ сияқты беткеұстар жоғары оқу орындары шетелдің университеттерінен кем түспейді. ҚазҰУ-ға түскен студенттер қазақ, орыс және ағыл­шын тілінде білім алады. Кезінде Мір­жақып Дулатов та «Ұл-қыз демей баланы оқыт, қазақ» деген екен. Әрине, қазіргі заманда жоғары білімдінің бәрі жұмыспен қамтылмаса да, мүмкіндік бар кезде білім алған дұрыс деп есептеймін. Әр нәрсенің өз уақыты бар.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377