Дүйсенбі, 16 Маусым 2025
Аласапыран 292 0 пікір 16 Маусым, 2025 сағат 15:51

Иран-Израиль соғысы: Ядролық қақтығыс бола ма?

Коллаж: Abai.kz.

13 маусымнан бері түн Таяу шығыс аспаны айғыз-ұйғыз болып жатыр. Израильдің әскери-саяси басшылығы «оянған арыстан» операциясын бастап, оны «Теһеран тарапынан өсіп келе жатқан ядролық қатерге жауап» деп түсіндірді.

Сонымен Израильдің әуе соққысы салдарынан Ислам революциясы Сақшылар корпусының (ИРСК) жоғары басшылығын қоса алғанда ондаған адам қаза тапты. Ал Иран өз тарапынан «қанға – қан, жанға – жан» деп ұрандата қатыгез кек алуға уәде беріп, ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздерден ат-онын ала қашып отыр.

Иранда шахтар режимі құлатылып, билікке аятолла Рухолла Хаменей бастаған шиит дін өкілдері келгеннен бері, 1979 жылдан бері Израильдің Иранмен қақтығысы жалғасып келеді. Аятолла Хаменей «Иран Израиль мемлекетінің бар екенін мойындамайтынын» мәлімдеп, оны «тарихи араб жерлерін басып алды» деп айыптады. «Сионизм - расистік идеология» деп жарияланды.

Соғыс басталғалы-бері Иран Израиль аумағына балистикалық зымырандармен соққы жасауда. Ал Израиль Иран аумағындағы әскери және ядролық нысандарға бомбалаушы ұшақтармен шабуылдауда.

Иран: Хайфадағы мұнай өңдеу зауытына, Хайфа портындағы аммиак қоймасына, Тель-Авивтегі Израиль Қорғаныс министрлігінің штаб-пәтеріне, Бен-Гурион халықаралық әуежайына, Хайфа портына, Ашкелон терминалына, Орот Рабин электрстанциясына және Димондағы ядролық орталыққа және Бат-Ям қаласына шабуылдар жасады.

Израиль: Тегеранды соққылады. Тегеран маңындағы мұнай базасына, Тегерандағы жанармай терминалына, Ирандағы 2 МӨЗ-ге, Тегерандағы Иран Қорғаныс министрлігі штабы мен технологиялық университетке, Керманшах қаласындағы Имам Хасан әскери гарнизонына, Натанздағы уран байыту зауытын, Иран аумағындағы зымыран ату қондырғыларына т.б. 150-ден аса нысанға дөп соққылар жасады.

Израиль бір уақытта бірнеше бағытта соғыс жүргізіп: Газаға соққы жасады. Газаның бірнеше елді-мекенінде жойқын жарылыстар болды. Сонымен қатар Йемендегі Хуситтерге соққы берді.

Иранның әскери һәм ядролық нысандарына жасалған эффективті соққылар мен шабуылдарды сөз етпегенде, Израиль Иранның әскери қолбасшылығын мәжбүрлі түрде алмастырды (қолбасшы генералдардың көзін жойды). 9 бірдей Иранның негізгі ядролық ғалымын өлтірді.

Соққылар салдарынан Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы генерал-майор Хоссейн Салами, ядролық ғалымдар Мохаммад Махди Техранчи мен Ферейдун Аббаси, сондай-ақ Иран Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мохаммад Багери қаза тапты. Қаза тапқан әскери тұлғалар саны ұлғайуда.

Кеше Иран Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасап: «Иран өзінде ядролық қару болмайтынына кепілдік бере отырып, келісім жасауға дайын», - деп мәлімдеді. Мәлімдемеге сәйкес: Израиль ұрысты тоқтатса, Иран да Израильге шабуылдарды тоқтатады.

Бірақ, Израиль тоқтаған жоқ. Израиль Иранның ядролық нысандарына жаппай соққы жасайтынын айтты. Израиль ұшақтары Иранның ондаған нысанына соққы жасауда. Жанармай және әскери қоймалар отқа орануда.

Бүгін «Reuters» агенттігі: «Иран Оман мен Катардың арағайындығынан бас тартты. Иранның Сақшылар корпусы Израильді түгел талқандағанға дейін соғысты жалғастыратынын мәлімдеді», - деп хабарлады.

Abai.kz

0 пікір