Астанада 23 кітапхана бар
Кітапхана – теңдессіз білім ошағы. Қоғамның өркендеуі, адамзаттың өсуі кітаппен тығыз байланысты. Жас ұрпақтың санасына туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ, ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу кітаптың еншісінде.
Кітапхана – теңдессіз білім ошағы. Қоғамның өркендеуі, адамзаттың өсуі кітаппен тығыз байланысты. Жас ұрпақтың санасына туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ, ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай, ардақтай білуге тәрбиелеу кітаптың еншісінде. Қазіргі таңда кітапханалар – әлемдік деңгейдегі рухани, мәдени, тарихи, ғылыми құндылықтарды құрайтын ерекшелікке ие.
Бүгінде елордамыздың бірден-бір мәдени ошағы болып табылатын, 23 кітапханасы бар Астана қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ 70 мыңға жуық оқырманына жұмыс істеп жатыр. Кітапханалар қала тұрғындарының барлық санатына дәстүрлі кітапханалық қызмет көрсетеді. Оқырмандар арасында баға жетпес байлық – кітапты насихаттауда дәстүрлі және басқа да әдістерді қолдану арқылы мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырып, оқырмандардың көңілінен шығуда. Бұл кітапханаларда жергілікті оқырмандардың ақпараттық қорларға еркін енуіне жан-жақты жағдай жасалған.
Астана қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ қорлары жаңа әдебиеттермен жыл сайын жүйелі түрде толықтырылып отырады. Кітапханалардың кітап қоры тарихына келетін болсақ, ол сонау Кеңес өкіметі заманының 1974 жылдарынан бастау алады. 1974-1998 жылдар аралығындағы кітапханалар жүйесінің кітап қоры – 569 мың дана. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттердің саны небәрі 38 мың 247 дана болатын. Ал, 1998 жылдан бастап кітапханалар жүйесінің кітап қоры – 672 мың 852 дана болса, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттердің саны 92 мың 890-ға дейін жетті. Бұл жылдарда кітапхана қоры «Жазушы», «Қазақстан», «Жалын», «Жібек жолы», «Аударма», «Сөздік» және «Ана тілі», «Балалар әдебиеті», «Аруна», «Өнер» баспаларынан алынатын әдебиеттермен толықты. Қазір де «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы әлеуметтік маңызы мол әдебиеттермен молая түсуде. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 2000-2012 жылдары 59 мың 702 дана кітап түсті. Оның ішінде мемлекеттік тілдегісі – 56 мың 800 дана.
Қазіргі барлық кітапханалар компьютерлік технологиялармен жабдықталған. Кітапханалық бағдарлама 2000 жылдан бері РАБИС-пен жұмыс істейді. Интернет желісіне де қосылған. 2007-2009 жылдары ақпараттық теңсіздікті азайту аясында Астана қаласы әкімдігінің арнайы компьютерлер бөлуінің нәтижесінде жеті «Компьютерлік сыныптар» кітапханасы ұйымдастырылды.
Көркем әдебиетті оқуды ізгілендіру, құндылықтар ретінде ілгерілету – біздің кітапханалар үшін басым міндет. Сондай жұмыс түрлерінің бірі – 1998 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Кітап және поэзия» фестивалі. Жылда Астана күні мерекесі қарсаңында Абай ескерткіші алаңында өтетін фестивальда Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, М.Айтқожина, Е.Елубаев, Ә.Тарази, Н.Айтұлы, С.Тұрғынбек, Қ. Әбіл т.б. белгілі ақын-жазушыларымыз шара қонағы ғана болып қоймай, оның «Мүшәйра» комиссиясына да төрағалық етті. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегерлері және «Балбөбек» байқауының жеңімпаз жеткіншектері, жергілікті мектеп оқушылары сол сәттерде әділ бағаларын алды. Атап айтқанда, сол мүшайра жеңімпаздары – бүгінде есімдері еленіп жүрген ақын-жазушылар Талғат Ешенұлы, Жанат Әскербекқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Маржан Ершу, Алмас Темірбай, Абылай Мауданов, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Азамат Есалы, Олжас Сәндібек, Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Мақсат Мәлікұлы, Азамат Тасқара, Қалқаман Сарин, Бауыржан Арыстанбеков, Динара Мәлік, Гүлсара Шалқар, Батыл Қажыбек, т.б. қыз-жігіттер болды. Фестивальдің басты идеясы – Астана қаласы тұрғындарын оқуға зияткерлік-шығармашылық даму көзі ретінде тәрбиелеу, оларды қазақстандық ақын-жазушылардың ең үздік шығармаларымен және жас астанамыздың жетістіктерімен таныстыру.
Бұл фестиваль үш бөлімнен тұратын мереке ретінде жүргізіледі. Бірінші бөлімінде атақты ақындар, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаттары және жаңа өлең жазып жүрген ақындар өз өлеңдерін оқиды. Ол мүшайра ретінде өткізіледі. Екінші бөлімінде өсіп келе жатқан жас буын ақындарымыз мәнерлеп оқу сайыстарына қатысады. Бұл сайыс жылда мерейтой иелерінің шығармашылығына арналып отырады. Мысалы, «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары», «Ескен Елубаев оқулары», «Мұзафар Әлімбаев оқулары» дегендей. Ал, мұндай оқулар өз кезегінде көпшілікті әдебиетке жақындата түседі. Үшінші бөлімде үлкен көркем суретпен безендірілген 20 метрлік кітап көрмесі қойылады. Сонымен қатар, мерейлі мерекеге кітап сату жәрмеңкесін де ұйымдастыра отырып, баспадан шыққан жаңа кітаптарды таныстырамыз.
Кітапханаларда және одан тыс жерлерде ұйымдастырылатын ауқымды іс-шаралар оқырмандар санының артуына тікелей әсерін тигізуде. Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылып, гүлденуіне, тәуелсіздігіміздің тұғырлы да нық болуына зор үлес қосып келе жатқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шыққан биіктерін айқындайтын, ұлтымыздың салт-дәстүрін насихаттайтын, оқушыларға патриоттық тәрбие беріп, салауатты өмір салтын уағыздайтын жаңа кітаптар жаңалыққа жаны құмар оқырманның ойынан шығуда. Бұндай оқулар тек қала күні өткізіліп қана қойылмайды, ОКЖ-не қарасты ірі кітапханалардың оқырман залдарында да дауыстап оқу жұмысын әртүрлі сайыстар арқылы жүргізу қолға алынған. Осындай сайыстарға кейде ақындардың өзі де қатысып, сайыскерлерге әділ бағасын беріп отырады.
Үлкен шаралардың тағы бірі – жыл сайын Астана қаласы әкімдігінің бастамасы арқылы Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтетін Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби жұмыс» номинациясы бізде өткізіліп келеді. Ол да жастардың шығармашылық шыңдалуына көмектесетін үлкен мектеп. Мұнда қазылық жасаған ақын-жазушылар Фариза Оңғарсынова, Бақытжан Қанапиянов, Серік Ақсұңқарұлы, Маралтай Райымбекұлы, Жанат Әскербекқызы жастарға шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Шығармашылықтың бүгінгі өзекті мәселелері арнайы дөңгелек үстел барысында талқыланады. Қазіргі таңда Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде «Үздік әдеби жұмыс» номинациясы бойынша жүлдегер атанып, өз шығармаларымен оқырманын қызықтыра түскен 68 қатысушыларымыздың кітаптары «Литература», «Жалын» баспаларында басылып шықты.
Әр бала – бір-бір жұмбақ. Сондықтан, біз жас жеткіншектерге көмектескіміз келеді. Ол үшін ертегіні оқи және әңгімелей отырып, баланың ішкі әлемін дамытамыз. Балалар ертегілері баланың қиялын, сонымен қатар, шығармашыл ұстанымын дамытады. Осы орайда, ОКЖ-нің жетекші мамандары астаналық оқушылар мен жастар арасында «Ертегіні өзіміз жазамыз» сайысын өткізді. Сайыстың мақсаты – Астананың дарынды жастарын қолдау, балалар әдебиетiн шығаратын баспалардың көкейкестi мәселелеріне қоғамның назарын аудару болып табылады. Бұл сайыста 1-орынды №50 мектептің оқушысы Эльмира Ізбасарова иеленсе, 2 және 3-орындарға №7 мектептің оқушылары Айгерім Амангелді мен Жанерке Амалбек лайық деп танылды.
Кітапханашылардың ұйымдастыруымен өтетін осындай мазмұны терең, тәрбиелік маңызы зор игі шаралар болашақ ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік, өнегелілік, бауырмалдық, еңбекқорлық қасиеттерді оятпай қоймайды.
Сапарғали МЕДЕУБЕКОВ,
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі
директоры
Abai.kz