Бейсенбі, 29 Ақпан 2024
Әдебиет 1422 2 пікір 9 Тамыз, 2023 сағат 12:28

Парижді сүйген Хемингуэй

Оның аппақ сақалы Санта Клаустың сақалына ұқсайды. Ол Дүниежүзілік екі бірдей ұлы соғысты көріп, қан майданда қалам ұстаған жазушы. Шығармасын кейде сау, кейде мас күйінде жазды. Бірақ бірде-бір туындысында оқырманын жалықтырған емес. Қалам мен қаруды серік еткен ол Танзанияда аңшылыққа шығып, мүйізтұмсықтарды аулады. Былғары қолғап киіп, бокс өнерімен айналысты. Тағдыр оны бірнеше ұшақ апатынан аман алып қалды. Ең маңыздысы, ол өлмес шығармалар жазып, адамзат тарихындағы ең керемет жазушыға айналды. Оның аты – Эрнест Хемингуэй. Оның тарпаң тағдыры әртүрлі қиындықтарға мойымай, соны жеңумен күресе алды. Бір сөзбен айтқанда, Эрнесттің қаламы оның өзінің мінезі сияқты тентек, ойы ол кезген ұлан-ғайыр алқапқа ұқсас ұшы-қиырсыз болды.

1921 жылдың қараша айының ая­ғында Хемингуэй «Торонто жұлдызы» газетінің Париждегі тілшісі болды, бәрі сол сәттен басталды. Эрнесттің есімі әлем­ге даңқы жеткен шаһар Париж­ге де байланысты екені шындық. Хемин­гуэй Парижде 1921-1928 жылдар аралы­ғында тұрыпты. Оның Парижде өткен жеті жылдық өмірі текке кетпепті. Шы­ғар­­машылық орта тапты, жақсы дос­тар­ды кездестірді, мемуар жазды, тіпті арақ ішіп, көңіл көтерді, оның бұл сәтте­рін елестете отырып «Парижде өмір сүрудің Хемингуэйше стилі» бө­лек екенін түсінуге болады. Хем өзге көптеген ел­дер­­де өмір сүрсе де, Париж ол үшін жұ­мақ мекен болды. Әлем әдебиетін биік деңгейге көтерген «Жоғалған ұр­пақ» өкілдері іркес-тіркес Парижге көшті, өйт­кені Париж сол тұста өмір сүруге ыңғай­лы әрі арзан қала еді. Қалта­сы қоңыр ой иелерінің басы алып шаһарда қосылды. Демек, ойға ой, арманға арман ұштасты.

Өткен ғасырдағы Париж тек Скотт Фицд­жеральд, Джеймс Джойс пен Эр­нест Хемингуэй сияқты ұлы жазушылар өмір сүріп, шығармашылықпен айналыс­қан жер ғана емес, сонымен қатар бей­нелеу өнерінің ең ұлы есімдерінің қалыптасуына демеу болған ұлы қала. Бұған мысал ретінде Пикассо мен Далиды, Джоан Мироны айтсақ та жеткілікті. Хемингуэй мен оның бірінші әйелі Хэдли Ричардсон Парижге көшіп барғанда, олар Кардинал Лемуан көшесі 74 мекенжайына орналасқан суы жоқ кішкентай пәтерді жалға алыпты. Ол кезде жұмысшылар тұратын аудан аталатын бұл мекенжай қазір мүлде өзгеріп, жаңа тынысты ортаға айналды.

Пикассо, Сартр, Беккет сияқты көпте­ген атақты суретшілер мен жазушылар үнемі бас қосып, Париждің құшағында өздерінше бақытты өмір сүріп жатты. Бір тобы шығарма жазып, оқырманын қуандырды, енді бір тобы таңғажайып картиналар салып, қиялдың көгінде самғады. Бірақ бәрін ортақтастыратын жалғыз күш – арман еді. Олардың ар­­ма­ны шексіздікке ұласып, жүзеге асты. Хемингуэй мен Сартрды, Джеймс Джойс, Скотт Фицджеральдты әлі күнге дейін оқырман қолынан тастамай оқып келе­ді. Ал Пикассо мен Джоан Миролар салған суреттердің рухани әлемі әлі де жарық қалпында.

Эрза Паунд пен Джеймс Джойс Хе­мингуэйдің Парижде кездестірген жазушыларының ішіндегі шынайы дос­тары болды. Хемингуэй Эрза Паундпен алғаш танысқанда, ол Элиоттың «Шө­лін» редакциялап бітірген шағы екен. Хемингуэй сияқты Паунд та өз шығар­машылығына ден қойған ұлы талант болды, сол үшін олар өмір бойы достықтың алтын жібін үзген жоқ. Хем ағай үзеңгі­лес досы Ф.Скотт Фицджеральдпен бірге оның «Ұлы Гэтсбиін» алғаш рет Париж төріндегі бір дәмханада оқиды. Сол үшін ол өзінің естелігінде Париждегі жақсы көретін орындарының бірі ретінде La Closerie des Lilas дәмханасын атайды. Бүгінде аталған дәмханадағы бір тағам Le Filet de boeuf Hemingway деп аталады, бұл да оның Париждегі жылдарынан бізге естелікке қалған іздің бірі. Егер жолыңыз түсіп, Парижге барып жатсаңыз, сіз де жоғарыдағы тағамға тапсырыс беріңіз.

Парижде жүргенде жазушы суретші Жюль Паскинмен ғана емес, оның қатар­ла­сы Джоан Миромен де жақсы дос болды. Ұзақ әңгімелескен соң олар Распайль Бульварындағы Cercle Américain бокс клубына барып, бокстасады екен. Денесі шымыр, қолы қарулы Хем Миро сияқты жеңілтек денеліні оп-оңай ұтып алып жүріпті. Талантты суретші Миро ол кезде бірде-бір картинасын сата алмай, тіпті көрмеге де қоя алмай дағда­р­ып жүрген. Оның он тоғыз ай салған «Ферма» деп аталатын картинасын ең соңында Хемингуэй 175 долларға сатып алды. Бұл сол кездегі экономика үшін қомақты ақша еді, тіпті қаржылық мүмкіндігі жоқ жас суретші үшін таптырмас олжа. Досының картинасы оған қатты ұнайды, енді бір жағынан ол досын қолдап, дағдарыстан құтқарды. Осы картина туралы Хемингуэй: «Бұл суретте Испанияда болған кездегі сезімдеріңіздің бәрі бар, мүмкін алыста тұрып сіз бұл сезімді сезіне алмассыз. Бір-біріне қарама-қарсы осы екі нәрсені ешкім суреттей алмады» деп жоғары баға береді.

Хемингуэйдің бұл картинаға иелік етуі туралы бірнеше түрлі дерек бар. Бір деректе оның досы әрі танымал ақын Эван Шипман да Мироның туын­дысын ұнатып, сатып алғысы келеді де, Хемингуэй екеуі бәстесіп, тиын лақтырады, нәтижесінде Шипман жеңеді, бірақ ол бәрібір Хемингуэйге суретті қалдырады.

«Хемингуэй жақсы көрген «Ферма» картинасы кейін оның Хаванадағы вил­ласының төріне ілінді» дейді білетіндер. Олар өмір сүрген уақытта Париж өнер әлемінің орталығы болды. Дүниенің төрт бұрышынан жиналған арманы асқақ жандарға Париж отбасы, шабыт, күш, рух, сәби, қысқасы, бәрін сыйлады. Америкалық жазушы Шервуд Андерсон жас қаламгерге жазушылық өнерді үйренудің ең жақсы жолы Парижге бару екенін жазды. Андерсон Хемингуэйді Гертруда Стейн, Джеймс Джойс және Эзра Паунд сияқты ұлылармен таныс­тырды. Олармен танысу және Париж ортасының элитасын қабылдау, олардың модернизмге деген шексіз ынтасы мен көзқарасын тыңдау жазушы Эрнесттің ой-санасын айтарлықтай кеңейтіп жібергені даусыз.

Хемингуэй: «Құдды Парижде отырып Мичиган туралы жазғанымдай, Па­рижден алыста тұрып ол туралы қалам тербей алатын едім» деп жазады ол мемуа­рында. Шынында да, оның жазушылық өмірінің маңызды кезеңі Парижде өтті. Бұлай дейтініміз, ол шығарма жазудағы өз ұстанымын осы қалада бекемдеді. Әр күні сағат алтыда тұрып, түстен кейі­н­гі екі-үшке дейін жұмыс істеді. Ың­ғай­лы болса үйде немесе өзі тұрған ау­дандағы кафелердің біріне барып, қағаз­ға шұқшиятын.

1956 жылы қарашада Париждегі «Ритц» қонақүйінің басшылығы Эрнест Хемингуэйге 1928 жылы наурызда сол жерде сақтаған екі кішкентай санды­ғын алып кетуін өтінеді. Аталған сандық­тардың ішінде Парижде болған алғаш­қы жылдарында жазған шығарма­ла­ры­­ның қолжазбалары мен «Күн де көтеріледі» романының шикі нұсқасы, газет қиындылары және ескі киімдері бар екен. Жазушы көп өтпей екі сандық­шасын өзіне алдырады. Қалай десек те, Хемингуэйдің Париждегі өмірі мағы­налы өткені шындық. Осындай деректер оның Парижде қалған ізін естелікке айналдырды.

Колумбиялық жазушы Гарсия Мар­кес «Мен Хемингуэйді көрдім» атты эссесінде: «1957 жылдың жаңбырлы көктемінде әйелімен бірге Париждің Сент-Мичел көшесінде серуендеп жүр­ген кезінде оны тани кеттім. Ол қарсы жақтағы жаяу жүргіншілер көшесімен Люксембург саябағына қарай кетіп бара жатыр екен. Ескі шалбар, Шотландия үлгісіндегі гүлді жейде, басына голф допшысының бас киімін киіпті. Оның өзгеше көзілдірігі оны өзгелерден оқшау, дара қалпында көрсетіп тұр. Биыл ол 59 жасқа толды, бойы биік болса да, қайсар көрінбейді. Кенет ойыма бір ой келе қалды да, бар даусыммен: «Ұсссстаз», деп айқайладым. Эр­нест Хемингуэй қалың нөпір топтың ішінде өзінен басқа ұстаздың жоқтығына күмән келтірмесе керек, мен тұрған бұрылысқа қарай мойнын бұрып, қолын көтеріп: «Қоооош, достым! », деп жауап қайтарды. Өмірімде мен оны осылайша жалғыз мәрте ғана кезіктірдім», деп жазады. Атақты Гар­сия Маркестің өзі оның Париж төрінде асқақ қалпында жүргенін мо­йындап тұр. Париждің ортасын, той-думанын да өзіне жақын қабылдаған Хем ағайдың Париждегі күндері туралы жазған «Көшпелі мереке» атты мемуары ұлы шаһардың сол кездегі қоғамдық, рухани ортасын түсінуге жол ашады. 1925 жылы болса керек, Эрнест Хемингуэй Париждегі өзі жиі баратын бір дәмханаға барып, аталған мемуарын жазып отырғанда, қарсы алдындағы үстел­ге бір сұлу қыз жайғасады. Сол сәтті ол: «Мен сені көрдім, сұлулық, енді сен маған тиесілісің. Сен және күллі Па­риж менікі. Ал мен алдыма жайылып жатқан мынау қойын дәптер мен қарын­дашқа тәуелдімін» деп ақ қағазға түсіреді.

Шынымен де, оның өмірі өзі қадір­лейтін қойын дәптері мен қарындашына тиесілі болды. Париж көрген жазушы жақсы жазды, жақсы достармен сырласты, былғары қолғапта жақсы ойнады, тіпті жақсы іше де білді, күллі жердің бетіндегі аңыз шаһарда жақсы естеліктер қалдырды. Сол қалдырған соны іздер бүгінде Хемингуэй танудың бір парасына айналып үлгерді. Қазақтың «Әркімнің туған жері мысыр шәрі» дейтін мақалы осындайда еске түседі. Хемингуэй жүр­ген Париж сол тұста әдебиет пен мәде­ниетке үлес қосқан ұлы шаһар міндетін атқарды. Әлем әдебиетінен ойып орын алған кешегі «Жоғалған ұрпақтың» мұра­сын бүгінде күллі адамзат руханияты рухани азық етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, тумаса да, туғандай болып кеткен Парижге Хемингуэйдің де бергені мол болды. Ал ендігі ұрпақ үшін Париждің құшағында талантты, боксшы Хемингуэйдің асқақ қалпы мәңгі ұйықтап жатқандай сезіледі. Париж – Хемингуэй, Хемингуэй – Париж ұғымы да осы сөзіміздің айғағы іспетті.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Қауырсын

Әлімжан Әшімұлы 1634
Әліпби

Латын жайы

Бижомарт Қапалбек 1707