Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 3033 0 пікір 19 Маусым, 2013 сағат 05:30

Тоқтарәлі Таңжарық. Жадыдағы тарих. Оны қалай жаңғыртуға болады?

 

Тарихи танымды қайтсек қалыптастырамыз? Өткеніміздің өзек күйдірер қасіреттері мен ақтаңдақ беттерін, алтын әріппен жазылуға тиіс кезеңдерді қашан анық-қанық қағазға түсіреміз? Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарихшылар алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін атқаруға, сол үдеден шығуға қазақ тарихшылары дайын ба? Осы және басқа сауалдар төңірегінде «Алдаспан» клубының кезекті отырысы «Қазақстан тарихы қалай жазылуы керек?» деген тақырыпта пікірсайыс өткізді.

Басқосуға белгілі тарихшылар Мәмбет Қойгелді, Зардыхан Қинаятұлы, Қайрат Әлімғазиев, Ахмет Тоқтабай, Нәбижан Мұхаметханұлымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаттары Бейбіт Қойшыбаев, Шәмек Тілеубаевтар қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Пікірсайысты жазушы Дидахмет Әшімхан жүргізді.

 

Тарихи танымды қайтсек қалыптастырамыз? Өткеніміздің өзек күйдірер қасіреттері мен ақтаңдақ беттерін, алтын әріппен жазылуға тиіс кезеңдерді қашан анық-қанық қағазға түсіреміз? Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тарихшылар алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін атқаруға, сол үдеден шығуға қазақ тарихшылары дайын ба? Осы және басқа сауалдар төңірегінде «Алдаспан» клубының кезекті отырысы «Қазақстан тарихы қалай жазылуы керек?» деген тақырыпта пікірсайыс өткізді.

Басқосуға белгілі тарихшылар Мәмбет Қойгелді, Зардыхан Қинаятұлы, Қайрат Әлімғазиев, Ахмет Тоқтабай, Нәбижан Мұхаметханұлымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаттары Бейбіт Қойшыбаев, Шәмек Тілеубаевтар қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Пікірсайысты жазушы Дидахмет Әшімхан жүргізді.

Зардыхан Қинаятұлы тарихымыздың бұған дейін де жазылғанын, Мемлекеттік хатшының бұрын жазылғанның бәрін сызып тастап, қайта бастан жазыңдар деп отырмағанын, сол жазылған тарихты сараптап, кейбір кезеңдер мен оқиғалардың әділ бағасын беруге тиіс екенімізді ескерткенін жеткізді. «Ол үшін не істеу керек? Қалыптасқан төрт түрлі аурудан құтылуымыз керек. Бірінші – «измшілдіктен», екінші – тапсырыстан, үшінші – орысшылдықтан, төртінші – құлдық санадан құтылуымыз керек. Бұлардан құтылмайынша, таза қазақ тарихы, мемлекеттің қалыптасу кезеңі жазылмайды. Бұрынғы сарынмен кетеміз. Өткенге баға беруде сақ болғанымыз жөн. Мемлекеттік хатшы: «Біз өткенді бағаламасақ, болашақ бізді бағаламайды» депті. Өткенде бір тарихшылар осыны бұрмалап ала жөнелді. Орыстар бізге мәдениет әкелді, өркениет сыйлады дегендей ойдың ұшығын шығарды. Ресейге қарсы күрестің бәрін ұлттық күрес емес, феодализмді қорғау дейтіндер де көп екен. Кеңес одағында анандай жақсылықты, мынандай игілікті қайтадан зерттеп, Кеңес одағының қазаққа жасаған жақсылықтарын ашық айтуға тиіспіз дейтіндер де табылды. Біз оған жол бермеуіміз керек. Орысқа махаббатымызды осы бастама арқылы бүркемелеп, жарнамалаудың жолын кесуге тиіспіз. Біз орыс бодандығында жоғалтқанымызды әлі түгендей алмай келеміз. Ол үшін ерен уақыт керек. Біздің бүгінгі жазылған тарихымыз – жеңілген тарих, жеңгендердің «редакциялауынан» өткен тарих. Оны қалпына келтіру үшін талпынуға тиіспіз», – деп сөз бастаса, бұдан соң Мәмбет Қойгелді тарихи деректердің әлі де болса толық ашылмай отырғандығын, белгілі бір кезеңдегі тарихымызды зерттеуге мемлекеттің құлшыныс танытпай отырғанын уәжге тартты. «Кенесары ханның көтерілісіне ұлттық көтеріліс деп баға беруге қарсы топтар әлі бар. Кенесары өзінің Ресей патшасына жазған хатының бірінде: «Менің атам хан Абылай тұсында сіздер Ертістен бері енбегенсіздер. Шекара сол жермен шектелген. Қазір қазақтың жерін басып алдыңыздар. Соны қазаққа қайтарыңыздар», – деген сыңайдағы пікірін ашық мәлімдеген. Ендеше, ол неге ұлттық көтеріліс емес? Захаңның сөзінің жаны бар. Біз осындай дүмбілез тұжырымдар мен ойлардан арылуға әрекет жасауға тиіспіз», – деді М. Қойгелдиев. Бұдан кейін Ахмет Тоқтабай кеңестік кезеңнің қазақты жоюға бағытталған алапат қасіреттерін тізбектеп шықты. «Соңғы уақытта орыстың отарлауы ең гуманистік бағытта, адамгершілік принциптерге сай, өркениетті тұрғыда жүрді деп, орыс басқыншылығын ақтау белең алып жүр. Меніңше, орыстар әлемдік отарлаушылардың ішіндегі ең қатал, ең озбыр тәсілдерді қолданған бірден-бір ел. Моңғолия мен Қытайдағы қазақтардың тарихын зерттеу кезінде байқағанымыз, олар да біз көрген қорлықты көріпті. Бірақ бір артықшылығы салт-дәстүрін, этнографиясын, ұлттық танымын жоғалтпапты. Бізді орыстар түп тамырымызбен ассимилияциялауға ұшырата жаздады. Қазақтың жанын өзгертуге, рухын улауға ұмтылды. Мұны айқын біліп отырмыз. Соны қалпына келтіруге күш салғанымыз жөн», – деп ой қорытты этнограф, тарихшы А. Тоқтабай. Бейбіт Қойшыбаев болса, қазақ тарихын кезең-кезеңімен түбегейлі, кешенді зерттеу қажеттігін баса айтты. Бұл ойды тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметханұлы ары жалғады. Тарихшының айтуынша, Мемлекеттік хатшының бұл баяндамасы мамандарға бір жағынан мүмкіндік сыйласа, тағы бір жағынан жауапкершілік жүктеп отыр. Қазір бұл баяндаманы түрлі салаға бұрып, түрлі тақырыптарды қаузауды көздейтіндер де, өздерінің ойын іске асыру үшін оңтайлы пайдаланғысы келетіндер де жоқ емес көрінеді. «Оның алдын алу кәсіби тарихшылардың ілкімділігі мен ынтасына байланысты. Өзгелердің өз мүддесіне қарай бұра тартатын уағыздарына қоғамды ұйытып алмауымыз қажет. Жауапкершілік жүктейді дегенім осы», – деп тұжырды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061