Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 2987 9 пікір 11 Тамыз, 2023 сағат 14:41

Қалың қазақтың Қалдарбегіне құрметіміз қайда?

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВҚА;
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі
Әлихан Асханұлы СМАЙЫЛОВҚА;
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі
Асхат Раздықұлы ОРАЛОВҚА;
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлы ҚЫДЫРӘЛІГЕ;
Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлы ҚАСЫМБЕККЕ;
Алматы қаласының әкімі Ерболат Асқарбекұлы ДОСАЕВҚА;
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы  ӘЙТЕНОВКЕ;
Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы САТЫБАЛДЫҒА;
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасынының Төрағасы
Мереке Әбдешұлы ҚҰЛКЕНОВКЕ;
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Қауысбекұлы ТҰРЫСБЕКОВКЕ!

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Келесі 2024 жылы көгілдір көктемде, дәлірегі 16 наурызда қазақтың қарымды қаламгері, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кісіге көрсетер қайырымдылығы мол нағыз шынайы ұлтжанды азамат Қалдарбек Найманбаевтың дүниеге келгеніне 85 жыл, ал қоңыр күзде, дәлірегі 22 қыркүйекте  бақилық болғанына 20 жыл  толады. Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетінің талантты түлегі ұзақ жылдар бедерінде  республикалық  газет-журнал редакцияларында, көркем әдебиет баспаларында жемісті қызмет атқарған. Тамаша көркем әдеби туындылары оқырман жүрегіне жарқын жол тапқан. Өз замандастарының өмірінен жазылған «Бастау», «Қоштасқым келмейді», «Үміт өткелі», «Беймезгіл қонақ», «Аптап», «Шілде», «Көктөбе», «От пен ойын» сияқты жиырмадан астам әңгіме, повесть, романы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халықтарының тілінде, бұған қоса-қабат болгар, поляк, чех, неміс, жалпы  отыздан астам тілге аударылып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген болатын. Бұдан бөлек «Домалақ арыз», «Ерлі-зайыпты екеу және басқалар», «Жаңа жыл алдында» деп аталатын драмалық шығармалары республикамыздың бірқатар театрларында сахналанған. Қазақстан Жазушылар одағына басшылық жасаған кезеңде өзге де ақын-жазушыларымызбен бірге туған әдебиетіміздің туын көкке  көтеруге белсене атсалысқаны баршаға белгілі. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа Төрағасының бірінші орынбасары  ретінде төрткүл әлемге тарыдай шашылған 43 елді аралап, бес миллиондай  қандастарымыздың бір миллиондайын  атамекенге оралтып, халықтың асқан  сүйіспеншілігіне бөленген асыл арда азамат тұғын. Барлық билік қолында тұрса да өзі алмай талай ақын-жазушыға, шетелдік зиялы қауым өкілдеріне, қандастарымызға баспанамен қоса-қабат атақ, сыйлық, орден-медаль әпергені де жадымызда.

Бүкіл саналы ғұмырын туған халқына, шетелдік қандастарымызға, қалың қазағына  қызмет етуге арнаған жауһар жазушыға, көрнекті мемлекет және қоғам  қайраткеріне, қала берді қарапайым қайырымды жанға деген құрметіміздің тиісті талап деңгейінде болмай отырғаны көңілімізге кірбің түсіреді. Қалекең бақилық болғаннан кейін 2005 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйытқы болуымен Алматыдағы «Жазушы» баспасынан Қалдарбек Найманбаевтың қостомдық таңдамалы шығармалар жинағы мен  журналист, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы  Баспа және ақпарат  орталығының жетекшісі  Тілек Дәулетов құрастырған «Қауымдасқан қазақтың Қалдарбегі» атты естеліктер кітабы баспадан шықты. 2009 жылы «Білім» баспасынан «Сіз күткен кітап» сериясымен қаламгердің «Даңқ тұғырында» атты тұңғыш деректі повесі қайта жарық көрді. 2020 жылы Алматыдағы «ARNA-B» баспасынан  сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері  Бақыт Сарбалаұлының құрастыруымен «Қазақтың Қалдарбегі» деп аталатын естеліктер, эсселер жинағы, ал 2023 жылы Шымкенттегі «Қызмет» баспасынан осы жолдар авторының  «Қалың қазақтың Қалдарбегі: қаламгерлік, қайраткерлік қасиеттері» атты әдеби-сын, ғылыми-зерттеу еңбегі оқыомандар назарына ұсынылып отыр. Осымен болды... Басқа ешқандай кітабы жарық көрмеген.

Қалекең көзден кетсе де көңілден кетпейтін таутұлға  емес пе?!. Өкінішке орай, бүгінде Астана, Алматы, Шымкентті айтпағанда Жетісайдың өзінде де  оның атына берілген көше не мектепті кезіктіре алмайсыздар. Еңселі ескерткіш жайлы айтпай-ақ қоялық. Халқымыздың «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген даналық сөзін ескеретін болсақ,  кеш те болса, ізгілікті де игілікті іс-шараларды қолға алуымыз керек сияқты. Соның ең бастығы --жауһар жазушының жеті томдық таңдамалы академиялық шығармалар жинағын шығарсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қаламгер жайлы жазылған проза, поэзия, драматургия, әдеби-сын, ғылыми-зерттеу еңбектеріне  байқау жарияланса дейміз.  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ғимаратының алдына еңселі ескерткіш орнатсақ, қандай ғанибет болар еді.

Бұған қоса-қабат қаламгер жайлы естелік, эсселер жинағын шығаруды жалғастыру.

Қазақстан Жазушылар одағының Қалдарбек Найманбаев атындағы Халықаралық әдеби сыйлығын тағайындау.

Қалдарбек Найманбаев атындағы Халықаралық деңгейдегі медаль шығару.

Қазақ күресінен Қалдарбек Найманбаев атындағы Халықаралық жарыс өткізу.

Оңтүстік астанадағы Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Жетісай қалаларындағы көшелер мен мектептерге қаламгердің есімін беру.

Ең бастысы -- Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын ұзақ жылдар бедерінде жемісті басқарғаны үшін  Қалдарбек Найманбаевты Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, ал Қазақстан Жазушылар одағын ұзақ жылдар бедерінде жемісті басқарып, қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған тамаша әдеби көркем туындылары үшін  Қалдарбек Найманбаевқа Қазақстаннның халық жазушысы атағына ұсыну – бүгінгі уақыт талабына айналып отыр деп есептейміз.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мемлекет басшысы және майдангер қаламгердің ұлы ретінде Сіздің ақын-жазушылардың, өнер адамдарының, жалпы зиялы қауым өкілдерінің тағдыр-талайына, мұң-мұқтажына бей-жай қарамайтыныңызды өте жақсы білеміз. Сол себепті де Қалдарбек Найманбаевтай қарымды қаламгердің, қажырлы қайраткердің, қайырымды тұлғаның  есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында осы айтылған ұсыныс, тілек, пікірді назарға алып, ізгілікті де игілікті іс-шараларды атқаруға ықпал етеді деп үміттенеміз. Өзіңізден бастап, Ел Үкіметі, тиісті министрліктер, әкімдіктер, қоғамдық ұйымдар мен жалпы жұртшылық жауһар жазушының айтулы мерейтойына лайықты тарту әзірлейтініне сенімдіміз.

Сәлеммен,

Әбдісаттар Әліп,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры – Бас редакторы

Шымкент қаласы.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475