Сейсенбі, 16 Маусым 2026
Саңлақ 239 0 пікір 16 Маусым, 2026 сағат 12:55

Ғаламторсыз заманның жұлдыздары

Сурет: tycsports.com сайтынан алынды.

Футболдан әлем чемпионатында ерекше шеберлігімен тәнті еткен таңдаулы ойыншылар жөніндегі әңгімені әрі қарай жалғаймыз.

Ұлы Мәртебелі Диего

Марадонаның 20 жылға жуық футболшылық ғұмырында алмаған атағы жоқ. Әйтсе де, 1986 жылдың ол үшін айрықша екені рас. Содан бері бір чемпионатты бір ойыншының жеңіп алуы тарихта болған емес. Вальдано, Бурручага сынды таланттардың еңбегін ескергеннің өзінде мойындалуға тиіс ақиқат: Мексикада Аргентинаға алтыннан алқа таққызған – Марадона!

Сурет: azertag.az сайтынан алынды.

Ойыны, теңбіл допты қалауынша билететін техникасы, алаңдағы ахуалды көз қиығымен-ақ қапысыз бақылайтын сұңғылалығы, кез келген ойыншыны алдап өте алатын дриблингі, айып добын дәл соғатыны, әріптестеріне ыңғайлы, қарсыластарына қолайсыз пас шығарып бере алар шеберлігі, қажет кезде өзі де мергендік таныта білуі – футболдағы қасиеттерінің барлығы жағынан ол Пелемен тайталаса алады. Спортқа әуес жасөспірімдерге үлгі болатын-ақ футболшы. Алайда оның даңқты бразилиялықпен салыстыруға да келмейтін тұсы – жасыл алаңның сыртындағы тіршілігі. Егер футбол королі доп тебуді қойған соң да, өзін бизнес, музыка, кино, мемлекеттік қызмет салаларында жақсы қырынан көрсете алса, Марадона, керісінше, есірткіге тәуелділікке ұшырады, ұстамдылық танытпай, талай жерде БАҚ өкілдерімен ұстасты, қайбір жылы тіпті оларға қаратып оқ та атты! «Волейболшы» ретіндегі «шеберлігі» өз алдына бөлек жыр...

Ол 1979 жылы Аргентина жастар құрамасы сапында әлем чемпионатын жеңіп алды, сосын бірнеше рет Оңтүстік Американың үздік ойыншысы атанды, «Бока Хуниорс» сапында ел чемпионы болды. Кейін Диего испандық «Барселонада» 2 жыл, итальяндық «Наполиде» 7 жыл ойнады.

Ұлттық құрамаға Марадона 18-ге толмай жатып, сонау 1978 жылы-ақ шақырылған. Алайда бас бапкер Луис Сесар Менотти жас талантты өз елінде өтетін әлем чемпионатына қатысар 22 үздіктің қатарына қоспады. Оның әлемдік доп додасындағы тұсаукесері 1982 жылы болды. Бірақ Аргентина құрамасы бұл жолы жүлделі орындарға іліге алмады, ал Диего бразилиялықтармен кездесуде Батистаның ішінен теуіп, алаңнан қуылды. «Бұл жерде Батистаның еш жазығы жоқ еді, – деп еске алады Марадона. – Шын мәнінде, мені әбден ызаландырып біткен Фалькао-тұғын. Соны тебем деп сермеген аяғым әлгі байғұсқа тиіп кетті».

Марадонаның бағын Мексикадағы әлем чемпионаты ашты. Осы додада ол тамаша ойын көрсетіп қана қоймай, нағыз капитан ретінде команданы алға жетеледі. Шабуылшы Хорхе Вальданоның: «Мексикада біз қалайша жеңіске жеттік, білесіздер ме? Өйткені 21 дені сау ойыншының арасында бір жынды болды. Сол жынды бізге чемпионатты ұтып берді!» – деген сөзі бар.

Ширек финалда Диего ағылшындар қақпасына екі гол соқты. 51-минутта ол әуелеп келген пасқа бойы жетпеген соң, допты қақпаға қолымен енгізіп жіберді. Мұны бәрі де көрді, бірақ негізгі көруге тиіс адам – тунистік төреші Бен Насер байқамай қалды. Баспасөз мәслихатында Диегоның журналистерге «бәлкім, гол қолмен соғылған да шығар, бірақ ол менің қолым емес, Құдайдың қолы болатын» деп жауап бергені әлі күнге жыр болып жүр. Оған Англия құрамасының бас бапкері Бобби Робсон: «Құдайдың бұған еш қатысы жоқ. Бұл – алаяқтың қолы!» –  деп жауап қайтарған болатын.

Ал арада төрт минут өткенде, өз қақпасы маңынан әріптесі Эктор Энрикеден доп алған Марадона алты бірдей ағылшынды алдап өтіп, бүгінге аңыз боп жеткен ең даңқты голын соқты. Жартылай финалда тағы да Марадонаның қос добының арқасында бас бапкер Карлос Билардоның жігіттері Бельгиядан басым түсті. Финалда да шешуші доп Диегоның тамаша пасынан соң соғылды.

Марадона бұдан кейін де екі рет әлем чемпионатына қатысты. 1990 жылы күміс жүлдені иеленсе, 1994 жылы ешқандай табысқа жете алған жоқ. Керісінше, кезінде нашақорлығы үшін ұсталып, жазаға тартылған ойыншы тағы да өз командасын қиын жағдайда қалдырды. Нигериямен ойыннан соңғы допинг-тестте оның бойынан тыйым салынған медпрепарат – эфедрин табылды. Сөйтіп, Марадона чемпионатқа мүлде қатыстырылмайтын болды. Ол соңғы ойынын 1997 жылы 25 қазанда «Бока Хуниорстың» құрамында өткізді.

Футбол тарихында Пеледен кейінгі екінші кемеңгер (кейде тіпті бірінші делінеді) ретінде бүкіл әлем мойындаған Диего Марадона осыдан алты жыл бұрын дүние салды. Оған бүкіл әлем жұртшылығы қайғырды. Марадонаның әлем спорты үшін қаншалықты маңызға ие екенін бүкіл жұрт сонда айқынырақ ұғынды.

Рекордшы Маттеус

Маттеус – бес әлем чемпионатына қатысқан футбол тарихындағы екінші адам (біріншісі – мексикалық қақпашы Антонио Карбахал). Және ұзақ уақыт финалдық турнирлерде ең көп ойын өткізген футболшы да болып келді (25 матч). Оны 2022 жылы тек Лионель Месси ғана басып озды (26 ойын). Жиырма жыл (1980-2000) ішінде Германия құрамасының жейдесін 150 рет киген.

Сурет: football.ua сайтынан алынды.

Әрине, спорт тауарлары дүкені бар ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Хайнц пен Катарина Маттеустер кіші ұлдарының болашақта атақты футболшы болатынын болжай қойған жоқ. Олар Лотарды да ағасы Вольфганг секілді осы кәсіпке бейімдегісі келді. Алайда балақайдың басындағы ой басқаша еді. Азаннан ақшамға дейін ала доптың соңында алаөкпе болатын ол қалайда футболмен кәсіби түрде айналысуды армандады. Мектепте сыныбындағы ең бойы кішкентайы да, ең әлжуазы да өзі болғандықтан, кейде қатарластарының артықшылығына қызығып, «мама, мені неге мұнша құйтақандай ғып тудың?» деп шешесіне жылап келетін. Дегенмен тынбай жаттығу мен тұрақты футбол ойнаудың нәтижесінде ол кәмелетке толарда сымбаты көз тоярдай көркем атлет боп шықты.

Менхенгладбахтың «Боруссиясы» 1980 жылы УЕФА кубогының финалына шыққанда, оның сапындағы 18 жастағы Маттеус ойлы ойынымен ұлттық құраманың жаттықтырушысы Юпп Дервальдің назарын аударды. Сол жылғы Еуропа біріншілігінде алаңда тек 16 минут қана ойнағанымен, өзге әріптестерімен бірге құрлық чемпионы атанған оның әлемдік доп додасындағы дебюті 1982 жылы болды. Испанияда да жас талант небәрі екі ойынға ғана қатысып, жасыл алаңда ұзын-ырғасы 50 минут қана өткізді.

Құрама тізгінін Беккенбауэр алған соң ғана ол негізгі құрамға тұрақты іліге бастады. 1986 жылы Мексикада Маттеус команданың тұтқалы жартылай қорғаушысы болды. Ал 1990 жылғы доп додасы қарсаңында «Кайзер Франц» Лотармен жеке әңгіме өткізді. «Бізге ешқашан ерік-жігері мұқалмайтын, жігіттерді соңынан ерте алатын көшбасшы керек, – деді ол. – Бұл сенің қолыңнан келетініне сенемін. Сондықтан да капитан етіп тағайындаймын. Енді сен тылға көп қарайлама. Ол міндетті Гвидо Бухвальд атқарады. Ал сен шабуылға дем бер, команданың бүкіл ойынын ұйымдастыр. Менің идеямды алаңда іске асырушы басты диспетчер өзің бол. Сонда осы чемпионатта сенің де жұлдызың жанады, Отаныма бапкер ретінде алтын кубокты алып беріп, менің де жаным жай табады».

Маттеус ұстазының талабын бұлжытпай орындады. Бапкер сенімі оған қанат бітірді. Бұл чемпионатта одан артық ойнаған ешкім болған жоқ. Біріншіліктің үздік футболшысы атағын 6 гол соққан итальян шабуылшысы С.Скиллачи ап кеткенімен, доданың басты жұлдызы Маттеус екенін елдің бәрі мойындады. Жыл соңында «Франс футболдың» «Алтын добы» да осы бір шаршау білмес неміс футболшысына бұйырды. Қарсыластары Лотарды көзден қанша таса қылмаса да, ол командасын алға сүйреп, жеңіс үшін ерен еңбек сіңірді.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір