Қалай орыс мектептерін қазақ мектебі етеміз?
Күнделікті өмірде байқап жүргеніміздей, еліміздің аумағында орыс тіліндегі мектептер әлі де көп. Дегенмен, осы орыс мектептерінде оқитындар, бүгінгі күндері, негізінен қазақ балалары.
Енді қараңыз, тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асқан Қазақ мемлекетінде жүріп, әлі күнге дейін жеткіншектерімізді өзге мемлекеттің және өзге ұлттың тілінде оқытуға ден қойып келеміз. Кейін, қазақ тілінен, яғни, мемлекеттік тілден дүбәрә балаларымызды өзіміздің ұлттық мемлекетіміздің қызметіне тықпалаймыз. Ал, оларға мемлекеттік тілде жұмыс жасау оңайға түспейді. Сонымен қатар, жасөспірімдерді отаншылдық рухта өсіру үшін де, ана тілінде оқыту, тәлім-тәрбие беру аса қажет-ақ.
Мiне, осы орыс тіліндегі мектептердi қалай ұлттық мектептерге айналдыру керек, негізгі проблема осында.
Менің, өз уақытында Ақмола облысының, Есiл ауданы әкiмдiгiнде қызмет атқарып жүрген кезiмде ұйымдастырған әрi, оны iске асырған еңбегiмдi, оқу-ағарту департаментiнде отырғандарға, сондай-ақ, әрбiр қалалық, аудандық бiлiм жүйесінің басшылары мен мектеп директорларына үлгi болсын деп, алға тартып отырмын.
Есiл қаласының іргесіндегі Игiлiк ауылы негiзiнен қазақ әулеттерiнен тұрады деуге болады. Мұндағы, ел тұрмысы да, сондай-ақ, ауыл экономикасы да жаман деуге келмейді. Тек, жетiспей тұрғаны, бiр қазақ мектебi болатын. Әрине, үлкендердiң айтуы бойынша, ертерек кезде қазiргi орыс мектебiнiң орнында қазақ мектебi болған. Тек, сол уақыттағы солақай саясаттың салдарынан жабылып, орыс мектебi болып қайта құрылған екен.
Содан, кейінгі жылдары ғана осы мектептің құрамында алғашқы қазақ сыныптары ашылып, бiраз қара домалақ балдырған өз ана тiлiнде оқи бастаған едi. Осы ауылға анда-санда жұмыс барысымен келiп-кетiп жүрiп, ойыма жақсы бiр iстiң жүйесi келгенi. Ауылдағы орыс мектебi деген атты өзгертiп, қазақ мектебi деп, мәртебе беру керек. Өйткенi мұндағы ауыл тұрғындарының басымы қазақтар. Мектепте де көпшілігі солардың балалары. Алайда, солар негізінен орыс тiлiнде оқиды. Қазақ мектебi деген мәртебе берсек, кейінгі жылы ашылған қазақ сыныптарына жол ашылмай ма? Сондай-ақ, жылда бiр сынып ашып отырғаннан мынау әлде қайда тиiмдi болары еді және бұлар еш кедергiсiз жылдан-жылға жоғарылап кете бередi ғой. Ал орыс сыныптары болса, осы жаңадан ашылған қазақ мектебiнiң құрамындағы орыс сыныптары болып қала бередi.
Осы үшiн арнайы барып, мектеп директоры Мұхаметқали Жақыповпен кеңесiп, ойластық. Ол кiсi де бұл iске қарсы емес екенiн бiлдiрдi. Тек, мұғалiмдер ұжымымен келiсiп, жиналыс өткiзу және осылай болсын деген бiрлескен құжат дайындау керек. Ал, Игiлiк мектебiнде ол кезде екі жүзден аса оқушы білім алатын. Содан мектеп директорымен бiрге ауыл әкiмiне барып, ол кiсiмен де кеңестiк. Ол ағамыз да бұл iске келісті. Әрине, ол кезде мектеп ашу үшiн бұрынғыдай жоғары жаққа хат жолдау қажеттілікті талап етпейтін, жергiлiктi жердегi ұйымдардың өздерi шешу керек. Сөйтiп, мұғалiмдер ұжымының жиналысы өтікізіп, бір ауыздан қолдаған соң, сол арада құжат толтырылып, орыс тiлiндегi Игiлiк орта мектебi қазақ орта мектебi деп өзгертiлдi. Ал орыс сыныптары қазақ мектебiнiң құрамында қала бердi.
Бiрнеше жылдан соң орыс сыныптарына қазақ жеткіншектері баруды қойды. Сөйтiп кезiндегi орыс мектебi толық қазақ мектебiне айналып, шыға келдi. Әрине, бұған сол кездегі аудандық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi Владимир Карлович Финк те қарсы болған жоқ. Сонымен, Есiл ауданында тұңғыш қазақ мектебi осылай ашылған болатын. Менiң бұны айтып отырғаным, республика көлемiндегi оқу-ағарту саласының басшыларына сабақ болсын деген ой ғой. Міне, бiз осындай істер арқылы ғана, Жаңа Қазақстанды нағыз қазақ елiне айналдыра аламыз.
Бейсенғазы Ұлықбек
Abai.kz