Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3920 0 пікір 2 Шілде, 2013 сағат 05:22

Қайыр ЖҰМАЖАНОВ. Ермак атауы мен мүсіні туралы бір үзік әңгіме

Ермак атауы қалай қойылды? Дәулетбай Молдабайтегінің Ақсу қалалық «Ақжол» газетінің 1992 жылғы, 28 қаңтардағы №4 санында жарияланған мақаласына үңілсек, біраз жайға қанығамыз.

Кеңес билігінің басшылығына Н.С. Хрущев келген тұста  құрамында Молотов, Каганович, Шепилов, Маленков бар антипартиялық топ әшкерленіп, бұлардың атындағы жер-су, елді мекен атауларын өзгерту жөніндегі мәселе күн тәртібіне қойылған. Соған сәйкес  1957 жылдың 5 ақпанында Каганович ауданының бірінші хатшысы Сәрсенов Қамза бастаған

аудандық партактив жиналысында СОКП Орталық Комитетінің төтенше пленумының шешімі оқылып, обком өкілінің сөзі тыңдалды.  Бұдан соң Каганович ауданының атауын Ермак ауданына өзгерту мәселесі қаралған.

Ермак атауы қалай қойылды? Дәулетбай Молдабайтегінің Ақсу қалалық «Ақжол» газетінің 1992 жылғы, 28 қаңтардағы №4 санында жарияланған мақаласына үңілсек, біраз жайға қанығамыз.

Кеңес билігінің басшылығына Н.С. Хрущев келген тұста  құрамында Молотов, Каганович, Шепилов, Маленков бар антипартиялық топ әшкерленіп, бұлардың атындағы жер-су, елді мекен атауларын өзгерту жөніндегі мәселе күн тәртібіне қойылған. Соған сәйкес  1957 жылдың 5 ақпанында Каганович ауданының бірінші хатшысы Сәрсенов Қамза бастаған

аудандық партактив жиналысында СОКП Орталық Комитетінің төтенше пленумының шешімі оқылып, обком өкілінің сөзі тыңдалды.  Бұдан соң Каганович ауданының атауын Ермак ауданына өзгерту мәселесі қаралған.

Құркөл ауылы МТС-інің меңгерушісі Оспанбеков Тегінбай бар-жоқты жасырмай, тура шындықты айтатын, сөзге шешен, ұстарының жүзіндей өткір жігіт болатын. Бір кезде мінбеге көтеріліп, былай деген: «Ермактың тарихтан алар еш орны жоқ. Жер-су, елдімекеннің заңды тарихи атаулары болады. Сол заңдылық сақтаулы керек. Кейбіреулер айтып жүргендей бұл ара «Қызыл шырпы» емес. Осы алтыншы ауыл мен «Қызыл құрамаға» дейінгі Ақсу бойында жағалай үйеңкі, терек, талмен қатар тобылғы түстес шілік өседі. Сол себепті бұл жерді бұрын «Қызыл шілік» атаған. Ал шырпы сөзіне келсек, оның екі мағынасы бар. Біріншісі – тамызық ретінде отқа жағылатын ағаштың түрі. Жеке өзі отын болып жарытпайды. Екіншісі – сіріңкенің шиі. Бұнымен от тұтатылады. Екеуі де ізсіз жоғалып кетеді. Ал ізсіз кететін нәрсемен қазақ ешқашан жерін атамайды. Ендеше, бұл жердің нақты атауы –  «Қызыл шілік», соны қайтаруымыз керек!».

 Іле  «Ермак» пен «Қызыл шілік» атаулары дауысқа салынған. Бірақ атаманның аты озып, аудан «Ермак» аталып, аудан орталығы «Ермак» селосы болды, бұл мекен 1961 жылы қала мәртебесін иеленді. Ал Тегінбай «ұлтшыл» атанып,  көп ұзамай, шамасы жарты жылға жетпей ауданнан аластатылды.

...Бұрынғы Ермак ауданының әкімі Қуат Есімханов «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ермак ескерткішін қалай алдық?» атты көлемді мақаласында  атаман Ермактың қанды жорығының картасы арқылы оның осы өңірде болмағанын дәлелдеп бергенін жазады. Бұған қосып айтарым,  әлгі жорықтың картасын жеке адамның мұражайынан тауып, Ақсудың өлкетану мұражайына табыс еткен мен едім. Карта өткен ғасырдың бел ортасында МҚК-нің (КГБ) баспаханасында басылып шыққан. Онда 1582 жылы жорығын бастаған атаман Ермактың 1585 жылы, тамыз айының 6-сына қараған түні суға кеткен жері тайға таңба басқандай көрсетілген.

Ал тұғырында «Покорителю Сибири от благородных потомков» деп жазылған Ермак ескерткішін орнату жөніндегі қаулыны мұрағаттардан іздегеніммен, таба алмадым. Сірә, еш құжатсыз орнатылса керек. Ол кезде заң да, заман да басқа еді ғой.

Бірақ ескерткішті алу туралы қаулы шығарылғаны анық. Ол құжатта былай делінген:

«Учитывая сложившуюся ситуацию, которая обострилась вокруг скульптуры Ермака, а также исходя из неудовлетворительного технического состояния скульптуры, согласно протоколу заседания экспертного совета Павлодарской областной организации союза художников Казахстана от 17.10.1991 г. решили:

1.Демонтировать скульптуру Ермака. (Вторым пунктом названы организации, которым поручалось выполнить операцию)

2.Для обеспечения бесперебойной работы городского транспорта в рабочее время и безопасности ведения работ демонтаж скульптуры произвести в ночь с 12 на 13 марта 1992.

Глава Ермаковской городской администрации

В.И. Шокарев

Председатель исполкома горсовета д/трудящихся

А.У. Мендібеков»

Міне, осылайша, Ермак қаласы мен аудан басшылары: Владимир Шокарев, Қуат Есімханов, қалалық, аудандық маслихат хатшылары: Амангелді Мендібеков пен Мәдениет Омарғалиевтің бірлескен батыл шешімі арқасында Ермактың ескерткіші алынды.

Ұлты орыс бола тұра, атаманның тас тұлғасына тасбауырлық танытқан В.И.Шокарев деген кім? Владимир Ильич Шокарев Жамбыл облысының Шу қаласында, жұмысшы отбасында туған. Білімі жоғары. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Ақсу темір-бетон бұйымдары заводы директорының орынбасары, Ақсу қаласының әкімі болып істеген. Кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Павлодар облысындағы өкілі, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты, Парламент мәжілісінің экономика, қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комитеттің мүшесі болған.

Атаманның мүсіні алынатын кезде қоғамдық тәртіпті бақылау Ермак қалалық ішкі істер басқармасының бастығы  Темір Жамековке тапсырылды.  Ол 1980 жылы Мәскеу олимпиадасында қоғамдық тәртіптің сақталуына қатысқан қазақстандық милиция тобы құрамында болған, бұларды жергілікті басбұзарлар «панфиловшылар» атаған екен.   Милиция полковнигі Темір Хамитұлы Жамеков отыз жыл ішкі істер қызметінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Қазіргі кезде Кереку қаласында тұрады, жұбайы Сәлимамен бірге немерелерінің қызығын көруде.

«Ақжолдың» тұңғыш редакторы Қайыр Бәйтенұлы Жүнісқали сол  газеттің бірінші санынан бастап ұлт намысын оятуға, тарихи әділдікті орнатуға аянбай жұмыс істеді. Бірден «Ермак» атына ауыз салды.   

Ал Ермак атауы мен мүсінінің алынуына ықпал еткен қоғамдық күштер арасында  «Қазақ тілі» қоғамы, «Азат», «Аттан», «Невада-Семей» қозғалыстарының белсенділері айтарлықтай рөл атқарды.  «Сол жылы жиделер көп гүлдеді» – демекші, сол кезеңде  халық арасынан ұлтжанды азаматтар   көп шықты.

Елім деп еңіреп туған Светлана Қабидоллақызы Қондыкерованы Ақсу өңірінің қаһарманы десем, артық айтқандық емес. Қазір ол «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымның басқарма мүшесі, республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының Павлодар облысы бойынша үйлестірушісі.

Қабдырахман Бәйкенұлы Сейілғазин 1998-2004 жылдары қала әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің бастығы болып қызмет істеді, 2004-2005 жылдары «Нұр Отан» партиясы Ақсу қалалық филиалы хатшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының және «Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысының Ақсу қалалық ұйымының мүшесі, қоғам белсендісі Нәбиев Қанатбек Құрманғалиұлы 1990 жылдары «Аттан, Қазақстан!» республикалық қозғалысының Ермак (Ақсу) қалалық-аудандық ұйымның басшысы болды.

Әйтенов Төлеубек Әйтенұлы 1990 жылы «Азат» қозғалысының Ақсу қалалық ұйымының төрағалығына сайланды. Өзі еңбек ететін ферроқорытпа заводында 20 жыл бойы «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымын басқаруда. Елбасы алғыс хатының иегері, 2011 жылы оған «Қазхром» ТНК АҚ еңбек сіңірген қызметкері атағы берілді.

1990-1994 жылдары  Светлана Қондыкерова бастаған жергілікті ұлтшыл азаматтармен қатар  «Азат» азаматтық қозғалысының облыстық ұйымының  төрайымы Бикеш Орханқызы Дүрманова, белсенділері   Мейрам мен Мақсұт Қалиевтер, Қаматай Батталов т.б.   Ермак қаласындағы Ермакка қойылған ескерткіштің алынуына, қаланың атын «Ақсу» деп ауыстыруға зор ықпал етті.   Б.О. Дүрманова 1991 жылдың қыркүйегінде Орал қаласында казактардың Ресей патшасына қызмет еткеніне 400 жыл толуын салтанатты мереке ретінде атап өту шарасына тосқауыл қойған қоғамдық күштерге керекулік ұлтшылдарды бастап барып, қолдау көрсеткен еді.

...Тәуелсіз ел болу бақытына қол жеткізбес бұрын халқымыз талай қан мен тер төгіп, қаншама қажыр-қуатын сарп етті. Ендігі басты мақсат – осы бақ құсындай еркіндігіміз бен егемендігімізді ұзағынан баянды ету. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған мемлекетшіл азаматтар аса айтулы істер тындырды. Бұл шақта қазақ елі төрткүл дүниеге танылды. Егеменді елдің іргесін нығайтуға қатысты біраз шаруаның шеті қайырылды.  

Әйтсе де, басқаны Құдайдай сыйлайтын қазақ өзіне келгенде тым ынжыр-ақ. Өзін-өзі сыйламаушылық пен патриоттық сезімнің жетіспеуі – біздің елеулі кемшілігіміз. Ешқандай жаңсақтығы жоқ, халқымыздың біраз бөлігі басқа жұртқа қаншалықты еліктегіш болса, өзін-өзі бағалай білуге келгенде соншалықты тартыншақ. Қазақ жарықтықтың өзімен бірге көрге түсетін дерттерінің бірі  – көре алмаушылық сияқты...

Ұлт тарихын білмеген адамнан бәлендей жақсылық күтуге болмайды. Өкініштісі, бүгінгі күні елінің тарихын, өзінің тегін білмейтін ұрпақтың жаңа легі өсіп келеді. «Ең қорқыныштысы, ұлт тарихын білмейтін адам Отанын да сыйламайтын болады»  – дейді  Мырзатай Жолдасбеков ағамыз.

Ақсу қаласындағы ашық аспан астындағы мұражайдың естелік тақтасына жоғарыда аты аталған ұлт жанашырларының есімдерін, ерліктерін тайға таңба басқандай қылып неге жазып қоймасқа!  Бұл – сіз бен біздің тарихымыз. Кешегі ерлік – бүгінгі тарих, оны  жазбасақ, тарих бізді кешпейді.

Өкінішке қарай, Ресей империясының қандыбалақ атаманы Ермактың тас тұлғасының тас талқанын шығарған революциялық рухтағы жастардың ерлігі  бүгін қайталанбауда. Павлодар атауы мен сол қаладағы Ермак көшесінің мұрты сынбай тұрғаны осының айғағы.

Қайыр Жұмажанов,

 Қ.Р. ішкі істер қызметінің ардагері,

Қ.Р. ішкі істеріне еңбегі сіңген қызметкері,

КСРО-ішкі істерінің милиция үздігі.

Ақсу қаласы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290