Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3979 0 пікір 2 Шілде, 2013 сағат 05:40

Камал қажы Әбдірахман. «Қазақпын» десе - қандасың

Еліміздегі БАҚ- ның жазуынша, Қазақстаннан 4 миллион 150 мың адам көшіп  кетіпті. Бұл көшіп-кетушілердің саны бойынша әлемдегі 11 орын. Келгені – 3 миллион 80 мың.  Жоғалтқанымыз – 1 миллион 70 мың. Бұлардың ішінде қанша қазақ кетті, одан бәріміз бейхабармыз. Парламент депутаты Орал Мұхаметжанов 1600 қазақстандық шет елде жасырынып жүргенін үлкен мінберден өткен жылы жариялады. Мұның қаншасы алаш баласы? Меніңше - дені қазақтар. Осылайша мыңдап, миллиондап жоси берсек аталарымыз ұл-қыздарын құрбандыққа шалып, қанын төгіп жүріп қорғап қалған, бізге аманат еткен мына ҚАСИЕТТІ ДАЛАҒА ТҮПТІҢ- ТҮБІНДЕ КІМ ИЕЛІК ЕТЕДІ?

Еліміздегі БАҚ- ның жазуынша, Қазақстаннан 4 миллион 150 мың адам көшіп  кетіпті. Бұл көшіп-кетушілердің саны бойынша әлемдегі 11 орын. Келгені – 3 миллион 80 мың.  Жоғалтқанымыз – 1 миллион 70 мың. Бұлардың ішінде қанша қазақ кетті, одан бәріміз бейхабармыз. Парламент депутаты Орал Мұхаметжанов 1600 қазақстандық шет елде жасырынып жүргенін үлкен мінберден өткен жылы жариялады. Мұның қаншасы алаш баласы? Меніңше - дені қазақтар. Осылайша мыңдап, миллиондап жоси берсек аталарымыз ұл-қыздарын құрбандыққа шалып, қанын төгіп жүріп қорғап қалған, бізге аманат еткен мына ҚАСИЕТТІ ДАЛАҒА ТҮПТІҢ- ТҮБІНДЕ КІМ ИЕЛІК ЕТЕДІ?

Кез- келген мемлекеттің барлық ішкі және сыртқы саясатының басында ұлттық қауіпсіздік мәселесі тұрады. Ал бұл қауіпсіздік сол мемлекетті құрушы, мемлекет солардың атымен аталып отырған негізгі ұлтқа, халықаралық тілмен айтсақ - титулды ұлтқа тікелей байланысты. Мысалы, Қазақстанда қазақтарға байланысты. Сондықтан да мемлекет те, үкімет те титулды ұлттың көбейуін, осы ұлттың жан санының өзгелерден әлдеқайда көп болуын, оның көңіл-күйін, мақсат- мүдделерін үнемі назарда ұстап отырады. Жазылмаған, бірақ әлемдік деңгейде қабылданған бір заңдылық бар. Ол негізгі ұлттың, мысалы Қазақстанда қазақтардың, 70 пайыздан асуы. Мұндай жағдайда, тағы да сол жазылмаған заң бойынша, өзге ұлттар мемлекет құрушы, мысалы, қазақ  ұлтына қарай тартылып, сол ұлттың құрамына еніп кетуі, сол ұлттың басты салт-дәстүрлерін, тілін, болмысын бойына сіңіріп, қазақтанауы, түптеп келгенде қазақ атанып кетуі тиіс. Қазір біз осы - 70 пайызға жеттік. Ресей, Қытай, Англия секілді ірі елдерде бұл мәселемен шұғылданатын ғылыми- зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Онда аз ұлттардың орыс, қытай, ағылшындардың қатарына қосылып, арғы тегін ұмытуының барлық шаралары зерттеліп, жоспар жасалып, үкіметке тапсырылып отырады. Осыған орай мемлекеттік бағдарламалар әзірленеді. Бүгінгі Рессейдің орыстарды шет елдерден шақыруын, оларға барлық жағдай жасауға уәде беруінің астарында орыстандыру саясаты жатыр. Өскелең елдерде негізгі халық саны қатаң бақылауға алынады. Санақ жүргізудің негізгі бір себебі – осы. Патшалы Ресей орыстардың қамын жеген алғашқы халық санағын 1897 жылы жүргізіпті.

Сол жылы Мұхаметжан Тынышбаев 4 миллион 89 мың қазақты тіркепті. Ал өзбек жерінде барлығы 3 миллион 200 мыңдай адам саналыпты. Осының ұлты өзбек деп жазылғандары бар-жоғы 535 мың ғана екен. Азайтып отырған жоқпыз, бары сол. Қалғандары сарт, хиуалық, хорезмдік, бұхаралық, қыпшақ, (найман, қоңырат, үйсін т.б.) аталыпты. Сонда, 1897 жылы ұлты қазақтар ұлты өзбектерден 8 еседей көп. Араға  20 жыл салып, 1917 жылы М. Тынышбаев қазақтардың жан басы 5 миллион 930 мың деп жазады. Оның ішінде Ұлы жүз 1,170,000, Орта  жүз 2,720,000, Кіші жүз 2,040,000 адам. Бұлардың 4,980,000- ы қазақ жерінде, 950,000- ы  Хорезм, Бұхара, Қытайда, Рессейде тұратынын айтады.

Өзбектердің 1917 жылғы жан санын таба алмадық. Дегенмен де 1897- 1917 жылдар аралығындағы жиырма жылда қазақтар 891 мыңға немесе 22 пайызға өскенін ескерсек, өзбек те осы мөлшерде өсуі тиіс. Сонда, олар 650- 700 мыңның маңайында. М. Тынышбаевтың нақтылы дерегінде 1917 жылы қазақтың бір руы найман ғана 830 мың. Демек, 1917 жылы өзбектер қазақтың бір руынан да аз болса керек.

Енді мынаған қараңыз 2013 жылғы 1 ақпанда өзбектер 30 миллионға жеткендерін ресми хабарлады, мұның 80 пайызы өзбек болып жазылғандар. Бұрынғы хиуалық,  бұхаралық, хорезмдік, сарт деген атаулардан із де қалмаған. Қыпшақ, қоңырат, найман, жағалбайлы, шапырашты, керей, үйсін т. б. рулары бар. Олардың азғанасы ғана қазақ болып жазылады, дені өзбек. Қазақтар 990 мың делініпті. Біз 1,5 миллион деп жүрміз. 1917 жылы оларда да, бізде де азды-көпті орыс, украин, татар, ұйғыр, дүңген секілді ұлттар тіркеліпті. Бүгін олар 20 пайыз ғана. Бізде 30 пайыздан «асып тұр». Неге? Өзбек елінде «өзбекпін» деген адамға «олай емессің» деу басыңа пәле тілеп алғанмен бірдей. Тіл кеспесе де, тіс сынады. Бұл-өзбек зиялыларының өткен ғасырдың алғашқы жиырма жылдығынан бергі дамылсыз атқарған жұмысының жемісі. Жоспарлы түрде, жұмылып, күнделікті, сағат сайын жүргізген ұлан-ғайыр шаруаларының нәтижесі. Өзбектендіру саясатының ештеңеден, тіпті, коммунистік партия мен қылышын қынынан шығарып отырған Мәскеуден де ықпай мемлекеттік деңгейде жүзеге асуы.  Соның арқасында өзбек бүгін біртұтас ұлт болып қалыптасты. Зиялы қауымның ұзақ жылдарғы ұлттық саясаттағы табысы осындай. Ал бізде ше? «Қазақстанда бір жүз пәленшебай ұлт бар» деп жарапазан айтып, даурығып жүрміз. Осылардың тең жарымының әрқайсысының саны елуден әзер асады,  тағы біразының қалай тіркеліп кеткені жұмбақтан бетер құпия.

Бір мемлекетте әр түрлі ұлттың көп болуы қуанатын, жар салатындай мәртебелі нәрсе емес. Қазақ, орыс, украиндар Қазақстандағы ұлттың 95 пайызын құрайды. Қалған бес пайызы әлгі «жүз пәленшебай» ұлттың үлесінде. Ендеше, соларды атап айту қанша қажет, кімге керек? Көрші Рессейде, Өзбекте титімдей ұлттар аз ба? Біздегіден әлдеқайда көп. Бірақ қай орыс, қай өзбек басшысы «көп ұлттымыз, пәленшебаймыз» дейді? Оларда осы шаруа «орысқа қажет пе», «өзбекке не береді» деген сауалдан бас алады. Қажеті, берері жоқ екен, ысыра салады. Қалған жұртта шаруа жоқ. Мұны «Рессейдің мүддесі үшін» деп түсіндіреді. Осыған шыдамаған Татарстанның Президенті М. Шаймиев «Путин орыстан өзге ұлттарға көңіл бөлмейді» деп айтып та салды. Қызметінен де кетті сол үшін. Ұмытқан жоқпыз. Шынында да орыс үкіметінің тақыр бастыларды тайраңдатып, азиялықтарды, африкалықтарды сабатып жүргені рас қой. Соларды тиюға мемлекеттің шамасы келеріне дау жоқ. Шешенді шайқап, грузинді жайпап тастаған мемлекетке таяқ ұстаған тобыр сөз бе? Бұл басқа ұлттарға қорқыныш ұялатудың, мемлекеттегі орнын көрсетіп қоюдың бір амалы да. Орыстың орысшыл өз саясаты осындай.                                             Іргеміздегі қытайда қанша ұлт барын бір Құдай ғана біледі. Біреулер 400-дей дейді. Бұлар да «көп ұлттымыз» дегенді ауызға алмайды. Бір кездері «ұлттық» деген тиіп- қашпа ауан болған екен. Қазір одан тұқыл қалмаған. Ұйғыр, қазақ, мыңғұлдың төбесіне ішкі жақтан әкеліп қытайды төгіп тастады. Аз ұлттар солардың арсынан әзер көрінетін дәрежеге түсті. Рас, оларда тәулік бойы қазақша хабар тарататын теле-радио кешендер бар. Бірақ 24 сағаттың ең азы 23 сағаты қытай мелекетінің мүддесіне бағытталған.

Болашағын ойлаған мемлекеттер осындай ұлтжанды үрдіске бет алған. Олар көп ұлттылығын мақтан көріп, шапалақ соқпайды, даурықпайды. Бүкіл Рессейде бір ғана қазақ мектебі қалыпты. Қытайда қос тілділік науқаны басталғалы қашан. Қытай тіліне үстемдік берілді. Қалғандарінікі ілдалда. Қытайда қазақ тілін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Ал біз Қазақстанның барша жұртын бір ұлтқа ұйыстырудың орнына күн сайын «көп ұлттымыз» деп ұрандай берудің қазақты ұшпаққа шығармайтынын түсінбей-ақ келеміз. Өзге ұлттардың мектептерін көбейтіп әлекпіз. Қазақ интеллигенциясына-зиялыларға осы бір қарапайым қағиданы ұғатын кез келді ғой.

Біз қаншамыз? 1917 жылғы 5 миллион 930 мың қазақ әр жиырма жылда 20-22 пайызға өсіп отырса, қазір 25- 30 миллион болуымыз керек еді. Рас, өткен ғасырда қасақана қолдан жасалған аштық отап түсірді. Сонда да, ең жоқ дегенде 17- 20 миллионнан кем соқпауымыз тиіс еді ғой. Қайда, қайда қалғанымыз? Бұл сұраққа «Аштықта өлді, шекара асып кетті»  деген жауап аламыз әдетте. Басты себеп аштық екеніне дау жоқ. Бірақ  басқа себептерін неге айтпай жүрміз? Өз басым басқа да бірнеше салдарын аңғарамын.

1. Аштық кезінде ауған, одан бұрын, Ташкент қазақ жері болған кезде, арысы -  Төле бидің тұсында, берісі - аудандарымыз өзбекке өтіп кеткен заматтарда қалып қойған қазақтарды өсімімен есептесек, бүгін Өзбекстандағы қазақтар ең кемі 7-9 миллион болады. Ал біз өзбекте бір жарым миллион бауырымыз бар дейміз және оны неге сүйеніп айтатынымызды деректеп көрсетпейміз. Сонда, олар өзбектеніп кетпесе, қазіргі 12 миллион қазаққа 7 миллион қосылып, 19 миллион болар едік. Алайда өзбек зиялылары табанды іс атқарып, сол 7 миллионды өзіне қосып алды - өзбектендірді. Әйтпесе, олар бүгін бізден аз болуы тиіс-ті. Соларға қазір қазақ екенін түсіндіру мүмкін емес. Бәрі де өзбектер. Осы кезде біздер не шаруа тындырдық? Қазақстанда тұратын қанша өзбек қазақтанды, осындайды естігеніңіз бар ма, зиялыларымыздың осы бағыттағы қандай шаруасын білеміз? Алдыдағы ағаларымыз қазақтар өзбектене бастағанда не істеді, біз не мандытып жүрміз? Сізді қайдам, біз пәлендей жауап таба алар емеспіз. Бүгін де қол қусырып қарап отырмыз. Мемлекет те, біз де жайбарақатпыз

2. «Нұрлы көш» бағдарламасы тоқтатылды. Шет елдерде қалып бара жатқан, қазақ жеріне жете алмай зарығып отырған қандастарымыздың жолын өз қолымызбен кестік. Қытайдағы бауырларымыз өзбектенген қазақтардың кебін киіп, тілін, тегін ұмытып қытайланбай ма? Ойлансақ - шарасыз отырған мемлекет те, шөп басын сындырмаған өзіміз де кінәліміз. Мыңғұлдан келген қазақтардың алды қайтып жатыр.

3. Мынадай жағдайға куәмін – арғы аталары, әкесі, өзі, бес баласы қазақ деп жазылған азамат кейінгі екі ұлына ноғай деп куәлік алыпты. Себебін былай түсіндірді:

-Қазаққа сіңгенімізге жүз жыл. Төрт ата. Амал не, мына көршілер күніне үш қайтара «ноғайсың, ноғайсың, ноғайсың» деп қу тезекті бықсытады да отырады. Сонан соң ерегестім. Ақыры сіңірмейді екенсіңдер, қашанғы жүремін, екі ұлымды «ноғай» деп жаздырттым...

Міне, біздің істегеніміз. Ұмытқанын есіне салу үшін ұлттар ассамблеясын да ашып қойдық. Бұл өзге ұлттарға «Қазақстанда тұрасың, бірақ қазақ емессің» деп күн сайын құлағына құйып отыру емес пе? Қазаққа сіңуге мемлекет өзі кедергі келтіруде. Қазір «ноғай» екі ұлдың алты баласы бар. Ноғайлар. Әкелерімен қосқанда сегіз қазаққа азайдық. Бір әулеттен. Әкем-ау, «қазақпын» дегенді кеудеден тепкенде не таптық?

4. Өзге ұлттарды қазаққа тартудың мемлекеттік бағдарламасы жоқ. Қазақ халқының Қазақ жерінде өзгелерден еш артықшылығы жоқ екенін өзге ұлттар әбден түсініп алды. Орыс тілі «ресми» атағымен тұрғанда олар бізді не қылсын. Олар қазақтың мүддесін мемлекет  қорғап, ілгерілетіп отырғанына көздері жетсе, сөз жоқ, ойланар еді.

5. Мына орыстар Пушкиннің туған күнін «Орыс тілінің мерекесі күні» деп атады. Ал Пушкиннің мұсылман негрдің бірінші ұрпағы екенін әлем біледі. Бірақ орыстар оны орыстың ұлы ақыны деп басына көтеріп отыр. Шешесі орыс - сол жетіп жатыр. Пушкиннің өзінен біреу «сен кімсің, орыс десек қайтеді» деп сұрады ма екен? Күмәнім бар. Ал біз жүз жылдан бері қазақпын дегендерді «олай емес» дейміз, тіміскіленіп газеттерге жазамыз. Осы орыстар фельдмаршал Кутузов, 1812 жылдың батырлары – генералдар: Дохтуров, Ермолов, партизан Д. Давыдов, ғалымдар: А. Д. Кантемир, Третьяков, Шереметьев, Менделеев, Тимирязев, Нобель сыйлығының иегерлері Мечников, Павловтар, әйгілі Карамзин, Кантемир, Чадаев, Колчактартардың ар жағы түркі - бізбен қандас екенін жақсы біледі. Бірақ бірін де «қазақпен туыс» демейді. «Орыс» деп үзіліп тұр. Содан да олар ормандай көп. Содан да оларға ешкімнің тісі батпайды. Түкия мемлекеті тіпті құранды. Күнде көрсетіліп жатқан телесериалдарына қараңызшы. Актерларының түрі айтып тұр - Кемал Ататүріктен бергі жүз жылға жетпес уақыт ішінде гректері, армяндары, парсылары, кипрліктері, азербайжандарының үлкен бөлігі өткенін ұмытып, түрік болып кеткенін. «Түрікпіз» деп мақтанатынын қайтерсің. Ал біз «қазақпын» дегенді «емессің» деп кеудесінен итеруге дайын тұрамыз. Бұл өсетін жол емес. «Қазақсың» деп бауырға тарту қажет оларды.    

Естеріңізде болар, ана бір жылдары Ғабит Мүсірепов ағамызды түркімен жасамақ

болды біреулер. Өткен жылдары Дінмұханбет Қонаев әулиені татарға айналдырғысы келіп тыраштанғандар шықты. Бұдан асқан көргенсіздік бола ма, не қылған тексіздік? Осындай мақалалар әулиеміздің 100 жылдығының қарсаңында да жазылды. Ешкім қарсы сөйлемеді. Әлде газет баспай ма?

Осындай қылықпен көбейеміз бе? Азаматтың паспортында «қазақ» деген жазу тұрса, әкесі, шешесі «қазақпын» десе, бұдан артық не қажет? Ғабең және Димаш ағалармен жағаласқардар Ғабит аға мен Дінмұхаммет ағаларымыз бітірген шаруалардың етегіне жармасуға шамалары келмес бейшаралар. Қазақ «Аталаспын»  десе – «арысыңдай көр» деуші еді. Жалайыр «Ұлы жүзге кірем» дегенде Үйсін, Дулат құшағын ашып, жайлауынан өріс, қыстауынан тебін берді ғой. Бес ата  Ұлы жүздің тағы да алты руды сіңіріп, он бір атаға молайғаны, сегіз ата найманның екі атаны сіңіріп он атаға жеткені, Кіші Жүздің Алтай мен терістік мыңғұлдан келген бес руды қосып алғаны сол тұстағы бабалардың «қайтсем де көбейемін» деген жанталасы екен-ау. Қатарын толтырып, дұшпанға сес, жауға айбар шашыпты. Азды ықтырып, көппен иықтасуға ұмтылыпты.

Жеті-сегіз жыл бұрын Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесіне Түркі әулетінің аса көрнекті суырып салма ақыны, қырғыз халқының мақтанышы - Естебес Тұрсынәлиев бастаған бір топ қонақ келді. Шай үстінде көрші ауылда қырғыздар тұратынын айтып қалдым. Ақын елең етті:

- Барып, біліссек бола ма?

Дастархан жиналған соң Қызылжар ауылының ақсақалы Саят Қожашев ағаға алып келдім. Тыста жүр екен. Таныстырдым, Естебес ақын Сәкеңнен руын сұрады.

- Сарбағышпыз-, деген Сәкең тағы бір атасын атады да, төмен түсті- Одан Тінәліміз.

Қырғыз ақын Сәкеңді ары сөйлетпей бас салды:

- Ойпырым- ай, сендерді жоғалтып жүр едік! Қазақ-қырғыз қақтығысында 1770 жылы Абылай мен Қабанбай сендерді аманатқа алып кеткен. Сендер Бішкектің сарбағышысыңдар, біз аталаспыз-, деп, арқалы ақын емес пе, біраз эмоциясына ерік берді.- Қайтпайсыңдар ма, неше шаңырақсыңдар?

- Осы ауылда алпыс екі үйміз. Ақмола қаласына көшіп кеткендеріміз бар. Аға, біз ешқайда көшпейміз. Біз – қазақпыз. Мен паспортымда қырғыз едім. Балаларым, немерелерім өз ниеттерімен «қазақ» деп жазылды. Мен қолдадым. Кең қолтық, мейірімді, бауырмал қазақтан көрген жаманшылығымыз жоқ. Осы ауылдың қазақ, қырғызы «аға» деп алдыларына салып отыр. Біз қазақ ішіндегі қырғыз деген ру болып кеттік. Күні бүгінге дейін бөлген емес. Аузындағысын жырып берер қазағымнан айналдым.

Нақ осы сәтте төбем көкке тиді-ау деймін. Саят ағаға сонша ризашылығымды жеткізіп айта алмаспын. Өзімнің қазақ екеніме және бір мәртебем өсті.

Естебес ақын арнайы келетін болып аттанып кетті. Алайда өлшеулі ғұмыры жетпей қайтыс болғанын естідім. Саят ағаға жөнімен барып, көңіл айттым. Неше дегенмен қан бар ғой, Сәкең кәдімгідей қамығып қалды. Естебес  ақынмен әңгіме үстінде Саят ағаның мырс етіп күлгені бар- тын. Көңілін аударайын деп сол күлкінің жайын сұрадым.

-Аңғарған екенсің ғой. Жоқ-ау, аядай жерде, тау мен тастың арасында сығылысып өздері әзер отыр. Мына дүниемен мені қайда сыйғызбақ?- Сәкең есік алдында тұрған егін оратын комбайынды, екі тракторды, соқа, астық сепкіш, маялағыштарды нұсқады.- Қазақтан кетер жайымыз жоқ. Сен, Камал айналайын, біздің осында қалай келгенімізді жасырмай айтып беріп едің. Естебес аға тура соны қайталады ғой. Енді былай етші: біздің ар жақ, бер жағымызды шамаң келсе түгендеп берші. Балаларға оның қажеті жоқ. Қанша жасарымды кім біліпті. Өзім ұғынып кетсем дегенім ғой.

Саят аға сәл ойланды да сөзін әрмен әкетті:

-Сенің, Абылай мен Қабанбай батыр қырғызды алты алаштың құрамында қалдырамыз деп соғысты дегенің есімде. Енді ойлансам, сол кезде қазақтан бөлінбесе, ең болмаса қарны тойып нан жеп отырады екен. Қазір не? Алақандай жерінен басқа қандай байлығы бар?

Ағаның өтінішін көзі тірісінде орындадым. Қаракерей Қабанбай батыр туралы кітабіме  Қырғыздың атақты биі Тінәләнің кім екенін, олардан қалмақтардың аулақ жүргенін кіргізіп, апарып бердім.

Сол тұста көзім жеткен түйінді мәселе бар. Қазақпен арлас тұратын аз ұлттар тілін, арғы тарихын ұмыта бастаған. Ал Саят аға сияқты өз шежіресін азды-көпті білетін адамдар өмірден өткен соң олардың ұрпағы қазақ болуға құштарланады. Міне, осы сәт қазір пісіп-жетілді. Саят ағаның балалары мен немерелерінің қазақ болып жазылуы осының айқын айғағы. Тек өзіміз шұқыланып, «ұлттық мәдени орталықтарын» құрып беріп, шәбеленбеу қажет. Керісінше, «қазақпын» деуі үшін барлық жағдайлар жасап, ынталандырып отыру керек. Мемлекеттік деңгейде амалдар ойластыру міндет. 

Бүгін біз Қазақ елінде қазақ деген біртұтас этнос құруымыз керек. Абай айтты емес пе, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп. Әр қазақты, «қазақпын»  дегенді санға да, санатқа да қосып ұйыспасақ шығыстан да, батыстан да  жемсауы жыбырлап отырғандар бар. Ендеше әр қазақты, «қазақпын» дегенді «жалғызым» деп жақын тартайық, ағайын! Толғымыз келсе, ұрпағымызды  ХХII ғасырда бүтін көргіміз келсе, жалғыз жол – осы. Әйтпесе, тағы да бір қазақты ноғай атасақ Абай айтқандай «Қайран сөзім қор болды...».

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290