Жұма, 22 Қараша 2024
Анық-қанығы 3005 11 пікір 31 Тамыз, 2023 сағат 12:13

«Мені Назарбаевтан кешірім сұрауға мәжбүрлегісі келді»

Сурет: orda.kz

Осыған дейін Қазақстан прокуратурасы саясаткер Ғалымжан Жақияновқа қатысты 20 жыл бұрынғы істі қайта қаузап, тергеу бастағаны БАҚ-та мәлім болған. Арада көп өтпей, Павлодар облысының прокуратурасы облыстың экс-әкімі Ғалымжан Жақияновқа қатысты жаңарған қылмыстық істі жапқаны айтылды.

«Павлодар облысының полиция департаменті Павлодар облысы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты алаяқтық, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және бопсалау фактілері бойынша қайта қозғалған қылмыстық істі қабылдады», - деп хабарлады облыс прокуратурасы.

Алайда қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты іс тез жабылды.

«Іс бойынша ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде, яғни қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы түпкілікті процессуалдық шешім шығарылды», - деген болатын облыстық прокуратура.

Осы оқиғаға қатысты Ғалымжан Жақияновтың өзі пікір білдіріп: «Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін және бейбіт саяси күресі үшін қудаланбауы керек», - депті.

Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін және бейбіт саяси күресі үшін қудаланбауы керек!

Ғалымжан Жақиянов:

- 20 жыл бұрын маған қатысты қозғалған қылмыстық істердің жақында қайта ашылуына байланысты сұрақтар көп болды. Мәселенің құқықтық жағы анықталмағанша пікір білдіргім келмеді.

Алдымен айтарым, бұл істердің бәрі мен Құсмұрын колониясында отырған кезімде ашылған. Сондағы Назарбаевтың тапсырмасымен колонияға келген шабармандар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК, немесе КНБ) басшылары өздерінің мақсаттарын жасырмады. Олар мені саясаттан және Қазақстандағы демократия үшін күрестен бас тартуға, жазбаша және видео арқылы президенттен кешірім сұрауға мәжбүрлегісі келді. Талаптарын орындамаған жағдайда үстімнен жаңа қылмыстық істер ашып, мені түрмеге мәңгілікке қамаймыз деп қысым жасады. Маған қарсы көптеген «дәлел материалдар» бар деп қорқытпақшы боп, әкелген жәшіктеріне қарай сілтегендері есімде.

Мен бұл бопсалауларына көнбей, КНБ-мен «қызметтесуден» үзілді-кесілді бас тартқаннан соң қылмыстық істер қозғалды. Ұзын саны 10-ға жуық, нақты қанша екенін тергеушілердің өздері де білмеді. Тегі, айыптаулардың заңдылық сапасы өте төмен болғандықтан, бұлар істердің санын көбейткен тәрізді. Алайда, бірнеше тергеу әрекеттерінен кейін қылмыстық қудалау нәтиже бермейтініне және де мені саяси өкіндіруден ештеңе шықпайтынына КНБ-ның ғана емес, ел басшылығының да көзі жетті. Амал қалмаған соң, билік мені түрмеден шығаруға мәжбүр болды. Осылайша, 2006 жылы сот шешімімен мен шартты түрде мерзімінен бұрын (УДО-мен) босатылдым.

Содан бері қозғалған қылмыстық істердің материалдары саяси қудалау «конторасында» жатты. Шамасы, «X сағаты» жеткенде мені ноқталау үшін билік сол істердің қажеті болар деп сақтаған сияқты. Маған қарсы қозғалған істер ұмытылып кеткендей болды.

Бірақ мен ұмытқан жоқпын. Осы 20 жыл бойы өзім және менің адвокаттарым тиісті мемлекеттік органдарға арыздар мен талаптарды жазып келдік. Әр жолы ҰҚК мен «құқық қорғау» органдарынан түрлі сылтауратқан мәнсіз жауаптар келіп тұрды. Енді міне, «қылмыс құрамы жоқ» деген тұжырыммен барлық істер ресми түрде жабылды.

Бірақ мен ол істердің жабылуымен ғана әділет толық орнады деп есептемеймін. Сол заңсыз әрекетке қатысы болған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту жайында заңгерлермен кеңесіп отырмын. Мен оны кек алу мақсатымен жасап отырған жоқпын. Шын мәнісінде, маған және басқа да саяси қуғынға ұшыраған адамдарға қарсы ашылған осындай жалған істер биліктің ең басында ұйымдасқан қылмыстық топ қалыптасқанын көрсетеді.

Сондықтан, ең маңыздысы, осының барлығы өзгелерге сабақ болуы тиіс. Бұдан былай қылмыстық істі ойдан шығаратындар, әсіресе, мұндайды жасауға бұйрық беретіндер ерте ме, кеш пе жауапқа тартылатынын білуі керек.

Қазақстанда ешкім биліктен басқаша ойлағаны үшін және бейбіт саяси күресі үшін қудаланбауы керек.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276