Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзім... 11577 72 пікір 12 Қыркүйек, 2023 сағат 14:42

Көңілбай Шүкеновке шүйлігіп жүргендер кім?

Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры Б.Н. Асыловтың;

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының төрағасы

А.А. Мерғалиевтың назарына!

Мен Көңілбай Шүкенов деген жігітті соңғы бес-алты жылдан бері жақсы білемін. Соңғы уақытта тіпті жақын араласып кеттік. Кәсіпкер. Меценат. Қазақта «Қара құс басып жейді, Сұңқар шашып жейді» деген кермет мақал бар ғой. Бір сөзбен айтқанда, Көңілбай Шүкенов тапқанын халқымен бөлісіп келе жатқан сұңқар мінезді жігіт!

Әр кездескен сайын, Көңілбай Қалдыбекұлы маған кімге баспана әпергенін, кімге машиа сыйлағанын айтып, ылғи жүрек толқытатын қуанышты жаңалықтарын жеткізетін.

Соңғы кездескенімізде Көңілбай інім маған өз басынан өтіп жатқан өте бір көңілсіз жағдайды баяндап, төбе шашымды тік тұрғызды.

Оның айтысына қарағанда, осыдан үш-төрт күн бұрын Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері оның үйі мен кеңселеріне басып кіріп, тінту жүргізіпті.

Көңілбайдың айтуынша, баса-көктеп кірген топтың қолында тінту жүргізу туралы соттың шешімі бар көрінеді.

Масқара болғанда, ол тінту туралы шешім Көңілбай Шүкенов негізін қалап, қазір өзі басшылық етіп отырған «Amanat Drive» кооперативін емес, «Amanat Home» кооперативін тінту туралы шығарылыпты.

Ол аз болғандай, бір топ желөкпе журналист Көңілбай Шүкеновты қаралау туралы арнайы бейнематериалдар ұйымдастырып, ол бейнематериалды Ресейге тәуелді бір телеарнадан таратпақшы болып жатқанға ұқсайды.

Көңілбай Қалдыбекұлының ұстап жүрген ұялы телефонын да тексеруге алып кетіпті...

Ал, «Amanat Home» кооперативін кезінде Көңілбай Шүкенов  құрғанымен, қазір ол кооперативтің қожайыны басқа адам. «Amanat Home» кооперативінің салымшылары сайлау өткізіп, басым дауыспен Көңілбай Шүкеновтің кандидатурасын шетке қағып, басқа азаматты жетекші етіп сайлап алған. Сосын, Көңілбай Қалдыбекұлының «Amanat Drive» кооперативін құрып, аяғынан тұрғызып, бүгінде жемісті жұмыс істеп жатқаны мәлім.

Бұл туралы Көңілбай Шүкенов өзінің әлеуметтік желілерде, БАҚ-та жасаған үндеулері мен лексиялары, сұхбаттары арқылы жүз қайтара айтып келеді. «Amanat Drive» кооперативіне мүдделі, мүддесіз қауым оны жатқа біледі.

Мен білгенде, «Amanat Drive» – жұртқа пайызсыз несие беру арқылы баспанамен, көлікпен қамтамасыз етуге арналған, банктерге, әсіресе «Отбасы Банк» АҚ-ға бәсекелес бірегей кооператив.

Соңғы уақытта «Amanat Drive» кооперативінің беделі көтеріліп, жұрттың жаппай қолдауына ие бола бастағанын бүкіл халық көріп отыр. Баспана мен көлік алуда жұртқа өте тиімді болған соң, азаматтардың банктерден баспана үшін салған қаржысын шығарып алып, осы кооперативке құя бастағанын да жақсы білеміз.

Бұл – нарықтық қоғамның бұлжымас заңы! Нағыз бісекелестік деген – осы!

Иә, Көңілбай Шүкеновке дүркін-дүркін ақпараттық шабуылдардың болып жататынын да көріп келеміз. Бірақ, ешбір құқық қорғау органдары сот шешімімен «Amanat Drive» кооперативінің жұмысын тоқтатқан емес.

Мұндай қаржымен жұмыс істейтін ұйымдардың айналасында арыздар мен өтініштердің, өкпе-реніштердің болып жатуы да табиғи құбылыс. Бірақ, ондай дау-дамайлардың бәрі бір үстелдің басында бетпе-бет келісімдер, түсіндірулер арқылы шешілуі керек. Одан шешілмесе, адвокат жалдап, сотқа жүгініп шешуге болады ғой.

Бір қызығы, «Amanat Drive» кооперативінің салымшыларының ішінен баспана немесе көлік алу мерзімінің белгілі себептермен ұзарып кетуіне байланысты әлеуметтік желілер арқылы реніш білдіргендер бар шығар, бірақ «Көңілбай Шүкенов ақшамызды алдап, жеп кетті!» дегендер болған жоқ. Тіпті, ұзақ күтуге шыдамы жетпегендер болса, олар екі жақты жасалған келісім-шарттың негізінде салған ақшаларын қайтарып алып жатады.

«Amanat Drive» кооперативінің жұртқа тиімділігі сол, мысалы 20 миллион теңгеге дейінгі сомаға баспана алмақ болсаңыз, алдымен 5 пайыз кіру жарнасын, 30 пайыз алғашқы сомасын құясыз. Қалған 14 миллион теңгені «Amanat Drive» кооперативі сізге он жылға ай сайын бөліп төлеуге өсімсіз береді. Құшақ-құшақ құжат жиып әуре болмайсыз. Тек қана жеке басыңыздың кім екенін дәлелдейтін куәлік пен некедегі жұбайыңыздың келісімі болса, жетіп жатыр. Жасыңызға, жұмысыңыздың бар-жоқтығына, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қаржыңыздың болған-болмағанына қарамай, аталған кооперативтің салымшысы бола аласыз.

Ең кереметі, «Amanat Drive» кооперативі арқылы осы жолмен алған баспанаңыздың паспорты бірден қолыңызға беріледі.

Белгілі себептермен бұл кооператив арқылы алған баспанаңыздың ай сайынғы сомасын төлей алмай қалсаңыз, екі ай мерзімге сізге уақыт береді. Ал, одан ары да төлеуге мүмкіндігіңіз мұлде болмаса, онда кооператив пәтерді қайтарып алады да, сіздің алғашқы құйған 30 пайыз сомаңызды және ай сайын құйып келген ақшаңызды түгел бір жола өзіңізге қайтарып береді.

Ал, 20 миллион теңгеден көп сомаға пәтер алмақ блсаңыз, кіру жарнаңыз сол 5 пайыз, ал алғашқы төлейтін сомаңыз 30 емес, 50 пайызға жоғарлайды.

Көлік алудың да шарты осылай...

Енді Сіз  «Amanat Drive» кооперативі мен банктердің баспана беруге арналған несиелеу тәртібін немесе Үкіметтің баспанамен қамту туралы бағдарламаларын салыстырып көріңіз.

Айырмасы – жер мен көктей!

Тиімділік жағынан олар «Amanat Drive» кооперативінің шаңына ілесе алмайды!

Жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, табысы төмен отбасылардың баспаналы болуына жеңілдік тудыра бастап еді, енді сол «Amanat Drive» кооперативі біреулердің көзіне сүйел болып қадалып жатқаны белгілі болды.

Жоғарыдағы тінту – соның айқын көрінісі деп ойлаймын!

Отыз жыл бойы ат төбеліндей топ мемлекетті ғана емес, қарапайым халықты да тонаумен келеді. Соның ішінде, банк арқылы тонау әбден шегіне жетіп, тіпті асып кетті десе де болады. Соның кесірінен, қаншама отбасы тапқан-таянғанын қорқау банктердің құлқынын толтырамын деп жүріп, сіңірі шыққан тақыр кедейге айналды. Уағында төлей алмай, құйған ақшасымен бірге баспанасынан айырылған жандар қанша ма?!

Соңы – Алматыдағы қанды оқиғаларға апарып соққан жоқ па?!!

Қарап отырсақ,  Сергей Терещенконы өтпелі кезеңдегі премьер-министр десек, бүгінгі Әлихан Смайыловқа дейін Республика Үкіметін қазақтың кілең «Сен тұр, мен атайын!» жігіттері басқарыпты.

Соның бірде-біреуі баспана туралы Көңілбай Шүкенов құрған «Amanat Drive» кооперативі секілді бір бағдарлама жасай алған емес!

Қазақ банктерін де негізінен дәл сондай қазақ жігіттері құрып, жетекшілік етті.

Соның бірде-біреуі Көңілбай Шүкенов құрған «Amanat Drive» кооперативіндей баспана туралы бір тиімді жоба жасап, халыққа ұсына алған жоқ!!

Ақшасынан ат емес, атан түйенің белі қайсатын әлемдік деңгейдегі ауқатты жігіттер мен қыздар қанша ма?!

Керісінше, солардың біріншісі тонауға даңғыл жол ашып берді; екіншісі халықтың қан-терімен тапқан нәпақасын сүліктей сорумен; үшіншісі тапқанын қара құс құсап, бауырына басумен, болмаса шетелдерге апарып тыққыштаумен келеді...

Міне,  Көңілбай Шүкенов деген ауылдың бір қара домалақ баласы шығып, сол келеңсіздіктің бетін қайтару үшін,  «Amanat Drive» деген кооператив құрып, халықты қорқау банктердің жемі болудан құтқара бастап еді, біздің құқық қоғау органдары оның заңды мүддесін қорғаудың орнына, тапа-тал түсте басып кіріп, өзге кооперативті тінтуге шығарылған шешіммен келіп, үйі мен кеңселерінің қорыс-қопасын шығарып кетіпті.

Айтыңызшы, осы да әділеттілік пе?!! Заң үстемдік ететін мемлекетке тән қасиет пе бұл?!!

Кеше ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында: «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған...» – деген жоқ па?!!

Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып, ауыз жиғанша болған жоқ, міне, қолында шексіз билігі бар күштер кәсіпкерді тұқыртып, жоқ қылып жіберуге шақ қалып жатыр...

Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанға үш шетелдік банкті тартуды ұсынуы да осы қорқау банктердің аптығын басу үшін жасаған қадам болса керек.

Мен бек сеніммен айта аламын, «Жаңа Қазақстанда» жұрт риза болатын бір жетістік бар ма десе, «Міне!» деп ұялмай көрсетуге татитын бірден-бір жоба – «Amanat Drive» кооперативі!

Көріп отырмыз, Көңілбай Шүкенов пен «Amanat Drive» кооперативі «Жаңа Қазақстанның» жаңа бренді ретінде қабылданып, жұрттың күнделікті көзайымына, жақын серігіне, арқасүйеріне айналып барады!!

Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері «Amanat Drive» кооперативіне текке басып кірмегені белгілі.

Мақсаттары – аталған  кооперативтің көзін құрту деп ойлаймын.

Сонда, Көңілбай Шүкенов кімнің жолын кесіп кетті?!

Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің артында абыройы айрандай төгілген қаржылық топтар, әсіресе банктер тұруы мүмкін.

Аталған департаментінің өзге кооперативті тінту туралы сот шешімін шығартып алып, «Amanat Drive» кооперативіне шүйлігуі – бізді осындай ойларға жетелейді.

Егер, бұл әркеттің артында қандай да бір қаржылық топтар тұрған болса, оларға айтырым, сендер Көңілбай Шүкеновтың дәл осы осы «Amanat Drive» жобасын басып түсетін бағдарлама жасап, халыққа ұсыныңдар! Сөйтіп, нарық алаңында бәсекеге түсіп, оны жігітше жеңіп шығыңдар!

Ал, рас болса, арнайы бейнематериал жасап, Көңілбай Шүкеновтың сағын сындырғысы келіп жатқан шетелге тәуелді телеарнаның басшылары мен журналистеріне айтарым, «Құдайдың бір аты – халық!» деген сөз бар. «Amanat Drive» – халықтық жоба. Оның артында мыңдаған біздің қара көз қазағымыз тұр. Сол халықтың обалына қалып, Құдайдың қаһарына ұшырап жүрмеңдер, доғарыңдар мұндай лас тірлікті!!

Басқасын білмеймін, мен осы «Amanat Drive» жобасы үшін кіммен болса да «ақпараттық соғысқа» шығуға дайынмын!

Келіңдер, жігітше айтысып көрейік!!!

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Құрметті Асламбек Амангелдіұлы!

Жоғарыда айттым, «Amanat Drive» – халықтық жоба. Оның мыңдаған салымшылары мен қолдаушылары бар.

Егер, мұндай жағдай тағы қайталанса, сол мүдделі қауымның тынышы кетуі мүмкін...

Сол үшін, сіздерден «Amanat Drive» кооперативіне байланысты жағдайды назарларыңызға алып, жоғарыда баяндалған ыңғайсыз әрекеттерге құқықтық баға берулеріңізді; өзге кооперативті тінтуге шығарылған шешіммен келіп, «Amanat Drive» кооперативінің кеңсесіне тінту жүргізген Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің түсініксіз әркеті үшін, оларға шара қолдануыларыңызды сұраймын.

 

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

72 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357