«...Құлдықтан қорынбаған халық шiрiп өлсе – сауап»
Петр ЧААДАЕВ:
«...Құлдықтан қорынбаған халық шiрiп өлсе – сауап»
(философиялық хаттардан)
Аударған Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ
Қай ұлттың тарихында болмасын «улы сиямен» жазылған беттер жоқ емес. Арыға, әрiге, алысқа, жат жұрттарға бармай-ақ ат басын Абайдан тартсақ да жеткiлiктi. Ал, орыс жұртындағы ащы ойлаған тұлғалардың бiрi Император Николай I арнайы жарлығымен «ауыш, есуас» деген ат иеленген Петр Яковлевич Чаадаев (1794–1856).
«...Россия хақында ойға қалғанда, оны, Россияны он екi мүшесi бүтiн, орнықты мемлекетке қосатын қияли ауру бар. Бұл – бекершiлiк. Россия, Руссия болғалы берi жеке адамның зорлығы мен зомбылығына құмбыл болған ел. Ол дөкейдiң ныспысы Петр ме, Иван ба бәрiбiр. Олардың арманқаруы – қанау. Россия бүкiл адамзат мойындайтын заңдарды, шарттарды, жарғыларды жұла тартып, бұра тартып өзiнiң мұрат-мақсаттарына жұмсайды. Әсiресе өзiмен қапталдас-жапсарлас өзгелерге құлдықтың қамытын кигiзудi мақсұт тұтады. Бұл орайда – өзiнiң де өзгелердiң игiлiгi үшiн – Россияны тiзеге салған жөн; оған iзгiлiк пен iзеттiң құбыласын нұсқаған жөн».
***
«...Құлдықтан қорынбаған халық шiрiп өлсе – сауап».
***
«...Бiз бүгiнгi буындар мен ұрпақтар үшiн емес, келер-келмегi беймәлiм қарақасқалар үшiн жүйке түтердеймiз. Әлемдi үркiткен адуын-апайтөс ордалар мен түмендер бiздiң төсiмiзден атойлап өтпегенде әлем тарихында бiзге еншiленген бет-парақ қалар ма едi?.. Келтесiнен, желкесiнен қайырса, бiздiң қанымызда шын прогреске деген өшпендiлiк тұнып тұрған сияқты».
***
«...Россияда құлдықтың мөрi басылмаған түк те жоқ – iзет пен игiлiк, ұмтылыс, бұлқыныстар ол бер жағы, ағартушылық пен азаттықтың да күнi сол».
***
«... Бiз Түркиядағы христиандарға қорған болмақпыз. Бұдан асқан не сорақылық бар?».
***
«...Сiзге, сiздерге қояр сауалым бар. Бiздiң ақылмандар, абыздар, ойшылдар қайда? Бiз үшiн кезiнде ойлағандар, бiз үшiн дәл қазiр ойлап жүргендер қайда? Ой шоршиды – бiр жағымыз Қытай, бiр жағымыз – Германия — Батыс пен Шығысты тел еме тұра, бiз рухани табиғаттың терең бiр тылсымдарын ашуға, тануға, игеруге керек едiк. Бiрақ, бұл роль бiздiң пешенеге жазылмаған болып шықты. Ұланғайыр тарихтың тауқыметi мен тәжiрибесi бiзге зәредей әсер қылмаған болып шықты. Ықылымдар, ғасырлар, ұрпақтар легi бiз үшiн бос өткен болып шықты. Қайран қаласың: бiз ғалам үшiн оңған бiр, оңтайлы бiр дәрiс сабақ бермеппiз. Адамзаттық идеяға, адам санасының прогресiне үлес қосқан түгiл сол прогрестiң қайсыбiр жемiстерiн, жеңiстерiн кемтар етiппiз.
***
Қоғамдық аренада тiрлiк кешкелi берi, бiздiң отанның топырағында бiрде-бiр пайдалы ой бүршiк жармапты, ешбiр ақиық ақиқат бой көтермептi. Бiз өзiмiз ойға кенде болған соң, өзгелердiң ойының сырт жалтылы мен шен-шекпенге құмар-құштарлығын ғана алыппыз.»
***
«...Бiзде қазiр қызық бiр процесс жүрiп жатыр – мидың шiруi. Негiздемелерi жоқ, бiрақ құралы қоқан-лоққы болып келетiн ұлт жасамақпыз. Ұлт – жасалмайды. Ұлтты – туады. Тексiздiктiң бiр тегi осы болар. Поэзияға, өнерге, тарихқа титiмдей қатысы жоқ әлдененi әлемге әкелмекшi-мыс».
***
«..Европаның тағдырын бiз шеше қалған күнде Европа қандай күн кешпек едi – ойлануға қорқасың».
***
...Өзiңдi анық-танық көрмек үшiн не iстемек керек? Өзiңе өзгенiң көзiмен қарамақ керек».
***
«...Отанды сүю ғажайып нәрсе, бiрақ одан да ғажайып бiр ұғым бар — ақиқатқа табыну».
***
«...Мен өз отанымды аузымды тiгiп, тiземдi иiп, көзiмдi жұмып жақсы көруге мойынсұнған емеспiн. Менiң ойымда, Отанға мейлiнше пайдалы болудың әрi төте, әрi жалғыз жолы – оны қапысыз тану. Менiң ойымда, көзжұмбай құштарлықтың заманы әлдеқашан өткен. Барды жоқ деме, әсiресе жоқты бар деме. Менiң ойымда, бiз алдыңғы толқындардан кейiн олардан қарға адым болса да iлгерiлеу үшiн келгенбiз. Олардың кеудесоқты көрсоқырлығын қайталамау үшiн келгенбiз. Ел тарихына адамзат ойының ұшар биiгiнен қарамайынша түк те шықпайды».
***
«...Бiз үшiн кез-келген билiк иесi әкетай-көкетай болып шығады. Бiз, мысалы, менiң мынаған, мынаған, мынаған құқым бар деп айта алмаймыз. Бiздiң айтарымыз: мынаған рұқсат бар, мынаған рұқсат жоқ. Бiздiң ұғымымызда, заң – ұлы емес, әлгi билiк иесi – ұлы. Жоғарыдағының жүгенсiздiгiн көру бiз үшiн қылмыс болып саналады».
***
«... Мен елiмнiң ертеңiне елтiген адаммын. Ал, ол ертең жоқ болып шықса ше? Ертеңнiң аты – кең арна, терең идея. Орыстың идеясы – иненiң жасуындай ғана. Иненiң жасуынан шалқып өткен идея қайсы? Өлең болса әңгiме басқа».
«... Менiң ойымда орыстың санасы – кескiнсiз, реңсiз, төменшек ой. Европанiкi – анау, бiздiкi – мынау. Бiрi – пiл, бiрi – қанден».
***
«...Өтiрiк түбi – өнер. Бiрақ өнер түбi өтiрiк бола алмайды. Тәңiрi бiзге осыны, соңғысын бұйырған болып шықты. Сауап па деп ойлаймын».
***
«...Ресейдей дойырына сенген ел ұлт саясатын жүргiзе алмайды».
***
«...Үлкен бiр қателiк: еркiндiктi ой дамуының алғышарты деп санау. Шығысқа қараңыз. Деспотизмнiң классикалық үлгiсi осы – Шығыс. Ал, нұрдың баршасы бiзге сол жақ беттен келген. Арабтарда, мысалы, конституциялық құрылым туралы не ұғым бар? Соған қарамай, бiздiң бiлiк-бiлiмiмiздiң денi солардан».
***
«...Орыстың либералы күн көзiнде шыбжыңдаған шiркейдей. Ал, күннiң өзi – Батыста».
***
«...Бiздiң мәдениеттiң басындағы қайғылы хал – басқа ұлттар мен ұлыстар әлдеқашан аттап өткен, таптауырын болған шындықтармен жүздескенде жерден жетi қоян тапқандай боламыз. Себебi: бiз, ел санатында басқа елдерге етене енбегенбiз. Бiз адамзат тегiнiң тексiздерiне де жатуымыз мүмкiн. Батыс та, Шығыс та бiз үшiн – жат ғалам. Бiз, ұлт ретiнде, некесiз туған баладай әлемдiк тағылымнан тыс қалғанбыз».
***
«...Социализм жеңе қалған күнде дұрыстығымен жеңбейдi, қарсыластарының бұрыстығымен жеңедi».
***
«...татарлардың ұзаққа созылған ұланғайыр билiгi орнады – мұның ұлы оқиға екенi, мұның үлкен сабақ болғанын шикi патриотизмнiң жетегiндегi екiжүздiлер ғана мойындай алмай жүр. Бесенеден белгiлi – татарлар ешқашан бүкiл Россияны басып алған емес. Елдi басып алмай тұрып, оны жаулап алу беймүмкiн. Жаулап алмай тұрып жалпақ елдi тiзерлету де мүмкiн емес. Зады, бүкiл әлемнен қол үзiп тiрлiк кешкен бiздiң арғы аталарымыз Құдай алдында күнәға батқандай. Татар шапқыны осы күнәға арналған адал жазадай елес бередi. Себебi, қанша ауырлыққа түскенмен татар тепкiсiнiң зиянынан пайдасы сол болды – ойы кем елдiң есеюiне септiгiн мол тигiздi».
***
«... Отанды алдамау үшiн, өзiм алданбау үшiн мен, онымен, Отанмен қандай да болмасын қатты сөзге баруға дайынмын».
***
«...Христиандар әлемi өздерiнiң пайғамбар-әнбиелерi салған жолмен, қалың қауым болып, ынтамен iлгерiлеп отырғанда, бiздер, орыстар, дiндар аталғанымен құдық түбiндегi тастай болып тасметiн жатып алғанбыз. Өзгерiп жатқан өмiрдiң көк өзегiн көре алмағанбыз. Баяғы бөрене мен сабанның некесiнен туған шалаш-шайланың астында күн кеше бергенбiз. Қысқасы, адамзат тегiнiң тарихи ағын-ағымдары бiздi бейне алапестей көрiп, алысқа итерiп, орап өте берген».
1827–1841
А.С.(1991)
«Қазақ әдебиеті» газеті №37, 15 қыркүйек, 2023 жыл
Abai.kz