Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4590 0 пікір 26 Шілде, 2013 сағат 21:01

Сәкен Сыбанбай. «Бастық шақырып жатыр»

Тақырыпқа шыққан осы сөзді естіген кезде әркім әрқандай сезімде болатын шығар: біреу дереу қағаздарын жинастырып, тапсырмасын тиянақтар, біреудің жүрегі су ете түсер, тіпті бірінің шекесі тырысып, тыжырынып сала берер де. Әйтеуір ешкімнің қуана қоймайтыны айдан анық (бастықтың бас жеуге шақырмайтыны бесенеден белгілі ғой...). Ал егер әйгілі «Қызметтестер хикаясы» фильміндегі Новосельцев құсап «сіз кабинетіңізге шақырғанда, тура мерекеге бара жатқандай қуанып келеміз!» дейтін болсаңыз, онда екінің бірі: сіз не жағымпазсыз, не... сол Новосельцевтің өзісіз!

Мынадай анекдотты естіген боларсыз: ата-анасы жас сәбидің қылықтарына қарап, оның болашақта кім болатынын болжауға тырысады. Анасы: «Баламыз өскенде әнші болады, қарашы, тіп-титтей боп алып, шарылдаған даусы қандай!» – десе, әкесі: «Жоқ, ұлым атақты футболшы болады, көрдің бе, аяқтарын тынбай сермей береді!» – деп мәз болады. Сонда әжесі: «Оның екеуі де емес, немерем өскенде үлкен бастық болады, қараңдаршы, өз былығына өзі былғанып жатыр, бірақ сонда да түк болмағандай басын тік ұстайды!» – деген екен.

Әңгімеміздің әлқиссасын әзілмен бастағанымызбен, қозғар мәселеміз – барынша байыпты-ақ: адам басшы болуға неге қызығады, оның кісі қызығарлықтай не сыры бар және елге ұнайтын жетекші болу үшін не істеген жөн?

Тақырыпқа шыққан осы сөзді естіген кезде әркім әрқандай сезімде болатын шығар: біреу дереу қағаздарын жинастырып, тапсырмасын тиянақтар, біреудің жүрегі су ете түсер, тіпті бірінің шекесі тырысып, тыжырынып сала берер де. Әйтеуір ешкімнің қуана қоймайтыны айдан анық (бастықтың бас жеуге шақырмайтыны бесенеден белгілі ғой...). Ал егер әйгілі «Қызметтестер хикаясы» фильміндегі Новосельцев құсап «сіз кабинетіңізге шақырғанда, тура мерекеге бара жатқандай қуанып келеміз!» дейтін болсаңыз, онда екінің бірі: сіз не жағымпазсыз, не... сол Новосельцевтің өзісіз!

Мынадай анекдотты естіген боларсыз: ата-анасы жас сәбидің қылықтарына қарап, оның болашақта кім болатынын болжауға тырысады. Анасы: «Баламыз өскенде әнші болады, қарашы, тіп-титтей боп алып, шарылдаған даусы қандай!» – десе, әкесі: «Жоқ, ұлым атақты футболшы болады, көрдің бе, аяқтарын тынбай сермей береді!» – деп мәз болады. Сонда әжесі: «Оның екеуі де емес, немерем өскенде үлкен бастық болады, қараңдаршы, өз былығына өзі былғанып жатыр, бірақ сонда да түк болмағандай басын тік ұстайды!» – деген екен.

Әңгімеміздің әлқиссасын әзілмен бастағанымызбен, қозғар мәселеміз – барынша байыпты-ақ: адам басшы болуға неге қызығады, оның кісі қызығарлықтай не сыры бар және елге ұнайтын жетекші болу үшін не істеген жөн?

 

Жауапкершіліктен жан тыныштығы жақсы

Бәріміз де жұмыс бабына байланысты, үлкені бар, кішісі бар, талай басшының алдын көрдік. Мәселе бұл жерде мамандықта тұрған жоқ: бастық зауыт пен фабрикада да, компания мен фирмада да, мектеп пен балабақшада да, редакция мен баспада да, емхана мен полицияда да бар. Яғни, бастық қай жерде де – бастық. Тіпті Африкада да... Турасын айтқанда, басшы деген бұ күнде иттің басынан... кешіріңіздер... иен даладағы көдеден де көп. Ал сіз бен біз – жалпы алғанда сол «көделерден» бірнеше есе көп бағыныштылар қатарынанбыз. Демек, «өзі естіп қояр» деп қауіптенбестен осындай оңашада оларды емін-еркін сөз етуімізге болады.

Шыныңызды айтыңызшы, жақсы араласып жүрген әлдебір танысыңыздың қызметтік дәрежеге қолы жете салысымен күрт өзгергенін байқап па едіңіз? «Талай рет» деймісіз... Бұл неден болады? «Әп-әжептәуір адам еді, лауазымы өскен соң, пырт болды да қалды...» немесе «Мұның осындай екенін бұрын қалай аңғармағанбыз? Кісі боп кетіпті ғой өзі...» деген сияқты әңгімелердің астарында не жатыр? Шынымен-ақ жоғары лауазым, билік адамды бұза ма?

Әуелі мынаған келісіп алайық: басшы болуға елдің бәрі ұмтыла бермейді. Бір топ адамды (мейлі, ол он болсын немесе жүз болсын) басқару – оңай шаруа емес. Бұған қоса жауапкершіліктің әлденеше есе артатынын қайда қоясыз? Өз ісіңізді ойдағыдай атқарып қана жүрген тиімді ме, әлде бүкіл мекеменің жұмысын уайымдап, барлығына жауапты болған дұрыс па? «Аш пәледен қаш пәле...». Амбиция атаулыдан ада қарапайым жұрттың көбі осылай ойлайды да, басшы болудан қашқақтайды. Әрине, жан тыныштығы жақсы...

 

Орынтаққа кімдер әуес?

Психологтардың пікірінше, билік тізгініне негізінен адамдардың үш типі құмар болады екен. Оларға мен шартты түрде мынадай атаулар бергенді жөн көрдім.

1. «Дерттілер». Өмірдің өзге салаларында өзін көрсете алмаған, сондықтан да өзіне-өзі көңілі толмай жүрген адамдар. Басшылық дәрежеге қол жеткізу арқылы бұлар «міне, мен де «болыс» болдым, яғни, ешкімнен кем емеспін» деген қанағаттану сезіміне бөленеді... Адамзат тарихындағы атышулы диктаторлардың көбінің аласа бойлы боп келетіні бекерден-бекер ме? Оның үстіне, олардың көбі отбасыда да сүйікті һәм сүйкімді бала болмаған... Мұндай адамдарда өздерінің сорлы еместігін қалайда көзге түртіп көрсету, ашық айқындау сезімі айрықша дамиды. Сол себепті де басшылыққа қызығады, оған қол жеткізген соң да бәрінен жоғары екенін одан бетер дәлелдеу үшін барынша қатаң бола бастайды.

2. Екінші топ – «Сенімсіздер». Бұлардың билікке ұмтылатын себебі – өздерін көрсетуге басқа амалдары жоқ: өйткені, дарынсыз, қабілетсіз... Жұмысын тиянақты орындап, өз тарапынан идея айтып, бастама көтеруге, сөйтіп, мекеме ісін одан сайын жақсарта түсіп, абыройға кенелуге іскерлігі жетпейді. Яғни, басшылық дәрежеге шаруасын мүлтіксіз атқарып, көзге түсу арқылы қол жеткізе алмайды, таланттан жұрдай. Алайда биік лауазымға ие болғысы келеді-ақ. Сол себепті де, арманына жету үшін бәрін жасайды: түк тындырмаса да, жұмыс тәртібіне адал болады, ерте келіп, кеш кетеді, есесіне, кешіккендер мен қателік жібергендерді дереу басшыға жеткізу міндетін «абыроймен атқарады», жалпы қалайда мекеме жетекшісіне жақын жүріп, жағымпаздықтың «жарқын үлгісін» танытады... Лауазымға қол жеткізгеннен кейін де өзгергеннің көкесін осылардан көресіз: кешегі қатарластарын көзге ілмейді, бәрінен артық екенін аңғарту үшін өзінен басқа ешкімді тыңдамайды, ақылдаспайды, шешімді тек өзі қабылдайды, барынша қатал болады...

3. Үшіншісі – «Іскерлер». Бұлар – жоғарыда аталғандарға мүлде қарама-қарсы топ. Әлгі «жұмысын тиянақты орындап, өз тарапынан идея айтып, бастама көтеруге, сөйтіп, мекеме ісін одан сайын жақсарта түсіп, абыройға кенелуге» іскерлігі жететіндер. Рас, басшылық дәрежеге бұлар да қызығады, дегенмен оны «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп тартып алуға тырыспайды, оған шаруасын мүлтіксіз атқаратын тындырымдылығы арқылы қол жеткізеді. Бұлар өте жауапты һәм жақсы жетекші болады: өйткені, өзгелерге жұмыс істетіп қана қоймайды, өзі де қарбалас тірліктің жуан ортасына қойып кетеді, қиындықтың қамытын ұжымымен бірге көтереді, табысты да қызметкерлерімен қатар бөліседі.

 

Қатқыл болмасқа да лаж жоқ

Алайда басшылық қызметті атқару үшін оған қызығып немесе ұмтылып қана қою жеткіліксіз. Кез келген істі орындауға белгілі бір икемнің қажет екені мәлім. Мәселен, компьютер жөндеуге де, киім тігуге де, қыл аяғы қыш қалауға да еп керек. Сол сияқты басшы болу үшін де қажетті қабілеттер жетерлік.

Біріншіден, бастық болғысы келетін адамның жүйке жүйесі мықты болуы керек. Ұсақ-түйекке бола қызметкерлерімен күнде қырылысып жататын адам орнында ұзақ отыра алмайды.

Екіншіден, жүрегі нәзік жанның да орынтақта ұзақ кідіруі неғайбыл. Мұндай адамдар қызметкерлерінің көңіліне қарағыш, жағдайын түсінгіш, қателігін кешіргіш боп келеді. Әрине, мұның бәрін ол «жұмысшыларыма дұрыс болсын» деп жасайды, алайда, ащы болса да, ақиқатын айту керек, ақкөңіл басшының түбіне ақыры сол қызметкерлері жетіп тынады. Яғни, орынтаққа отырған соң, сәл қатқылдау болмасқа да лаж жоқ.

Үшіншіден, тәуліктің кез келген уақытында, яғни, күндіз-түні жұмысты ойлауға дайын болған жөн. Жұмысты тиіп-қашып қана істеген басшы да алысқа бармайды. Әрине, жоғарыда... тіреуі болмаса...

 

Қос «пульттің» қорлығы

Енді «билік адамды шынымен бұза ма?» деген мәселеге келейік. Жоғарыда көзіміздің жеткеніндей, әп-әжептәуір адамның басшылық дәрежеге ие болған соң-ақ көп ұзамай өзгеріп (өкінішке қарай, жақсы жағына емес) шыға келгеніне бәріміз де талай рет куә болыппыз. Мұның себебі неде?

Себебі, билік тізгінінде басқарудың басқа адамдардың қолына түспейтін екі «пульті» бар: біріншісі – бұйыру құқығы, екіншісі – жазалау құқығы. Теориялық тұрғыдан алғанда бәрі дұрыс: бастық аталған құқықтарды тек аса қиын жағдайларда, яғни, өзгелермен ақылдасып, бағыныштылардың пікірін сұрап жатуды уақыт көтермейтін қысылтаяң сәттерде ғана қолдануы қажет. Ал былайғы кездерде басшы өз қарамағындағыларға ықпал етудің өзге жолдарын – мәселен, өтіну («мына тапсырманы ертең таңертеңге дейін бітірсең жақсы болар еді...») немесе жаймашуақ достық рәуіштегі сын-ескертпе («бұл жұмысты бұдан да жақсы орындау сенің қолыңнан келетінін білемін, неге селқос қарадың?») секілді тәсілдерді пайдаланғаны жөн. Алайда іс жүзінде басшының бәрі бұлай ойлай һәм бұлай жасай бермейді. Өйткені, қолында қос «пульт» тұр ғой! Жұмысшымен әңгімелесіп әуре боп қайтеді: бұйыра сал! Орындамаса, жазалай сал! Рахат!

Рас, әрі-беріден соң басшы адамның бұйырғанында, онысы уақытында орындалмаған жағдайда жазалауында тұрған ештеңе жоқ. Бұл – оның құқығы. Ең өкініштісі, осы қос құқық бірте-бірте басшының өзін де өзгерте бастайды. Көп ұзамай ол өзгелердің жағдайын түсінуден, уайымын сезінуден қалады. Оған ең оңайы – бұйыра салу мен жазалай салу секілді болып тұрады. Тіпті бұл мінезін ол бірте-бірте отбасына көшіріп әкелуі де ғажап емес. Сосын бастық адам жұрттың бәрінің өзін сілтідей тынып тыңдауына үйреніп қалады. Яғни, енді елдің бәрі ол не айтса да, сөзін бөлмей тыңдай беруге міндетті сияқты сезіне бастайды. Ғалымдардың зерттеуінше, лауазымды орынға қызығушылықтың бір құпиясы – өзгелерге өз сөзін тыңдатуға деген құштарлықта жатса керек.

 

«Сенен мынаны өтінсем деп едім...»

Сонда жақсы басшы болу үшін не істеу керек?

Әуелі өзіңіздің бұрынғы басшыларыңызды еске түсіріңіз. Олардың қандай қырын ұнатып, қай қылықтарын жақтырмайтын едіңіз? Ең жыныңызға жақпайтын басшыңызға қалай қырсығатын едіңіз? Оған нені дәлелдеуге тырысатынсыз? Ойланып көріңізші: қазір сіздің қызметкерлеріңіз де сондай көңіл-күйде жүрген жоқ па?

Содан кейін қарамаңыздағыларға бағынышты ретінде емес, адам ретінде қарап көріңіз. Хатшыңыздың неге қабағы ашылмайды? Онымен бір адам сияқты сөйлеспегеніңізге қанша болғанын білесіз бе? Әнебір бөлім меңгерушісі жиналыс сайын идея айтып, белсене беруші еді, кейінгі кезде неге «үні өшті»? Орынбасарыңыздың неге «ләббай» дегеннен басқа айтары қалмай барады? Бұрын ол сізбен кәдімгідей пікір таластырып, кейде оңтайлы шешімге сондай талқылаудан кейін келіп жататын едіңіздер ғой? Бұл қалай? Бүкіл мекеме сіздің басыңызбен ғана жұмыс істейтін боп бара жатқан жоқ па?

Балаларыңыз сіз туралы өз достарына не айтып жүр – бұған да мән беріп қою керек. Кейде ересектер елең қылмаған нәрселерді балалар тез байқағыш келеді. «Әкем ит талап жатқандай тарғыл-тарғыл даусымен бақырып бергенде, қызметкерлері тығылатын тесік таппай қалады екен!» деп мақтан-е-е-п отырмасын...

Қайбір жылғы «Шаншарда» «Тука» айтпақшы, «басымыздан өткен соң... тойыст... біреудің басынан өткен соң», байқаймыз ғой: бағыныштылардың да бәрі бірдей болмайды. Олардың кейбірі сөз түсінеді, кейбірі түсінбейді. Біріншілерімен сыпайы сөйлесіп, екіншілерін ептеп қысып алмаса да болмайды. Бірін мақтасаң, есіріп кетеді де, екіншісін мақтамасаң, еңсесі көтерілмей жүреді. Болмыс-бітіміне қарай әрқайсысымен әрқалай қарым-қатынас жасауға тура келеді.

Ең бастысы, басшы адам күніне бір рет қызметкерлеріне жылы да жайдары интонациямен: «Сенен мынаны өтінсем деп едім...», – деп сөйлесуді әдетке айналдырса, олардың бастығына деген көзқарасы да соған сай боларын ұмытпағаны жөн. Кім біледі, сонда, бәлкім, «Бастық шақырып жатыр» деген сөзді естігенде бәрі де сіздің алдыңызға «...тура мерекеге бара жатқандай қуанып...» келетін болар?..

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3227
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282