Жанар Құдайбергенова. Исламға кек, қазаққа дұспандық
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының назарына!
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының назарына!
Алматы қаласының іргесінде орналасқан, Алматы облысына қарасты Іле ауданы, Боралдай елдімекеніндегі Водник ықшам ауданының тұрғындары қатты қорлық көріп отыр. Водник елдімекенінде салынғанына он шақты жыл болған үлкен мешіт бар, мұнда ораза ұстап, намаз оқитын мұсылман ерекше көп. Жұма намазына жиналған жамағаттың өзі екі үлкен бөлмеге сыймай қалады. Өкініштісі, мұндағы мұсылмандардың құқы бұзылып қорланғалы біраз жыл болған. Әр жылы қасиетті Рамазан айы келісімен, Водниктегі ең үлкен мәселе судан туындайды. Водник-1, Водник-2, Водник-3 деп аталатын мөлтек аудандарда көп қабатты үйлерден бастап, жер үйлерге су беру Рамазан айында мақсатты түрде тоқтатылады. Ораза тұтқан мұсылман баласы таңғы асты дайындайтын мезгілде, яғни, таңғы сәресінің уақытында, таҺарат алып, ғұсыл құйынып, жуынатын кезде, түнгі сағат 1:00 мөлшерінен су тоқтатылғаннан бастап, күн шыққанға дейін су берілмейді. Ең сорақысы, мұнда бірнеше жылдан бері әр жұма күні жұма намазынан бұрын, міндетті түрде су тоқтатылады. Мұндай құбылыс мақсатты түрде жасалынатынын мұндағы жұрттың барлығы біледі. Жұма намазы аяқталғанда су беріледі. Мұндағы мұсылман жамағаты үшін бұл үйреншікті жайт. Олар әр жылы Қадыр түні келерде, су саласын ұстап отырған отандастарымызға жалынып, жалбарынумен келеді. Ең "қызқытысы", жұмадан басқа күндердің ешқайсысында күндіз су беру тоқтатылмайды. Рамазан айынан басқа айлардың ешқайсысында түн ортасынан таң атқанға дейін су тоқтамай ағып тұрады. Тағы бір "ғажабы", мұндағы «су құдайлары» ҚМДБ таратқан ораза-намаз кестесіне қарап отырып, бір минут-бір секунд ары-бері қалт жібермей, "қателеспей" суды беріп және тоқтатып отырады. Әр жұма күні күндіз міндетті түрде тоқтатылатын су жұма намазы аяқталғанда автоматы түрде қосылады. Демек, жұма намазына ғұсыл құйынып баратын мұсылмандар ғұсыл құйына алмайды. Мешіттегі жамағат "Сары Ағашпен" таҺарат алған кездері де болған. Рамазан айы аяқталысымен судың тоқтауы да аяқталып, 24 сағат үзіліссіз су беріледі.
Осы қысасқа, осы қорлыққа тоқтау бар ма?
Міне, Қадыр түнінде тағы да құбырдағы судың «құдайлары» жуас қазақтарға «қарынымның ашқанына емес, қадырымның қашқанына жылаймын» деген сөзін қайыра есіне салды.
Елдің, жердің, мемлекеттің иесін қорлағанда да, тура осындай қорлауға бола ма екен?
Abai.kz