Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алаң 2415 3 пікір 2 Қазан, 2023 сағат 14:42

«Келісімнің» ең қауіпті тұсы қайсы?..

«Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заң жобасын талқылауға арналған Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиевке мынадай сұрақ қойыпты:

– Құрметті Әсет Қазақбайұлы!

Біздің елімізден Кипрге барған куәгерлер мен сарапшыларды кім қорғайды?! Олар заңмен қорғала ма, қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Ондай заң бар ма оларда? Бұл мәселені біз заң жобаларын талқылауда да көтергенбіз. Жоқ, шетел шақырды деп шетінен тізіп жібере береміз бе, азаматтарымызды?! Онсыз да қоғамда Қытаймен ақпарат алмасу туралы шартқа алаңдаушылық білдіріп жатқандар бар. Қандай елмен, қандай заң болса да, ең бастысы өз еліміздің азаматтарының қауіпсіздігі қорғалуы қажет!

Депутат Қызыбек Жарылқасынұлының ол сұрағына құрметті Әсет Қазақбайұлы былай деп жауап беріпті:

– Сіздің сұрағыңызға келсек, Кипрда да тура біздегідей куәлар мен сарапшыларды қорғайтын заң бар. Тергеу кезінде қорғау қажет ететін жағдай болып қалса, сол заң бойынша куәлар да, сарапшылар да қорғалады. Бұл заңда қорғауға арналған әртүрлі әрекеттер көзделген...

Депутаттың алаңдаушылық білдіріп, отандастарының қамын жеген сұрағына ҚР Бас прокурорының орынбасары берген «тұшымды» жауап – осы.

Ал, мен болсам кінәсіз ақ қағаздың бетін аяп, екеуінің сұрағы мен жауабының ең керекті жерін ғана алдым.

Егер, дәл осы Қазақстан мен Кипр арасындағы «Келісімге» байланысты сұрақты депутат Қазыбек Иса сәл ғана құбылтып, «Біздің елімізден Қытайға барған куәгерлер мен сарапшыларды кім қорғайды?! Олар заңмен қорғала ма, қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Ондай заң бар ма оларда? Жоқ, шетел шақырды деп шетінен тізіп жібере береміз бе азаматтарымызды?!» - деп, Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтардың ақпаратын алмасу туралы «Келісімге» байланысты қойса, ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев оған да дәл осы стандартты жауапты беретіні белгілі.

Егер, депутат ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиевтің осы жауабына қанағаттанған болса, онда бұл, Қытай туралы айтам, қасқырға қой бақтырғанмен бірдей емес пе?!

Иә, Қытайдың заңы біздің заңдардан да кемелді болмаса, кем емес. Қытайдың да Конституциясының 33-бабында «Қытай Халық Республикасының барлық азаматтары заң алдында тең. Мемлекет адам құқықтарын құрметтейді және қорғайды» - деп жазулы тұр.

Ол аз десеңіз, 36-бабында «Қытай Халық Республикасының азаматтары діни сенім бостандығына ие. Ешбір мемлекеттік орган, әлеуметтік топ немесе жеке тұлға азаматтарды дінге сенуге немесе дінге сенбеуге мәжбүрлей алмайды, сондай-ақ дінге сенетін азаматтарды немесе дінге сенбейтін азаматтарды кемсітуге болмайды. Мемлекет қалыпты діни әрекеттерді қорғайды. Ешкім дінді қоғамдық тәртіпті бұзатын, азаматтардың денсаулығына зиян келтіретін немесе елдің білім беру жүйесіне кедергі келтіретін әрекеттерге пайдалана алмайды. Діни топтар мен діни істер шетелдік бақылауға жатпайды» - деп, бір құлаш қып жазып тастаған...

Айтыңызшы, осы нормаларды Қытай үкіметі орындап жатыр ма?!

2017 жылдан бастап аз санды мұсылман ұлттарға жүргізілген жан түршігерлік азаптау мен қорлау бүкіл дүниежүзін тікесінен тік тұрғызған жоқ па?!

Қытайдың мұндай әрекетін әлемнің бірнеше әділетті мемлекеттері «геноцид» деп жариялады.

Қытай Шыңжаңдағы қазақты қойып, енді Қазақстанға көшіп кеткен қазақтың сары ізіне түсіп, соларды өз уысында ұстағалы отыр, міне!

Мына «Келісім» сол үшін жасалған!

Егер, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына қатысты ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын Сенат мақұлдап жіберсе, ертең, тағы қайталап айтайын, Қытай қолдан «Қос азаматтық» жасап, Тәуелсіздіктен бері Қытайдан оралған қазақтарды шетінен «Қайтар!» деген талап қояды.

«Қос азаматтығы» бар азаматты Қазақстанның ешбір Заңы қорғай алмайды. Тек, сот ондай азаматты бірден Қазақстан азаматтығынан айырады. Бұл – бір!

Екіншіден, жаман айтты демеңіз, енді осы «Келісім» адам саудасының өршуіне даңғыл жол ашады.

Өйткені, «Жаңа Қазақстан» құру бастамасы басталғанымен, еліміздегі жемқорлық пен парақорлық әлі тыйыла қалған жоқ қой.

Сөйтіп, керек болса, Қытай Қазақстаннан өзіне қажетті адамдарды жүз мыңдап, тіпті, миллион долларлап пара беріп, сатып алатын болады...

Қазыбек пен Қазақбайұлы соны ойлады ма, жоқ па, оны бір Құдайдың өзі біледі!

Әй, жоқ, ойлаған жоқ!

Міне, біз дабыл қаққан соң барып, «алаңдап» отырған көрінеді...

Мен депутат Қазыбек Исаны сынап-мінеуден аулақпын. Ол өзінің білімі мен азаматтық, жігіттік деңгейіне лайық сұрағын берді. Және құзырлы органның жауапты тұлғасынан оған лайықты жауабын алды. Соған қанағаттанған, сенген болуы мүмкін.

Қысқасы, Қазыбек ағамыз өзінің парызын өтеді деген сөз...

Жалпы біздің депутаттардың ортақ «қасиеті» – осы, Ұлттың тағдарын қатерге ұшыратуға алып баратын мынадай аса қауіпті заңдар алдына келгенде, құзырлы орган басшыларына сол баяғы дауыстарын кернеп, қабақтарын түйіп, ышқынып тұрып бір-екі сұрау қояды да, ары қарай күреспейді. Топтасып, мәлімдеме жасап, қарсылық білдіру, тіпті, «Мына заң өтіп кетсе, мен Мәжілістен кетем!» деген қадамға бару – біздің депутат жігіттерде жоқ...

Менің бүгінгі айтарым осы.

Сіздерде қандай сұрақ пен уәж бар, оны, құрметті Алаш жұрты, өздеріңізге қалдырдым!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048