Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дін мен тін 2305 15 пікір 5 Қазан, 2023 сағат 15:51

Дін: Үш депутат Мәжілісте көтерген маңызды мәселе...

Алысқа бармай-ақ, қанымызға сіңген қасиетті домбырамыздан бастап, шашу, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп, олардан бас тартуға уағыздаудың арты – ұлттың тамырына балта шабудың қауіпті көрінісі болып табылады.

Керек десеңіз, Ұлыстың Ұлы Күні болып табылатын «Әз Наурыз» мейрамын да қаралаушылардың қарасы көбейіп келеді. Әрине бұл тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға төнген тіке қауіп. Осы тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға төнген тіке қауіптің алдын алу үшін парламенттегі партиялар өз жұмыстарын бастап кетті.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мен Ермұрат Бәпи исламдық сектаның ел арасына салған әм салмақшы лаңы төңірегінде өздерінің депуаттық сауалдарын жолдады. Енді біз өз оқырмандарымызды қос депутаттың қойған сауалдарымен егжей-тегжей таныстырып өтпекпіз.

«Сақалы бар, мұрты жоқтардың» басын тоғыстырған теріс діни ағымдарға заңмен тыйым салу керегін алға тартқан Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «Ақ жол» фракциясы мүшелерінің атынан депутаттық сауал жолдаған еді.

«Менің бүгінгі тақырыбым басқа еді, бірақ дін жайлы өте маңызды тақырыпқа үн қосқым  келіп тұр.

Құрметті әріптестер, діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті. Өйткені «Ақ жол» партиясы талай жылдан бері діни радикалды теріс ағымдарға заңмен қатаң тосқауыл қою туралы ұсыныс жасап келеміз.

Он екі жыл бұрын 2011 жылы бұл мәселені билік те қолға алып, барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда, тек Ұлттық Қауіпсіздік комитеті келіспей, осы тыйым салу заңға енбей қалды.

Мен мұны сол кезде Ұлттық Қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда «Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер елді алдап келесіздер!» – деп ашық айттым.

Бірақ соның өзінде біздің сол кездегі солқылдақ билік осы тыйым салу бабын енгізе алмады. Сол заң жобасы қабылданғанда, содан кейінгі, ақыры Қаңтардың қанды қасабына әкелген небір қайғылы оқиғалар, бір ұлттың діни теріс ағымдар арқылы екіге бөлінуі секілді қасіреттер болмас еді…

Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жасты қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, елге қауіпті күштерге айналдырып жатыр.

Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, Мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет!», - деді.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи де исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында: әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде кең етек жайып, өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін басып бара жатқанын айтта келе, Қазақстанның премьер министрі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына депутаттық сауал жолдай отырып, «мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз» деп қосты.

«Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па даган де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасап жатыр. Мысалы, парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек!

Теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені. Иә, өркениет көшіне ерген біздің ел адам құқығын қадірлейді. Бұл – демократиялық принциптердің басты қағидасы. Бірақ сол еркін құқық бас бермей кетіп, біздің ұлттық және мемлекеттік діңімізді шайқалта бастаса, біз бұған көзжұмбайлықпен қарауға қақымыз жоқ! Ел Конституциясының талабы бойынша, мемлекеттің зайырлы даму болашағын әлдебір күштердің иемденіп кетуіне жол бермеуіміз керек!

Сондықтан ендігі жерде «мемлекет – діннен бөлек» немесе «дін – мемлекеттен бөлек» деп, сырттай бақылаушы болып, самарқау отыруға болмайды. Мұндай саяси тоғышарлық позиция біздің ұлттық тұтастығымыз бен мемлекеттік бірлігімізге бірте-бірте ор қазып жатқынын түсінетін кез келді. Құрметті, Әлихан Асханұлы! Осы орайда мәжіліс депутаттарының сізге жолдайтын бірнеше сауалы бар. Біріншіден, сіз және сіздің кабинетіңіз қалыптасқан күрделі жағдайды түйсініп отыр ма? Қоғамның діни негізде бөлшектену қаупіне қарсы іс-қимыл жоспары бар ма?

Екіншіден, үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті және уәкілетті органдар бірлесіп, теріс діни ағымдар тудырып жатқан ұлттық алауыздықты шұғыл тоқтатудың амал-әрекеттері ел президентінің назарына ұсынылды ма?

Үшіншіден, бұдан 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттігін көтеретін кез келген жоқ па?

Төртіншіден, қалыптасқан осы қоғамдық жағдайда біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, ұлт бірлігі мен мемлекеттің тұрақты даму жағдайын сақтауға үкімет пен парламент мүдделі болуы керек деп есептейміз. Егер үкімет тарапынан қандай да бір тиісті құжат қабылдау бастамасы туатын болса, депутаттар оны қолдайды деген сенімім зор», - деп өз үнін өршіп отырған діни ахуаалға бпйланысты қосты депутат.

Сөзіміздің түйінін: Осы отырыста «Күнделікті көшеде, қоғамдық орындарда қара жамылып, паранжамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды», – деген «AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Аманжол Әлтайдың ұлт санасына ой салар пайымымен аяқтағымыз келеді.

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566