Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4122 0 пікір 19 Тамыз, 2013 сағат 04:57

Нұртас Ахатұлы. Әдебиет жайлы ой

Көркем әдебиет қазіргі қоғам үшін қажетсіз болып барады. Бүгінгі күні көркем шығарманы оқитындар санының саусақпен санарлық жағдайға жетуінің көптеген себеп-салдары бар. Біріншіден, қарапайым адами құндылықтардың (рух, діл, парасат т.б.) кілт өзгеруіне, қоғамдық формацияның идеологиялық, әлеуметтік бағытының әлсіреуіне, оның ішінде материалдық болмыстың басымдыққа ие болуына орай  мәдени-эстетикалық категория талғамы тым төмендеп, төрдегі басы есікке жетті. Өткен қоғамның (социалистік жүйе) социумға, қалың көпке арналған, жалпыға, «баршаға ортақ», «бәрі бірі үшін, бірі бәрі үшін» принципіне негізделген идеологиясына қатып семген қоғамның ендігі жерде аспаннан салбырап түсе қалған «ұлы» өзгерісін бірден қабылдауға адам психологиясы дайын болмады. Әркім балапан басына, тұрымтай тұсынаның күйін кешіп, дел-сал жағдайда абдырап қалды, қоғам бірден жабайы капиталистік принципке негізделген қатал өмірдің құрсауына қамалып, «бермуд үшбұрышының» иіріміне түскен кемедей болды.

Көркем әдебиет қазіргі қоғам үшін қажетсіз болып барады. Бүгінгі күні көркем шығарманы оқитындар санының саусақпен санарлық жағдайға жетуінің көптеген себеп-салдары бар. Біріншіден, қарапайым адами құндылықтардың (рух, діл, парасат т.б.) кілт өзгеруіне, қоғамдық формацияның идеологиялық, әлеуметтік бағытының әлсіреуіне, оның ішінде материалдық болмыстың басымдыққа ие болуына орай  мәдени-эстетикалық категория талғамы тым төмендеп, төрдегі басы есікке жетті. Өткен қоғамның (социалистік жүйе) социумға, қалың көпке арналған, жалпыға, «баршаға ортақ», «бәрі бірі үшін, бірі бәрі үшін» принципіне негізделген идеологиясына қатып семген қоғамның ендігі жерде аспаннан салбырап түсе қалған «ұлы» өзгерісін бірден қабылдауға адам психологиясы дайын болмады. Әркім балапан басына, тұрымтай тұсынаның күйін кешіп, дел-сал жағдайда абдырап қалды, қоғам бірден жабайы капиталистік принципке негізделген қатал өмірдің құрсауына қамалып, «бермуд үшбұрышының» иіріміне түскен кемедей болды.

Қонышынан «Жұлдызы» түспеген қойшысынан, бірнеше жыл бойғы сақталып, сарғайған газет түптемелерінің жиынтығынан малшылар үйінің өзі агитпунктке айналатын, кітап оқушылардың көптігінен кейде формулярдың өзі таусылып қалатын қарапайым ауылдың кітапханасынан бастап Ғылым Академиясының сирек қолжазбалар қорында, ғылыми кітапханасында иін тіресіп отыратын ғалымдардың «білім ғасыры» өткен бүгінде. Бұл – аксиома! Бұл өткенді аңсау, өткенді дәріптеу деп ойламаңыздар. Керісінше сол өткеннің жақсы дүниесін өзімізбен бірге жаңа қоғамға бірге ала кетпеген немесе ала баруға тиісті жағдай жасап бере алмаған дарақылығымыздан, дәрменсіздігімізден өз шынтағымызды өзіміз тістеген күйімізге назалану ғой.

Экслибрис (кітап әлемі) кеңістігінен бірден эксчейндж (ақша айырбастау) әлеміне бет бұрған қоғамның адамдары көктемде інінен есеңгіреп шыққан суырдың кейпіне енді. Оның қолына кітап емес сорына қарай «челноктық» тағдырдың «телешкесі» ілініп, байтал түгіл бас қайғының жағдайы жеңіп, ендігі жерде әдебиеттің ауылы алыс қалды.

Екіншіден, әлем кеңістігіне есік еркін ашылып, дүниежүзілік өркениеттің емін-еркін өмірімізге енуі кезінде ең негізгі пастулат-таңдау жасай алмағандығымызда. Өзгенің өзімізге жұқпайтын «сабынды өнеріне», «темірлі рок», «әсіреқызыл мәдениетіне» бас салғанымызда. Жеті жүз жазушысы бар білдей бір одақтың руханиятты қызғыштай қорғап қалуға шамасы жетпей, дәрменсіздік көрсетуінен қоғам үлкен зардап шекті. Жеті жүзден жеті жазушысы атойлап атқа міне алмай қалған соң, қалғанынан не сұрайсың! Қол сүйгіштері көбейе бастаған соң ЕЛ олардан да теріс айналды емес пе.

Үшіншіден, техногенездік өркениеттің ақпараттық-инновациялық технологиясының біздің де қоғамымызға еркін енуі болды. Бірақ бұл бізге жақсылық әкелді, қоғамға дүниенің ең озық технологиясы еніп, оны алдыңғы шепке шығарды, өзге елдермен теңестірді, мемлекет әлемге танылды. Бұдан біз ұтылған жоқпыз. Бүгінде әлемнің  алдыңғы қатарлы футурологтары адамзат постиндустриялдық дәуірден когнитивтік (қарым-қатынастық) дәуірге өту үстінде деп дәлелдеуде. Бұған біз де қосыламыз, бұл біз үшін қажеттілік теориясы, бұл адамзатқа жаңа «нейроәлем» ұсынбақшы.

Тек осы өліра тұста руханият тетігін ұстаған элита, зиялы өкіл қоғамға ұлттық кодты сақтау, ұлттық құндылықтарды қорғау, ұлттық идеяларды ұстану сияқты ұлы мақсаттардың жолын тауып бере алмай қалды. Жолын білсе де оған қауқары жетпеді, ұзақ уақыт (270 жылдан астам) бойғы сананы ассимилляциялаудың салдарынан, құлдық психология өз жемісін берді. Философияның «не надо быть рабом до мозга костей» кредосын сақтай алмай, төрттағандап қалды. Осының салдарынан сананы, миды «ақпараттық әлем», «ғаламтор өрмегі» тренді бірден жаулап алды, ойлануға, таңдау жасауға мұрша бермеді, тіпті біз оған қарсы тұруға, қайсысы қажет, қайсысы қажет емес деген «анализ-синтез» әдісіне де бара алмадық. Міне, дәл осы кезде көркем әлемді түсіну, көркемдік кеңістігін түйсіну, Абайша «жүрекпен сезіну» қағидасынан бас тарттық. Ұлт әдебиеті ендігі жерде өз позициясынан алшақтап, бағытынан айрылып, шатқаяқтап қалды.

Жаңа ақпараттық майдан адамзаттық жаңа құндылықтардың ішінде бізге англосаксондық өркениетті насихаттай бастады және оны біз үшін ең алдыңғы қатарлы, ең озық деп санамызға сіңіріп үлгерді. Роллан Сейсембаевтың анықтамасындағы «оқымайтын Европа» мәдениеті бізге емін-еркін еніп алды. Андрей Вознесенскийдің «Заплеванная Москвасы», Иосиф Бродскийдің Фортунатусы қайда, біз енді өзімізді оқымай қойдық! Тіпті арготизм дүниеге еніп кеткенімізді байқамай қалдық. Біз үшін бүгінгі «DI» категориясының ең озық коммуникативтік формасына, әдеби тілдік сөйлеу нормасына  «жаңағы», «қалайсың?» деген сияқты қыстырма сөздерді қолдану әдетке айналып кетті.

Әдебиет пен өнердің қоғам үшін, ЕЛ үшін рухани зор қажеттілігі бар деп есептейтін болсақ ендігі жерде біз таңдау жасай білуді үйренуіміз керек. Ия, бізге таңдау жасауды үйретпеді, бірақ осылай отыра беру, бізге бәрін жасап береді деп қол қусыру өзімізді өзіміз алдағандық. Стреотиптік ойлаудан, канондық шеңберден шығу бүгінгі қоғам міндеті, бәріміздің мақсатымызға айналуы қажет. Ұлт үшін таңдау жасауды үйретуіміз керек. Көркем әдебиеттің сырқат халінің бір-екі себебін ғана айттық, айта берсек, аналитикалық талдауға барсақ ондаған салдарын айтуға болады. Бірақ оны кім тыңдайды, кім одан синтез жасайды, үлгі алады, кейде осының өзі  қажет пе деген де ой мазалайды. Мен әдебиет туралы бес жылдай қолыма қалам алып, ой толғап, пікір белдірмеген едім. Әдебиетшісінің өзі элоквенциялық дүниеге ене алмай, қайраңға шығып қалған балықтай ауа қармап қалса, кіммен көркем шығарма немесе «нейроәлем» туралы әңгіме айтасың не сырласасың.

Көркем әдебиеттің дәстүрлі үш алып жанры – проза, поэзия, драма әлемдік әдебиетте модернизациялауға ұшырап, жаңа ракурстегі өзгерістерге бейімделуде. Бізге де осы қажет. Мен де батысеуропалық, американдық маргиналдық екшн, вестерн, модернге қарсылардың бірімін. Бірақ осылардың көркемдік өнердегі бір құрылымы – архитектоникаға әкелген өзгерісінен бас тартуға болмайды, синкретизмге қосқан жаңалығынан үйренуге болады ғой. Шынын айтайық, бүгінде роман оқылмайды, оқымайды да. Тіпті филология бөлімінің студенті «Абай жолын» толық оқып шықты десек, өзімізді алдағанымыз, қазақ әдебиетінің «алтын ғасырын» жасап кеткен ұлы классиктердің шығармаларының атын да түстеп бермейді. Мұндайда алдымыздан мәңгілік таусылмайтын «не істеу керек?» деген сұрақ шығады. Көркем проза нақтылыққа, «жүзімдік» вариантқа көшуі қажет. Қысқа-нұсқа принципімен, бірақ көркем туындыға қойылатын талапты сақтай отырып ұзақ баяндаудағы сюжеттің аз ғана көлемге сыйдырылып берілуі керек ендігі жерде.

Осы орайда тағы да орыс әдебиетінен үлгі алуға мәжбүрміз. «Русский мир» доктринасын қолдап жүрген «Бука» Нобель сыйлығы үлкен шаруалар атқарып жатыр. Бір ғана мысал, бүгінгі көркем прозадағы минимализм принципін насихаттауда «Роман без названия» жүлдесі бар. Мұнда ұзын сонар прозаны қысқартудың, сол арқылы оқырман жүрегіне жол табудың жолдары қарастырылады. Өткен жылдардың орыс әдебиеті үшін жеңісі Екатеринбургтік жазушы Владимир Блинов осы «Буканы» «Не надо! Я сама!» нанороманымен жеңіп алды ғой. Романның өзі бар жоғы төрт-ақ транскрипциядан тұрады. Бірақ ішкі сюжет, фабула, құрылысын талдау сіз бен біздің үлесімізде. Жаңалық па, ия, жаңалық,  тым құрығанда пікір таластыруға, полемикаға баруға болады ғой. Кешіріңіздер, алты кітаптан тұратын «Біржан сал» романын автордан басқа ешкім оқыған жоқ шығар әлі, оқуы да неғайбыл, тек осы романға қарап «ұрыс» жариялағысы келетін, романнан ілік іздеген «басбұзар» ғана лупамен оқуы. Ал көркем туынды ретінде одан зор эстетикалық ләззат алып, рухани кемелденуге көтерілу, тағлым алу қайдам, өз басым сенгім келмейді. Қазақ әдебиетінің Оқжетпесі, шедеврі, әлемдік мың томның арасынан жалғыз орын алған «Абай жолын» бүгінгі қазақ оқыса біз мұндай күйге ұшырамас едік қой.

«Әдебиетті түсінбеуге болады, онда кешірімді. Кещелікті кешірмеске шараң жоқ. Әдебиетті менсінбеуге болады, онда да кешірімді. Тәккаппардың алдынан шықсын дейсің де қоясың. Бірақ әдебиетті қорлауға болмайды. Өнердің қай-қайсы да киелі. Ал киелі өнерді қорлау Алла алдында да, адам алдында да кешірілмес күнә» деген Ақселеу Сейдімбектің осы қағида пікірі мен үшін жарғыдай көрінеді де тұрады. Бұл ЕЛ үшін емес, ең алдымен әдебиет пен өнердің түпкі мақсат пен мүддесін айырбастап алған қазақ ақын-жазушылары үшін Жарғы болуы керек.

Бүгінде оқуға тұрарлық көркем әдебиет концепциясына сай келетін оқуға тұрарлық «доп-домалақ» тұшымды көркем шығарма аз. Бар болса оқырманға жетпейді, не насихатталмағандықтан сөреде шаң басып қалып жатыр. Әдебиеттің негізгі объектісі – адам. Ендеше бізге, оқырманға, қазіргі қоғамның гегемоны – жастарға бүгінгі өмірдің адамы туралы көркем туынды қажет қой. Мұхтардың «Жармағы» жастарға жеткен жоқ. Сафуанның бүгінгі Инеші қажет болып тұр! Жақсы жаңалық деп, роман-модерн деп мақтаған Асқар Алтайдың «Туажаты» жақсы фабула, соны фактология шығар, бірақ идея айтылып кетті ғой, сонау 1930 жылғы «Көксеректе». Бүкіл әлем оқып жатқан, ұлыларынан бастап олигархтары, бизнесмендері бас ұрып, шаммен оқитын Пабло Куэлоның «Алхимигінен», «Заһирінен» не ала аламыз. Пікірлесу, сұхбаттасу қажет. Ермек Тұрсыновқа рахмет, «Шалда» (киноматограф қой бұл бірақ) ұлттық кодтың үлкен пластысын көрсете білді, тым құрығанда көрсетуге тырысты.

Тағы бір мәселе, бүгінгі ақын-жазушы ЕЛ-ден жырақ кетті, ЕЛ-ден өзін «жекешелендіріп» алды. Бұл – ақиқат. Әдебиеттің гомогендігі оның ұлттық аяда қалыптасуында, оның өкілдері ЕЛ категориясына қызмет етуінде еді.

Бүгін әдебиеттегі көркемдік бейне, генотиптік қағида принципі бұзылған. Өңкей сарайшыл-одалық, көпірме, арзан дүниелер қаптаған. Уызы жоқ! Газетіңді де, журналыңды да, кітабыңды да ашып, қайта жабасың. Сөре толып тұр. Бұл аздай, енді тек шен-шекпен үшін, майшелпек жүлде үшін, байшыкеш беретін садақа үшін, толып кеткен конкурс-байқаулар үшін ғана ақын болатын болдық. Әсіресе, біз үміт күткен жастар жағы осыған тым әуесқой болып алды, бұл қауіпті тенденция. Соңғы өткен «Шабыт» халықаралық конкурсының әдебиет номинациясындағы былық-шылықтың маңындағы дау-дамай соның айғағы.

Айта кететін тағы бір мәселе бар. Бүгінде не көп, ақын көп. Болсын-ақ. Ақыны көп ел еңселі болады деген уәжге сенген жақсы ғой әрине. Бірақ «АҚЫН» деген ұлы да қасиетті ұғымға, киелі тотемге лайық болуды мансұқ тұтпаушылық басымырақ па деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі ақында білім жоқ, интеллектілік қарым жетіспейді, көркемдік даму қарабайыр деңгейде. Қарадүрсін аз ғана «әліппелік» қоржынмен аузын айға білеп, арыстандай ақырып алты алаштың ақынымын деуден тайынбайтын ақынсымақтардан аяқ алып жүре алмайсың. Олар да аяр болып алған, оны қоғамның «тобырлық» сана-сезімі толық қанағаттандырады, оған өнерді терең саралай білетін, көркем шығарманы таңдай, талдай білетін «сұңғыла» қажет емес. Түсіне білетін дарадан гөрі, алақанын соға жөнелетін дарақы қара артық. «Сөз» рухани әлемін сөзбұйдаға айналдырып жіберген.

Аллатағаланың ананың сүтімен берген талантына тағлым керектігіне, ішкі эстетикалық-гармониялық мәдени біліктілік пен мол білім жинақтау керектігіне пысқырып та қарамайды. Сіңбіруге мұрын болсаның кейпімен ұрғылай береді.

Энциклопедиялық білім алмай-ақ қой, бірақ ақындықтың экспрессив-түйсіктік, көркемдік қиялын заманауи тиісті филогенетикалық біліммен ұштастыру, шендестіру қажет емес пе. Он өлең жазып «мен ақынмын» деп  әлемге айғай салу оңайдың оңайы, бірақ ақындықты ұстап қалу, оны өрістету, тәрбиелеу, парасат биігіне көтерілу, эстет тұлға болып қалыптасу миына кіріп шықпайды. Бүгінгі жас өнерпаз осыған бара алмай, ананың басын бір, мынаның басын бір шалып, дүбара күй кешіп жүрген сыңайлы. Содан кейін оңай жол – сарайшылдық бағытқа атының басын бұра салады. Бұл сара жол емес, сорқұдыққа апаратын сорақылық.

Қазіргі ақындардың өздері ұсынған көркем туындысын сынай қалсаң, не сүбелі талдау жасасаң бірден беттері қайтып қалатын әдеті бар. Тақырып жоқ, жазатын ештеңе жоқ деген уәж айтады да, тек бір пессимизмге, жылауық моральға немесе аттанған ұранға толы «туындыларды» тудырады да жатады. Мәселен, бүгінгі қазақ қоғамындағы үлкен урбанизация процесінің өзі жетіліп артылатын тақырып емес пе. Урбаникалық тақырып өнердің барлық түрлерінің мәңгілік мәселесі ғой. Неге осы тақырыпты меңгермеске, тілге тиек етпеске, иеленбеске.

Көкше ақындарының  соңғы 2-3 жылда шыққан жинақтарын саралап көрдім, бәрінің шиырлағаны бір тақырып, бір мазмұн, ұқсас идея т.б. Соны дүние, тың мазмұн, «тентек» идея, тіпті сенсациялық «жарылыс» тақырыбында көркем дүние жарыққа шықса, қолымызға қаламымызды ала жүгірмейміз бе.

ХХ ғасыр басында ақындар цехының негізін салушы белгілі акмеист

Н.Гумилевтың «Мен темір киімді конквистадормын» (Я конквистадор в панцире железном) идеясы мен бір ғасыр өткеннен кейінгі ХХІ ғасырдың қазағы Танакөз Толқынқызының «Түннің етегін түргісі келетін, жұлдызды басып жүргісі келетін» «тентек» идеясын қолдау қажет-ақ. Міне, бұл мәңгілік өлмейтін, ішкі ағзада «энергетикалық клеткасы» бүлкілдеген көркем бейне һәм жаңалығы «өшпейтін» эстетикалық көркем туынды.

«Зверь и на старости лет выглядит красивым. Почему так изуродована глина, из которой вылеплен человек?» деген Антуан-де Сент-Экзюперидің риторикалық диалектикасына бар ғылым саласы жауап іздеумен келеді. Одан әдебиет те ауылын алшақтата алмаса керек. Ендеше бүгінгі әдебиеттің адам үшін жүгі ауыр, қысымы жоғары.

Әдебиет жауһардай талғамды болуы үшін, сол әдебиетті жасаушы ортада шынайылық, ізгілік, адалдық болуы қажет. Бізге осы жетіспейді де тұрады, яғни біз ойланатын, біз толғанатын дүние жетерлік, егерде «менімен менікінің айрылғанын» пайымдай білсек.

 

Нұртас Ахатұлы

филология ғылымдарының кандидаты,

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048