Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4500 0 пікір 19 Тамыз, 2013 сағат 08:22

Шаяхмет Қалиұлы. «Болған» елі. Ол қандай ел?

1995 жылы наурыздың ондары шамасында, ҚХР-дің Іле Қазақ автоном облысына қарайтын Алтай аймағындағы жеті ауданның орта мектептеріне практикаға кеткен студенттердің практикалық жұмыс жағдайларын тексеріп зерттеп, тиісті міндеттерді тапсырып келуге  Іле педагогикалық институтынан міндет жүктеп жолға шыққанмын. Әуелі Құлжадан шыққан бойда жұмысты Алтай аймағының ең шеткі шығыс ауданы Шіңгіл ауданынан бастауды жөн көріп, ат басын солай бұрғам.  

 Автобустағы бір жас жігіт «Тайкешкен» шекара өткелінен алған бес-алты кілемін автобустың артын ала тиеп алыпты. Содан бері қарай әр жерге бір орын тастап отырған жеті-сегіз ғана адам. Маған жақындау жерде басына үкі таққан түлкі тұмақ киген, жас мөлшері алпыстан алқыған бір ақсақал кісі отырды.

Шіңгіл қалашығынан біраз ұзап шыққанша, адыр-адыр таулардан көз алмай, алуан-алуан ойдың арпалысына түсіп, өзіммен-өзім болып отырғанымда:

– Е, жігітім, Іленің азаматысың-ау деймін? -деген оқыс дауыс селк еткізді.

– Иә, қария, Іледен келдім, қайдан біліп қойдыңыз? -деп қалжыңдағандай болдым.

– Несі бар, басыңдағы ақ қалпағың айқайлап тұрған жоқ па? -деп жымиды қария. Сосын әңгіменің тығыны ашылып кетті де ананы-мынаны алма-кезек айтып біраз отырған соң, манадан бері ойымда күңгірттеніп күпті  етіп отырған күдікті ойдың білтесін тұтандырғым келіп:

1995 жылы наурыздың ондары шамасында, ҚХР-дің Іле Қазақ автоном облысына қарайтын Алтай аймағындағы жеті ауданның орта мектептеріне практикаға кеткен студенттердің практикалық жұмыс жағдайларын тексеріп зерттеп, тиісті міндеттерді тапсырып келуге  Іле педагогикалық институтынан міндет жүктеп жолға шыққанмын. Әуелі Құлжадан шыққан бойда жұмысты Алтай аймағының ең шеткі шығыс ауданы Шіңгіл ауданынан бастауды жөн көріп, ат басын солай бұрғам.  

 Автобустағы бір жас жігіт «Тайкешкен» шекара өткелінен алған бес-алты кілемін автобустың артын ала тиеп алыпты. Содан бері қарай әр жерге бір орын тастап отырған жеті-сегіз ғана адам. Маған жақындау жерде басына үкі таққан түлкі тұмақ киген, жас мөлшері алпыстан алқыған бір ақсақал кісі отырды.

Шіңгіл қалашығынан біраз ұзап шыққанша, адыр-адыр таулардан көз алмай, алуан-алуан ойдың арпалысына түсіп, өзіммен-өзім болып отырғанымда:

– Е, жігітім, Іленің азаматысың-ау деймін? -деген оқыс дауыс селк еткізді.

– Иә, қария, Іледен келдім, қайдан біліп қойдыңыз? -деп қалжыңдағандай болдым.

– Несі бар, басыңдағы ақ қалпағың айқайлап тұрған жоқ па? -деп жымиды қария. Сосын әңгіменің тығыны ашылып кетті де ананы-мынаны алма-кезек айтып біраз отырған соң, манадан бері ойымда күңгірттеніп күпті  етіп отырған күдікті ойдың білтесін тұтандырғым келіп:

– Ақсақал, айып болмаса, Оспан батыр туралы не білесіз, содан біраз әңгіме айтып берсеңіз қайтеді? -дедім.

– Ой, бауырым-ай, көрмеген адам жайлы көсемсіп сөйлеу әбестік болар, дегенмен сен сұрап қалған соң, мен естігенімді, есімде барын айтайын, не де болса жол қысқарар, бізге керегі де сол емес пе? Менің әкем Оспанның «құйыршығында» болған кісі. Ол кезде Оспан батыр өзіне қосылған азаматтарды аш қалдырып алмау үшін ішінара байлардың малын даладан сойып жеп жүріп, ұрыс салады екен. Содан ел ішінде, әуелі «құйыршық» атанып кетіпті. Кейін, өзің де білерсің, ұлт азаттық күресінің көш басшысы, ер жүрек батыр қайсар қаһарманы болды ғой. Әкемнің әңгімесіне қарағанда жаумен соғыса жүріп, ығыса-ығыса шығыс Түркістаннан шығып Гансу (Кең су) өлкесіне  қарай ауып барған. Сол жерде, тұрақты өмір сүріп келе жатқан, өң әлпеті бізге жақындау келетін «Болған» деген бір тайпа елге кездесіп қалыпты. Әңгімелесе келе олар: «біз де бір кезде сендермен бір халық болғанбыз, осында келіп мекендеп қалғанбыз, мынау біздің ата-бабаларымыздан қалған мұра зат»,- деп, ағаштан шауып жасаған өте ескі күбі және қайыстан қайып жасалған тағы да басқа бір заттарды көрсетіпті. «Біз қазір заңзуша киініп, заңзуша және ханзуша сөйлеп өз тегімізді өзгертіп алдық. Дегенмен тәніміз басқа болғанымен қанымыз сендермен бір, сондықтан сендерге көмектескіміз келеді. Сендер енді ары қарай жүрмеңдер, онда таза заңзулар(тибеттер) бар олар сендерді өте жаман көреді, өздері қатыгез-жауыз халық, онда барсаңдар көп қиындыққа ұшырайсыңдар»,-деп, жол көрсетіпті. Солардың нұсқауымен бара жатқан бағыттарын өзгертіп бір пәледен аман құтылған екен. Бұл күні біздер айтып жүрген заңзу өз ішінен: тибет, заңзу, болған деп үш тайпаға бөлінетін ұлт екен деді.

Бұл әңгіме сол бойда қалғанымен санамның бір саңылауында сақталып ұзақ уақыт жүрген болатын.  

Өткен жылы наурыз айында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Нұрлы аулында тұратын ағам екінші ұлы Серікнұрды үйлендіретін болып, сол ауылға Қытайдың Гансу өлкесі, Ақсай қазақ автономиялы ауданынан еліміз дербестігін ала салысымен алып-ұшып ең алғаш көшіп келген Әбдіқадыр деген кісінің қызы Нұргүл атты болашақ келінге құда түскелі барған едік. Жаңа құдалар жік-жапар болып күтіп жатты. Біз де келінді сұрай келген шаруамызды баптап байыппен айтып болған соң, дастарқан үстіндегі әңгіме ана-мына тақырыптың басын бір шалып, сарынды бір әңгіменің арнасы болмаған соң, бұл кісілердің Гансуден келгенін ескеріп, көптен бері түйнектей түйіліп жүрген дүдәмал ойдың түйіні шешіліп қалар ма екен деген дәмемен бас құда болып отырған 80-нің сеңгіріндегі Төлеген қажы ақсақалға:

– Қария, сіздер Гансудан көшіп келдіңіздер ғой, өзіңіз көпті көрген, көпті түйген, ел кезіп, жер шолған, көзіңіз ашық, көкірегіңіз ояу қарт көрінесіз, сіздер тұрған жақта ''Болған'' деген бір ел бар көрінеді. Сол ел туралы көрген-білгеніңіз болса айта отырсаңыз қайтеді?-деп қолқа салдым. Кәриям ол жағын аса білмейтіндігін айтып кібіртіктей бергенде, манадан бері шыны алып, тамақ тартып күтуші болып жүрген қияқ мұртты қырғи қабақты қара торы жігіт:

 – Оны мен білемін, құдеке,-деп әңгіме білтесін ары қарай жалғап кетті. Дастархан басына жаңа келіп орналасқанымызда, құда таныстыру кезеңінде осы жігітті «Әбдіғаппар құда мен ағайынды кісілердің баласы Алғабек  Құмашұлы» деп таныстырған болатын.

 – Мен 1988 жылы аймақ орталығы Жу Шуанда шоферлік оқуына, қасымда Нұсқар деген жігіт бар, түсіп сонда екі жыл оқығанбыз. Бір жылда қабылданған үш жүздей оқушының ішінде екі қазақ, бір мұңғыл, қалғаны түгелдей қытай болды, оқуға түсіп аз уақыт өтіп сабақтастар бір-бірін тани бастаған кезде, бір-екі бала бізге жиі-жиі қарағыштап жүрді де бірнеше ай өткен соң бізге өздері өздігінен жақын тартып, жылышырай білдіріп, әредік-әредік сабақ туралы сөйлесіп жүрді, бір күні:

– Осы сендер кімсіңдер, қайдан келдіңдер? –деп сұрап қалды. Біз:

– Ақсай автономиялы қазақ ауданынан келгенімізді, ұлтымыздың қазақ екендігін айттық. Сонда әлгілер:

– Біз Сүнән игу автономиялы ауданынанбыз, ұлтымыз «Игу» болады, сендер біздің көзімізге бір түрлі жылы сезілген соң танысуды жөн көрдік. Енді қаласаңдар достасып өтейік, -деп қолқалады. Біз де:

– Жарайды,-деп сол күннен бастап достасып, төртеуміз бірге жүретін болдық. Бірінің аты - Тайыр. Енді біреуі Жәнші (Құрылыс) екен.

Албырт жас алысып-шалысып жүретін кезіміз ғой, бір күні қасымдағы жігітім әлгі екеуінің біреуінің ішіне қалжыңдасып келе жатып түртіп қалды, сонда әлгі жігіт:

 – Құрсақ! - деп отыра кетті. Біз елең ете қалдық та:

 – Сен қазір не дедің? -деп сұрап қалдық. Әлгі жігіт қайтадан:

 – «Құрсақ» дедім, не болды? -деп өзімізден қайта сұрады.

 – Ей, құрсақ деген біздің сөзіміз, сен оны қайдан білесің? –дедік.

– Е, бізде де солай айтады,-деді. Сонан бас, қол, көз, аяқты көрсетіп мыналарды не дейсіңдер дедік.

– Оларды «баш, көл, гөз, бұт» дейміз,- деді.

–Бізге ұқсастықтарың бар екен,- дедік те қойдық.

Екеуі: «біз сендерді ауылымызға сәті келгенде алып барамыз»,- деп жүретін. Бір демалыстың кезінде таудан қарағай тартатын жүк машинасына сойлесіп келіпті. «Жүріңдер біздің ауылға, тауды көрсетіп келеміз», -деп, алды да кетті.

Түс ауа тау басындағы бір жасыл жайлауда мамыражай жатқан малшылардың ауылына келіп түстік. Бір қарағанға кәдімгі жәйбарақат жатқан қазақ ауылы. Сырғауылдың басын буа салып шошайтып тігіп қойған үлкенді-кішілі шошаласы  демесең, есік алдында өреде жаюлы құрт, қазанда қайнап жатқан ірімшік, көгенде шулаған қозы, ыдыс-ыдыс тола сүт, таң-тамаша болдық та қалдық. Кешқұрым мал қораға келгенде үй иесі бір қойды алып шықты да: «Ал, балалар, мынаны біз сойсақ сендер жемейсіңдер, сондықтан өздерің әуелі бауыздап беріңдер»,-деп, пышақты ұстатты. Мен қойды бауыздадым да пышағын өзіне бердім. Әлгі кісі асықпай -үсікпей қойды сойып, қазақшалап етті жіліктеді , қазанға мүшелеп тұрып салды. Ет піскенге дейін сүт қатқан шәй ішіп отырып, үлкен кісілермен әңгімеге кірістік. Сондағы бір үлкен кісінің айтқаны:

- Біз сендермен бір халықпыз. Бір замандарда біздің ата-бабаларымыз сауда-саттықпен осында келіп, жолда қарақшыларға тоналып, еркек кіндіктің бәрі өлтіріліп, бірнеше әйел ғана құшағындағы балаларымен жасырынып, аман қалған екен.  Біз содан өсіп-өнген халықпыз. Біз де бұрын  Гұран (Құран) болған екен, оны оқитын адам болмаған соң, әр адам өлген сайын бір бетін жыртып, бірге жерлей берген. Ең соңында Гұранның беті де таусылған, содан біз еш дінді ұстанбай қалған дінсіз халықпыз. Біз әуелі « Болған», кейінірек «Сары ұйғыр», ең соңында «Игу» ұлты болып бекітіліп, Қытайдағы 54 ұлттың бірі болып келеміз. Қазір өз тіліміз де жойыла бастады, өз жазуымыз да жоқ. Балалар түгелдей қытай тілінде оқиды,-деп, өздерінің тағдырларына кейіген кеспір танытқан болатын. Ас ішіп болған соң барлығы қос қолдарын жайып  беттерін сипайды екен. «Оның мағанасы не?» деп сұрағанымыз да:

 – Ол жағын білмейміз, ата-бабаларымыз осылай істейтін. Бізге солардан салт болып қалған,-деді.      

Кешкісін тағы да бір байқағанымыз, олар бір сауғанда 150-200 бас қойды шалма қосақтап қойып сауады екен. Үлкендер өзара сөйлесіп отырғанда, ішінара сөздерін түсініп қаласың. Көбінде қытай тілін қолданады. Киімдері заңзуша, өңдері сарылау келеді екен. Біз сонда бір кеш түнеп ертесіне қарағай тиеген машинаның үстіне отырып, оқу орнына қайтып келдік.  Бұл халықтың қазіргі географиялық орны - біздің жыл санауымыздан бұрынғы екінші ғасырда жазба тарихқа түскен Үйсін елі отырған мекен. Шығыстан батысқа қарай параллель екі тау созылып жатады, біреу Ши Лиан (Шүлен) тау да, енді біреуі Сүрдің тау. Сол екі таудың арасы жыныс, орман-тоғайлы, шалғыны мол, суы мөлдір, табиғаты аса көркем, тау етегі қыстау-күздеу де, тау іші жазиралы, жаннатты жайлау. Солтүстігінде Моңғұл, оңтүстігінде Заңзу (Тибет) ауданы бар. Ақсай қазақ автономиялы ауданының шығысында, 700-800 шақырым қашықтықта тұрады.

Кейініректе біздің ауылдан ЛанЖу МінЗу ШөИуан-Ұлттық институтіне оқуға түскен Ақынбек деген жігіт ЛанЖуда жүргенде сол Игу(Болған) ұлтынан шыққан бір профессормен үйіне барып әңгімелескен екен. Сонда профессордың Ақынбекке:

 – Біз үйсін боламыз. Ежелгі үйсін мекеніне кейін қайта оралыппыз. Қазір үлкендер ескі тілді, ата текті бұлыңғырлау болса да біледі, бір-ақ жастар қалаға оқу оқып кетті де дәстүр салттан өзгеріп, тілді де ұмыта бастады. Жалпы біз жойылған  ұлтпыз деуге болады, әйтеуір, Қытай мемлекеті үйсіндер туралы кино түсірді ғой, сол бізге кәдімгідей медет болып жүр, -депті.     

Осыған дейін еш бір тарихшының ғазиз қолы арқылы ешқандай хатқа түспеген, не болмаса ауызекі айтылып жүретін қабат-қабат шежіре шеңберіне кірмеген, осынау ғажайып халықтың жер бетінде өмір сүріп жатқандығы жайлы құнттауға тиісті құнды дерек, біраз адамдар байыбына бара алмай байбалам салып жүрген Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқяннан өзіме шейін» атты ересен еңбегінде ғана тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетілген. Нақтылай кетсек:

«Қытайлар қалмақтарды атты-шапты. Аяқ-қолы кісендеулі Өтегенге тиген де жоқ, жөн сұраған да жоқ. Қытайлар әбден қалмақтарды жайластырып болған соң Өтегенге оралды. Бұл арада қытай сүйреп келіп тастаған бір балықтағы балшықтан салынған үйде бес ай өтіп кетті. Алтыншы айдың жүзі болғанда үстіне үш адам кірді. Бұдан жауап сорды. Бұл ештеңе түсіне алмады. Сонан соң мұны жөніне қалдырды да, олар шығып кетіп, арада бір апта өткенде түлкі тұмақты біреуді ертіп келді. Келген таза қазақша сөйледі.

– Қазақпысың ? -деді.                                                              

– Иә, қазақпын, -дедім деді Өтеген маған айтқан әңгімесінде, оны көргенде, тура әкемді көргендей болдым. Өзі де мосқалдау адам екен.

– Өңкей қалмақтың арасында нағып қаңғып жүрсің?

Өтеген басынан өткен жағдайдың бәрін айтады. Қытайлардың өзі де аяқ-қолы кісендеулі адамды, әйтеуір, қалмаққа қарсы адам шығар деп жүреді екен, оны табанда босатып қоя береді. Түлкі тұмақты адам оны ертіп жөнеледі. Сөйтсе, Өтегенді қытайдың ішкері жағына апарған екен. Түлкі тұмақтының аты қазақша емес сияқты– Орхон.

Орхон ауылы Өтеген жатқан түрмеден тым жырақ емес екен. Бұлар кәдімгі қазақ тұрмысында тұрады. Тек тілдері өзге. Өзге болғанда қазақша-ақ сияқты, бірақ «болған» деген сөзді көп қоса береді.

– Біз сарыүйсінбіз,-деді Орхон,-бірақ атам заманда аталарымыз келген болған, сендер діннен безіп, ислам дінін алған болған, біз сендерден күдерімізді біржола үздік. Енді бізге үйсін болу жоқ. Біз ханзу болып барамыз.

Өтеген бұларда бір неше күн болып, тұрмыстарын көреді. Тұрмысы қазақша, тілдері бұралып, ұйғыршадан қазаққа жақын, сол екі ортада. Қазақ деген бұларда ұғым жоқ. «Үйсінбіз» деген ғана сөз бар. Үлкенінің де, кішісінің де аттарынан қазаққа ұқсайтын ат сиректеу. Көбі, шамасы, дін ерекшелігінен болу керек. Өтеген қалмақшаны өте жақсы біліп алыпты. Ол жердегі сарыүйсіндер екі мың түтін екен. Сарыүйсіннің өз аты Түргеш екенін де, оның атасы Бәйдібек екенін де, Түргештің әкесі Сирықты екенін де, Марау бәйбішені де біледі. Бұлар Жақыптан тарайтын үш ата Қырғыш, Тұмса, Шаңбай, Қалшадан тарайтын Тоқсаба, Жантоқ, Сарғазы тұқымдары екен. Мұнда кәдімгі Азық тұқымы – Шығылдар да, азғантай қоңыраттар--Көктің ұлы бар. Өтеген араларынан Найманның Жаймауыттарын да кездестірген екен. Бірақ біздің қазақтың ислам дінін қабылдағанын көтере алмайды.  «Сендер дінннен безген болған» деседі олардың кез келгені. Олардың арасында екі айдай болып, сонан соң батыс терістікке бет түзейді Өтеген. Кетерінде Өтегенге Орхон ақыл айтқан: «Сен енді мылқау бол, әйтпесе жөніңді білген ұйғырлар жолда қайтадан қалмаққа ұстап береді, олар бір кісінің ғұмырынан бір тиын тапқанды артық көреді»,-деген(Алматы, «Жалын» баспасы. 1993 ж.,243-бет).

  Бұл жерде ауызекі әңгіме мен Қазыбек бекте баяндалған баянның  форымында аздап қана парық   болғанымен, жалпы мағынасы бірдей, шымырлап тұрған шындық –  Болған деген  елдің тап-таза қазақтан бөлініп қалғандығы анық та айқын көрініп тұр.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048