«Отанды сүю – ел ертеңі үшін жан аямай еңбек ету»
Күні бүгінге шейін өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу туралы аз айтылған жоқ. Бұл тақырыпқа әр қырынан келіп қалам тартпаған тілші баласы да кемде-кем. Ал патриотизм турасында сөз қозғамай-ақ отанның жарқын болашағы үшін қарекет қылып жүрген жандар қанша.
Біз әр саланың мамандарынан «Патриот болу дегенді қалай түсінесіз? Ел азаматтарын патриоттық сезімге тәрбиелеуде және оны насихаттауда сіздің салаңыз қаншалықты рөл атқарады?» деп сұрап көрген едік.
Әлімақын ЖАНБОЛАТ,
кинотанушы:
Отансүйгіштік – жүрекке ақырын-ақырын ұялайтын сезім
Патриотизм – ауқымы кең ұғым. Оның қазақшалап, бір сөзбен «отансүйгіштік» деп қарастыруға болады. Бірақ «отансүйгіштік жалған ұран болмауы керек. Ол – жүрекке ақырын-ақырын ұялайтын сезім.
Мен – кинотанушымын. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында осы пәннен сабақ беремін. Киноның жалпыға қолжетімді және тұтынушысы ең көп өнер түрі екенін ескерсек, патриотизмді насихаттау және оған тәрбиелеу ісіндегі біздің саланың маңызы орасан зор. Өйткені фильм, әсіресе, тарихи фильмдер арқылы жастардың патриоттық сезімін оятуға сөзсіз болады.
Біз – отар болған мемлекетпіз, оны мойындауымыз керек. Жетпіс жыл кеңес одағының, оған дейін патшалық Ресейдің құрамында болдық. Жалпы үш ғасырға жуық отарлық езгіні бастан өткерген елміз. Бұл өте ұзақ уақыт. Сондықтан отансүйгіштік, патриоттық сезім бізге – біздің жастарымызға, бүкіл халыққа өте керек құндылық. Кейінгі кездері жастар деколонизация бойынша креативті, жақсы бастамалар көтеріп жатыр. Жаңа Қазақстан жасаймыз, толыққанды мемлекет боламыз десек, ең әуелі отаншылдық сезімді күшейтуден бастауымыз керек. Мысалы, қараңызшы, «Оян, қазақ!» фильмі үлкен сұранысқа ие болып жатыр, көп жерде аталмыш фильмнің билеттері шыққан бойына өтіп кетіп, үлгермегендері ертеңгі күнді асыға күтіп жүр. Бұл – отансүйгіштікке тәрбиелейтін осындай тарихи кинотуындыларға деген халық сұранысының көрінісі, осындай туындылардың елімізге, ұлтымызға керек екенінің айғағы.
Қазақ «бұрынғыны айтпай, кейінгі еске түспейді» дейді. Біз болашақты жасау үшін бұрынғы нәрселерді білуіміз керек. Біздің қандай ұлт болғанымызды, бойымызда қандай артықшылықтар болғанын ұлт ретінде, қандай мәдениетіміз, қандай салт-дәстүріміз болғанын білуіміз керек. Ал мұны еске түсіруде кино өнерінің де, киноны тезге салып отыратын кинотанушылардың да алар орны ерекше.
Ғайша САХИЕВА,
кітапханашы:
Олқылықтардың орнын толтыратын – кітап оқып өскен бала
Патриот болу қолыңа ту ұстап алып, атқа мініп шабуды ғана білдірмесе керек. Менің ұғымымдағы «Патриот болу» түсінігі – еліңнің ертеңі үшін қолыңнан келетін істі жан аямай атқару.
Мәселен, біздің сала – кітапхана ісі дүниежүзілік стандартқа көшіп жатыр. Соның бәрін игеріп, озық кітапханалардың қатарынан көрінсек, сол арқылы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға зәредей үлесімізді қоссақ, патриоттық сезімге тәрбиелеуге, оны дәріптеуге аз да болса еңбек сіңірдік деп айтуға болады. Өйткені кітаппен дос боп өскен бала, керегін кітаптан тапқан жас, кітаппан сырлас үлкен кісілер өз саласын жақсырақ меңгеріп, ел келешегі үшін қайырлы қызмет атқаруға мүмкіндік алады. Әрине, елімізде тұралап қалған салалар жетерлік, дамыған елдерден үйренеріміз көп. Алайда сол олқылықтардың орнын толтыратын – кітап оқып өскен бала.
Жазира АБДРАХМАНОВА,
Филолог:
Біздің мамандықтың өне-бойы патриотизмге тұнып тұр
«Патриотизм» түсінігінің нақты анықтамасы бар ғой. Соған сәйкес, ол туралы жекелеген адамдардың пікірі де бір-біріне ұқсас болып жатады. Бұған алып-қосарым жоқ, патриотизм дегенді – еліңді, жеріңді, тіліңді, дәстүр-салтыңды сүю, қадірлеу деп түсінемін.
Мен – тіл маманымын. Демек, менің мамандығым – патриоттық сезімге тәрбиелеу мен оны насихаттауға бірден-бір қатысты сала.
Тіл ғылымының зерттелуі, өсіп-өркендеуі, т.б. дүниелерді атап айтпағанның өзінде, біз өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізді үйренуіне ықпал етеміз. Оларды қазақтың мәдениетімен, тілімен, тарихымен таныстырамыз.
Бұл, әрине, өкінішті жағдай, дегенмен орыстілді қазақтарды да ана тілінде сөйлеуге баулимыз. Яғни, біздің мамандықтың өне-бойы патриотизмге тұнып тұр.
Ғалымжан КЕРІМБЕК,
экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қаржы және есеп» кафедрасының доценті:
Кез келген дүниенің бастау бұлағы – отбасы
«Экономика» деген сөздің өзі «үй шаруашылығын басқару» дегеннен шыққан. Көрдіңіз бе, экономиканың өзі отбасынан басталып тұр. Сол сияқты кез келген тәрбиелік мәні бар дүниенің бастау бұлағы – отбасы. Сіздің талқыға ұсынған тақырыбыңыз да – түп негізі отбасыда қаланатын сезім. Сондықтан мен экономика ғылымының елді патриозмге тәрбиелеудегі рөлін емес, отбасының мән-маңызын айтқым келіп отыр.
Ғылым патриотизмге «өзінің жеке және топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, өз Отанын қорғауды мақсат тұтатын, Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі» деп анықтама берген. Бұл түсінікті жайт. Ал сол сүйіспеншілік сезіміне қалай тәрбиелейміз?
Жанұядағы әкенің, ананың, баланың рөлі, ұлттық құндылықтар жақсы түсіндірілсе, ол отбасы айрандай ұйып, отбасының әр мүшесі белгілі бір жетістікке жетеді деп ойлаймын.
Мен университетте сабақ беремін. Оқытушы болған соң алдыңнан мыңдаған студентті өткізетінің айтпаса да түсінікті ғой. Кейде шәкірттерімнің ауылдың дәмін бір-бірімен бөлісіп отырғанына қарап сүйсінемін. Бауырмалдықтың, достық ақ ниеттің түбінде сол патриоттық сезім жатқан жоқ па?! Досына шын жанашыр, қолындағысын бөліп беруге әзір жас – елін де солай сүйе алады ғой!.. Міне, отбасыдан басталатын отансүйгіштіктің көрінісі осы. Бұл – бір.
Екіншіден, кез келген ата-ана балаларын жақсылыққа тәрбиелеуі керек. Мен өзім отағасы ретінде балаларымды жастайынан тарихи киноларға апарамын. Кезінде «Көшпенділер» шықты, «Жаужүрек мың бала» шықты. Кешегі «Оян, қазақты» да отбасымызбен көрдік. Сөйтіп балаға әуел бастан дұрыс бағыт-бағдар беру керек.
Бесік жыры, ертегілердің де мәні зор. Бауыржан Момышұлы «Ертегі тыңдап өспеген бала елге қызмет жасай алмайды» – дейді. Ертегіде неше түрлі кейіпкерлер болады. Әртүрлі батырлар, жаны жомарт адамдар туралы айтылады. Бала кішкентайынан соған талпынады. Мен де батыр болсам екен, халқыма пайдам тисе екен деген оймен өседі.
Содан соң балаларға кітап оқуды үйрету керек. Телефонды алып қойып, күнде кітап оқуды әдетке айналдыру керек. Қандай кітап оқыдың, не түсіндің деп сұрап, онымен байланыс жасау керек. Оның бәрі кішкентай кезінен басталуы қажет.
Жансая ЖАСБОЛАТ
IT маманы:
Патриотизм цифрландыру саласында да көрінеді
Менің түсінігімде, Патриотизм дегеніміз – өз елің мен жеріңді, мәдениетіңді мақтан тұту және оны заманауи қалыпқа келтіру. Мәселен, біздің кейбір салт-дәстүріміз ескірген. Бірақ ескірген екен деп оны мүлде ұмытуға болмайды. Немесе, салт-дәстүрім осы екен деп бас салып ескілікке батып қалу да қол емес. Салт-дәстүрді сақтай жүріп, заманның көшіне ілесу керек. Иә, кейбір дүниелер шынымен ескірді, біздің міндет – соның қаймағын алып қалып, осы заманның ағымына келтіру. Мен үшін патриотизм деген сол.
Мен – програмистпін. Өз салам бойынша, сіз айтқан тақырыпқа қатысты мақтанарлық жағдайларымыз бар. Мәселен, еуропалықтар біздегі цифрландырудың соншалықты дамып кеткеніне қатты таңғалады. Сол жақта оқитын құрбымның айтуынша, Еуропада, тіпті, электронды үкімет деген атымен жоқ. Олар бір құжатты алу үшін мекемеге қырық рет барады. Ал бізде қалай? Дастархан басында, шай ішіп отырып керек құжатыңды бес минутта шығарып аласың. Біз бес минутта кез келген құжатты ала аламыз, бес минутта үйде отырып кредит рәсімдей аламыз. Мәселен, былтыр Ресейде мобилизация болған кезде орыстар Kaspi Bank-ті, біздің QR кодпен төлей алатынымызды көргенде кәдімгідей таңғалған. Бұл – біз үшін үлкен мотивация.
Міне, патриотизмді насихаттау дегеніміз де осы шығар. Біздің саланың мамандары патриоттық сезімге тәрбиелеуде осындай нақты жұмыстарды атқара алып отыр.
Дина ӘБДІХАН,
SMM маманы:
Патриотизмге тәрбиелейтін контенттер әуелі сәбилерге арнап жасалуы керек
Менің түсінігімде, патриотизм дегеніміз, Абай атамыз айтқандай, елдің кетігіне кірпіш болып қалану. Егер мен өз саламның нағыз маманы болып, осы саланың дамуына өз үлесімді қоса алсам, мұның өзі патриотизм деп есептеймін.
Қазіргі таңда әлеуметтік желі – өте танымал дүние. Осы арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу өнімді нәтиже береді. Себебі қазір бес жастағы бала былай тұрыпты, бесіктегі баланың өзі телефонға үңіліп отырады. Сондықтан әлеуметтік желілерде патриоттыққа тәрбиелейтін контенттер әуелі сәбилерге арнап жасалуы керек. Мен өзім SMM-мен қоса жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетуге арналған парақша @jastar.online-да жұмыс істеймін. Ол – жастарға арналған жақсы жаңалықтарды, жастарға арналған мемлекеттік байқауларды, бағдарламаларды, мүмкіндіктерді көрсететін парақша. Қазіргі таңда, әрине, жастардың мәселесі жеткілікті. Бірақ жастардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар да көптеп жасалып жатыр. Міне, әлеуметтік желілердегі аудиториямен жұмыс істей алатын біздің саланың мамандары – елге қажетті жобалар мен ақпараттарды дер кезінде креативті жеткізіп, түсіндіруге үлкен үлес қосады. Сонда елді сүйетін, ұлтты сүйетін жастардың көбейетіні анық. Ал патриотизм дегеннің өзі сол – халқыңа қызмет ету емес пе!
Abai.kz