Дінді ұстанғанда тіл, тарих, дәстүрді ескеруіміз қажет!
Қазір біреу дінді біліп, біреу білмей «өзекті тақырыпқа» айналдырып жіберді. Білетіндердің сөзін жоққа шығарушылардың халық арасында «жұлдызға» айналулары өте қауіпті құбылыс. Осы бағытта ҚМДБ бірқатар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, айтақшылардың сөзіне еріп адасқан жамағаты қайтып дәстүрлі діннің аясына оралта білді. Дінбұзарларға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар мен әрекеттер жайында ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұловпен болған сұхбатты Abai.kz оқырмандары назарына ұсынып отырмыз.
- Соңғы 30 жылда діни тәрбие беруде жіберген кемшіліктеріміз бен жетісіктеріміз қандай?
- Негізінде, асыл дініміз жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Дініміз балаларымыздың иманды да инабатты, елі мен жерін сүйетін, ата-анасын құрметтейтін салиқалы ұрпақ етіп тәрбиеленуіне мән береді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да бұл істі назардан тыс қалдырған емес. атап айтқанда, балаларымызға имандылық тәрбие беру мақсатында мешіттер жанынан жылда жазғы сауат ашу курстарын ұйымдастырады. Ол жерде балаларымыз Құран әліппесін, дін негіздерін үйреніп, танымдық ойындар ойнап, жазғы демалысын қызықты да пайдалы өткізуге мүмкіндік алады.
Қазіргі таңда өскелен ұрпақ арасындағы имандылыққа, ізгілікке деген қызығушылықтарын байқаймыз. Әсіресе жылда өткізілетін Құран байқауларына жеткіншектердің көптеп қатысуы – осының айқын айғағы.
Әрине, қоғам болғаннан кейін кемшілік те жоқ емес, жастар арасында күнәлі жолға әуестерде баршылық екендігі белгілі. Соның қатарында ойынқұмарлық, ажырасу және жат ағым жетегінде кету секілді істерді атап өтуге болады.
Қиын жағдайға тап болғандар дін қызметкерлеріне келіп тығырықтан шығар жол іздеп жатады. Бұл да болса, қоғамды ізгілік пен туралыққа бастауда діннің алатын орны ерекше екендігін ұғындырады.
- Жат ағымдармен күресудің оңтайлы жолдары қандай?
- Қазақта «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. Кез келген күрес ең бірінші дерттің алдын алу шараларынан басталады. Адасушылықтың алдын алудын негізгі жолы – ағартушылық. Бұл бағыт бойынша ҚМДБ бар күшін салып жатыр десек, артық айтқан болмаймыз. Атап айтқанда, ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде жүргізіліп жатқан дәрістерде және уағыздарда бұл туралы айтылуда. ҚМДБ-ның төл басылымдары «Мұнара» газеті мен «Иман» журналында жат ағымдар жайында түрлі мақалалар жариялануда, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы дұрыс ақпараттар таратылуда, қарсы ақпараттық-насихаттық жұмыстары жүргізілуде. Онлайн форматта тұрақты түрде Муфтияттың ресми ақпарат көздері - Munara TV телеканалы мен Munara FM радиосы жұмыс істеп келеді.
Дегенмен, елімізде теріс ағым етегінен ұстап шатасып жүрген азаматтарымыз баршылық. Бұл азаматтармен кешенді және жүйелі түрде оңалту жұмысы жүргізіледі. Жат ағым құрбанына деструктивті жат идеологияны барынша мансұқтап, дәстүрлі исламның негіздерін санасына сіңдіру – дін қызметкерлерінен үлкен ыждаһаттылық талап етіледі.
- Қазақстандағы діни оқу орындарының білім беруіне көңіліңіз тола ма?
- 30 жыл ішінде діни білім беру саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізе алдық. Себебі, қазірі таңда Діни басқармаға қарасты 9 медресе-колледж және «Нұр-Мүбарак» университеті қызмет етуде. Дін саласында белгілі ұстаздар тобы қалыптасып үлгерді.
Сондай-ақ мешіттерде діни сауат курстары, дайындық курстары, құран жаттау орталықтары жұмыс жасауда.
Сонымен қатар діни білім алуға елімізде қандай да бір шектеу жоқ. Заңдық тұрғыдан да барлық мүмкіндік берілген. Қазақ жастарының шетелде емес, өз елімізде діни білім алу үшін барлық жағдайлар жасалуда.
- Діни фанатизм дегенді қалай түсінесіз?
- Фанатизм мен радикализм, мықты мемлекеттердің өзін тоқыратып, тұрақты дамуына кері әсер етіп, қоғамда алауыздық тудыра алатын қауіпті құбылыс. Фанатизмге бой алдырған адам, жанкештілік пен бірбеткейлікке салынып, ақиқаттылығына қарамастан ешкімнің көзқарасына құлақ салмай, соқыр сенімнің жетегінде кетеді. Асылында, ислам діні кез келген шектен шығушылыққа қарсы.
Біз дінді ұстанғанда тілімізді, тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді де ескеруіміз қажет.
- КСРО кезінде діни фактор мен тәуелсіздік кезіндегі діни фактордың айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
- Кеңес үкіметі кезінде барлық діндерді барынша тұмшалау саясаты жүрзілді. Ең қанды кезеңдер кеңес үкіметі құрылған сәттен бастап соғысқа дейінгі жылдарда өтті. Көптеген мешіт-медреселер қиратылып, діни тұлғалар құрбан болды. Діннің түп-тамырымен жою саясаты кейінгі ұрпақ санасында діннің толық жойылып кетуіне алып келді.әрине, ғасырлар бойы қанға сініп кеткен діннің құндылықтарын толық жойып жіберу – оңай іс емес. Аллаға шүкір, тәуелсіздігімізбен қайта қауышқаннан кейін халқымыз ұмыта жаздаған дініміздін нышандарын қайта қалпына келтіре бастады. Ендігі біздің мақсатымыз – жас ұрпақты дәстүрлі дініміз негізінде ізгі, салиқалы ұрпақ етіп тәрбиелеу.
- Қазақты бүкіл әлем жұртшылығы мұсылман деп таниды. Дәстүрлі қазақ исламы мен қазіргі қазақ исламы арасындағы ұқсастық, айырмашылық пен өзгешелік қалай?
- Негізінде қазіргі немесе бұрынғы ислам деп бөліп жару дұрыс емес. Ислам діні кез келген қоғамда және кез келген уақытта үйлесімді түрде өмір сүретін дін. Әрине заманнан артта қалмай, бүгінгі заманауи техника және технологияны үйреніп, тұрмысымызда қолданып, көштен кеш қалып кетпеу біз үшін өте маңызды.
- Діннің атын жамылып ұлттық құндылықтарымызға тіл тигізушілерге қатысты көзқарасыңыз қандай?
- Қазіргі таңда тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік деңгейде діни радикализмның үлкен мәселеге айналып отырғандығы белгілі. Дінді желеу еткен радикалды топтар көптеген мамыражай күйде өмір сүріп жатқан мемлекеттердің түбіне жетті. Еліміздің шекарасы бекем жабық болғанымен, ақпараттық кеңістіктің шекарасын бұғаттау оңай шаруа емес. Ұлттық құндылықтарымызды бидғат пен ширкке балап, «таза исламды» ұстану керек деп жүрген отандастарымыз да аз емес.
ҚМДБ жат идеологияларға шалдыққан бауырларымызбен жүйелі түрде жұмысын жүргізе береді. Өңірлердегі білімді де білікті мамандарымыз адасқан бауырларымызға асыл дініміздің дәстүрлі ұстанымдарын жеткізіп, елдің тыныштығы мен халықтың амандығы үшін қызмет етуді тоқтатпайды.
- Әңгімеңізге рахмет!
Abai.kz