"Біз өндірісті ашып қана қоймай, болашақта Қазақстанның өзі ұшқышсыз аппараттарды өз бетінше шығара алуы үшін тәжірибеміз бен технологиямызды берейік деп отырмыз" деді Эррол Оғыз.
2022 жылы мамырда түріктің мемлекеттік аэроғарыш компаниясы Türk Havacılık ve Uzay Sanayii (TUSAŞ) және "Қазақстан инжиниринг" компаниясы түріктің ANKA дрондарын Қазақстанда өндіруді қарастыратын әріптестік туралы меморандумға қол қойған. Құжат құрастыру линиясын ашып, "Қазақстан инжиниринг" компаниясына еншілес компаниясының базасында Anka дрондарына техникалық қызмет көрсетуді қарастырады.
Anka — 2013 жылы Türk Havacılık ve Uzay Sanayii компаниясының Түркия қарулы күштеріне арнап шығарған дрондар тобына жатады. Түркияның ресми Anadolu агенттігінің хабарлауынша, биыл жыл соңына дейін бұл дрондар кемінде төрт елдің күштік құрылымдарына тасымалданады.