«Жүрегім құс боп ұшып кетті бірге...»
Кеше қазақ әдебиеті тағы бір жампоз жыршысынан айырылды. Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы 73 жасында өмірден өтті.
Несіпбек Айтұлы 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында туған. 12 жасында ата-анасымен бірге атамекеніне оралды. Орта мектепті бұрынғы Семей облысына қарасты Баршатас ауылында оқыған.
Ақын еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастады.
1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітірді.
2001 жылдан бастап Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президент жанындағы Мәдениет орталығында қызмет істеді.
Соңғы қызметі – Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы музей директоры болып еңбек етті.
«Abai.kz» ақпараттық порталының ұжымы артына мол мұра қалдырған Несіпбек Айтұлының дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына, жалпы өлеңсүйер қауымға қайғырып көңіл айтады. Ақынның рухы шат болғай.
Қазақ поэзиясының өрісін кеңейтіп, өресін өсірген біртума ақынның өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
Өзімді таныстыру
Бауырында Барқытбелдің туған ұлмын,
Бесіктен белім шықпай мұң жамылдым.
Тіршілік көз алдымда жүз құбылды,
Жүніндей жалт-жұлт етіп қырғауылдың.
Жасырған жанарына жайдың оғын,
Сырына қанып өстім бұл дәуірдің.
Қаңбақтай жел аударған дөңгеледім,
Өтінде үдей соққан сұр дауылдың.
Бабамның басқан ізін қайталаумен,
Тау астым, тасты бастым, құмға кірдім.
Шарқ ұрып шартарапқа талпынғанмен,
Тартылып сым темірдей сында жүрдім.
Аңқылдап ақ тұмадай ақтарылдым,
Астынан кір іздесе тырнағымның.
Астында төс балғаның шыңдалдым да,
Алмастай жүзі қайтпас суғарылдым.
Осылай арпалысып аз ғұмырда,
Көріппін көрмегенін мың да бірдің.
Тон киіп, топты жарып, төрге шықсам,
Арқасы құдай берген тіл-жағымның.
Жүрегі туған елдің сәл ауырса,
Сырқырап сайсүйегім бірге ауырдым.
Діңгегі болмасам да тіреп тұрған,
Сеп болар бөренеге сырғауылмын...
Менің жұмбақ тағдырым
Ей, ағайын, кел бері, күдіктенбе,
Шырық бұзар емеспін бүлік пенде.
Ар жағыңды отырам көріп-біліп,
Бармағыңды бірақ та бүгіп келме.
Өзің ішер өзенің лайланар,
Тас лақтырсаң мендегі тұнық көлге.
Қарап жүріп қазандай өкпең неге?
Түсінбесең түңілме, кектенбе де.
Адасқам жоқ ел аман, жұрт тынышта,
Таласқам жоқ шенге де, шекпенге де.
Менің жұмбақ тағдырым секілді бір
Тұңғиықтың түбіне шөккен кеме.
Шаршап жеткен жолаушы ем қанша жолдан,
Қас-кірпігім көрінбей шаң-тозаңнан.
Атан тартқан азапты бота көріп,
Азып-тозып, арқа етім арсаланған.
Шөккен кемеге ұқсасам сөкпе мені,
Толқын ұрып бір кезде парша болғам.
Өткен күннің шығармай зарын естен,
Шетен едім жартасты жарып өскен.
Мұсылманнан безініп доңыз баққан,
Аулақ салдым іргемді жарыместен.
Кең аспанның астынан пана таппай,
Ары көшкен қазақпын, бері көшкен.
Тасқа табан тілдірдім жосылдырып,
Қараңғы сай, тар кезең шошындырып.
Шыр айналып шықсам да шартарапты,
Тонаса да қарақшы шешіндіріп,
Қасиетін халқымның тонатпадым,
Бесігімді арқалап босып жүріп.
Қаңғыдың деп жүктеме кінә маған,
Кезім аз ба болдырған, тұралаған?
Келеді әлі жалғасып қуғынсүргін,
Басталған сол «алқакөл-сұламадан».
Мен жыласам, солқылдап сен де жыла,
Көзің ақсын өзіңе жыламаған.
Жетісесің желігіп несіне сен,
Қазынаңды қолыңмен көсімесең.
Жуындыға майланып үлпершегің,
Шыбын саңғыр аузыңа есінесең.
Ит екеш ит таламас ұяласын,
Иттігіңді түсірші есіңе сен!
Сең көшуде бүгінде, сел көшуде,
Шыдаймысың дауылмен белдесуге?
Шілдей тозып, тарыдай бытырадық,
Жарай алмай өзара селбесуге.
Тату болсақ түп-түгел тұрмас па едік,
Толған айдай толықсып он бесінде.
Не жетпейді саған да, маған да осы?
Ортамызда атаның аман қосы.
Біздер қайда, ел қайда, басқа қайда,
Қайда тартып барады заман көші?
Қандасыңды қалайша жатырқайсың,
Қазақ тұр ғой,
Адамның адам досы!
Ашынғаннан зар жұтып, мұң шегемін,
Көлеңкелі көңілге нұр себемін.
Босағасын елімнің бекітетін,
Бірі болсам деп едім мың шегенің.
Сықпытыңды көрдім де секем алдым,
Осыншама дүрегей, дүмше ме едің?
Шынын айтсам, шамданып, екіленбе,
Сенен менің жанымның оты кем бе?
Алып қашып бөркімді әуре қылма,
Кібіртіктеп тұлпарым, шекігенге.
Тоным тозып, келсем де атым арып,
Жарық менің әйтеуір бетім елге.
Сыр
Бауырым, көп нәрсеге өкінем мен,
Бұл ағаң найзағайдың отын емген.
Қаратып екі жаққа екі бетін,
Бір тауды тағдыр шығар екі бөлген.
Амал жоқ бөлінгенді бүтіндеуге,
Бір басын қалың шүршіт түтіп жеуде.
Сөгілсе Тарбағатай жон-арқасы,
Менің де бел-омыртқам күтірлеуде.
Сол таудың сен де ұланы, мен де ұланы,
Әу, десек жақпар тасы жаңғырады.
Шертіп ең шерге толы шежіресін,
Шымырлап көкірегім қан жылады.
Сөйлеші тау тілінде, тас тілінде,
Аспанның күмбірлесін асты мүлде.
Барқытбел – бабаң жатқан алып бесік,
Бесіктің өксігенін естідің бе?
Уілдеп үлбіреген жан-жүрегім,
Мәңгілік сол бесікте қалды менің.
Жас буып жанарымды бара жатыр,
Бетін бұр басқа жаққа әңгіменің?..
* * *
Суынған жүрек сыр төкпес,
Сарқылған көздің жасындай.
Безерген тағдыр бүлк етпес,
Қайғының қара тасындай.
Ақыл мен айла шарасыз,
Шабыттан дауыл шақырмай.
Ақын да кейде панасыз,
Қаңғырып жүрген пақырдай.
Көрмесе жұртың не дейсің,
Көсеудей отқа күйгенмен?
Өмірге мынау өгейсің,
Өзегің талып сүйгенмен.
Азап пен сорды ал қабыл,
Ешкімге кетпес есесі.
Қолыңа тисе тәуба қыл,
Үміттің сынық кесесі.
Жұбаныш көрме жылауды,
Бұл жалған кімді жерітпес?
Көңілге түскен қырауды
Көзіңнің жасы ерітпес.
* * *
Келген соң тіршілікке өлмек керек,
Несіне жылайды олар желге өкпелеп?
Тіріде үміт қана үзілмейді,
Үзілмес Ұлы ғұмыр жер-көкте жоқ.
Жылайды жапырақтар күз келгенде,
Өкпелеп сабағынан үзген желге.
Мұнартқан, маусым сайын мың өзгеріп,
Сырғиды сағым дүние біздерден де.
Бұл өмір шығармайды күнде төрге.
Көзіне жас алмайды кім кетерде.
Маңдайға жазғаннан соң тағдыр солай,
Аптығып, әуре болма құр бекерге.
Қара өлең
Не ойладым, не жаздым,
Бетінде тұр қағаздың.
Қара өлеңнің сарқытын,
Сарқып ішкен сабазбын.
Мойындама, мойында,
Болсын сөзім ойыңда!
Қаным менің – қара өлең,
Ағып тұрған бойымда.
Қыбырлаған қозғалып,
Тіршілікке көз қанық.
Әкең өлген түк емес,
Атасы өлген – сөз ғаріп.
Қара өлеңсіз күн бар ма,
Қара өлеңсіз құн бар ма?
Қара өлеңге толғатқан,
Анам мені туғанда.
Әкем де осы – қара өлең,
Шешем де осы – қара өлең.
Қара өлеңім тұрғанда,
Қалай ғана мен өлем?!
Abai.kz