Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2834 24 пікір 18 Қазан, 2023 сағат 13:45

«Бір белдеу, бір жол» форумы: Қандай құжаттарға қол қойылды?

Кеше біз, Ақорда таратқан ақпаратқа сүйеніп, Мемлекет басшысының Қытайға ресми сапармен барғанын жазған едік. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлының кеше түске дейінгі кездесулері мен жүргізген келіссөздеріне қысқаша тоқталғанбыз.

Бүгін – Президенттің ҚХР-ға сапарының соңғы күні. Қасым-Жомарт Тоқаев кеше түстен кейін кімдермен кездесті, бүгін қандай шаруалап атқарып жатыр, соған тоқталайық.

Қазақстан Президенті кеше CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиннен соң, CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцайды қабылдады.

CRRC Corporation Limited корпорациясы – әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналады және әлемдік локомотив өндірісі нарығының шамамен 50 пайызы Қытай компаниясына тиесілі.

CRRC Сorporation Limited компаниясының басқарма төрағасы әрі атқарушы директоры Cунь Юнцаймен кездесу барысында машина жасау және теміржол транспорты салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бір белдеу, бір жол» форумы аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен СRRC арасында құны 1,3 миллиард доллар болатын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылатыны жайында баяндалды. Аталған құжат бойынша 200 маневрлік және магистральдық тепловоздар сатып алу, сондай-ақ Қазақстанда инжиниринг және сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу қарастырылған.

Президент еліміздің озық технологияларды қолдану және теміржол техникасына қызмет көрсету орталықтарын ашу арқылы локомотивтер өндірісінің жергілікті үлесін арттыруға мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі көлік-логистикалық хаб екенін айтып, сол арқылы CRRC компаниясының Еуразия кеңістігі мен Еуропа нарықтарына шыға алатынын жеткізді. Бұл ретте Мемлекет басшысы компанияның осы мақсаттарға 200 миллион доллар инвестиция құю ниетін құптады.

Өз кезегінде Сунь Юнцай Қазақстанның CRRC компаниясына көрсетіп жатқан қолдауы үшін ризашылығын білдірді.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапарының аясында қол қойылған құжаттар тізімі

Сапар шеңберінде жалпы құны 16,54 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық құжатқа, соның ішінде инвестициялық, сауда келісімдеріне, өндіріс технологиясын беру, кредит желісін ашу және тағы да басқа бағыттарды қамтитын келісімшарттарға қол қойылды.

ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ?

Мемлекет басшысының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Терефтал қышқылын/полиэтилентерефталат өндіру жобасының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен SINOPEC арасындағы келісім;
2. «CASPI BITUM» БК» ЖШС зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жобасын ілгерілету жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CITIC Group арасындағы өзара түсіністік туралы келісім;
3. «Қазпошта» АҚ мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
4. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен CRRC Corporation Limited арасындағы ынтымақтастық және CRRC Corporation Limited өнімдерін сатып алу туралы негіздемелік келісім (сауда келісімі);
5. Жер қойнауын пайдалану келісімшартының жарамдылық мерзімін ұзарту жөнінде ҚР Энергетика министрлігі мен China National Petroleum Corporation компаниясының екіжақты мәлімдемесі;
6. «Силлено» ЖШС-нің жарғылық капиталына қатысу үлесін сатып алу-сату туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, SINOPEC және «СИБУР» ЖШҚ арасындағы шарт.

Сонымен қатар Президенттің ҚХР-ға сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. «Самұрық-Қазына» АҚ, Сhina Power International Holding мен SANY Renewable Energy Co. Ltd арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
2. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Бейжің мұнай университеті арасындағы энергетика секторында индустрияны бірлесіп дамыту, ғылыми кадрларды даярлау және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу үшін «Бір белдеу, бір жол» қауымдастығын құру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;
3. «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» ЖШС мен Shenzhen Enterprise Confederation арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
4. «Самұрық-Энерго» АҚ мен Power China Resources Ltd. арасындағы жобаны бірлесіп әзірлеу жөніндегі келісім;
5. «Самұрық-Қазына» АҚ мен China Power International Holding арасындағы бірлескен әзірлеме туралы келісім;
6. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен China National Offshore Oil Corporation арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
7. «QazaqGaz»ҰК» АҚ мен Geo-Jade Petroleum Corporation арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
8. «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ мен Liangjiang Precision Control Electronic Technology (Chongqing) Co. Ltd арасындағы «Азаматтық мақсатта қолданылатын жарылғыш заттардың индустриялық паркі» жобасын іске асыруға ниет білдіру туралы келісім;
9. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ мен China Huadian Overseas Investment арасындағы инвестициялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім;
10. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Ляньюньган порты» компаниялар тобы» ЖШҚ арасындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім;
11. Astana Motors пен BYD Auto Industry Co Ltd. арасындағы энергияның жаңа көздерін пайдаланатын автомобильдерді тасымалдау туралы дистрибьюторлық келісім;
12. Astana Motors пен TELD New Energy Co Ltd. арасындағы дистрибьюторлық келісім;
13. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Бейжің шет тілдері университеті арасындағы академиялық алмасу жөнінде қосымша келісім;
14. «Самұрық-Қазына» АҚ мен GPC Investment LLP, Bank of China Limited (Tokyo Branch), JSC AB «Bank of China Kazakhstan», China Construction Bank (Asia) Corporation Limited арасындағы GPC Investment үшін кредит желісін ашу туралы кредиттік келісім;
15. «Самұрық-Қазына» АҚ мен SANY Renewable Energy Co. Ltd. арасындағы инвестиция жөніндегі алдын ала келісім;
16. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ мен China National Petroleum Corporation арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
17. «Қазақстан Республикасы Президентінiң Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы» РМК ШЖҚ, «Астана медицина университеті» КеАҚ мен BGI Group арасындағы ынтымақтастық және серіктестік туралы меморандум;
18. «Қазпошта» АҚ мен Sai Cheng International Logistics Co., Ltd. арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
19. «Primus Capital» ЖШС мен Sinoma Cement Co.Ltd арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
20. «Астана медицина университеті» КеАҚ мен Shanghai United Imaging Healthcare Co.Ltd арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
21. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Бейжің Тіл және мәдениет университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
22. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшартқа №7 қосымша;
23. «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ мен BGI Group арасындағы Qazaqstan Investment Corporation компаниясының Forebright Life Science Technology Fund қорына қатысуына байланысты негізгі шарттар;
24. «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен Petrochina International Co.Ltd. арасындағы табиғи газды сатып алу-сату шарты.

Содан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жай-күйі және оны дамыту перспективасы талқыланды.

Қазақстан Президенті Қытайдың қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен өте табысты келіссөз жүргізгенін атап өтті. Көпжақты қазақ-қытай қатынасын одан әрі нығайту үшін нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

«Сапарымның аясында бүгін Үкімет деңгейіндегі 9 құжатқа, екі елдің бизнес және басқа да құрылымдарымен 20-дан астам келісімге қол қойылды. Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында визасыз режимге және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға, сондай-ақ энергетика саласындағы өзара ықпалдастығымызға қатысты келісімдердің маңызы зор екенін атап өткім келеді», – деді Президент.

Ли Цян екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту тұрғысынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға жасаған сапарының маңыздылығына тоқталды

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, инвестиция, көлік және транзит, энергетика, мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, автокөлік құрастыру, жоғары технология, цифрландыру салаларындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Цян трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты жалғастыруға өзара бейілді екенін растады.

Мемлекет басшысы кеше Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен де кездесті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойғы достық пен өзара қолдаудың берік арқауына сүйене отырып, Қазақстан мен Қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында тұрақты нығайып келе жатқан үлгілі мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізін қалағанын атап өтті.

« Қазіргі таңда Қытайды Қазақстанның ең басты сауда серіктестерінің және біздің экономикамыздың ірі инвесторларының бірі деуге болады. Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын алдағы уақытта 40 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Жалпы Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымының жартысы Қазақстанға тиесілі», – деді Президент.

Чжао Лэцзи Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіре отырып, қазақ-қытай қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» форумының аясында бейресми жағдайда Индонезия Президенті Джоко Видодомен, Пәкістан Премьер-министрінің міндетін атқарушы Анвар-ул-Хак Какармен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен, Сербия Президенті Александр Вучичпен,
Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен жүздесті.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Қазақстан Президентінің Бейжіңге ресми сапарының екінші күні «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысудан басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қытайдың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі шешуші рөліне назар аударып, оны экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві ретінде атап өтті.

«Қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы қажетті халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Бұл жоба Қытайдың экономикалық қуатын, сондай-ақ оның жаһандық деңгейдегі жаңа белестерді бағындыруға ұмтылысын көрсетеді. Осыдан он жыл бұрын Сіз Қазақстанда алғаш рет «Бір белдеу, бір жол» ұзақмерзімді бастамасын ұсынып, оның басты қозғаушы күші болдыңыз. Мұның символдық мәні зор. Осы маңызды мерейтойды атап өте отырып, бүгінде Сіздің бастамаңыз өзінің қажеттілігін көрсетті және әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалып, жаһандық ауқымдағы үлкен жобаға айналды деп сенімді түрде айта аламыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы «Бір белдеу, бір жол» жобасының теңдессіз әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанына тоқталды.

Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр. Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған бастаманың елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға, тату көршілік қатынастарды, достық пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосатынына тоқталды

«Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы. Бұл – әділ баға», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жетістіктері жөнінде де айтты. Осы ретте, Президенттің пікірінше, Еуразия кіндігінде орналасқан еліміз, Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыра отырып, бастаманы іске асыруда ерекше рөл атқарады. Оның айтуынша, Қытаймен арада созылып жатқан ортақ шекарасы бар әрі аумағы үлкен құрлықішілік мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға барынша күш салып отыр.

«Бүгінде Қытайдан Еуропаға жасалатын жерүсті транзиттік тасымалдың 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Көлік-транзит саласының дамуына баса мән бере отырып, соңғы 15 жылда біз осы мақсаттарға 35 миллиард доллардан астам қаражат бөлдік. Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік магистралі, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салуға, Қытаймен шекарада үшінші теміржол өткізу пунктін ашуға, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарының құрылысына қатысты жоспарын ортаға салды. Бұл – Қазақстанның ірі экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасатынын анық көрсетеді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде аса ірі жобаның – Транскаспий халықаралық көлік бағытының ерекше рөліне назар аударды.

Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады. Осы ретте жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартуға және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетуге ықпал етеді.

«Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін Ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа жаһандық жоба саналатын «Цифрлық Жібек жолы» бастамасы аясындағы серіктестік мол мүмкіндіктерге жол ашады.

«Цифрлық және зияткерлік ықпалдастықтың жаңа моделін құру экономикамыздың инновациялық тұрғыда дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін. «Бір белдеу, бір жол» бастамасының жаңа онжылдығында Қазақстан ортақ табысқа жетуге жан-жақты атсалысуды жалғастырады. Құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сіздің дана басшылығыңызбен ҚХР түрлі халықтардың ортақ тарихи тағдыры тұжырымдамасы негізінде Қытайдың жаңа дәуірін қалыптасыруда одан әрі зор жетістіктерге жететініне сенімдімін», – деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Форумға Қытай Төрағасы Си Цзиньпинь, Ресей Президенті Владимир Путин, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Аргентина Президенті Альберто Фернандес, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйледі. Форумға 20-дан астам мемлекеттің басшылары және 130-дан аса ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5449