Ашық хат: Бүгін әрекет жасамасақ, ертең кеш болмақ!
ҚР Президенті Қ. Тоқаев мырзаға,
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М. С. Әшімбаев мырзаға,
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Е. Ж. Қошанов мырзаға,
ҚР Бас прокуроры Б. Асылов мырзаға!
Ашық хат
Елімізде діни-радикалдық бағыттар күш алып келеді. Соңғы кездері тіпті қарқынды түрде дамуда. Оған дәлел - ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық ерекшеліктерімізге айрықша шабуылдар жасалуда. Бұдан былай мемлекет тарапынан нақты шараларды қолға алмаса, мүлде кеш болатыны сөзсіз.
Оның үстіне, Өзбекстан мен Қырғызстан салафиттік-уаһабиттік жат идеологияға тыйым салуды қолға алды. Өзбекстан тіпті заң шығарып үлгерді. Егер біздің елімізде де мемлекет нақты заң қабылдамаса, көрші елдердегі теріс діни ағым өкілдері Қазақстанға қарай ағылады. Сондықтан, Мемлекет тарапынан заң қабылдау жөнінде шешім шыққаны көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.
Осы күндері туыстар, жастар, тіпті бір отбасы мүшелері дін мәселесімен бір-бірімен араздасып, бір дастархан басына отыра алмайтын жағдайға жетті. Бұл ұлтты бөлшектеу салдары ұлттық қауіпсіздікке де орасан зор нұсқан келтірмек.
Теріс діни ағымдар ислам діні атына кір келтіріп отырғанын да баса айтуымыз керек.
Алда қайта қаралатын заң жобаға ғалымдар, ұстаздар, ақын-жазушылар, журналисттер, өнер адамдары, жалпы қоғам белсенділері өзіңізге төмендегідей ұсыныстар жолдайды:
1. Қоғамдық орындарда ниқаб, паранжа (бетті толықтай бүркеп жауып) киіп жүруге тыйым салынсын;
2. Салафилік белгідегі мұртсыз сақал қоюшылар, қысқа балақтылар қатаң қадағалауға алынсын;
3. Мемлекеттік органдардың, сол мекемеге қарасты жартылай мемлекеттік ұйымдардың діни үгіт-насихатпен айналысуына тыйым салу қажет. Себебі, қандай бағыттың нақты дұрыс екенін білместен-ақ әрбір мекеме өздерінше насихаттық жұмыстар жүргізеді. Бұл заңға қайшы. Көңілі таза, ниеті дұрыс жас толқын өздері де сонысын түсінбей арандатушы топтардың қармағына топырлап түсіп жатыр. Діни ағымдардың мүддесін көксейтін мемлекеттік қызметкерлер бар болса, олар қызметтен кетуі тиіс.
4. Әлеуметтік желідегі әртүрлі діни ағымдардың ұлттық идеологияға қауіп төңдіретін үгіт-насихаттарына тоқтам жасау керек. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі теріс діни ағымдарға жасалған үгіт-насихаттар қатаң қадағалануы тиіс. Әлеуметтік желідегі уағыздар тексеруден өтуі қажет.
5. Әртүрлі діни ағымдарға сырт елдерден қолдау жасалып отыр. Олардың қаржы көздерін анықтап, шеттен қаржыландыру жолдарына тыйым салынуы керек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті батыл әрекет жасауын талап етеміз.
6. Соңғы 30 жылда ұлттық идеологияның орнын діни идеология басып, жастар өз тамырынан, өз тегінен, ұлттық болмысынан жеріп жатыр. Сол себепті ұлттық құндылықтарды дамытатын арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет. Соның аясында жүйелі, нақты жұмыстар жүргізілуі керек.
7. Елді дамытатын, көгертетін дін емес, ғылым мен білім. Ғылым мен білімге жастарды тартудың, қызықтырудың әдіс-тәсілдері зерделеніп, ғылым мен білім саласын насихаттайтын жобалар жүйелі іске асуы тиіс.
8. Бүгінде идеология саласы бос қалғандықтан, оның орнын әртүрлі діни ағым жетекшерлері, уағызшылар толтыруда. Блогерлер мен әншілер, уағызшылар жастар еліктейтін тұлғаларға айналып отыр. Соның орнын елді нақты дамытатын ғалымдар, тарихшы-этнографтар, кәсіпкерлер, жалпы еңбек адамдары басуы тиіс. Арнайы осы бағытта жобалар іске асырылып, барлық БАҚ ұйымдасқан түрде жұмылдырылуы керек.
9. Елімізде жыл сайын мешіттер қарқынды түрде салынып жатыр. Кей жағдайда бұл құрылыс жұмыстарына мемлекеттік қолдаудың да бар екені сезіледі. Бұдан әрі мешіттердің орнына балабақшалар мен мектептер, университеттер (жатақханалар) салынуы керек. Балабақша жетіспейді, кезекте тұрғандардың саны есепсіз. Мектепте балалар 2-3 ауысымда оқиды. Университеттердің жатақхана мәселесі де өте өзекті. Студенттердің тек 1 курста оқитындары ғана жатақханада жатуға мүмкіндігі бар. Былтырғы жылғы есеп бойынша Алматы қаласында сол 1 курс студенттерінің небәрі 40 пайызы жатақханамен қамтылған. Ал мешіттер аптасына бір күн ғана, оның өзінде сол жұма күнінің түс мезгілінде ғана пайдаланылады. Ал ғылым мен білім алуы тиіс жастар пәтерақысын төлеу үшін оқудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Толық білім алу үшін оларды толықтай жатақханамен қамтамасыз ету қажет. Кәсіпкерлерге осы бағыттағы құрылыс жұмыстарына ынталандыру керек. Мемлекет тарапынан қолдау қажет.
10. Мемлекеттік мекемелерде (М.Тазабеков бір кезде құқық қорғау органдарымен кездесу өткізді), университеттерде, мектептерде (әсіресе, спорт мектептерінде) дін өкілдерімен кездесулер өткізуге тыйым салынуы қажет. Олардың орнына тарихшы-этнографтармен, ғалымдармен, еңбек адамдарымен кездесулерді көбейткен дұрыс. Атаулы мекемелерде діни рәсімдер, діни іс-шаралар өтуіне де тыйым салынуы керек. Аш құрсақ студенттерге жатақханада ауыз ашар жасап беріп, уағызшылар өз әсіре діншілдік қақпандарына оп-оңай түсіреді. Бүгінге дейін осы жағдай қалыптасып отыр.
Әр ауылда екі мешіттен. Екеуі де бос қаңырап тұрады. Тек жұма күні түсте біреуіне ғана кісілер жиналады. Бірақ сол ауылдарда мәдениет ошақтары жоқ. Жол нашар. Қауіпсіз бассейн жоқ. Жыл сайын жазда балалар суға ағып кетіп, өзендерге батып кетіп жатыр.
11. Talim tv, Халық арна сияқты телеарналар жабылып, оның орнына ғылым мен білім туралы телеарналар көптеп ашылуы қажет. Мемлекеттік ақпарат құралдарындағы (Қазақстан, Қазақ радиосы сияқты ) діни бағдарламалар жабылып, орнын ғылым туралы жобалар басуы керек. Бұл бағдарламалар қазірдің өзінде заңға қайшы жұмыс істеп тұр. Мемлекет дінге қаражат салмауы керек. Дін уағыздары тек мешіт пен медреседе ғана айтылуын жіті қадағалау қажет.
12. Мешіттерге садақадан, зекеттен түсетін қаражаттарға ашықтық жүйе арқылы бақылау орнатылуы қажет. Себебі, елдің қаражаты қандай да бір террористік ұйымдарды, радикалдық топтарды қаржыландыруға жұмсалуы әбден мүмкін. Халықтың да мешітке беріп жатқан өз қаражаттарының қалай жұмсалып жатқанын көріп-біліп отыруға толықтай құқығы бар.
13. Спорт саласындағы салафиттерді анықтап, қатаң бақылауға алу керек. Спорттағы салафиттер дайындықтан өткен «халифат әскерлері» екенін жақсы түсінуіміз керек. Спорт саласындағы әсіре діншілдікті тоқтату үшін жас спортшыларға ұлттық құндылықтар дәнін егу керек. Және қоғамдық спорт түрлерін дамытып, ауылдарда спорт кешендерін көптеп салуды қолға алуымыз тиіс.
14. Түрмедегі салафизмнің дамуына тоқтау салынуы тиіс. Абақтыда тәрбие құралы ретінде ұлттық құндылықтар негізге алынғаны жөн. Түрмедегі салафиттік ағым өкілдері де дап-дайын «халифаат әскерлері» екенін бір сәт те естен шығармау керек. Бұл ұлттық қауіпсіздікке төніп тұрған үлкен қауіп. Осы күні түрмедегі намазхандар абақтыға қамалған педофилдер мен қыз зорлаушыларды қорғауларына алып, қамқорлық жасайтындықтары да ашық айтыла бастады.
15. Әскерилер арасында да әсіре діншілдердің пайда болғаны жайлы ақпараттар тарап жүр. Полиция, кеден қызметкерлері, жалпы құқық қорғау саласы бойынша мамандардың, әскерилердің арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, қатаң тыйым салып, қадағалау керек. Оның орнына, ұлттық тарих пен салт-дәстүрі, батырлар жырларын оқытып, олардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дамытуға көңіл бөлінуі тиіс.
16. Діни кітаптар қайта сүзгіден өтіп, зерттеліп, сарапталып қана ұсынылуы керек. Радикалдық идеялар тарап жүрген кез келген кітап кітап дүкендеріндегі сатылымы тоқтатылып, кітапханалардан да жойылуы керек.
17. Оң мен солын танымайтын, 18 жасқа толмаған жастардың мешітке баруына қатаң тыйым салынуы керек. Мектеп жасындағы балалар мектептегі білімді бірінші орынға қоюы керек. Тиісінше медреселерге шәкірттерді мектеп бағдарламасын оқып шыққаннан соң ғана қабылдайтын жаңа жүйе қажет. Себебі, медреседе дінге баса назар аударылып, адамға қажетті жалпы білім дұрыс оқылмай қалады. Сондықтан, молдалар санаға сыймайтын, қисынсыз уағыздар айтады.
18. Имамдардың білім деңгейін әр кез көтеріп отыру қажет. Оларға отандық тарих, салт-дәстүр, фольклор және тағы басқа ұлттық құндылықтар оқытылуы керек. Жаратылыстану ғылымдары бойынша да курстардан өтіп, сауаттылықтарын арттыру қажет.
19. Әйелдердің құқтық мәртебесін көтеру. «Талақ» ұғымы бойынша әйелдердің әлеуметтік құқықтары тапталуда. Олардың тізімі жасалып, денсаулығы тексерелуі керек. Мемлекет ем-дом және психологиялық көмек көрсетуі қажет. «Талақ» айтып қыздарды тастап кететін ер-азаматтарға қолданылатын жаза күшейтілуі тиіс. Мешіттегі некелер тек мемлекет беретін неке куәлігі арқылы ғана қатаң жүргізілгені жөн. Талақ ету салдарынан зардаб шеккен аналардың балаларға да қолдау жасалуы керек.
Балаларына психологиялық көмек көрсету
20. Елімізде қалыптасып отырған діни ахуалдың жағдайы өте күрделі. Сол себепті Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрамындағы Дін істері комитетін бөліп алып, жеке-дара дербес Дін істері агенттігін құру күн тәртібінде тұр. Бүгінде дін істері комитетіндегі қызметкерлердің зайырлы ұстанымдарына да күмәнмен қараушылар да кездеседі. Дін істері агенттігінде білікті әрі мінезді басшы және заңға сай зайырлылық ұстанымды ту ететін мамандар қызмет етуі тиіс. Ол жерде қандай да бір ағымдардың мүшелерінің кіріп кетіп, өз мүдделерін жүзеге асыруына мүмкіндік берілмеуі тиіс. Осы жерде зерттеулер, сараптамалар, жобалар әзірленіп, оқыту жұмыстары жүргізілуі керек. Әлбетте, мұндағы мамандар жоғары деңгейдегі дайындықтан өткізіліп, үнемі сұрыпталып, аймақтағы әкімдіктерге басқарма басшылығына ұсынылып отыруы тиіс.
Қорыта келе, Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөзін есімізге алғымыз келеді. Бұл сөздің астарында ұлттық тәрбиені ұлықтау керектігі туралы үлкен мән бар. Балабақшадан бастап ұлттық құндылықтарды, ғылым мен білімді насихаттап, жаст толқынның бойына сіңіретін ауқымды жобалар, іргелі жұмыстар жүргізілуі керек.
Ел болашағы үшін бүгін әрекет жасамасақ, ертең мүлде кеш болмақ.
Қол қоюшылар:
Досмұхамед Кішібеков, ҰҒА академигі,
Оразалы Сәбден, Қазақстан ғылымдар одағының Президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик,
Ермұрат Бапи, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, журналист, қоғам белсендісі,
Қазыбек Иса, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, ақын,
Ринат Зайытов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын,
Самат Нұртаза, ҚР ҚР Парламент мәжілісінің депутаты,
Баян Рақышев, ҰҒА академигі,
Ясин Ұзақов, Кеңес Одағының еңбек сіңірген өнертапқышы, академик, т.ғ.д., профессор,
Хангелді Әбжанов, ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор,
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері,
Бағдат Мүптекеқызы, этнограф, «Қыран» бүркітшілер федерациясының атқарушы директоры,
Төлеген Бүкіров, т.ғ.к., ҚР Құрметті металлургі, Қарағанды облысы және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы,
Бабақұмар Қинаятұлы, этнораф, тарих ғылымының кандидаты,
Әбдірашит Бәкірұлы, этнограф, философ,
Бердалы Оспан, этнограф, мәдениеттанушы, музыкант,
Мұхтар Тайжан, саясаткер, экономист,
Сұлтан-Хан Аққұлы, алаштанушы, әлихантанушы-ғалым, халықаралық журналист, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры,
Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер, мотиватор,
Ерлан Төлеутай, өнертанушы, әнші-композитор,
Ерзат Кәрібай, биолог, тарихшы,
Алмас Мұстафа, қолөнер шебері, суретші, «Дала сазы» шеберлер орталығының директоры,
Құсмиля Нұрқасым, әдебиетші, мемлекет қайраткері,
Жанұзақ Әкім, экономист, қоғам белсендісі,
Ерболат Баят, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, PhD доктор, ақын, жазушы, әдебиеттанушы, фольклортанушы,
Аманқос Мектептегі, түріктаншы, филология ғылымының кандидаты,
Тәттігүл Қартаева, этнораф, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
Тәуке Алтынбеков, техника ғылымының докторы,
Айгүл Орынбек, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, құқыққорғаушы, заңгер,
Орынбасар Жәнібеков, қоғам қайраткері,
Рамазан Құрманбаев, Ашаршылық құрбандары қауымдастығының төрағасы,
Еркін Рақышев, режиссер, қоғам белсендісі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты,
Жұмаш Кенебай, қоғам қайраткері, ақын, публицист,
Нұрлыбек Қуаңбаев, «Желтоқсан қоғамы» ұйымының төрағасы,
Мұратхан Шоқан, ақын, «Тұлға-Достық» қоғамдық қорының төрағасы,
Шынқуат Байжанов, заңгер,
Рустем Ашетаев, қоғам белсендісі,
Қуаныш Оспан, ақын, Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры,
Абылайхан Әшімхан, ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,
Аян Қажыбай, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының профессор-ассистенті, ф.ғ.к.,
Бауыржан Рамазан, «Жебе» қоғамдық қорының мүшесі,
Сержан Еріков, блогер, видеооператор, монажер, «S-studio» студиясының негізін қалаушы,
Нұрислам Әбділ, театртанушы, Ақмола облыстық Ш. Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі,
Берік Атаев, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, магистр,
Талапкер Уәлиев, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы,
Кәкім Хасамбай, актер, режиссер, ұстаз,
Мерген Тоқсанбай, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры, «Рух-Алдаспан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ақмола облыстық мәдениет басқармасының сарапшысы,
Марғұлан Ермағанбетұлы, қоғам белсендісі, BasQaru қорының директоры,
Думан Рамазан, жазушы, драматург, «Абылайханның арманы», «Жошы» драмаларының авторы,
Әлихан Жақсылық, жазушы-драматург,
Өмір Шыныбекұлы, педагог, Ы. Алтынсарин төсбелгісінің иегері,
Айман Сағидолла, ұстаз, қоғам белсендісі,
Серік Мәлиев, журналист, «Алтын Орда» порталының директоры,
Айбар Олжай, PR маманы,
Амангелді Кеңшілікұлы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Бақыт Беделхан, ақын,
Өміржан Әбдіхалық, жазушы, «Араша» интернет порталының жетекшісі,
Қанат Әбілқайыр, жазушы,
Арман Әубәкір, журналист, «Адырна» ҰЭБ қоғамдық қорының Президенті,
Жұмат Құнанбай, Президент күзет қызметінің ардагері, Ауған соғысының ардагері,
Тұрарбек Құсайынұлы, дін зерттеушісі, құқыққорғаушы,
Бейбіт Молдахметұлы, «Social project management» орталығының дирекоры,
Бұғыбек Сандуов, суретші-дизайнер, Ауған соғысының ардагері,
Дүйсен Мағлұмов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист, жазушы,
Серік Сәрсекеев, «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің «Астана» филиалының төрағасы, медицина ғылымының кандидаты,
Толқындат Төлешов, запастағы полковник, Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушысы,
Нұрсәуле Толқын, ақын, сценарист,
Нұргелді Әбдіғаниұлы, журналист, Халықаралық ТҮРКСОЙ сыйлығының иегері,
Асхат Қасенғали, саясаттанушы,
Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтер, ҚР Еңбек сіңірген әртістері,
Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы, драматург, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,
Қайырбек Кемеңгер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к.,
Оралбек Өтеғұлов, саясаттанушы,
Қанат Жүніс, әнші, актер, ақын, драматург.
Abai.kz