Мұхтар Шерім. Енді соғыс болмайды!
Енді қазіргідей алыс аралық ракетамен атқылау, «ядролық бомба тастай саламыз!» – деген қорқыту мүлде болмайтын болды!
Біріккен ұлттар ұйымы осындай шешім шығарды. Оны орындамағандарға дүниежүзі елдері өре түрегеліп: – Қатын екенсің! – деп қарғайтын болған соң, жақында ғана бір-бірімен қырғын соғысып жатқан Хамас пен Израиль әскерлері айдалаға жиналып, баяғы заман соғысындағы тәсілмен қатар-қатар тұра қалысты.
– Алға! Палестинаны қоршауға аламыз! Хамастың күлін көкке ұшырамыз! Жасасын, еврейлер! – деп ұрандатты Израиль әскерінің қолбасшысы банан жеп тұрып.
– Біз де қарап қалмаймыз! Мұсылмандар елі жасасын! – деді Хамастың қолбасшысы балмұздақтан жалап қойып.
Соғыстың жаңа ережесі бойынша, әскерлер бір-біріне тұра ұмтылып, тек иықтарымен соғысты. Кім күшті, кім иықты, кім еңгезердей, соның тегеуірініне шыдамаған жауынгерлер қалпақтай ұшып жатты. Оқ атылған жоқ, қан төгілген жоқ, Аналар жесір қалмады, балалар жетім қалмады! Екі жақ тең түскен соң, түс қайта екі жақтың «мен» деген еркектері жаппай қол күрестен бақ сынасты. Соңында екі жақ ауыр артиллериямен атысты. Бірақ, ракеталар жарылғанда, айналаға тек торт шашырады. Жата қалып жейсіз бе, жалайсыз ба, еркіңіз білсін! Газа секторындағы бейкүнә сәбилер анасын іздеп, жылаған жоқ. Аналар соғысқа лағнет айтып, шаштарын жұлған жоқ... Жазықсыз халық қырылған жоқ!
Ресей мен Украина соғысы да осы тәсілге көшісті. Олар қырып-жоятын қаруларын металломға өткізіп, бірін-бірі таяқпен ұрып қуалап, таспен атқылап, піскен жұмыртқа лақтырысып, бұқалар сияқты сүзісіп дегендей... Халал соғыс болды... Зеленский мен Путин бір-бірін кәртөшкемен атқыласып жүр. Мен сенемін, енді жер жыламайды. Жетім балалар нан сұрамайды, аналар жылап, құламайды... Жер - Ана демалады...
Abai.kz