Дәліз құру жөнінде келісімге Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің көлік форумы нәтижесінде қол қойылған.
Ақпаратқа қарағанда, үш елдің өкілдері "Ресей — Каспий теңізі — Түркіменстан — Өзбекстан — Қырғызстан" халықаралық мультимодальдық дәлізін құру және дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған.
Көлік дәлізінің құрылуына Қазақстан шекарасы арқылы жүк өткізу кезіндегі қиындықтарға жиі шағымданып жүрген Қырғызстан мүдделі. Бішкек шекарада кедергілерді Қазақстан жағының өзі қолдан жасайды деп санайды. Олардың айтуынша, шекарадағы ұзын-сонар кезек Қырғызстан саудагерлерін көп шығынға ұшыратып жатыр.
"Оңтүстік дәліз" деп аталатын жаңа бағыт Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Каспий теңізі арқылы Еуропа мен Ресейге шығуға мүмкіндік береді. Бұл тұста Түркіменстандағы "Түркіменбашы" теңіз портының маңызы артады. Сол арқылы тауарлар Әзербайжан, Грузия, Түркия онан әрі қарай Еуропаға жол артады. Ресей бойынша, Махачкала және Астрахань қалалары балама бола алады.
Фото: ашық дереккөзден
Abai.kz