Орта Азияға талас: Осы аптада елімізге Путин мен Дональд Лу келмек.
Осы аптада елімізге Ресейдің Президенті Владимир Путин мен АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу келеді. Бұл туралы ақпарат БАҚ беттерінде пайда болысымен-ақ тәбәріктей тарап, ду-ду талқыланып жатыр.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін әлемнің назары Орта Азияға ауды. Өйткені Батыс мемлекеттері мұнай мен газды негізінен Ресейден алатын, бірақ былтырдан бастап түстіктегі көршімізге бірқатар санкция салынды. Соның нәтижесінде АҚШ пен Батыс Ресей мұнайы мен газына балама ретінде пайдалы қазбаларға бай Орта Азияны көздеп отырғаны жасырын емес. Бұл ретте Путиннің Орта Азиядағы басты ойыншы – Қазақстанды «қызғанатыны» айтпаса да түсінікті. Себебі Ресей Қазақстанға белгілі бір дәрежеде кіріптар болып қалды, сондай-ақ еліміздің мұнайы Ресейдің мұнайын алмастыруға әлеуетті.
Сондықтан да Ресей елшілігі Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтау хатында: «Құрметті қазақстандық достар, Республика күні құтты болсын! Ресей үшін Қазақстан тек көрші немесе сауда-экономикалық алмасуларға қатысушы мемлекет қана емес. Қазақстан – сенімді одақтас және интеграциялық серіктес. Оның егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын Ресей қолдайды және қажет болған жағдайда қорғауға, көмектесуге дайын», – деп жазған еді.
Осы құттықтаудағы «Қазақстанды қорғау» емеуріні кімге қаратып айтылды? Жауабы беп-белгілі: АҚШ пен Батыс.
Айтпақшы, Орта Азияны өзіне қаратуға тағы бір мүдделі ел бар. Ол – Қытай.
Былтырғы қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті. Сол кездесу барысында Си Цзиньпин: «Қытай үкіметі Қазақстанмен қарым-қатынасқа зор көңіл бөлетініне тағы да сендіргім келеді. Халықаралық конъюнктура қаншалықты өзгерсе де, біз Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғауда батыл қадам жасаймыз, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету бойынша Сіз жүргізіп жатқан реформаларды берік қолдаймыз, еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсымыз», – деді.
Си Цзиньпиннің емешегі үзіліп, Қазақстанды қорғамақ болуының сыры неде? Жауап сол бәз-баяғы: еліміздің табиғи байлық қоры мол, жері үлкен және географиялық тұрғыдан стратегиялық маңызды нүктелердің бірі саналады.
Қазақстанның «құтқарушы періштесі» атанғысы келетін тағы бір мемлекет бар. Ол – Түркия.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей мен Қытай өкілдеріне ұқсас мәлімдемені былтыр екі рет жасады. Біріншісін наурыз айында айтса, екіншісін мамыр айында айтты. Ол да «...Біз қазақстандық бауырларымыздың тұрақтылығы, тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алуға дайын екенімізді тағы да атап өтемін», – деді.
Сол Ердоған өткен аптада Астанаға келді. Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммитіне қатысты.
Мамыр айының орта шенінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапармен барды.
Осы айдың басында Қазақстанға Франция президенті Эмманюэль Макрон ат басын тіреді.
Міне, енді бір-бірінің «қас жауына» айналған екі елдің өкілі – Путин мен Дональд Лу келмек. Орта Азияға талас Қазақстанға тек пайдалы болмақ. Әрине, дұрыс таңдау жасай алсақ қана...
Abai.kz