Мырзан Кенжебай. Қазақстандық орыс баласына қазақша қажет емес (пе?)
Адам-пенде қызық қой! Соның ішінде өз-өзінен өтірік айтып, оны неге айтып отырғанын өзі де білмей, сол өз өтірігіне өзі иланып, содан арабша айтқа анда «кәйф» ұстап балмағыз бір рахат сезімге бөленетін адамдар болады. Осы күні кейбір қазақтар «2020 жылы қазақстандықтардың 90 %-ы қазақша сөйлейтін болады» деп күпсініп отырғанын естігенде тап әлгі «кәйфкер» қазақ есіме түсе кетеді. Оған неге сенгің келмейді дейсіз ғой?! Иә, өз басым оған 99,9% сенбейтінімді Қазақстандағы қай «Құдайдың» болсада қарсы алдында қасқайып тұрып айта аламын. Өйткені...
Адам-пенде қызық қой! Соның ішінде өз-өзінен өтірік айтып, оны неге айтып отырғанын өзі де білмей, сол өз өтірігіне өзі иланып, содан арабша айтқа анда «кәйф» ұстап балмағыз бір рахат сезімге бөленетін адамдар болады. Осы күні кейбір қазақтар «2020 жылы қазақстандықтардың 90 %-ы қазақша сөйлейтін болады» деп күпсініп отырғанын естігенде тап әлгі «кәйфкер» қазақ есіме түсе кетеді. Оған неге сенгің келмейді дейсіз ғой?! Иә, өз басым оған 99,9% сенбейтінімді Қазақстандағы қай «Құдайдың» болсада қарсы алдында қасқайып тұрып айта аламын. Өйткені...
Иә, өйткені айтылған сөз болсын, берілген уағда болсын, оны жүзеге асырудың алдын-ала белгіленген жоспары, тиісті шаралары белгіленіп, ол соларды атқарушы адамдарға жүктеледі, міндеттеледі, тапсырма беріледі, оларды бастау, тәмамдау мәулеттері яғни, мерзімі белгіленеді. Бізде әлгі 90% қазақша сөйлеуге қатысты бұлардың бірде-бірі жоқ! Қазақ тілінің мемлекеттік мекемелердегі, мектептердегі қадір-қасиеті, алар орны осыдан 21 жыл бұрын, қандай болса, бүгінгі шыққан «биігі де», алар орны да әлі де сол күйінде. Ол әлгі мемлекеттік мекемелерде де, бүкіл министрліктерде де, мектептерде де, телеарналарда да сол күйінен төмендемесе, жоғарылаған жоқ деп батыл айтуға әр қазақтың хақы бар. Жоғарыламақ түгіл, қазақ тілінің Қазақстанда оншалықты қажет емес екенін Колбиннен естелікке қалған қостілділік аз болғандай, енді үштұғырлы тілді енгізіп, жас сәбидің миын атала қылудың өзі-ақ дәлелдеп берді. Бұл–қазақтың жас ұрпағын мәңгүрттендірудің, ең оңай, ең арамза тәсілі. Өйткені, жастайынан үш тілде сөйлеген сәби ешқашан ең әуелі өз ұлтын сүйетін, өз ұлты үшін жанын беруге дайын, таза өз ұлтының азаматы болып шықпайды. Ол боламын десе де бола алмайды. Үш тіл түгіл кеңес заманында тәрбиеленген қостілділердің көбі, орысша өлең жазып атақты ақын атанғандардың қазақ тілі, қазақы тәрбие, қазақы салт-дәстүр мәселесіне келгенде не сабындай бұзылып, не қазаққа қарсы жаққа тайқып шыға келіп, соларға қосыла шапқанын да көріп жүрміз. Ел байлығын қалтасына басып, шет елге қашып кеткендер түгел дерлік орыс мектебінде оқығандар. Сөйте тұра, сондай космополиттер мен нигилистерді, санасы самсоз мәңгүрттерді ұлтымыздың бетке ұстары ретінде жер-көкке сыйғызбай мақтайтындар әлі де бар. Ал бүгін ше?
Ресейден азаттық алған Қазақстанның орыс мектептеріндегі қазақ тілінің жағдайы ше? Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту дұрыс жолға қойылған ба? Қазақ мектептерінде қазақ балалардың орыс тілін үйренуіне қандай талап қойылса, орыс мектептерінде орыс балаларының қазақша үйренуіне сондай талап қойыла ма? Бұл туралы бір ауыз лебіз айтылмайды.
Енді осы мәселеге тоқталайықшы. Қазақ мектептерінде қазақ тілі пәні аптасына 3 рет оқытылса, орыс тілі де дәл солай 3 рет оқытылады. Бұл болашақта қазақ тілі өзінің мемлекеттік деңгейдегі биігіне көтерілетініне зор күмән туғызады. Өйткені, мемлекетті басқарудың ең басты құралы полиция да, әскер де емес – тіл. Мемлекет ең әуелі мемлекеттік тіл арқылы басқарылады. Бір тақта екі президент немесе екі хан отырмауға тиісті екені рас болса, тіл де солай. Ресейде 130 емес, 400 ұлт тұрып жатса да мемлекеттік тіл –орыс тілі. Орысша білмесең – аула сыпырушылыққа да алмайды. Әшейінде, орыс не істесе соны істейтін қазақбасылары орыстың осы ұлтшылдығын Қазақстанда неге қайталамайды? Келешекте қазақстандықтардың 90%-ы қазақша сөйлейді, іс қағаздары қазақшаға көшіріледі дегеннің бәрі қып-қызыл өтірік емес, қазақты алдап қою емес болса, мемлекеттік тіл тағында әлдеқашан қазақ тілі ғана отыруы керек еді. Олай істеуге орыстардан немесе Ресейден қорқатындар Қазақстан халқының 80 пайызы қазақ, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, татар, қырғыз деп аталатын түркі тілділер екенін алға тартуына әбден болады. Ал бұлардың бәрі қазақша біледі, бір-бірімен емін-еркін сөйлеседі, сөйлешеді, гәплашады. Сондықтанда бірде-бір не ұйғыр, не өзбек, не түрік, не әзірбайжан, не дұңған, тіпті, немістер де қазақ тілі өз тағына отыруына қарсы емес. Қарсы шығатындар тек орыстардан шығуда. Әзіл ретінде де, шындық ретінде де өз басым өзімнің мына бір сөзімді үстелімнің үстіне жазып қойдым: қазақ тілінеорыстыңбәріқарсыемес, біраққарсылардыңбәрітек – орыстарғана! Ендеше, қазақ жерінің дәм-тұзын татып, ас-суын ішіп, өзге байлықтарын қазақ қасқаның өзінен артық болмаса, кем пайдаланбай отырса да оны місе тұтпайтын және баяғы «ұлы орыстық», шовинистік ауруынан арылмаған аз ғана топтың қас-қабағына қарап, мектептерімізде орыс тіліне қазақ тілімен бірдей сағат беріп қоятындай бізге не көрінді? Әлде ертең балаларымыз орысша араластырып сөйлемейтін болса, өз мемлекетін басқара алмай қалады ма? Бұл қазақ мектептеріндегі қазақ балаларының миына артылған қосымша жүк қой! Бұл бір.
Екіншіден, қазақ мектебіндегі балалар орыс тілінен мазмұндама, шығарма жазады. Егер ең үздік оқитын қазақ баласы орысша осындай жазба жұмыстарынан 3 немесе 4-тік баға алып, тоқсандық не жылдық қорытындыда 4-ке шықса, ол қазақ сәбиі үздік оқушы болып есептелмейді. Бұл қазақ ұрпағын қорлау, қазақ ұрпағының келешегіне ор қазу емес дей аласыз ба? Дей алмайсыз!
Осының бәрі аз болғандай қазақ сәбиі орысша жауап беріп тұрып, екпінді (оны ударение деуі керек!) дұрыс түсірмесе де, мысалы «Расс-и-и-я» демей, «Р-о-о-ссия» деп екпінді «о»-ға, «т-о-о-поль» демей «топ-о-о-ль» деп, «л-е-е-е-бедь» демей, «леб-е-едь» деп екпінді екінші «е»-ге түсірсе, орысша «тазасөйлейтін данышпан» балаларға күлкі болады да, мұғалімі оған – 3 қойып: «Садись, минус три» дейді. Бұл да қазақ баласын жастайынан орыстың алдында кібіртек, кіріптар, жасқаншақ етіп, үлкейгесін өзін орыстан төмен сезіндірудің мықты құралы. Міне, осы жағдаяттың, яғни тілінің үстемдігінің арқасында әлгі орыс баласы өскесін де өзін қазақтан жоғары ұстайтын болады. Бұл қазақты баяғы құлмінез қалпында ұстаудың ең оңай жолы. Ал құлмінезұрпақ, құлмінезхалықнағызазаттық, нағыз бостандық, нағыз тәуелсіздік дегеннің не екенін, қандай болатынын білмейді, оған тереңірек бойлап, ойлануға да қабілетсіз болады. Ал нағыз тәуелсіздікті, нағыз азаттықты білмейтін ұлт тойқұмар, ойын-сауықшыл, ата-бабасында болмаған, «туған күн» дегенді жыл сайын атаусыз қалдырмайтын, ішкен-жегеніне, қарны тоқтығына, үстінде біркиер таза киімі болғанына мәз, мәңгүрт ұлт болып қала береді.
Әлгінде қазақ баласы орыстың бір сөзін дұрыс айтпаса өзі күлкі, алатын бағасы төмен болатынын айттық. Өйткені, қазақтардың ішінде күні кешеге дейін «орысша акцентсіз» сөйлеуіктер ғана ең данышпан, ең білімді, ең ақылды болып есептеліп, ең алдымен атқа мінетіндер де, атақ-даңқтылар да солар болып есептеліп келді. Сол үрдіс Қазақстанда әлі сол күйінде! Қазақ мектебінде кейбір қазақ баласы орысша «акцентпен» сөйлесе, орыс баласы қазақша акцентпен де сөйлемейді, қазақша мүлде сөйлегісі де келмейді. Өйткені, орыс мектебінде оларға қазақ мектебіндегі балаларға орысша білуге қойылғандай талап қойылмайды. Керек болса, қазақ тілі сағатында орыс балалары мектеп ауласында доп теуіп, білген боғауызын сықпыртып асыр-салып ойнап жүреді. Өйткені, олар күні ертең мектеп бітірерде қазақ тілінен «қақпаса» да аттестат алып, қазақшасыз-ақ кез-келген ЖОО-ға түсетініне Христосқа сенгендей сенеді. Өйткені, олар сол ЖОО-ны бітіргесін де қазақтың дәм-тұзын татып отырып та қазақтың «нан», «тұз» деген сөзін, аңқасы кеуіп өлім аузында жатса да «су» деген сөзін айтпай-ақ Қазақстанда «можно жить как в раю» екенін кішкентайынан, сонау балабақшада жүріп-ақ әбден біліп алған. Ол солай тәрбиеленген. Осы жерде айтпасқа болмайтын бір жәйт бар. Әлде орысқа қарағанда оқу-білімге алғыр ма, әлде қазаққа деген құрметшілдігі, орыстан гөрі мәдениеттілігі ме, ол жағын біз білмейміз, әйтеуір Қазақстанда тұратын немістер қазақшаға судай не әп-сәтте қазақша үйреніп алады. Орыс мектебінде оқитын неміс балаларының қазақша сайрап тұрғанын талай көрдік. Ал орыс балалары неге ондай емес? Орыс мектептерінде қазақ тілін үйренуге неге қатаң талап қойылмайды? Ал қазақ мектебіндегі қазақ сәбилерінің орысша сөйлеуіне, орысша «акцентсіз сөйлеуіне» неліктен сонша жоғары талап қойылады? Бұның аржағында қандай құпия жатыр, ол құпия неге ашып айтылмайды? Бұл –қазақтар дәл бүгін ойланып, талдап, қазақтар шешім шығаратын жағдаят. Біле білген адамға бұл – қазақ ұлтына жасалып отырған қиянат, қазаққа қарсы жасалып отырған қылмыс! Енді осының бәрі аз болғандай қазақ шонжарлары қазақ сәбилеріне балабақшадан бастап ағылшын тілін үйретуді міндеттеді. Бұл қастандықты кім ойлап тапқанын, кім ұсыныс жасағанын біз білмейміз. Бірақ бір ұлтты, яғни,
Қазақ ұлтын жойып жіберу үшін осы қостілділік, үштілділік дегеннің өзі-ақ мол жетеді. Бір ұлтты жер бетінен ешқандай қару-жарақсыз жоқ қып жіберу үшін қостілділік дегенді енгізу-ақ жететінін Дэвид Кристал деген ағылшын ғалымы «Тіл ажалы» деген кітабында айтқан. Ал ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері:
Қашанда тілі екеудің-діні екеу
Байқамай, жоқ қып алма дініңді адам!–деген екен.
Иә, бүгінде Қазақстан шонжарлары дүниежүзілік лингвистикада жоқ, адам баласы естіп көрмеген «үш тұғырлы тіл» дегенді ойлап тапты. Қазір «көп тіл білу пайдалы» деген сайқали сөз қазақтардың миына сыналап, білдірмей енгізілуде. Соған сенген аңқау қазақтар мен еліктегіш қазақтар балаларын шет тілдерін оқытуға беріп жатыр. Тіпті, «біз– қазақтар, әрқайсымыз осылай көп тіл білу арқылы алдағы уақытта дүниежүзін басқаратын боламыз» деген ең есуастық, ең ақымақтық сөздер ара-тұра айтылып қалып жүр. Дүниежүзін ең құдіретті, ең әділ, ең қайырымды, ең мейірімді бір Аллаһ қана басқара алады. Мұндай ессіздік басқа халықтарда бар ма, жоқ па білмейміз. Бірақ бірде-бір орыс, бірде-бір ағылшын немесе француз балаларына көп тіл білу керек дегенді айтпайды. Қазақтар ғана балаларына «көп тіл біл» деп үйретеді. Қарап отырсаңыз, қазір ұлтын тілін, дінін сатып, елін сатып, отанын сатып шетелге кетіп жатқандар түгел дерлік орыс мектебінде оқығандар! Әлемдегі ең бір озық та, ең бір ілім-білімі дамыған, әрі мәдениеті жоғары жапон ұлты балалары 14-15-ке келгенше басқа тілді маңына жуытпайды. Өйткені, олар кішкентайынан екі тілде, үш тілде сөйлеген бала өскесін нағыз өз ұлтын сүйетін, ең әуелі өз ұлтын құрметтейтін азамат болмайтынын, туған жерін емес, тойған жерін силайтын біреу яғни, космополит болып шығатынын ғылыми және іс жүзінде зерттеп, дәлелдеп шыққан.
Тағы бір қызық: «орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі» деген есуастық қағиданы кім ойлап тапты? Дүниежүзілік лингвистикада ондай термин атымен жоқ қой! Кеңес заманында «надо думать в планетарном масштабе», «об общечеловеческих заботах» деп гүрілдеп, «прощай, насекомый брат, прекрасный организм», «Ты, земля, поклонись человеку!» деп, өлең жазып, осы күні де «Қазақстан үшін тәуелсіздік өте қауіпті» деп жүрген космополиттердің бәрі орыс мектебінде оқығандар немесе қостілділер! Қазір «Қазақтелекомдағы» «118» деп аталатын анықтамалықта отыратын орыс қызға қазақша бірнәрсе сұрасаң телефон құлақшасын тастай салады, дүкенде тұрған сатушы орыс қатынға қазақша сөйлесең, жауап бермей «не деп тұрсың?» дегендей бетіңе бедірейіп қарайды. Біраз шекеқызбай болып баратса, ол саған «я не обязан тебе говорить на казахском» деп аузыңа бір уыс құмды құя салады. Міне, біздегі «бірлігі жарасқан» «братандықтың» түрі.
Ұзын сөздің қысқасы, Қазақстандағы қазақ тілінің дәл бүгінгі жағдайында 2020 жылы қазақстандықтардың 90%-ы қазақша сөйлейді деу не аңқау қазақты алдарқату, не 20 жылдан кейін не есек өледі, не хан өледі, не мен өлеміннің кері екеніне дау жоқ! Оның есесіне қазір
Қазақтың үш сөзінің екеуі орысша болып баратқанын күн сайын көзіміз көріп отыр. Осының өзі-ақ тілдер де, мәдениет те ешқашан бірін-бірі байытпайтынын, қайта қай ұлттың мемлекетінің қаруы көп, ұлтының саны көп болса, сол ұлттың тілі өзіне бағынышты екінші ұлттың тілін, салт-дәстүрін яғни, мәдениетін біртіндеп жұтып қоятынын, яғни жаңағы Дэвид Кристал мен Әбубәкір Кердері (1858-1903) айтқандай ұлтты жойып жіберетінін анық көрсетіп отыр. Бұл да кейбір екіжүзді ғалымдардың, культорологтардың орыс отаршылдығының ығына жығылып айтқан саяси сайқалнамасы екені енді белгілі болып отыр. Сөйтіп, ұлт жойылар алдында екінші, яки, бағынышты ұлттың жастары өз тілінде сөйлеуді, ұлттық салт-дәстүрін сақтауды артта қалушылық, мәдениетсіздік деп ойлайтын және саны көп, әскери қарулы күші басым үстем ұлттың тілінде сөйлейтін болады.Мұны лингвистикада «ассимиляция» дейді. Біз ассимиляцияға ұшырадық. Әттең, бүгінгі қазақ басшылары осыны білсе де білмеген болып, әлгіндей қостілді, үштілді саясатты неге жүргізіп отырғаны түсініксіз. Түсінігіңді айтсаң, не надан атануың, не 130-дан астам ұлтты бүлдіруші экстремист, тіпті, әлдебір жағдай болса, террорист атанып кетуің бек мүмкін. Ал, жасы 80-ге тақап қалған Олжас, кешіріңіз, Алжас Сүлейменовтың берген сұхбаты бойынша біздің бұл айтып отырғанымыздың, жалпы қазақ мәселесі туралы жұдырықтай жүрегің жапырақтай қалтырап отырып айтқаныңның бәрі общечеловеческий емес «аулбайский патриотизм»! Әлде қазақтарға қарап аузыңа келгеніңді айта берсең, сене береді деп ойлайды ма, әлде өздерінің надандығы ма қайдам, қазір қазақ басшылары мен кейбір ғалымсымақтар «орыс тілі –ұлтаралық тіл», «ағылшын тілі–экономиканың, нарықтың тілі» деген тезисті ойлап тауыпты. Соны кейбір қазақ газеттері со күйінде жариялайды. Сонда ол тілдерге ондай мәртебені (статусты) кім беріпті? Сонда қалай, егер орыс тілі болмаса, бүкіл түркітілді халықтар мен испан, угро-фин, фарсы, қытай, санскрит тілді халықтар бір-бірімен сөйлесе алмай, бір-біріне екі көзі жаудырап қарап тұратын мылқауларға айнала ма? Егер ағылшын тілі болмаса, дүниежүзінде сауда-саттық тоқтап, әркім өз затын өзі ғана пайдаланып, үйінен шығудан қалады ма? Бұл – әшейін, қазақ басшыларының халықаралық саясаттағы жәреукелігі, жағымпаздығы және қайткенде қазақ тілін қажетсіз тіл деп өз жымысқылығын жүзеге асырудың бір тәсілі ғана. Олардың Қазақстандағы телеарналарды түп-түгел күндіз-түні орысша сарнатып қоюының, Қазақстанның бүкіл қалалары мен тірі орысы жоқ ауылдарына орысша газет-журналдарды қардай боратып тастауының аржағында осы жымысқылық жатыр. Әңгімені, орыс мектептеріндегі қазақ тілінен бастадық. Ендеше, олар осының бәрін көрмей-білмей отырған жоқ. Яғни, олар балаларына мектепте де, үйде де қазақша үйретпейді де, оқытпайды. Өйткені, Қазақстанда қазақ тіліне қажеттілік жоқ екенін түсініп болды. Олар түгіл қазір қазақтар сөйлеп отырғанда құлақ түрсеңіз, олардың үш сөзінің екеуі орысша. Ең қорқыныштысы сол қазақтар өзі қолданып жүрген бұйымдар мен мүліктердің қазақша атауын біле тұра соның орысшасын айтатын ауруға ұшырады. Мысалы, қазір қазақтар бір-біріне «нормально», «нормально ма?», «короче», «вообщем», «кстати», «братан», «сестренкам», «племянницам», «племяннигім», «снимать ету керек» деген сияқты сөздерді қыстырмаса, өз ойын жеткізе алмай, қолдарын ербеңдетіп, аянышты бір күйге түседі. Енді «ң» әрпін айтпай оның орнына «н» дыбысын қолданып «жаңағы» демей «жанағы», «мың теңгені» «мын тенге» деп тілін өтірік бұрмалайтын ақымақтар көбейіп барады. Соларға қарап тұрып, әрі «байғұс қазақтар-ай» деп аяйсың, әрі ішіңді ашу-ыза кернеп кетеді. Бұл үшін де халықты еліктегіш деп кінәлау қате. Оған жоғарғы жақтағылардың жалтақтығы, ұлттық намысының жоқтығы, күшті мемлекетке жағымпаздығы, яғни, жүргізіп отырған саясаты ең әуелі кінәлі. Қазір қазақтар асханаға барғанда тамағын «первый», «второй» деп атайды. Өйткені, бүкіл асханалардың мәзірі (менюі) орысша жазулы тұр. Сондықтаанда «половина берші», «полный берші» деп сұрайды. Қазір әсіресе Алматы облысының қазақтары «үйдің қабырғасын тек «стена» деп атайды. Оны қазақ қабырға деп те, кереге деп те, жар деп те айта береді. Қазір қазақтар қазанның қақпағы демейді, «крышка», үйдің төбесін «крыша», сыпыртқы, сыпырғыш, сыпырғыны «веник», моншаны «баня» дейді. Басқа мұндай мысалды келтірсеңіз, қағазға сыймай кетеді. «Екі бөлмелі, «үш бөлмелі» демей, «двух комнатная», «трех комнатная» дейді. Осының бәрі бүгінгі қазақтың өз елінде жүріп-ақ тілі, салт-дәстүрі ғана емес, бүкіл сана-сезімі, ақыл-есі ассимиляцияға ұшырағанының, қаттырақ айтсақ, жаппай мәңгүрттеніп баратқанымыздың нақты, бұлтартпас дәлелі. Ал ассимиляцияға ұшыраған жеке адамда да, тұтас ұлтта да ұлттық сана, ар-намыс деген мүлде жойылып, ол бірыңғай мәңгүрт адамға мәңгүрт ұлтқа айналады. Біз соған жақын келдік. Біз қазір бұл қасіреттен сақтану кезеңінен өтіп кеткенімізді де байқамай қалдық. Сол байқамағанымыздың, сол аңқаулығымыздың кесірінен әлі де «өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді», «егемендіктің арқасында» деп өзімізді-өзіміз өтірік жұбатып келеміз. Енді дереу ес жимасақ, болмайды.
Abai.kz