Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Ұлттық валюта 2204 11 пікір 15 Қараша, 2023 сағат 15:08

Ұлттық валюта – тәуелсіздігіміздің символы!

Бүгін, 15 қараша – Ұлттық валюта күні. Теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толды. Осы датаға орай біз есім-сойы елге белгілі қаржыгер Айбар Олжаевтан пікір сұраған едік...

Айбар Олжаев: 

– Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің бағамы қалай анықталатынын қандай факторлар әсер ететінін қарапайым халыққа былай түсіндіруге болады.  Теңгенің сауда-саттығы әуелі Форбесте өтеді, одан кейін Қазақстан қорының биржасында болады. Соның сессиясы арқылы күнделікті бағамы белгіленіп отырады.

Теңгенің негізгі фундаментальды бағамы мұнай бағасына байланысты. Өйткені мұнайдың бағасы жоғары болса, біздің экспорттық түсімдер жоғарылап, біздегі төлем балансы профицит аймаққа өтеді. Яғни, бізге келетін ақша бізден кететін ақшаға қарағанда көбірек болады. Дәл осы тұста теңге нығая түседі. Ал мұнайдың бағасы түсе бастаса, біздің төлем баланысына кері әсер етіп, соған сәйкес, дефисит аймағына өтеміз. Содан соң сырттан алатын импортымыздың ақшалай көлемі экспорттан асып кетіп, теңгеге қысым көбейе бастайды. Сондықтан мұнайдың бағасы, металл, астық позициялары секілді сыртқы факторларға қатты тәуелдіміз. Бұдан басқа да әсер ететін жағдайлар бар. Екіншіден, сырттан келіп теңгеге инвестиция салатындар бар. Олар біздің теңгемізді сатып алып, әсер ететін жері теңгеге, өзің білесің, сырттан инвесторлар келетіндер бар. Біздің теңгелерімізді сатып алып, банкке облигациялар салып, содан пайда табуға тырысады. Олар кетсе, теңгеге деген сұраныс азайып, құнсыздану үдерісі басталады.  Сол себепті де бізге сырттан ойыншылар келіп, теңгеге ақша салғаны өте маңызды.

Геосаяси жағдайлардың теңгеге әсерін де атамай өтуге болмайды. Өткені мұндай жағдайларда мұнайға деген сұраныс артып, ол мұнайдың бағасына бірден әсер етеді. Дегенмен бұл ұзақ мерзімге ұласпайды. Өйткені тараптар мұнай қорын толтырып алғаннан бәрі бәз баяғы қалпына түседі. Осы реттегі әңгіме әлемдегі мұнай өндіруші үздік он елге келіп тіреледі. Егер солар соғыса бастаса, мұнай нарығында аумалы-төкпелі уақыт болуы мүмкін. Бізге, әрине, мұнай бағасының жоғары болғаны керек, бірақ одан гөрі мұнай бағасының бір бағада тұрақты тұрғаны тиімді. Оның тым қатты көтеріліп немесе құлдырап кеткені тиімсіз, себебі ондай жағдайда болжамды факторлардың бәрі бұзылады.

Үкіметке есеп үшін, барлық жоспарын орындау үшін теңге құнының базалық таргеттің маңайында болғаны өте тиімді. Теңге шамадан тыс күш алып кетсе, валюталық түсімдерді теңгеге айырбастап, азаматтарға зейнетақы төлеу, шәкіртақы төлеу мәселелерінде дефицитке ұшыраймыз.

Жалпылай алғанда, теңгенің құнсыздануы – табиғи үдеріс. Неге десеңіз, бізде одан басқа жол жоқ. Доллардың өзі құнсызданған. Отыз жыл бұрынғы бір доллар мен қазіргі бір доллардың арасындағы құн айырмашылығын есептеп көрсеңіз, бұған көзіңіз анық жетеді. Мысалы, инфляцияның жылдық мәнін бес деп алсаңыз, оны отызға көбейтіп көріңіз. Сондықтан валюталардың құнсыздану үдерісі – заңды құбылыс. Ал біздің теңгеге қатысты айтар болсақ, әңгіме оның құнсыздануында емес, деваливацияның қалай жүргендігінде, бір түнде ауысып кету процесінде болды ғой. Оның барлығы халықты сенімнен айырды. Құнсыздану үдерісі мұндай «шок режиммен» емес, нарықтық жолмен ақырын жүруі керек. Біз қазір сондай режимге келдік. Бізге теңгенің осылай нарықтық параметрлер бойынша жылжып отырғаны маңызды.

Мен көп елдің валютасын көрдім. Соның ішінде Қазақстанның теңгесі өте әдемі валюта деп ойлаймын. Маған теңгенің дизайны қатты ұнайды Бұл ретте отандық дизайнерлердің жұмысын жоғары бағалаймын. Ал дизайнға өзгеріс енгізу бойынша ұсынысым жоқ. Себебі уақыт өте келе теңгенің қағаз жүзіндегі тағдыры бәрібір тұманды. Менің ойымша, 10-15 жылдан кейін валюта қағазға басылмайтын сияқты. Менің өзім қағаз ақшаны қолыма ұстамағалы бір жылдың көлемінде болып қалды. Бәрі электронды әмияндарда. Қағаз теңгеге қажеттілік жоқ. Технология дамыған сайын қағазға деген сұраныс төмендейді. Бірақ қайткен күнде де оның дизайнын есте сақтап қаламыз.

Ұлттық банк «цифрлы теңгені» 2021 жылдан бері қолға алды, 2025 жылы аяқтап бітпек. Қазір бәрі алдын ала жасалған жоспарға сай келе жатыр. Себебі барлық елдерде цифрлық валютаға қатысты осындай жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы цифрлы теңге Ұлттық банктың ең үздік жобалаларының, ең тиімді жобаларының бірі болуы мүмкін. Біз қазір оның ауқымын сезіне алмаймыз. Бірақ он жылдан кейін осы ауқымды сезініп айтқанда, көңіліміз толады деп ойлаймын.

Цифрлы теңгенің нарықты көлеңкелі экономикадан шығаруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көп көмегі тиеді. Өйткені цифрлы теңгенің қайда кетіп жатқанын қарап отыруға мүмкіндік бар. Экономикадағы статистакалық есептеулерде де цифрлы теңге бізге үлкен мүмкіндіктер ашады.

Теңге өзінің отыз жылдығын өте жақсы қарсы алып жатыр: біршама өткелектен өтті, өзінің миссиясын, функциясын дұрыс атқара білді. Ең бастысы, біздің өзіміздің ұлттық валютаға деген сеніміміз болуы керек. Себебі бұл – біздің ұлтымыздың, біздің мемлекетіміздің валютасы, егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің негізгі символы. Сондықтан өз егемендігімізді сақтау үшін бізге теңгенің болғаны өте маңызды.

Abai.kz

11 пікір