Жамаубаев заңсыз иемделінген активтерді қайтару туралы: заң қысым жасау құралы емес, басты мақсат – әділеттікті қалпына келтіру
Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару барысы туралы «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында баяндап берді.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның жалпы ел үшін, Қазақстанның болашағы үшін маңызы өте зор. Себебі бұл заң әділеттілікті орнату, халықтың әл-ауқатын жақсарту және елімізді жаңа даму деңгейіне шығару тұрғысынан қабылданған.
«Заң Президенттің тікелей бастамалығымен Парламентте қабылданып, күшіне енді. Тиісті комиссия құрылды. Қазір қарбалас жұмыс жасалып жатыр. Заңның негізгі тұжырымдамасына келетін болсақ, бұл заңсыз иемделінген активтерді, егер сол заңмен дәлелденген болса, соларды елге қайтару. Яғни– әділеттікті орнату. Осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Сондай-ақ вице-премьер заңсыз активтерді мемлекетке қайтару жолдарына да тоқталды.Атап айтқанда, заңсыз активтерді ерікті және мәжбүрлі түрде қайтару жолдары қарастырылған.
«Азаматтар келіп, өзінің активтерін көрсетіп, ерікті түрде келісім-шартқа қол қойып, мемлекеттің меншігіне қайтаруына мүмкіндігі бар. Бұл жерде ешқандай да мәжбүрлеу жоқ. Мәжбүрлеу дегеніміз ол соттың шешімімен бар заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтаратын боламыз. Бұл жерде негізгі түсінетін мәселе, заң – ол қандай да бір күш көрсету, қысым көрсету құралы емес, заң – әділеттікті орнату құралы, әлеуметтік әділеттікті орнату құралы. Бұл заңның негізгі принципі, қағидаты», – деп түйіндеді сөзін Ерұлан Жамаубаев.
Abai.kz