Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Әне, көрдің бе? 2454 10 пікір 16 Қараша, 2023 сағат 13:04

Әкім – ешкімнің шікірәсі емес!

Мынау қай кісі? Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданындағы Новоилинов ауылдық округының әкімі – Мақаш Таймасов. Бұл тұрысы – түнгі сағат 23:00-ден кейін дүкенге келіп, арақ сатуды талап етіп тұрған беті. Осы оқиға әлеуметтік желілер арқылы мұқым елге тарап, желі қолданушылары Қостанай облысына мойын бұрды. Оқиға былай болған-дүр:

Мақаш Таймасов түнгі сағат 23:00-ден кейін жергілікті дүкенге кіріп, арақ сатуды талап еткен. Сатушы бұл уақытта арақ-шарап сатуға Заң тыйым салғанын айтып, арақ сатудан бас тартқан. Ал әкім болса дүрсе қоя беріпті. Сөзі «Сен менің кім екенімді білесің бе? Мен сендердің барлығыңды да...» – деп басталып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығыпты. Жеке басына тиісіп, боқтап-балағаттап, қоқаң-лоққы көрсеткен.

Кейін оның мәселесі әдеп жөніндегі кеңесте қаралғанда әкіміміз мұның алдында әйелімен керісіп қалып, көңіл-күй қатты бұзылғанын, оның үстіне дүкен сатушысының ащы суды бермей дөрекілік танытқаны қатты жүйкесіне тигенін, содан соң өзін-өзі ұстай алмағанын айтып ақталыпты.

Мұнымен не айтқымыз келді? Әкім-қаралардың қызметін асыра пайдаланып, ҚР Заңын белшесінен басқысы келген әрекеті бұған дейін мың қайтара болған шығар. Қазақстанның қай қиырына барып, қараша халықтан сыр суыртпақтасаңыз, тым болмаса өмірінде бір рет мұндай жағдайға куә болғанын немесе естігенін терісіне сыймай айтып берері анық. Жоғарыдағы жағдай басқа шенді-шекпенділерге сабақ болса екен дейміз. Не дегенмен, ҚР азаматтарының құқы мен хақы тең, ешкім Құдайдың кіндігінен салбырап түсе қалған жоқ һәм ешкімнің шікірәсі емес.

Жайберген Болатов

Суретте: әкімнің түн ортасында дүкенге келіп, орындыққа жайғасып алып, әкіреңдеген сәті.

Ескерту: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мақалада аты аталған азаматтар редакциямызға жауап-уәждерін айтар болса, екінші тараптың да жауабын жариялаймыз...

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048