Жексенбі, 10 Қараша 2024
Ақмылтық 3132 24 пікір 20 Қараша, 2023 сағат 11:55

Назарбаевтың «соңғы парызы» һәм Елбасизмнің «соңғы сиезі»

Қоғамды салафизм, арабизм дертінен сақтау керек деп, депутат мырзалар күпініп жатқанда, Елбасизмнің жарқын тұлғасы, сантехниктен миллионерге дейін көтеріліп, қазақ рейдерлігінің көлеңкедегі атасы атанған Болат Назарбаев өмірден өтті.

Бұл оқиға өткен аптада бүкіл еліміздің ақпарат кеңестігінің басты тақырыбы болды. Біреуі – марқұмның ақшасын санаса, екіншілері – тоқалдарын санамалады, үшіншілері – артында қалған бала-шағасының тізімін түгендеді. Қалғандары – бұрынғы президенттің бауырының сойқанды істерін жіпке тізді. Ешкімде «жақсы адамнан қапыда айырылдық» деген жылы сөзді Болаттың атына қимауының астарында не жатыр?!

Сурет: nazarbayev.kz

Бірақ барша әріптестеріміз марқұмның жерлеуіне, жетісіне кімдер қатысқанын, неге қатысқанын жазғанда пікірлері бір жерден шықты. Сонымен, Назарбаев билігі кезінде бұрынғы көшедегі пақырды бір күнде жарты патша қылған дәуірдің ірі тұлғасын сол кезеңде жіліктің майлы басын ұстағандардың бәрі аза тұтты.

Нұрсұлтан Назарбаев 18 қарашада Астанада қайтыс болған інісі Болат Назарбаевқа арнап ас берді. Аталған асқа 1989-2018 аралығындағы Нұрекеңнің шапағатын көргендер төрт көздері түгел жиналды. Тек Қажыгелдин мен Әбілязовтың болмағаны ғана өкінішті. Нұрекеңнің жақсылығын тез естерінен шығарып алатын өзі болған соң, иесін балағынан қабатындар саусақпен санарлық.

Иесін балағынан қаппайтындар жиналған бұл ас – Елбасизмнің соңғы сиезі сияқты. «Ескі Қазақстан» атанған бұрынғы шенеуніктер жиналған керемет бір сахналық қойылым болды. Ол қойылымының басты қатысушыларын қалам ұшына іліктірсек: Үлкен қыз Дариға Назарбаева, бұрынғы облыс әкімдері Гүлшара Әбдіқалықова мен Даниал Ахметов, экс-президенттің күйеу балалары Тимур Құлыбаев пен Қайрат Шәріпбаев, Әнипа Назарбаева, белгілі адамдардан Қырымбек Көшербаев, Қайрат Мәми, Ерлан Тұрғымбаев, Қалмұхаменбет Қасымов, Нұртай Әбіқаев, Қайрат Қожамжаров, Ермұхамет Ертісбаев, Ахметжан Есімов, Өмірзақ Шөкеев, Мырзатай Жолдасбеков, Бүркіт Аяған.

Астананың Бас мешітінде өткен Болат Назарбаевтың асына Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров назар аударып, экс-президенттің сөзі жайлы ойын:

«Осы аста Нұрсұлтан Назарбаев саяси мәлімдеме жасады. «Мен өмірдегі барлық парызымды орындадым. Содан кейін биліктен кеттім», деді. Ал шын мәнінде, Нұрсұлтан Назарбаевтың, оның туыстарының, жора-жолдастарының қазақ халқының алдында үлкен қарызы бар! Ол – 30 жыл ішінде жұлым-жұлым болған қазақтың бүкіл байлығын қайтадан елге қайтарып беруі керек», - деп білдірді.

Одан ары Ерлан Саиров: «Бірақ шекараны шегендедім екен деп, бүкіл байлықтың бәрін туыстарына, өзіне таратып беру – саяси тұрғыда әділеттілікке жатпайды. Мемлекетті басқарған азаматтардың бір-ақ капиталы болады. Ол – халықтың сый-құрметі. Сондықтан бүгінгі таңдағы ең негізгі қарыз – бүкіл байлықтың бәрін халыққа қайтарып беру», - деп түйіндеді.

Осылайша ағасы бардың жағасы бар деген принциппен өмір сүрген жан өзімен бірге бір дәуірдің бүкіл жамандығын ала кетті. Ағасы болса інісі үшін ақталып: «Мен өмірдегі барлық парызымды орындадым. Содан кейін биліктен кеттім», - деп жан сырын жайып салды.

Сонда Назарбаевтың көзі тірісінде биліктен кеткені шығарып салма «өмірдегі барлық парызын» орындап болғаны емес, керісінше «туыстарының құлқынын тию» үшін жасалды ма деген сауалдың басы қылтияды. Не болмаса Назарбаевтың парызы туыстарын бай-бағылан етуді мақсат тұтқан жеке бастық пендешіліктің қазақи көрініс ме деген сұғанақ ойға қалдырады.

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1165
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2735
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2773