Газа секторындағы соғыс 5 күнге тоқтайды
Катардың араағайындық етуімен Израиль қатысқан келіссөзде АҚШ және ХАМАС (ЕО мен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған) арасында Газада соғысты бес күнге тоқтату және кепілдікте отырған 200-ден астам адамның кемінде 50-ін босату туралы алдын ала келісім жасалды.
Бұл жөнінде келісімнің шарттарынан хабары бар дереккөзге сүйенген Washington Post басылымы жазды. Алты беттен тұратын келісімде кепілдікте отырған адамдар 24 сағат сайын шағын топ болып босатылып отыратыны жазылған.
Алайда АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесі әзірге түпкілікті келісім қабылданбағанын хабарлады. Израиль билігі келісім жасалғанын жоққа шығарады. Бұған дейін Израиль келісімнің алдыңғы нұсқасынан бас тартқаны, олар 50-ден көп адамды босатуды талап еткені хабарланған. ХАМАС жалпы 240 адамды кепілдікте ұстап отыр.
Ақпарат құралдарының жазуынша, Биньямин Нетаньяхудың кабинетіне Израильдің өзінде және АҚШ тарабынан да қысым артқан. Жуырда Израильде кепілдікте отырған адамдардың туыстары ірі митинг ұйымдастырған.
Израиль әскері Газа секторында ХАМАС-қа қарсы операциясын жалғастырып жатыр. Қазір шайқас сектордың солтүстігінде жүріп жатыр. Палестиналықтардың айтуынша, 7 қазаннан бері 12 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза болған, әзірге бұл дерек толық расталған жоқ. Секторда істеп жатқан БҰҰ өкілдері де көп адамның қаза болғанын, арасында балалар екенін айтады.
Жуырда БҰҰ-ның гуманитарлық жағдайға баға беру тобы Израиль әскері бақылауға алған Газа секторындағы "Әл-Шифа" ауруханасына барған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтындағы ақпаратқа қарағанда, топ мүшелері жағдайды "жанкештілік" деп сипаттап, аурухананың өзін "өлім аймағы" деп атаған.
Медициналық мекеме шектелген режимде істеп жатыр, онда 25 медицина қызметкері қалған, 291 науқас емделіп жатыр, 32 нәрестенің жағдайы өте ауыр. Науқастардың көбі әскери қимылдар мен бомбалаудан зардап шеккен. Кейінгі күндері бірнеше адамға тиісті көмек берілмегендіктен қайтыс болған.
Медицина қызметкерлері мен науқастардың басым бөлігі сенбі күні таңертең Газа секторының оңтүстігіне қоныс аударған.
Израиль жағы дәрігерлер мен науқастарға ауруханадан кету туралы бұйрық бергенін жоққа шығарып, мекеменің басшылығы эвакуациялауға көмектесуін сұрағанын айтты. ДДСҰ-ның хабарлауынша, қалған науқастарды эвакуациялау жоспары әзірленіп жатыр.
Израиль әскерінің хабарлауынша, ХАМАС аурухана аумағын өзінің базасы ретінде пайдаланған. Аурухана аумағында қару-жарақ қоймасы мен жерасты тоннельдерге жол табылғаны хабарланды. БҰҰ-ның хабарламасында ол жөнінде айтылмайды.
Дереккөз:centralasian
Abai.kz