Жұма, 22 Қараша 2024
Деп жатыр 3311 17 пікір 21 Қараша, 2023 сағат 18:18

Имам: Қазақ, сен – екіншісің...

Елге «Нұрсұлтан ұстаз» деген атпен танылған діни қызметкер: «Қазақтығың екінші орында, бірінші орында мұсылмандығың», – дейді. Мұны айтқан – Қазақстанның бірқатар мешітіне барып дәріс оқып, уағыз айтып жүрген Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы деген ҚР азаматы.

Әлеуметтік желілерде кең тараған бейнеде оның әлдеқандай блогердің подкастында айтқан сөзінің үзіндісі берілген. Үзінді де ол:

Сурет: Әлеуметтік желіден

«Ұлт – ұлтымен, бірақ Алланың алдында ұлт бірінші орында тұрмайды. Алланың алдында дін бірінші орында тұрады.

Мысалы, қазақ ұлты, түркі ұлты қанекей деп, шақыра ма Алла сені?! Жоқ! Мұсылмандар деп шақырады ғой. Мұхаммедтің үмметі деп шақырады ғой... Атеист қазақты қалай шақырады?..

Сондықтан адам бірінші мұсылман, соны ұмытпауы керек. Ұлт екінші орында. Қазақ, сен – екіншісің... Сен бірінші Құдайдың алдындағы құлдық мәртебеңді біліп алу керексің», – дейді.

Тұтас ұлтқа қатысты осындай пікір айтқан Нұрсұлтан Рысмағанбетұлының көпшілікке белгілі ақпараттарын тізбелеп көрейік.

«Хит-ұстаз» – Қызылорда облысындағы Арал ауданының тумасы, Сарыағаш медресесін «қызыл дипломмен» бітірген. Иордания корольдігіндегі «Ярмук» университетінің тарих факультетінің түлегі.

Әлеуметтік желілердегі видеоларының кеңінен тарала бастағанына бар болғаны екі жылдың бедері болғанымен, ауызына қарап отырған «табынушылары» жүз мыңдап саналады және олардың қатары күннен күнге өсіп келеді.   Мәселен оның Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына 423 мың адам жазылған.Тик-Ток әлеуметтік желісіндегі тағы «Нұрсұлтан Рысмағамбетұлы» деген аккаунтқа 13,8 мың адам тіркелген. You Tube-тегі әртүрлі арналардағы «Нұрсұлтан ұстаздың» сұхбаттары, уағыз-дәрістері, подкасттарының қаралымы: 20 мыңнан басталып, 1,5 миллионнан асады. «Ілім нұры» дейтін арнадағы уағыз-дәрістерінің орташа қаралымы 300 мыңның айналасында. Ең көп қаралғаны 1,5 млн. Бұдан бөлек Нұрсұлтанның видеолары көп жарияланған «ARAL MEŞITI» You Tube -арнасының 40 мың, «Tanym media» You Tube-арнасының 6 мың жарымға жуық «Izgi qogam» You Tube-арнасының 40 мыңға жете қабыл жазылушысы бар.

Нұрсұлтан Рысмағанбетұлының осы сөзіне қатысты публицист, философ Әбдірашит Бәкірұлы:

«Бұл молданың айтқаны – Қазақстан Республикасы Коституциясына тікелей қарсы шығу. Конституцияда ҚР «унитарлы мемлекет» деп танылады. Ал, унитарлы мемлекетті белгілі бір ұлт құрайды. Ендеше, конституциялық заңымыз «унитарлы Қазақстанды қазақ ұлты құраған» деп анық айтып отыр.

Бұл имам осы заңға қарсы сөйлеп, мемлекетті жою бағытын ұсынуда.

Сонда, имамның айтуы бойынша «Алланың әмірімен Қазақстан өзгеріп, «мұсылманстан» деген мемлекетке айналуы тиіс. Себебі, мұсылман аты бірінші тұруы керек. Ал Қазақстан тұрғындары – мұсылмандар.

Олай болса, әлемдегі миллиардқа жуық (әлде көп) мұсылманның бәрі де осы «мұсылманстан» мемлекетінің сырттай егесі болып шыға келеді...

Сөйтіп, олар бұл мемлекеттің заңдарын қайта жасап, қазақ ұлтын «мұсылманстандағы» (Қазақстандағы емес) жүздеген мұсылман ұлттармен қосып, қазақты «ұлттық діни диаспора» деңгейіне түсіруді қолға алады...

Міне, Нұрсұлтан имам осындай НЕОХАЛИФАТ идеясын ұсынушы, соған сай Қазақстан мемлекетін жоюшы діни саясатқа бет бұрған сыңайлы...», – дейді.

Ал дінтанушы, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай болса, «хит-имамның» жоғарыдағы сөзіне қатысты:

«Болмысты, ұлттық болмысты бірінші, екінші деп талдау – салафилік тенденция. Бірінші мұсылманмын сосын қазақпын деген – қате таным. Бұл құбылыс туралы «Зайырлы ел – қайырлы ел» кітабымда кеңінен айтқанмын.

«Мен – бірінші мұсылман, екінші қазақпын» деген тұжырымдар – сауатсыз анықтамалар. Бұл дін мен мәдениетті өзара диалектикалық қайшылыққа апарып соқтыратын тенденция. Ұлттық болмысты паршалайтын ойлау жүйесі. Кезінде орыс ориенталистері осы шариғат пен әдет ғұрыпты қайшы қою методын қолданды. Қазақтың әдеп ғұрпы мен ислам дінін өзара қайшы үндеспейтін симбиоз деді. Шоқан оны әрі қарай негіздеді. Шаманизм мен ислам жасанды симбиоз, одан да заманауи өркениет діні христиандық деп миссионер болғанын сезбей, дәріптеді. Бұлар толығымен спекулятивтік тұжырымдар. Дұрысы қазақ ұлтының анықтауыш сипаты ол мәдениеті, сол мәдениет он сегіз қабаттан тұрады. Әрбір қабаты тілден бастап ең соңғы сана қабатына дейін исламмен тұтастанып, өрілген. Сол арқылы қазақ ұлтқа, болмысқа айналған… Ал болмыс – бір бүтін ғарыш. Оның біріншісі, екіншісі жоқ!», – деді.

Нұрсұлтан Рысмағанбетұлының жоғарыдағы сөзі – сөз арасындағы қисын ба, әлде алды-артын болжап-пішіп айтылған әңгіме ме – әуелі сөз иесінің, содан соң ҚМДБ-ның түсіндірмесін қажет етеді. Бірақ «Алланың алдында ұлт бірінші орында тұрмайды», «Ұлт екінші орында. Қазақ, сен – екіншісің...» деген сөздерін естіген жұрт оның ендігәрі уағыз айтпауын, насихат жүргізбеуін талап етіп жатыр.

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5199