Жұма, 1 Наурыз 2024
Әдебиет 2753 9 пікір 25 Қараша, 2023 сағат 13:43

«Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген, қашанда қиянаттан қазақ өлген...»

2010 жылы қыркүйек айында, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әйгілі ақын Несіпбек Айтұлы 60 жасқа толар қарсаңда  үйіне барып, асықпай әңгімелесіп едім. Сыр-сұхбат компьютерге теріліп, дайын болған соң Несағаң оқып шықты да: «Толымбек, былай істейік. Мына мерейтой алдында менің шығармашылығым жайлы жазылған мақалалар тым көбейіп кетті. Біртүрлі ыңғайсызданып жүрмін...  

Бұл сұхбат сенің архивіңде жата тұрсын. Алла қаласа, алда 70, 75 жылдық тойларым бар ғой. Сол кезде жарияларсың» - деп еді.     

         «Мен өзі Шұбартауда өсіп-өндім,
         Бұйырған дәнін теріп несібемнің.
         Төлеу мен Уәйістердің ізін қуып,
         Өлеңнің ұлан-асыр көшіне ердім...» - деп аяқталмаған «Шұбартау» дастанында өзі жазғандай, өмірі өлең, тағдыры терең еді-ау Нес-ағаңның...

Беу, келте ғұмыр-ай!..

Фәни жалғаннан озған ақынның қырқы қарсаңында сол сұхбатты, қаз-қалпында, ұсынып отырмын.

Толымбек Әбдірайым.

***       

– Өлеңге қашан, қалай келдіңіз?

– 13-14 жасымнан өлең шығара бастадым. Алғашқы өлеңім «Балалық» деген атпен 1965 жылы Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде шықты.

– Не жағдай себеп болды?

– Ол кезде совхоз орталықтарында сегіз жылдық мектеп, ал аудан орталығында он жылдық үлкен мектеп-интернат бар. Сол интернатқа ауылдың балалары келе бастайды ғой. «Айғыз» деген ауылдан (бұрын Калинин атындағы совхоз деп аталушы еді) Оразғали Мұхиев деген бала келді. Сол баланың «Қазақстан пионері» газетіне «Теңіз» деген бір шумақ өлеңі шығыпты. «Оразғали деген ақын жігіт келіпті» деп ел шу ете қалды. Мен әлгі өлеңді оқыдым да, Оразғалимен іштей бәсекеге түстім. «Әй, ондай өлеңді мен де шығарамын» дедім. Бөлмеде бірге жататын бес-алты бала «шығара алмайсың» деді. Сол күннен бастап қатарынан тырп етпей жеті күн отырдым. Аудандық газетке жазғанымды алып, жүгіріп барамын. Өлеңімді жаратпай қайтарып береді. Жетінші күні өлеңім шықты. Төлеуғали Есімжанов деген ағамыз үстінен сәл өңдеп, «Балалық» деген өлеңімді аудандық газетке жариялапты. (Т.Есімжанов кейін «Ара» журналында жұмыс істеп жүрген кезінде 37 жасында қайтыс болды. Өте талантты жазушы еді. Т.Ә.). Содан бастап жазып кеттім. Маған түрткі болған Оразғалидың «Қазақстан пионері» газетіне шыққан бір ауыз өлеңі. Бір-екі айдан соң облыстық «Семей таңы» газетіне үш-төрт өлеңім жарияланды. «Семей таңында» маған қамқор болған дарынды ақын, марқұм Ақылбек Манабаев еді.

Содан кейін мен дәндеп, Алматыға, «Лениншіл жас» газетіне өлеңдерімді жібере бастадым. Әлі есімде, сол кезде «Лениншіл жас» газетінен, жазушы Оразбек Сәрсенбаевтан хат келді. «Талаптана түс. Мына өлеңдеріңді жариялай алмадық» депті ағамыз. Сол хатты балаларға көрсетіп, мақтанғаным бар...

– Ақындық Алланың берген қасиеті ғой!.. Десе де, бастау-бұлағы тектен деседі...

– Менің әкем де ақын. Атам да қара жаяу емес, өлеңдері бар.

– Әкейдің есімі кім?

– Әкемнің аты Тұрысбек. Айт атамнан жалғыз Тұрысбек, одан мен. Мен Айт атамды көргем жоқ. Мен туғаннан кейін көп ұзамай дүниеден озды. Айт атам 49 жасында қайтыс болған екен. Ақын, аңшы, мерген, құсбегі, атбегі адам болыпты. Тарбағатай өңірінде Айтты білетін шалдар әлі бар. Атамның елге жақсылығы көп өткен. Әкем Тұрысбек атамның жалғыз баласы. Бұл кісі домбыра шертеді. Кешке жақын қара домбырасын көлденең салып алып, текеметтің үстінде қара өлеңдерді айтып отыратын.

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара, көлге қонып саңқылдаған.
Не қалды тәнімізде шарпылмаған,
Бір өртке болдық душар, қаулап жанған, - деп соғып жататын. Көбін ұмытып қалыппын.

Осы күні байқасам, әкемнің сондағы айтқандары – Сұлубай ақынның, Ахмет Байтұрсынұлының, Міржақыптың, Әсет Найманбайұлының өлеңдері екен. Міне, осындай орта маған әсер еткен болуы керек. Әсілі, баланың құлағына әуенді болсын, жырды болсын сәби кезінен сіңірген пайдалы ғой. Сонда баланың көкірегі, жан дүниесі ерте ашылады.

Бүгінгі балаларымыз бесік жырын тыңдамайды. Халықтық жырларды, өлеңдерді айтып отыратын әже де, әке де жоқ. Қазір заман дамыған, басқа әуенмен, басқа музыканың ырғағымен өскен бала, ашылмай қала ма деп ойлаймын. Осының бәрі ананың ақ сүтіне, уызға жарымағаннан! Қалада тәрбиеленген, ана тілінен ажырап қалған адамдардың ұрпақтарына мен аса аянышпен қараймын. Олар бұл жағдайды өздері сезінбеулері де мүмкін, басқа тілде сөйлеп, тамағы тоқ, көйлегі көк болғаны үшін риза шығар... Бәлкім мен оларды түсінбейтін де шығармын... Олардың өз әлемі бар...

Бір жағынан оларды кіналауға да болмайды. Ондай жағдайға заман, қоғам, тағдыр алып келді. Бабаларымыздың басына түскен кешегі бодандықтың, қыспақтың нәтижесі! Бір отбасының ішінде екіге бөлініп отырмыз. Әкесі баласын түсінбейді, баласы немересін түсінбейді. Бұрын орыс тілінен көріп едік, енді басқа тілдер келіп жатыр. Тілдерді көп білген жақсы-ау, бірақ осының бәрі біздің АНА тіліміздің дамуына бөгет жасап отыр. Ана тілінде тілі шықпаған бала, қазақтың өнеріне де, әдебиетіне де, тарихына да орашолақ келеді. Өз жөргегінде, өз бесігінде өсіп-өнген баланың жөні бөлек! Құдайға тәуба, менің ауылда, қаймағы бұзылмаған қазақ арасында өскендігіме шүкіршілік айтамын! Ана тілімді бір кісідей білем! Бірақ, қазақтың керемет құнарлы, бай тілін түгелімен меңгердім деп айта алмаймын.

– Әсілі ақынның жан дүниесі мұңға жақын тұрады-ау деймін... Өйткені, өлең дегеніміз – өмір...

         Жылдар өтті нәзік сәуле іздеумен,
         Күле қарап, ызғар шашқан жүздерден.
         Мұз таулардың қойнауындай сіресіп,
         Қалды менің қырау шалған мұз-кеудем.
         Маған ғана тұрғандай-ақ күн қызбай,
         Қалтырайды бақшамдағы гүл мұздай.
         Кірпігіме қатып қалды байланып,
         Мұз тамшылар кіп-кішкентай жұлдыздай... («Жылдар өтті») – деп жабырқасаңыз, тағы бір өлеңінізде:

         ...Қосымды артып көшкенше бұл өмірден,
         Жаңбыр әні төгілер жүрегімнен.
         Түсінерсің түбінде білемін мен,
         Жылай білген жанымды, күле білген... («Жаңбыр әні»)

         немесе:

         Шуақ іздеп шығып ем,
         Құрсанды күн.
         Бұлттар көшіп барады мың сан бүгін.
         Жетер ме екем,
         Ентелеп қусам бірін?
         Кетер ме екен,
         Көңілдің жусам кірін?
         Көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды,
         Көгілдір тау,
         Кербез ел,
         Жусан қырым.
         Кімге барып ақтарсам сыр сандығын?!. – («Бұлттар көшіп барады») дейді аласұрған, аптыққан, ақиқатты аңсаған, теңіздейін толқыған ақын Несіпбек Айтұлының жан дүниесі...

Шығармашылық жұмбағын, кілтін, құпиясын ашып көріңізші? Өлең жазғанда қандай күйде отырасыз?

– Жас кезімде онша аңғармадым. Күндіз-түні жазу, талпыну, іздену, оқу. Шамам келмей жатады... Мен өзі негізінде қырық жастан аса ашылдым. Сол кездегі қоғам, совет одағының психологиялық қыспағы... барлығы... шығармашылық еркіндік бермеді ғой. Шеңберден шыға алмадық. Ішкі жан дүниеңді қопара алмай, ұлттық дүниелерді қозғап отаршылдық империяға қарсылығыңды айта алмайтынсың... Ішіңнен еміренбеген соң шыншыл шығарма тумайды! Тәуелсіздік келгеннен соң ішкі зар-запыранды ақтаруға тура келді. Қазір біз әбден шеберленіп алдық, кез-келген сәтте, кез-келген тақырыпты айтсаңыз, мен өлең жазып бере алам. Бірақ ол өлеңдердің бәрі, нағыз өнер туындысы емес! Ол – машықтан, шеберліктің жетілгенінен туған өлеңдер! Табиғи туатын өлеңдер болады. Толғатып, көзіңе жас алып, кеудең құлазып, балалыққа, ауылға, өткенге деген сағыныш тербеп, адамды белгісіз бір сезім буады.

Сарғая сартап болған сүйекстан,
Мен де бір домбыра едім, тиегі ұшқан.
Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда,
Бақсыдай аласұрдым ие қысқан, - деп жазғаным бар.

Ақындық дегенміз, бақсылық сияқты. Өлең жазар кезде өзіңмен-өзің оңашаланып, арқаң ұстап, ешкімді қабылдамай, ешкіммен араласқың да келмей, дастархан басында отырсаң қасыңдағы адамдар бір жақта, сен бір жақта отырасың. Жұрт ойлайды, «мына адам жынды ма, әлде бізді менсінбей отыр ма?» деп... Бірақ сен басқа әлемде жүресің. Ана жерде отырғанмен, сенің миың, бүкіл қиялың аспанда жүреді. Өлең осылай туады! Көкірегіңнен тоқтаусыз, іркіліссіз мұң-шерің төгіледі. Өлең дегеніңіз, мен мына тақырыпты жазам деген дайындықтан соң келмейді. Былайша айтқанда, Алла аузыңа сөз салады.

– Шабыт деп жүр ғой ол сәтті...

– Иә, ақындар шабыт деп жүр. Кезінде шабыт шақыру әдетке айналды. Біреулер «ойбай, шабыт шақырамыз» деп арақ ішетін болды. Ол дұрыс емес! Әрине, арақ-шарап адамды аз уақытқа желпіндіруі мүмкін. Шарап ішіп жазған өлең – өлең болмайды! Талай ақындарымыз, сол шараптың, ішкіліктің құрбаны болып кетті.

– Ақындық Жаратушының сыйы ғой!

– Әдбетте!.. Алла жаратқан адам табиғатының бір сыры! Өмірдің өзі де ақын қыла ма деп ойлаймын. Адам тағдыры... Ақын тағдыры... Мәселен, Абайды алайық. Аға сұлтан, атақты Құнанбайдың баласы! Тұрмысында ешқандай кенделік жоқ! Абайдың қасіреті – елдің қамы! Қазақтың қасіреті! Абайдың өз қасіреті емес! Әулиелік дәрежеде ерекше жаралған жандар ұлттың қамын, ел қамын ойлайды!  Мұқағалидың қасіреті де сол, елдің қасіреті! Мұқағалидың өлеңдерінде тәуелсіздікті, елдің бостандығын аңсау ар жағында буырқанып жатыр ғой.

Өлең – таза сезімнің жемісі! Ақынның көңіл күйі! Мұңданған кезде мұңды өлең, шаттанған кезде шаттықты өлең, сағынған кезде сағынышты өлең туады! Біреуге ғашық болып қалсаң, ынтызарлық өлең туады! Ашуланып отырсаң ащы өлең туады!

Ақын дегеніңіз – домбыра! Құлақ күйі келсе, төгіп-төгіп жібереді.

– Нес-аға, Мұқағали ақынмен араларыңыздағы таныстық туралы айтасыз ба?

– Бұл жөнінде көбірек жазылып жүр, қайыра-қайыра айта берген ыңғайсыз сияқты. Біреу қабылдайды, біреу қабылдамайды...

Мұқағалиды жақсы көрем. Мен бала кезімде Қасым Аманжоловпен ауызданған адаммын. Мұқағали бертінде, 1967 жылы шықты. Мұқағалидың алғашқы өлеңін ауылда жүргенімде «Жұлдыз» журналынан оқыдым. «Жер үстінен репортаж» деген топтама өлеңдері шықты. Содан бастап Мұқағалиды тани бастадым. 1969 жылы Алматыға келдік. Ол кезде Мұқаңның нағыз дүркіреп тұрған кезі!

Жүрсін Ерманов, Тұрсын Жұртбаев, Айтуған Шәйімов, Асқар Егеубаев бәріміз Мұқағалидың қасында еріп жүрдік, еліктедік.  Мұқаң Жазушылар одағына жиі келеді, ал біз ҚазМУ-нің ескі ғимаратындамыз. Үкімет Үйінің алдында жүретінбіз, болмаса «Аққу» кафесіне баратынбыз. Мұқаң түнімен өлең жазып, түске тақау көшеге шығады. Ол кісінің өлеңін тыңдап, өз өлеңдерімізді оқып жүретінбіз.

Мұқағалиға өз қолымызбен топырақ салдық. 1976 жылы наурыз айында қайтыс болды. Мұқағали – ірі ақын! Сол кісілердің көзін көрдік, өлеңдерін жаттап өстік. Соның бәрі әсер етеді.

– Жас кезіңізде кімдерді оқыдыңыз?

– Ең бірінші әкемнің аузынан өлеңдер тыңдағаннан кейінгі адам, біздің ауылда Ыдырыш деген шал болды. Ақсуаттың қазағы. Ол кісі ескі діни қиссаларды да көп білетін. Өзі әнші, ән айтып отыратын. Сол ақсақалды тыңдадым. Менің ең бірінші қолыма алып, ауызданған кітәбім, поэзидан – Жамбыл. Жамбылдың қалың қызыл кітәбі болды. Жамбылдың айтыстарын, Айкүміспен айтысын, Балғалының қызымен айтысын жатқа білем.

Ат терлетіп, әдейілеп келдім тойға,
Айкүміс әуелден-ақ, болдың ойда, - деп басталады да:

Ауылым жайлап отыр Ақсеңгірді,
Қол созып сіздің жаққа еңсем құрды.
Қолыма бір ұстатсаң түсінерсің,
Томпайған төсіңдегі өртеңгірді...

Бұл – Айкүміске айтатын жерлері ғой. Одан кейін Абайдың кітаптарын оқыдым, бірақ жас кезімде Абайға шамам жеткен жоқ. Абайды, кейін 17-18 жасымыздан түсініп оқи бастадық.

Ең көп оқып, бойыма сіңірген ақыным – Қасым Аманжолов. Мен Шұбартауда өстім. Соғыстан соң Қасым Шұбартауға келген екен. Қасым ғашық болған қыздар бізге, ауылда сабақ берді. Қазір ол кісіліердің бәрі дүние салды. Ол кезде біздің ел үшін Қасыми - аңыз адам болатын.

– Қасым ағаның елі жақын болғаны ма?

– Қарқаралы мен Шұбартау жапсарлас жатқан аудан. Қасымның әпке-жезделері біздің ауданда тұрыпты. Содан ба екен, мен Қасымның өлеңдерін көп оқыдым, көбін жатқа білем. Ары қарай оқи бастадық қой, Мағжан өлеңдерімен де сол кезде таныстым. Мектепте Күлән Әубәкіров деген мұғалім болды. Ол кісі Қаз-ПИ-де студент кезінде, Мағжанды ұстап әкеткенде, 1937 жылы ақындардың кітаптарын тәркілеп, кітапханадан кітап тасытқан екен. Сонда Күлән Мағжанның жинағын, Міржақыптың «Оян, қазағын» тығып, алып қалыпты.

– Ерекше әсер еткені Қасым Аманжолов қана ма?

– Қасыммен қоса Тұманбай ағаны да оқыдым. Лирик қой... Тұмағаңды жастардың бәрі сүйіп оқитын. Әсіресе қыз-жігіттер. Ал ұлттық сананы қозғаған ақын, меніңше Қадыр Мырзалиев еді. Қадекеңнің «Ой орманы» деген жинағын басымызға жастап оқыдық.

Қадыр ақынға еліктегенім жоқ. Кезінде көптеген ақындар Қадырға еліктеп, өлең жазды. Солардың арасында қатты еліктеген ақын, марқұм Дәуітәлі Стамбеков.

Қадыр Мырзалиев, қазақ поэзиясына бетбұрыс жасады. Одан кейін Мұқағали дәуірлеп шықты. Фариза Оңғарсынова келді. Мен саған бір қызық айтайын, Мұқаңның тірі кезінде, Төлеген ерте кетіп қалды ғой, біз 1-2 курста жүргенде қасымдағылар Төлегенді керемет оқитын. Ал кейін Мұқағали дүниеден озған соң, Мұқағалиды оқитын болды. Әсілі, біздің қазақ, көзі тірісінде таланттарына назар аудармайтын сияқты.

Сағи Жиенбаевты жақсы көрем. Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы» поэмасын жаттап өстік. Ғафу Қайырбековты оқыдық. Мен дастандарды бойыма көп сіңірдім. Нұрхан Ахметбеков, Иса Байзақовты оқыдық. Жұмағали Саинның «Күләнда» деген ғажап поэмасы бар. Махаббат, ел арсындағы ру тартысы, дау-жанжал туралы.

Күләнда қолаң шашты, алма бетті,
Бұралып, он жетіге биыл жетті.
Торғындай үлбіреген ақ тамағы,
Күнменен шағылысып, жарқ-жұрқ етті, - деп басталады.

– Сонда, нешедесіз?

– Он жеті – он сегіз жастамын.

– Қазір қай ақындарды оқисыз?

– Қазақ ақындарға бай ғой. Менің тұстастарым арасында мықты ақындар көп. Кешегі Жарасқан, Тынышбай, Кеңшілік, Жұматай. Біздің алды-артымыздағы ақындар шоғыры мықты болды ма деп ойлаймын. Иранбек, Исрайыл, Темірхан,  Нұрлан Оразалин, Күлаш Ахметова күшті ақындар. Бізден кейін дүрілдеп Есенғали, Ұлықбектер келді. Дүние салған жастардан: Артығали Ыбыраев, Танабай. Одан кейін қанша ақын келді. Марқұм Нұрлан Мәукенұлы, бүгінгі Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақыповтың өзі жатқан бір әлем... Өзің білесің, менің құрдасым Серік Ақсұңқарұлы да керемет ақын.

Ұлықбек пен Есенғалиды көбірек оқыдым. Кейінгі кезде кітап қолға түспейтін болды. Газет-журналдарға анда-санда шығатын өлеңдерді ғана оқитын халге жеттік. Ақындардың кітаптары шығып жатады, бірақ бір-біріміздің кітәбімізді оқымаймыз. Бар жоғы 2 мың дана! Жетпейді! Шыққанын ғана естисің. Болды! Соңғы 15-20 жылда ақындар бір-бірінен айырылып қалды. Кітап оқымаймыз! Совет үкіметі кезінде 2 жылда, кемінде 5-10 мың данамен бір кітәбі шығатын. Ақындар бір-бірін қадағалап, пікір айтып, іштей бәсекеге түсетінбіз. Қазір кім не жазып жатыр, хабарсызбыз. Әркім өзімен-өзі. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан 2 мың дана кітап дүкендеріне түспейді. Кітапханаларға кетеді. Әркім өз кітәбін өзі оқып отыратын заманға тап келдік.

– Оқырмандар тіпті де оқи алмайды...

– Ақындар бір-бірін оқи алмай отырғанда, ана-а-ау айдалада, түкпірдегі ауылда жатқан оқырман қайтіп оқиды? Қайдан алады? Әдебиетті насихаттау, кітап тиражын көбейтіп, оны қалайда оқырманға жеткізу,  үлкен мәселеге айналып бара жатыр.

Телеарналарды алайық. Совет кезінің жақсы жақтары да болды. Дәл бүгінгідей қаптаған арналар жоқ еді. Жалғыз телеарна бәріне үлгеретін. Ақын-жазушыларға сөз беріп жататын. Ол кезде жаспыз. Айына бір  рет эфирге шығатынбыз. Халық бізді көрсе танып, өлеңдерімізді оқып жатушы еді. Осының бәрі – насихат! Бүгінгі телеарналар шетелдің көп сериялы киноларын береді. Кітапқа келгенде қағаз жоқ, ақша жоқ дейді. Қазақ әндерін ел ұйқыда жатқанда, түнде береді. Біз өз елімізде, өз жерімізде отырып рухани мүгедекке айналдық. Айта берсең, жаманатты боласың. Айтудайын, айтып, жазып жатырмыз. Нәтиже шамалы болып тұр...

– Қазақ музыкасы, қазақтың ұлттық діліне қабыспайды...

– Бұдан 30 жыл бұрын тәуір едік. Ұлттық намысы, жігері бар үлкендер бар еді ауылда. Қазір ауылдың өзі дел-сал, шайқалып қалды емес пе?!

– Бүгінгі үлкендер, кешегі орыс мектебінде оқыған кісілер ғой.

– Дөп түстің. Одан бері ұрпақ алмасып, дүбәра ұрпақтың заманында өмір сүріп жатырмыз. Дүбара дегенде, өзінің түп тамырынан ажырап қалған ұрпақты айтып отырмын. Бұған кең ауқымда, мемлекет деңгейінде іс-шара керек сияқты. Кейде осыларды ойлағанда, басың қатады. Біз ғана уайым шегіп отырған жоқпыз, ұлтжанды, намысты, арда азаматтардың бәрі уайымдайды ғой.

Мемлекеттік тілді білуді, қажеттілік жағдайына жеткізу керек. Қазақ тілі қалпына келсе, мәдениет те, әдебиет те, өнер де, тарих та, салт-дәстүр де, бәрі қалпына келеді.

– Нес-аға, сіз кейінгі жылдары өндіріп жазып жүрсіз. Әсіресе, тарихи тақырыптарды қамтыған, терең толғаған поэма, дастандарыңыздың өзі жеке талдауды, жеке әңгіме етуді қажет етеді...

Жуықта ғана «Қазақ әдебиеті» апталығында талантты ақын қызымыз, ғалым, әдебиеттанушы Жанат Әскербекқызы, «Астана ақшасы» газетінде жазушы Таласбек Әсемқұлов, сіздің шығармашылығыңыз хақында мақала жазып, «Ту», «Ақмола шайқасы» поэмаларыңызға тоқтап өтті. 

Тәуелсіздік тақырыбына жазылған «Бәйтерек», «Мұқағали-Желтоқсан», «Көкала үйрек», «Бөгенбай», «Шақантай», «Бердіқожа» т.б. поэмаларыңыз туралы да өз ойларын ортаға салды.

Мемлекттің сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынова «Егемен Қазақстан» газетінде (28.08.2010) сіздің «Ерлікке ескерткіш» атты поэмалар жинағыңыз туралы толғана келіп, «Ту» поэмасындағы:

         ...Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген,
         Қашанда қиянаттан қазақ өлген!
         Көк тудың қасиетті киесі атар,
         Сабынан ұстамасақ таза қолмен! – деген жолдарды, «Тауып айтылған сөз! Мемлекеттік тудың сабын таза қолмен ұстау деген ой қазақ өлеңінің тарихында бұрын-соңды айтылып көрген емес» деп өте жоғары баға берді!..

Ол мақалаларды оқыған шығарсыз? Қалай қабылдадыңыз?

– -«Ерлікке ескерткіш» деген кітап екі бөлімнен тұрады. Жақында, Астанадағы «Фолиант» баспасынан шықты. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып жатыр ғой...

Жасыратыны жоқ, кейде кітап мәртебелі сыйлыққа ұсынылып жатқан кезде, ағайынның ақ тілегі болады. Сәл көтеріп айтқандары шығар. Қалай дегенмен, жылт еткен жақсы жағы болуы мүмкін. Жоқ жерден ешкім ешнәрсе айтпайды. Азын-аулақ еңбегім бар болар... Жақсы ниеттен туған мақалалар ғой. Бәлкім мені, ақ тілектің үстінде отырып, артық мақтап та жіберген шығар. Бәрінің пікіріне алғыс айтам. Бұл құрметті – еңбегіме берілген аванс деп қабылдаймын. Кісінің аралас-құраластығы да әсер етуі мүмкін. Оған масаттанып, дандайсудан  аулақпын. Асыра айтқан пікірлерін ақтап, алдағы уақытта жоғары деңгейден көрінуге тырысам.

– «Оқымаса ой тоқырайды» деген сөздің жаны бар. Жақсы өлең, жақсы шығарма ізденгеннен, ерінбей еңбектенуден туады. Шалдықпай шабу, әр шығарма сайын өсе түсу талантқа байланысты. Айтыңызшы, әлі де жазарыңыз бар шығар...

– Аллаға тәуба, жазатым дүнием көп. Аяқталмай жатқан туындыларым да мол. Кейінгі жылдары поэма мен дастандарға көп көңіл бөліп кеттім де, жеке өлеңдерім қалып жатыр.

– Қанша поэма жаздыңыз?

– Жиырмадан аса поэмаларым жарық көрген екен. Соған қарап, мені эпик ақын деп жүр. Қысқа өлеңдерім де баршылық. Бәріне үлгере алмай жатырмын. Қазақ батырларының бәрін болмаса да, соңғы үш ғасырдағыларының біразын жазсам, елді-жерді сүюге, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін білуге, отаншылдыққа тәрбиелеуге ұрпаққа пайдасы тие ме деп ойлаймын. Талантым тасығандықтан, болмаса атымды шығарайын деп отырғам жоқ. Кешегі Совет кезінде Қабанбай, Бөгембай бабаларымызды, Қызылордадағы Жанқожа батырды, Кенесары Қасымұлын ауызға алдық па?

– Бастаған поэмаларыңыз бар ма?

Бес-алты поэманың басы көрініп тұр. Біреуінің басы жазылған, енді біреуі толығымен аяқталмаған, кейбірі ортасына келіп тоқтап қалған.

Соңғы 7-8 жылда жазылған өлеңдерімнің көбі ешқайда жарияланған жоқ. Кейде қалың қағаздың арасынан тауып алып, қуанып жүрем. Жазамын да тастай салам. Әнеу күні біраз өлеңімді тауып алдым. Сөйтсем, жазғам да ұмытып кеткем. Түнімен жазып-жазып, бір жерге қоя салғам, солай қалған. Солардың бәрін жинасам бір кітап шығатын түрі бар. Мен кітап шығару жағына келгенде салақ адаммын.

– Қолжазбаларыңызды ұқыптап жинап, кітап еткеннен гөрі өлең жаза бересіз-ау, сірә...

– Ел көп  томдықтарын шығарып жатады. Мен болсам, қолымда барын жинақтауға, басын біріктіруге жоқпын...

– Жеңгеміз сіздің шығармашылығыңызға қалай қарайды?

– Жеңгеңнің күйеуі ақын болса, кітаптары шығып жатса, әрине дұрыс қарайды. Ол кісіні өлең жазып жүріп алдық қой.

– Жеңгейге өлеңіңізді оқисыз ба?

Оқимын. Ақынның әйелі ақын болмаса да, ақындыққа жақын болады. Күнде өлең оқи берсе, келмей, қиыспай тұрған жерін біліп алады. Әрине, өлең жазған соң, ең әуелі әйеліңе оқисың, қабырғаға оқымайсың ғой... Мен өзі 18 жасымда, 1968 жылы үйленгем...

– 42 жыл болған екен.

– Ендеше сол 42 жыл бойы құлағына ызыңдап, өлең оқумен келем. Бұрын «мына жерің былай» деп айтатын. «Сен немене?» деп ұрсып тастаймын ғой. Кейіннен айтпайтын болды. «Ой, неге пікір айтпайсың?» десем, «Ойбай нем бар, бәлеге қаламын» дейді...

– Шексіздік, мәңгілік туралы толғанып көрдіңіз бе?

– О-о! Бұл менің ең жақсы көретін тақырыбым. Мақтанғаным емес, мен философияны қуатын болсам, философ болар едім. Ақынның бәрі философ қой. Философиясы жоқ ақын – ақын емес! Мен кейде терең ойларға берілем. Жас кезімде антрополог болғым келді. «Бас сүйектер» поэмасын жазып жүргенім содан. Математиканы жақсы көруші едім. Содан соң әлемді аралағым келеді. Кезбелер туралы шығармаларды қызығып, көп оқимын. Өйткені, ана өмірді... басқа ел, басқа жер... кітап оқып отырғанда соларды көз алдыма елестетем...

– Жақсы кітаптан алар әсер ғажап қой?

– Ғажап! Кітап – қазына! Байлық! Адал досың! Жан серігің!..

Ал шексіздікке келетін болсақ, бұл менің біраздан бері миымды қатырып жүрген дүние. «Шексіздік» деген поэманы жиырма бес жасымда бастаған едім, біраз жеріне келдім. Содан «Шексіздікті» тастадым, шамам жетпеді. Шексіздік туралы ойлай берсең, адамды жынды қылады... Мәселен, кеңістік... Ұшып келе жатырсың – келе жатырсың... Бір жерге тірелдің делік. Ар жағында не бар? Ар жағында тағы бірдеңе бар. Оның ар жағында не бар? Таусылмайды ғой. Содан шексіздікті қуалай-қуалай келесің де, өзіңнің осы жерде отырғаныңа өзің күмәнданасың. Осы мен бармын ба, жоқпын ба? Бұл тылсым...

– Жұмбақ... Ол жұмбақ – бір Аллаға мәлім...

– Дұрыс айтасың... Ойлай берсең, адамның миы жетпейді... Содан да «Шексіздік» атты поэмамды жаза алмадым, ауырып қалатын болдым да, тоқтаттым... Ары қарай «Бас сүйектер» деген поэмамды жазып кеттім...

– «Алтын тамыр» журналын шығаруға не түрткі болды? Хабарласып, хат жазып қолдау білдірген оқырмандар бар ма? Таралымы қанша?

– «Алтын тамырдың» тиражы 2 мың. Негізі 1700-дің маңайында. Қалған даналарын авторларымызға, сұраған адамдарға береміз.

Бұл журналдың шығуына идея берген, ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырым.

– Содан...

– Журналды тіркеттім... Анау совет кезеңінен, одан арғы уақыттардан бері жарық көрмей, жатып қалған қаншама қолжазбалар бар. Мен сондай дүниелердің арасындағы татымдыларын шығарғым келді. «Алтын тамырды» оқырманның қалай қабылдап жатқанын білмеймін. Әзірше «жаман» деген сөз естігенім жоқ. Қолымыз қысқа. «Ескірмейтін есімдер», «Ата тарихының баяны» т.б. айдарлар аштық. Қазақтың тарихы аса бай, ауызша тарихымыз әлі жазылып біткен жоқ. Көптеген адамдарды сөйлетіп жатырмыз. Мына Арқадағы Қанай би, Танай мырза. Жуықта ғана Сәдуақас қажы Ғылманидың бір топ өлеңдерін жарияладық. Ол өлеңдерді белгілі ғалым, ф.ғ.д, Дихан Қамзабек алып келді.

– Белгілі діни ғұлама, теолог, кезінде Қазақстан діни Басқармасының қазиы болған, 1949 жылы совет билігінің неше түрлі кедергілеріне қарамастан Меккеге барып қажылық парызын өтеген адам ғой.

– Иә, сол кісі. Одан өзге қаншама тұлғаларымыз бар. Тарбағатайда атылып кеткен Кәрібай Таңатаров, Көкшетауда тұрған Науан хазірет, Шыңғыстауда өткен Ер Тәуке – Тәуке батыр. Ел ішіндегі ескі сөздер... Бұларды біз білгенмен, халық әлі білмейді. Осындай тұлғалардың өмірін зерттеп, жүйелеп беру ойымызда бар. Жарық көрмеген романдар... «Жас өркен» деген айдармен жастарды да жариялап жатырмыз. Материалдар көп. Жоғарыда айттым ғой, журнал қалыптасқанымен, қаржымыз қалыптаспай жатыр... Қаражат іздеуге, журнал тиражын молайту мақсатында жақсы журналистер, іскер менеджерлер алайық десек, жалақымыз төмен. Ешкім келмейді.

«Алтын тамыр» журналының жарық көруіне мұрындық болған, қол ұшын берген, алғашқы санын шығарып берген Мұхтар Құл-Мұхаммед ініме алғыс айтамын. Көп рахмет!

– Нес-аға, өзіңізге мәлім, биыл Шығыс Қазақстан облысында табиғи апаттар көп болды. Ел қиналды, күйзелді... Естіп-біліп, жүрегіңіз ауырған шығар...

– Мұндай табиғи апаттар дүние жүзінде молайып тұр. Алла соңының қайырын берсін!.. Қызылағаш оқиғасын білесің. Қабырғамыз қайысты... Елдігімізді көрсеттік... Үкімет те аянып қалған жоқ. Соның нәтижесі қандай! Қаза болған адамдардың топырақтары торқа болсын!.. Соңында Қызылағаш қайта гүлдеді! Қызылағаш қайта көктеді! Осының бәрі Тәуелсіздікітің арқасы!

Шығыс Қазақстан облысында да табиғи апат сұмдық болды. Телеарнадан көріп отырдық. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев баяғы батырларша күн демей – түн демей еңбек етті. Елді жұмылдырды, ұйымдастырды, қадағалады! Өзі басы-қасында жүрді.

Біз де қарап жатпадық. Апатты ести сала, Астанадағы шығыстың жігіттері жиналдық. Мұхтарбек Әмірханов, Ерлан Серғазиев, Болат Садықов, тағы басқа да көптеген азаматтар жиналып, «Ақсуатты қорғау» қорын құрдық. Ақша жинадық, 3-4 «КамАЗ» азық-түлік, киім-кешек жібердік. Оны Бақытбек Қапезов деген жігіт апарып тапсырды. «Фолиант» баспасының басшысы Нұрлан Исабеков жүк көліктерін берді. Қолымыздан келгенше аянып қалған жоқпыз. Өз басым бірнеше рет теледидардан сөйледім. Мен еңбек ететін Астанадағы Президенттік мәдениет орталығындағы адамдардың алды 5, соңы 2-3 күндік жалақымызды «Ақсуатты қорғау» қорына аудардық. Ол қаржыны мен өз қолыммен апарып тапсырдым.

– Отбасыңыз, балаларыңыз туралы білуге бола ма?

– Әкем қазір 84 жаста, шешем 80-ге таяды. Мен үйдің үлкенімін. Әкем шөпшегін, мен шөберемді көріп отырмын. Бес балам бар. Немерелерім бар, шөберемді айттым. Бәрі де Алланың бергені! Қазақ балаларының санын айтпайды ғой... Тәубе, Құдайға! Балаларым да, немерелерім де, шөберем де қазақша сөйлейді. Шөбере келінім, Көкшетаудың қызы, қазақ тілін білмейді екен... үйреніп жүр... Бір-екі күйеу балам да араластырып сөйлейтін, қазір қазақшаға ағып тұр...

Әсілі, көп айқайлай бермей, ана тілі мәселесін әркім өз отбасында шешуі керек!..

– Адамның қай мінезін ұнатасыз? Қай мінезінен жиіркенесіз?

– Мен бала кезімнен үш қағидамен өмір сүрем.

Бірінші  - ұрлық жасама, біреудің ала жібін аттама!

Екінші – сатқын болма! Еліңді, жеріңді, досыңды сатпа!

Үшінші – өтірік айтпа!

Пенде болған соң, адам бойында кемшілік-қателіктер кездеседі. Бірақ осы үшеуіне бекемдік танытсаң, бәрі дұрыс  болады.

Әңгімелескен Толымбек Әбдірайым.

Астана.

09.09.2010.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар