Жексенбі, 10 Қараша 2024
Билік 1935 0 пікір 30 Қараша, 2023 сағат 19:20

Харассментке ұшырайтындардың дені студенттер

Еліміздегі барлық ЖОО студенттерінен харассментке қатысты анонимді сауалнама жүргізілуі керек. Бұл жыныстық қысым мен қудалаудың алдын алуға мүмкіндік береді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қарақат Абден ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында осыны мәлімдеді. Сондай-ақ депутат 2024 жылды – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынды. Астана медицина университетінде профессор-оқытушының студентке жасалған жыныстық қысым фактісінен кейін депутатқа түрлі оқу орындарының студенттерінен 100-ден аса хат келіп түскен.

«Жыныстық қысымға ұшыраған елордалық бойжеткеннің ісімен танысып, бұл салада кемшіліктердің көптігіне анық көзім жетіп отыр. Дәл бүгін еліміздің оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы орын алғанын дөп басып айту қиын. Себебі статистика жүргізілмейді. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ»,- дейді депутат Қ.Абден

Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық және харассмент оқиғалары қоғамдық сананы дүр сілкіндірді. Бір жаңалықтың ізімен әлімжеттік көрген студент-қыздар өз хикаяларын әлеуметтік желіде бөлісе бастады. Бұл белең алған құбылысты, зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет дейді депутаттар. Ал депутат Қ.Әбден «харассментке ұшырау ықтималдығы өте жоғары бір топ бар, ол – студенттер» дейді.

«Аты-шулы оқиғада студент қызымыз батыл болып шықты»,-Астана медицина университетіндегі жағдайды еске алған депутат: «Еш қорықпастан болған жағдайды жайып салды. Тиісті шешім қабылданып, әлгі харассер жұмыстан шығарылды. Бірақ, біз – мұндай мәселені әрқашан студенттің – батылдығына, басшының – әділдігіне сеніп қоя алмаймыз. Жүйелі, кешенді шешімдер керек. Кеше ғана мектеп бітіріп, ауылдан шығып көрмеген ақүрпек балапандай жап-жас қыздарды қорғауымыз керек. Ибалы, кей-кезі тым ұялшақ, мүмкін, жасқаншақ қазақ қызы – өз басынан өткен осындай жағдайды айта бермейді»,- деді.

Бас прокуратураның деректері бойынша 2023 жылдың 10 айында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 85 әйел қаза тапқан.  Мемлекет басшысы бұл мәселені жедел қолға алып, «Тәртіпсіздік пен құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыруды тапсырды. Депутат Қарақат Жақсылыққызының айтуынша, құқықтық, рухани, адами сананы «тірілту» қажет, көршінің үйіндегі дау-дамайға, әйелдің көмек сұраған жанайқайына бей-жай қарасақ, әріптес келіншектің бет-әлпетіндегі көгерген іздерге жанашырлық танытпасақ заңда құдірет қалмайды.

Депутат өз сауалында харассментке қатысты анонимді сауалнаманы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында тәуелсіз түрде өткізуді, профессорлық-оқытушылық құрам мен барлық студент қыздарға харассментке қатысты заңнамалық-құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, оқу ғимараттарын бейнекамералармен толық қамтамасыз етуді және жоғары оқу орындарының Жарғысына харассмент туралы нақты ережелер енгізуді қажеттілігін жеткізді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1165
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2735
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2773