Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3891 0 пікір 26 Қыркүйек, 2013 сағат 10:16

«Ел арна» елді несімен қуантады?

«Ел арна» телеарнасының жаңа маусымы қызықты әрі тұшымды бағдарламалар мен түрлі жанрдағы телесериалдарға толы болмақ. Телеарна басшылығы негізгі басымдықты қазақ көрерменіне қарай бағыттағалы отыр. Сөзімізге дәлел, әне-міне шымылдық түрер маусымда тұсауы кесілетін 4 бірдей жаңа сериалдың қай-қайсысы да қазақ тілінде түсірілген.

«Ел арна» телеарнасының жаңа маусымы қызықты әрі тұшымды бағдарламалар мен түрлі жанрдағы телесериалдарға толы болмақ. Телеарна басшылығы негізгі басымдықты қазақ көрерменіне қарай бағыттағалы отыр. Сөзімізге дәлел, әне-міне шымылдық түрер маусымда тұсауы кесілетін 4 бірдей жаңа сериалдың қай-қайсысы да қазақ тілінде түсірілген.

 Ендігі жерде түрік пен кәрістің бірсарынды дүниелерінен көзі де көңілі де шаршаған отандық киносүйер қауым, оның ішінде ауылдағы ағайын өз төлтуындыларымызды тамашалап, сериалдардың мәні мен мазмұнына үңіліп, сапасына баға беруге мүмкіндік алады. Ал кино өндірісін жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырған телеарна басшылығы аталмыш туындылардың көрермен көңілінен шығарына сенімді. «Ең алдымен бүгінгі күннің шындығын шырылдатып көрсететін әрі өзекті әрі тың тақырыптарды көтердік, қазақ киносындағы кейбір «өлі» жанрларды қайта тірілтіп, айталық, мистикалық болмаса шытырман оқиғалы сериалдарды түсіру қазақ режиссерлерінің де қолынан келетінін дәлелдеуге тырыстық» дейді. Қазақ киносының жарық жұлдыздары жаңа қырынан танылатын, сондай-ақ талантты да талапты жас актерлер өз өнерлерін паш етуге мүмкіндік алатын жаңа маусымнан көрерменнің де күтері көп. Ал сериалдардың нақпа-нақ айтылғандай санына сапасы сай болса, көптеген кейіпкерлердің біздің жүрегімізде жатталып, санамызда сақталып қалары анық. Бұл ретте әне-міне дегенше көгілдір экранға жол тартатын туындылар жайында аз-маз ақпарат бере кетсек, артық болмас.

«Тракторшының махаббаты»қазақ телевизиясындағы ең рейтингті сериал

«Ел арнада» 9 қыркүйектен бастап көрсетіле бастаған сериал айналасы аптаның ішінде отандық бағдарламалар рейтингінде көш бастады. Фильмнің негізгі мазмұны мынадай: Белла есімді қаланың қызы аяқ астынан ауылға тап болады да, жергілікті трактористке ғашық болады. Оқиға – Алматы облысындағы Саймасай ауылында өтеді. Бас продюсер Баян Есентаеваның айтуынша, түсіру алаңында импровизация көп болған. Айталық, бас кейіпкер Кәмшат Жолдыбаева бұл жобаның арқасында сиыр сауып үйреніпті. Соның әсері болу керек, жеңіл, әдемі әзілге құрылған комедия көпшіліктің көңілінен шығуда.

«Күн сақшылары»еліміздегі тұңғыш мистикалық сериал

Сериалдың продюсері Ахат Ыбыраевтың пікірінше аталған жоба – оқиғалар, эмоциялар мен сезімдердің тоғысы. Негізгі оқиға фастфудта өтеді. Қазақстанда фастфуд желістері қарқынды дамуда. Бірақ оларда кімдер жұмыс істейді? Түрлі түсті перденің арғы жағында нендей оқиғалар өтіп жатыр? Білгіңіз келсе, бұл жүйеге кездейсоқ түсіп кететін Әрлен есімді жігітті «аңдып» отырсаңыз болғаны. Оның арман-мұраты қаржыгер болу, алайда адамның дегені болушы ма еді? Ол жаңа ортада жаңа адамдармен танысады, олардың бірі өзі сияқты қарапайым болса, бірі ауқатты адамның баласы, бірақ бәрін біріктіретін нәрсе – олар өз күштерімен нәпақа тапқысы келеді.

«Ұзақ жол» – шытырман оқиғалы мелодрама

Бұл сериалдың әр сериясы – қызғылықты хикая. Әр серияда бас кейіпкерлердің тағдырында күтпеген оқиғалар орын алып жатады. Ауылдан келген екі жас Амантай мен Жанар мыңдаған тағдырластары сияқты арман қуып Алматыға келеді. Бірақ үлкен шаһарда жастарды жаңа қиындықтар күтіп тұрады. Сюжетте кәсіпкерлер Мәдина мен Мұсаның оқиғасы қатар өрбіп отырады. Олардың хикаясы — трагедия мен детективтің қосындысы іспеттес.

«Бажалар» – комедиялық сериал

Қазақстанның әр нүктесінен жиналған, мамандығы мен кәсібі, мінез­құлқы мен өмірлік ұстанымдары әртүрлі төрт адамды не нәрсе біріктіруі мүмкін? Қызық болғанда, олардың бәрі отставкадағы генералдың күйеу балалары және бәрі де аузынан әзілі түспейтін қылжақбастар. Оның үстіне генерал шамадан тыс талапшыл болып шықса, қайтпек керек? Ә дегенде бір­бірін бөтенситін «Бажалар» отбасылық комедиясының бас кейіпкерлері уақыт өте араларынан қыл өтпес жақын болып кетеді. Әрине, кейіпкерлердің басынан түрлі жағдайлар өтеді. Әдемі әзілге құрылған сериалдың режиссері – комедиялық жобалардың кәнігі маманы – Асқар Бисембин. 

"Дала мен қала" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276