Бауыржан Байбек: «Доктрина – халықтың үні»
Алдағы айда «Нұр Отан» партиясының кезекті құрылтайы өтеді. Дүбірлі жиын қарсаңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тілшімізге бұл жолғы құрылтайдың ерекшелігі мен ұйым алдында тұрған асқаралы міндеттер жөнінде әңгімеледі.
Жас қазақ: Жыл басында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары атандыңыз. Осы аралықта партияның қызметінде, ұйымның бағыт-бағдарында түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды деп айтуға негіз бар ма?
Б.Байбек: Бүгінде еліміз өзінің даму жолында өркендеу кезеңіне, жаңғыру белесіне аяқ басты. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдады.
Мемлекеттік және өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту жолында ауқымды шаруа қолға алынып жатыр. Тұңғыш рет жергілікті әкімдер сайланды. Енді билік халықтың алдында есепті. Мұны саяси реформадағы ірі жетістік деп бағалаған жөн. Әрине, мұның барлығы кезең-кезең бойынша бірегей жүйенің ізімен атқарылып жатқан сындарлы саясат.
Алдағы айда «Нұр Отан» партиясының кезекті құрылтайы өтеді. Дүбірлі жиын қарсаңында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек тілшімізге бұл жолғы құрылтайдың ерекшелігі мен ұйым алдында тұрған асқаралы міндеттер жөнінде әңгімеледі.
Жас қазақ: Жыл басында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары атандыңыз. Осы аралықта партияның қызметінде, ұйымның бағыт-бағдарында түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылды деп айтуға негіз бар ма?
Б.Байбек: Бүгінде еліміз өзінің даму жолында өркендеу кезеңіне, жаңғыру белесіне аяқ басты. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдады.
Мемлекеттік және өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, қоғамдық бақылауды күшейту жолында ауқымды шаруа қолға алынып жатыр. Тұңғыш рет жергілікті әкімдер сайланды. Енді билік халықтың алдында есепті. Мұны саяси реформадағы ірі жетістік деп бағалаған жөн. Әрине, мұның барлығы кезең-кезең бойынша бірегей жүйенің ізімен атқарылып жатқан сындарлы саясат.
Осы ретте, «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік саясаттың орынды жүргізілуі үшін қоғамдық бақылауды күшейтуде. Өйткені, біз, ең алдымен халықтың мүддесін көздейміз. Соңғы парламент сайлауында дауыс берушілердің 80 пайыздан астамының қолдауына ие болған «Нұр Отан» билік партиясы емес, билеуші партия, халықтың партиясы. Яғни біз халықтың атынан парламентте фракцияны құрып, билік орындарында қатысты бақылауды күшейтеміз. Билік партиясы мен билеуші партияның айырмашылығы осында. Түйіндеп айтқанда, біз биліктің мәселесін шешпейміз, халықтың жоғын жоқтаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, партияда бірқатар ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды деуге толық негіз бар. «Нұр Отан» өз қызметін жариялылық пен тиімділік, есеп пен бақылау, талап пен жауапкершілік сынды қағидаларға арқа сүйеп, қайта құруда.
Біз жұмысымызды, ең алдымен, аймақтардан бастадық. Өзім елдің түкпір-түкпіріне, алыстағы ауыл-аймаққа барып, жұрттың мұң-мұқтажымен танысып қайттым. Көпшілікпен кездестім.
Шынын айту керек, кей жерлерде «Біздің партияның құндылықтары қандай? Партия халыққа не үшін керек?» – деген сауалға кейбір партия мүшелері жауап бере алмай жатты. Демек, қалың бұқара арасындағы жұмысты пәрменді ету көкейкесті міндетіміз. Қазір аймақтардағы жұмысты күшейтіп, материалды-техникалық базасын жетілдірудеміз. Орталық аппарат шығындарын қысқарту есебінен филиал қызметкерлерінің жалақысын 15%-ға көбейттік.
Кадр сапасына айрықша назар аударып, нағыз кәсіби маманды іріктеуге күш салып жатырмыз. Оның біліктілігін жетілдіреміз. Яғни партия білімді де бейімді, мықты да мығым маманға «әлеуметтік саты» болуға тиіс. Партия жанында саяси менеджмент мектебі бар. Бүгінгі таңда партияның 200 мыңнан астам мүшесін қамтитын бастауыш партия ұйымдарының 400-ден аса өкілі біліктілік дәрісін алды.
Атқарылған ауқымды әрі маңызды жұмысымыздың бірегейі ретінде Елбасы, партиямыздың лидері Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен партияның жаңа саяси Доктринасының дайындалғанын айтқан абзал.
Жас қазақ: Иә, сіздердің партия доктринасын дайындағандарыңыз жөнінде ақпарат құралдарынан естіп жатырмыз. Еліміздегі түрлі саяси ұйымдардың бағдарлама, тұғырнама, тұжырымдама сияқты құжаттарды жариялағанын білеміз. Көптігі сонша, жұрт олардың кейбірін, тіпті ұмытып та кетті. Доктрина өміршең, жасампаз, қалың бұқараға жақын әрі түсінікті болуы үшін барлық қажетті шарттар мен талаптар ескерілді ме?
Б.Байбек: Ана сүтімен, ата сөзімен бізге жеткен ата-бабамыздың ел бірлігі, халықтың ынтымағы, берекелі отбасы, төл мәдениет және тамыры терең руханият секілді мәселелер талай айтылып жүргенімен, нақты біздің құндылықтарымыз ретінде еш жерде толық, анық түрде көрініс таппады. Доктрина – ең алдымен, тәуелсіздік жылдары қалыптасқан және уақыт сынынан өткен осындай басты құндылықтардың жиынтығы. Біз тек сол діліміз, тіліміз, мәдениетіміз, тектілігімізді жаңғыртып, оларды қызметіміздің өзегі ретінде айқындап, құжат ретінде бір арнаға тоғыстырдық.
Жалпы, партияның басты үш құжаты болады: тұғырнама, бағдарлама және доктрина. Тұғырнама – партияның бір сайлау мерзіміне арналған қысқа басымдықтары айқындалған негізгі құжат. Бағдарламада партияның жаңа басымдықтары жазылып, партияның он жыл мерзімдік қызметіне бағытталады. Ал доктринада партияның мақсат-мұраты мен құндылықтары алдағы бірнеше онжылдықтарға арналып жазылады.
Яғни біз жасанды дүниелерді қиыстырып, жаңа нәрсе ойлап тапқан жоқпыз. Халқымыздың болмысы, зиялы қауымның ой-толғауы мен шығармалары, Елбасының ұстанған саясатындағы құндылықтарды әрбір партия мүшесі басшылыққа алатын басты құжаты ретінде жасақтадық. Ол сонысымен-ақ ұғынықты. Өйткені, доктрина – халық үні. Демек, әрбір отбасының берекелі дастарқаны үстінде біз келтіріп отырған құндылықтар талқыланса, мақсатымыздың орындалғаны деп білемін.
Міне, осылайша, партия мүшелері, министрлер, депутаттар халықпен пікірлесіп, көп болып талқылауды қолға алды. Партия мүшелерінің 900 мыңнан асатынын, 9 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарының» қызмет атқаратынын және 200-ден аса филиал жұмыс істейтінін ескерсек, бұқаралық ақпарат құралдарын былай қойғанда, біздің бір-бірімізге ауызекі айтып, жеке жүздесу арқылы да қалың бұқараға ой-пікірімізді жеткізуге мүмкіндігіміз бар.
Айта кету керек, жақында Доктринаны қазақ зиялы қауымының арасында отырып, тағы бір талқыладық. Фариза Оңғарсынова, Әкім Тарази, Мырзатай Жолдасбек, Ғарифолла Есім құжатқа қатысты тілек-лебіздерімен қатар, оны жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Нәтижесінде, Сауытбек Әбдірахманов бастаған, Намазалы Омашев, Алдан Смайыл, Әкім Ысқақ және т.б. Доктринаны мемлекеттік тілдегі мәтінін халық көкейінен шығатындай, ұғынықты, жатық болуы үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, жұмыс жасайтын болды.
Доктрина партия қатарындағылардың, депутаттардың, Үкімет мүшелері мен әкімдердің күнделікті жұмысында басшылыққа алатын бағдарламасына айналуға тиіс.
Жас қазақ: Өзіңіз айтқандай, партияның мұраттары мен құндылықтары келтірілген «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты доктринасындағы құндылықтар туралы нақтырақ айтсаңыз?
Б.Байбек: Доктринада аталған құндылықтарды үш-ақ ауыз сөзбен айтуға болады. Біріншіден, біздің көздегеніміз, Қазақстанның өркендеуі. Еліміз дамыған елдер қатарынан табылып, мемлекетіміздің әрбір тұрғынын сапалы өмір сүруіне жағдай жасау. Екіншіден, мемлекетіміздің тәуелсіздігі. «Тәуелсіздік – ата-бабамыздың сан ғасырлық азаттық күресінің занды өтеуі. Тәуелсіздік туын қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек». Сондықтан тәуелсіздігімізді сақтап қалу кейінгі ұрпақ алдындағы басты міндет. Үшіншіден, ұлттық мүдде, Елбасы ұстанымы – бейбіт мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. «Нұр Отан» партиясының негізін қалаушы, партия лидері Н.Ә.Назарбаевты доктринада саяси идеалымыз деп нақты көрсеттік. Өйткені, мемлекет басшысының Семей полигонын жабу, ядролық қаруды жою, көрші елдермен тату, алпауыт алыс елдермен сыйластық саясатының, халқымыздың бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуы арқасында, бүгінгі таңда еліміз тыныш, жұртымыз аман.
Сол себептен, Елбасының «Біздің асыл мұратымыз – Тәуелсіздік, бірлік, келісім және өркендеу» деген салиқалы сөзі Доктринада көрініс тапқан.
Жас қазақ: Алдағы айда партияның кезекті құрылтайы өтеді. Осынау алқалы жиын партияға, оның басшылығына, сондай-ақ ұйымның әрбір мүшесіне қандай міндеттер жүктегелі отыр?
Б.Байбек: Сіздің құрылтай деп отырғандығыңыз өте орынды. Өңірлердегі партия мүшелері жиналып, тұңғыш рет екі күнге жалғасатын, партияның, алға қойған мақсат-міндеттерін, болашақ бағытын бағамдайтын құрылтай өткізіледі.
Басқосуда стратегиялық маңызы бар партияның миссиясы мен Елбасының мемлекеттік саясатының жетістіктерін қамтамасыз ететін құндылықтар қарастырылған Доктринасының жобасы, ішкі партиялық идеология, жастар, өңірлердегі жұмыс, жаңа технологиялар сияқты мәселелерді қамтиды.
Жалпы, партияның «2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасында аталған міндеттерді жүзеге асырудың тиімділігін арттыру жолдарын қарастырамыз. Сайлауалды тұғырнама аясындағы нақты міндеттеме мен берілген уәденің орындалуын Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырып, Парламент және мәслихат депутаттары арқылы бекітілген индикатор мен іс-шаралар бойынша партия бақылауды жүйелі түрде күшейтетін болады.
Жас қазақ: Партия билік пен халық арасындаға көпір немесе дәнекер болып табылады. Ашығын айту керек, кейбір әкімдердің, қайсыбір басшылардың өздерін сол аумақтың жалғыз қожайыны ретінде ұстайтыны, заңды белден басатыны жасырын емес. Мұны дәлелдейтін деректер де жеткілікті. Осы тұрғыдан алғанда, партияның бақылау комиссиясының өкілеттілігі жеткілікті деңгейде деп есептейсіз бе?
Б.Байбек: Өте орынды сұрақ. Біз елмен етене жақын араласып, қоғамдық қабылдау бөлмелері, «партия бастауыш ұйымдары» арқылы жұртшылықтың тыныс-тіршілігінен әрдайым хабардармыз. Әрі халықтың бұл тұрғыда сенімі артып келеді деп толық айтуға болады. Айталық, еліміз бойынша жұмыс істейтін 300-ден аса қоғамдық қабылдауға келген арыз-шағымдардың саны екі есеге жуық ұлғайған.
Мәжіліс пен барлық мәслихаттардағы біздің фракция депутаттарының, партиялық бақылау бекеті, сыбайлас жемқорлық жөніндегі кеңес қызметінің маңыздылығы өседі. Бұл дегеніңіз – мемлекеттік қызметкердің халықпен етене жақын сөйлесіп, жылы қабылдап, «әкесінен қалған орын» ретінде қарамай, бұқараға қызмет ету деп қабылдауы үшін жасалып жатқан дүниелер.
Партия – үлкен әрі күрделі механизм. Оның фракцияларда депутаттары, өкілетті органдарда, саяси кеңес, бюро мүшелері бар. Әрбір мүшесінің өз ой-пікірі, көзқарасы бар. Олардың бәрі бір-бірін бақылап, жариялылық, есеп беру қағидасы негізінде жұмыс істеу керек. Сол себепті, біз тазалықты, ашықтық пен есеп беруді, жауапкершілік пен талап қоюды алдымен өзімізден бастаймыз. Нақты мәлімет келтірсек, биылдың өзінде сыбайлас жемқорлық санатындағы іс-әрекеті үшін партия қатарынан шығарылғандар саны 4 есеге өсіп, 200-ден астам мүшені құрады. Олардың қатарында Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы бұрынғы облыс, қала әкімдері мен әкім орынбасарлары да бар. Дәл осылай мүшелік төлемақыны төлемегені үшін де партия мүшелерінің 1 пайызға жуығы, яғни 12 мыңдай адам жыл сайын партиядан шығарылады.
Бұған қоса, қазіргі заман талабына сай, қалаған жанға қолжетімді «Электронды партия» жүйесін енгізу ісін аяқтап келеміз. Ол әрбір аймақтардағы арыз-шағымның барынша оңтайлы қаралып, тиімді шешілуі үшін жасалып отыр. Әрбір өңірден келіп түскен кез келген арыз, мейлі ол партияның белсенді мүшесінің үстінен түскен немесе белгілі бір қиын әлеуметтік жағдайға қатысты болсын, осы орталықтан көрініп, өңірлердегі ахуал, қауіп-қатерді анықтауға мүмкіндік береді. Жүйе, сондай-ақ жергілікті жерде шешімін таппаған мәселені республика көлемінде түбегейлі қарастыруға септігін тигізеді.
Жас қазақ: Жемқорлық қоғамның өзегіне түскен жегіқұртқа айналды. Әсіресе, қазына қаржысын талан-таражға салу, парақорлық тыйылмай тұр. Рас, партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесі талай былықтың бетін ашты. Жемқорлықты жою үшін алдағы уақытта қандай іс-әрекетке жүгінбекшісіздер. Өзге елдердегі партиялардың бұл істегі тәжірибесі ескеріле ме?
Б.Байбек: Әрине, ескерілді. Сыбайлас жемқорлықпен күресу тек мемлекеттің, партияның ғана еншісінде емес, ол барша халықтың міндеті. Жемқорлық әдетте екі адамның қарым-қатынасына кеп тіреледі. Яғни біреуі пара алады, екіншісі ақша береді. Қарапайым мысал. Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер немесе сессия тапсыратын студент емтиханға дайындалғаннан гөрі ақшаны жинауды жөн көреді. Не болмаса, полиция қызметкері жол ережесі бұзылған соң барып, жүргізушіні тоқтатып жатады. Яғни алдын алмайды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан, негізгі мәселе - халықтың арасында жемқорлыққа қарсы менталитетті қалыптастыру қажет. Екіншіден, үгіт пен насихатты күшейтіп, түсіндіру қажет. Жастар сапалы білім алып, білікті маман болуы үшін жақсы оқуы тиіс. Ақшаға сатып алған біліммен ұзаққа бара алмайсың. Бәлкім, ағаң, көкең көмектесер. Бірақ біліксіз маман бір жерде ұзақ тұрақтамайды. Себебі заман өзгеріп, талап күшейіп келеді.
«Нұр Отан» жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жұмысының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деректері ашық, жариялы түрде қаралып, халықтың жан-жақты талқысына түсті. Қазіргі таңда, партияның Парламенттегі фракциясы депутаттары осы келелі де күрделі мәселені жүйелі түрде жаңа деңгейде шешуі үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын әзірледі.
Сонымен бірге партия қатарының таза болуы мен партия ішіндегі тәртіптің сақталуы – партия органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі ретінде баса назар аударып жатырмыз. Егер осыған сәйкес келмесе, қандай да қызметте болсын, партиядан шығарылатын болады.
Жас қазақ: Бұл сұрақ редакцияға келіп түскен хаттардың негізінде дайындалды. Әңгіме жастарды жақыннан толғандыратын мәселелер жөнінде. «Нұр Отан» тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан нашар қорғалған, жұмыссыз немесе болмашы жалақыға жегілген жастардың немесе баспана тауқыметін тартқан жас отбасылардың үміт артатын ұйымына, болашаққа сеніммен қарауына ықпал ететін сүйікті партиясына айналуы үшін не істеу керек? «Жас Отан» жұмыссыз жастардың арасына бара ма?
Б.Байбек: Әрине, барады. «Жас Отанның» 200 мыңнан астам мүшесі бар. Осыдан бірер апта бұрын Зерендіде жастардың басын қостық. Үш жүзден астам адам жиналды. Жалпы, үлкендердің жастарға ақыл айтып, жөн сілтеуі игі дәстүр, былайша айтқанда, заңдылық. Ал жастардың құрбы-құрдастарына мән-жайды ұқтыруы мүлдем соны құбылыс. Қазір біз «жасотандықтарға» мүмкіндік жасап отырмыз. Өздері жас болған соң, жастардың тілімен сөйлеп, жастың тірлігін күйттеуі керек. Бұл – жобалық принцип. Әрі сәтті қадам. Негізгі идеясы – жол көрсетіп мұрындық болу. Біреудің білімі бар, енді біреу бұдан құралақан. Оның үстіне, нарықтық экономиканың талабы, өзіңіз білесіз, қатал. Сол себепті біз жасотандықтарды ашық түрде іріктеу жасап, ең үздіктерді партия арқылы ұлттық холдингтер мен мемлекеттік қызметтерде тәжірибе жинауға жібереміз. Ол өзінің жұмысы туралы көпшілікті хабардар етіп отырады. Жасыратыны жоқ, ауыл жастары мемлекет тарапынан оларға қандай көмек бар екенін біле бермейді. Базардағы жігіттер мен қыздардың бос уақытын мәнді өткізуге жеткілікті жағдай жасалмаған. Олардың футбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен айналысуына жағдай туғызсақ дейміз. Павлодарда қызмет көрсету орталығы ашылды. Тек қана жастар мәселесін қарайды. Мәселен, несиеге қалай қол жеткізуге болатынын түсіндіреді. Біз әкімдерге жастарға қызмет көрсететін орталықтар ашуды тапсырдық. Онымыз негізсіз емес. Айталық, қабылдау бөлмелерінің қызметіне талдау жасағанда, арызданып келген азаматтардың 40 пайызына тек заңгердің көмегі керек екеніне көз жеткіздік.
Партия үшін жастардың жағдайы басты назарда көтеріліп отырған келелі мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жүмысымызды да басқа арнаға бұрдық. «Жас Отан» жастар қанатының жұмысы нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.
Биылғы 2 шілдеде басталған «Сәтті қадам» жобасы алғашқы жемісін беріп үлгерді. Жоба аясында білікті жастар республика көлеміндегі ірі холдингтер, мемлекеттік органдарда іс-тәжірибеден өту мүмкіндігін алды. Мысалы, жобаға қатысқан Жұлдыз Құдабаева өзін маман ретінде жақсы қырынан көрсетіп, небәрі бір апта іс-тәжірибеден кейін Білім және ғылым министрлігінің ресми түрде маманы атанды.
Жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан тағы бір жоба – «Жастар-ауылға!». Мұнда ауыл жастарына құқықтық көмек көрсетіліп, тиімді мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері түсіндірілді. Бүгінгі танда мемлекетіміздің 16 қаласында сауда орындарында осы «Кеңес орталықтары» жұмыс жасайды. Нақты айтсақ, заң аясын, мемлекеттік бағдарламалар шеңбері түсіндірілгеннен кейін, Қызылордадағы «Кеңес орталығында» Мақсат Бисейітов, Исатай Ақбергенов, Нұрсұлтан Ахметов, Қуаныш Дәлиевтер нәтижесінде жаңадан салынып жатқан қала әкімдігі ғимаратын соғуға «Абу-Сер» компаниясына жұмысқа тұрды.
Жас қазақ: Елбасының тапсырмасымен «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған өзіңіз секілді жастар қазір аса жоғары қызметке көптеп тартылуда. «Болашақ» қауымдастығы Кеңесінің төрағасы ретінде айтыңызшы, шетелде білім алып келген осы жастар біздегі әкімшілік-басқару жүйесіне жаңа леп, соны өзгеріс әкелді ме?
Б.Байбек: Біз жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Дамыған мемлекеттер, мықты көршілеріміз бар. Олармен тереземізді тең ұстағымыз келсе, Абай айтпақшы «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі сонымен бірдей тендікке кіреді. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек» деп, сырттың білім-ғылымын, өнер-мәдениетін білген дұрыс.
Негізі, «Болашақ» бағдарламасы дарынды жастарға келешекте өздерінің жинақтаған тәжірибелерін мемлекет игілігіне пайдалану үшін шетелде сапалы білім алуға көмектесу идеясына негізделген. Елдің, Елбасының қолдауымен басқа мемлекеттің үздік тәжірибелерін зерделей отырып, елімізді дамытуға бағыттайтын өз жолын айқындады.
Меніңше, әрбір «Болашақ» түлегі өз саласында, өз жұмысы барысында шетелдік озық технологияларды барынша тиімді пайдаланып жатыр. Әріге бармай, өз тәжірибемді келтірсем. Президент Әкімшілігінде жұмыс жасап жүргенімде, әкімдер рейтингісі, мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау жүйесі енгізілді. Мұның барлығы өз еліміздің менталитетін ескере отырып, сырт елдің үздік тәжірибелерін ескерудің жемісі деп білемін.
Бүгінгі таңда «Болашақ» түлектерінің жеке-жеке емес, қауым болып та ел дамуына қосып жатқан үлестері бар. Мықты жобалардың бірі ретінде соңғы жылдары қазақ тілі аясын кеңейту үшін 6 Голливуд фильмдерін халықаралық стандартқа сәйкес аударылғандығын атап өтуге болады.
Жас қазақ: Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіңізге «Тіл жанашыры» номинациясының берілуі сондықтан болар? «Болашақ» қауымдастығының төрағасы ретінде бастама көтеріп, осы жобаларды жүзеге асырғандығыңыз үшін бе?
Б.Байбек: Иә, дәл солай. Тұңғыш рет Елбасы саясатының, мемлекетімізді сырт елдің танып, біздің ел болып, абыройымыздың асқақтауының арқасында Голливуд бізді таныды. Дүниежүзі бойынша 7 мыңнан аса тіл бар. Алайда Голливудтың ең танымал фильмдері аударылған небәрі 7 тілдің қатарына қазір қазақ тілі қосылды. Сол арқылы, ана тілімізді шетелге танытып, қазақ тілін білмейтіндердің көкжиегін кеңейтіп жатырмыз.
Сонымен қатар бүгінде «Нұр Отан» партиясы атынан «Батырлар» атты қазақ халқының аты аңызға айналған қайсар батырлары туралы анимациялық мультсериал шығаруға партия тарапынан қолдау көрсетіп жатырмыз. Бүгінде тек тіліміз ғана емес, ұлттық спорт түрлерін дамытып, төл мәдениетімізді жаңғыртуға партия тарапынан ден қойылды.
Мысал ретінде қазір еліміздің ауыл-аймақтарының барлығына тегіс танымал болған «Қазақстан Барысы» жобасын келтіре кетуге болады. Сонымен қатар осы кеше ғана халықаралық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылған Көкпардан I ашық Азия чемпионатын атар едім. Бүркітшілер арасында да тартысты ойын өткізу жоспарланған.
Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын барша қазақ халқы үшін басты жақсы жаңалығымыз жақында, партия съезі қарсаңында дүбірлі айтыстың өтетіндігі. Онда тек айтыс қана емес, термешілер, жазба ақындар қатысып өнерлерін ортаға салады.
Осы жұмыстардың барлығы Доктринада аталған отбасының берекелі болуы, ел ынтымағы, дәстүрдің сабақтастығы негізінде жасалып отыр. Демек, «Нұр Отан» халықтың партиясы болғандықтан ел мүддесін қолдап, ұлттық құндылықтарды қорғайды.
Жас қазақ: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан, Срайыл Смайыл
«Жас қазақ» газеті