Елімімзде отбасылық соттар құрылмақ
Сот статистикасы бала тәрбиесіне байланысты мәселелердің өте өзекті екенін көрсетіп отыр. Бұл туралы Сенатта кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету тақырыбындағы жиында депутат Нұрлан Бекназаров айтты.
«Балалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың бақытты және қауіпсіз балалық шағы үшін қажет жағдайлар жасау - мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударады. Атап айтсақ, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ел Президенті Ұлттық қордың инвестициялық табысынан балалардың шоттарына 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға және тұрғын үй сатып алуға пайдалана алатын қаражатты аудару жөніндегі бағдарламаны іске асыруды тапсырған болатын. Аталмыш тапсырма 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін заңда заңнамалық түрде бекітілді және биылғы қазан айында Парламент қабылдады», - деді Н. Бекназаров.
Сенатор Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтық жағдайы Конституцияда, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінде, «Баланың құқықтары туралы», «Білім туралы» «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңдарда, сондай-ақ басқа да бірқатар нормативтік-құқықтық актілерде айқындалғанын еске салды. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бала құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар халықаралық шарттардың, оның ішінде Бала құқықтары туралы Конвенцияның толыққанды қатысушысына айналды.
«Балалардың құқықтарын қорғау жүйесінде мемлекетіміздегі соттардың орны айрықша. Баланың кез келген бұзылған құқығын сот тәртібімен қорғауға болады. Сонымен қатар, балаларға қатысты даулар сот істерінің күрделі санаттарының бірі саналады, өйткені оларды шешу нәтижелері баланың жеке басының қалыптасуына, оның физиологиялық, рухани және адамгершілік дамуына әсер етеді. Балаларға қатысты көптеген даулар, мысалы, балалардың тұрғылықты жерін анықтау және бөлек тұратын ата-аналардың олармен қарым-қатынас тәртібін анықтау, әке болуды анықтау, алименттерді өндіріп алу, бала асырап алу және т.б. сот тәртібімен шешіледі. Сот статистикасы бала тәрбиесіне байланысты мәселелердің өте өзекті болып отырғанын көрсетіп отыр», - деді Нұрлан Бекназаров.
Оның сөзіне қарағанда, қазір отбасыны сақтап қалу үшін қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ соттардың неке-отбасы қатынастарынан туындайтын дауларды қарау кезінде татуластыру рәсімдерін кеңейтуге бағытталған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске асырылып келеді.
«Пилоттық жоба оң нәтиже көрсеткен жағдайда, елімізде соттардың үш түрін: ювеналды, азаматтық және әкімшілік соттарды біріктіре отырып, отбасылық соттар құрылуы мүмкін», - деді сенатор.
Айта кетейік, елімізде Отбасылық сот қанатқақты жобасы 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап енгізілді.
Abai.kz