Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6852 0 пікір 30 Қыркүйек, 2013 сағат 06:58

Тұрмағанбет Кенжебаев. Тозағыңа барып келген ешкім жоқ – Нағыз тозақ – ит тірлік!..

Дозақ деген бар болса ол – осы өмір!..

Өнбей жатып өледі әлі неше гүл.

Адам болып келдің екен өмірге –

Адам болып кете біл!..

 

Қажыды ма қу тірліктен есіл ер,

Қайдағыны айтқаны бұл несі дер?!

Артық кетсем күнаһар бір пендесін –

Тәңірі өзі кешірер!..

 

Жарлы байыр, жетімек те жетілер,

Жан жарасын өмір өзі өшірер.

Тозақ егер бар болса бұл әлемде –

Сол тозағың осы жер!..

 

Жазылмаған тірлік заңы осы ма еді?!

Талау-тонау, зорлық-қорлық, қасірет!..

Түсінгенім – о, тойымсыз сұм жалған –

Сендей болмас ақірет!..

 

Құмырсқадай жиған тасып үйіңе,

Бұл байлыққа болады ертең кім ие?!

Кімнен кейін қалмаған бұл қайырсыз –

Алдамшы қу дүние!..

 

Көңілімді жүрген көптен күпті ғып,

Сұрағым еді, иығымнан түсті жүк.

Тозағыңа барып келген ешкім жоқ –

Нағыз тозақ – ит тірлік!..

 

Өнбей жатып өледі әлі неше гүл,

Келмей жатып сөнеді әлі неше жыр!..

Адамсың ба, адам болып кете біл –

Дозақ деген осы өмір!..

                         

Дозақ деген бар болса ол – осы өмір!..

Өнбей жатып өледі әлі неше гүл.

Адам болып келдің екен өмірге –

Адам болып кете біл!..

 

Қажыды ма қу тірліктен есіл ер,

Қайдағыны айтқаны бұл несі дер?!

Артық кетсем күнаһар бір пендесін –

Тәңірі өзі кешірер!..

 

Жарлы байыр, жетімек те жетілер,

Жан жарасын өмір өзі өшірер.

Тозақ егер бар болса бұл әлемде –

Сол тозағың осы жер!..

 

Жазылмаған тірлік заңы осы ма еді?!

Талау-тонау, зорлық-қорлық, қасірет!..

Түсінгенім – о, тойымсыз сұм жалған –

Сендей болмас ақірет!..

 

Құмырсқадай жиған тасып үйіңе,

Бұл байлыққа болады ертең кім ие?!

Кімнен кейін қалмаған бұл қайырсыз –

Алдамшы қу дүние!..

 

Көңілімді жүрген көптен күпті ғып,

Сұрағым еді, иығымнан түсті жүк.

Тозағыңа барып келген ешкім жоқ –

Нағыз тозақ – ит тірлік!..

 

Өнбей жатып өледі әлі неше гүл,

Келмей жатып сөнеді әлі неше жыр!..

Адамсың ба, адам болып кете біл –

Дозақ деген осы өмір!..

                         

                              *  *  *

Бар менен жоқтың арасы

Жер менен Көктей қарашы.

Көрінген итке жем болды-ау

Қазақтың қара баласы!..

 

Қазақтың қара баласы,

Ішіне толып наласы

Қайда деп көкке қарайды –

Жазылмас дерттің дауасы?!

 

Жоғыңды жұрттан жасырып,

Барыңды елден асырып,

Жүргенде жоққа бас ұрып –

Барлығы кетті сатылып!..

 

Алтыны кетіп – тас қалды,

Асылы кетіп – нас қалды...

Өлсе де көзі тоймайтын

Құлқыны жаман «аш» қалды!..

 

Тексіздер таққа отырды,

Ұлтан құл салды кесірді.

Жағымпаздарға жал бітіп –

Ұры мен қары есірді.

 

Өлейін десе ажал жоқ,

Көнбейін десе амал жоқ!..

Тірлігі бүйткен құрысын –

Әйтеуір жүрген адам боп!..

 

Көрмеген кебің көп екен,

Ажалың бірақ жоқ екен...

Тірі өлік бол да жүре бер

Тіршілік тәтті дегенмен!..

 

...Бар менен жоқтың арасы

Жер менен Көктей қарашы.

Көрінген итке қор болды-ау –

Қазақтың қара баласы!..

 Астана. 25 тамыз, 1913 жыл.

                                              

Екі бас...

 

...Махамбеттің басын алып,

Айырылдың тіліңнен!

Жарқылдаған жасыныңнан –

Саңқылдаған үніңнен!..

 

Махамбеттің басын шауып,

Айрылдың Рухтан!

Тіршілігің – салқын табыт,

Тамырыңда суық қан!..

 

Махамбеттің басын кесіп,

Айрылдың шындықтан!

Қайта өмірге келсең де енді –

Құтылмайсың құлдықтан!..

 

Махамбеттің басын сатып,

Айрылдың арыңнан!

Енді міне, құтың қашып –

Құлға айналдың жағынған!..

 

...Хан Кененің басын алып,

Айырылдың тәжіңнен!

Елдігің мен теңдігіңнен –

Ерлігің мен сәніңнен!..

 

Хан Кененің басын шауып,

Айрылдың тағыңнан!

Бойыңдағы асылың мен

Басыңдағы бағыңнан!..

 

Хан Кененің басын кесіп,

Айрылдың басыңнан!

Тобыр болдың көтке теуіп

(артқа)***

Кім-көрінген басынған!..

 

Хан Кененің басын сатып,

Айрылдың намыстан!

...Қайран, менің бассыз елім –

Қайран, екі Арыстан!..

 

                                 *   *   *

Адамзатты адастырған жолынан,

Әзәзілдің айы туып оңынан

Әлсіздердің күні сөніп, үні өшті

Әлділердің әділдігі жоғынан!..

 

Алдаспандай шапса қара тасқа өткен,

Қайран қазақ, қара көзден жас төккен...

Айтылмаса атасы өлер сөздің де –

Айта алмасаң кеудеңде алтын бас кеткен!..

 

Қара нардай таспа тіліп жонынан,

Қабақ шытпас ет кессе де қоңынан

Ерлер қайда, ел мен жердің намысын

Ешкімге де бермейтұғын қолынан?!.

 

Сорлы елім-ай, арты – тұман, алды – жар,

Аптығыңды басар әлі-ақ мұңды зар!..

Азабыңды өлексеге семірген

Қайдан ұқсын қорқаулар мен құзғындар!..

 

... Атан өлсе әйтеуір бір сойылар,

Атаң өлсе ертелі-кеш қойылар!..

Күн туғанда қимылдап қал, басып қал

Мұндай заман енді қашан жолығар!..

 

Бейбіт күнде берекесін қашырған,

Елім анау – ырыс-құты шашылған.

Шараң бар ма жаман туса жақсыдан –

Амал қанша жасық туса асылдан!..

 

***

Арман құсы адастырып көңілдің,

Шамшырағы сөнсе сезім-сенімнің,

Алтын жібі үзілсе үміт, төзімнің

Ерлігінің кемдігі емес елімнің!..

 

             Қайтарымы болмай төккен теріңнің,

Дастарханы тарылса кең төріңнің,

Жұлдыздары жырақтаса көгімнің

Байлығының аздығы емес жерімнің!..

 

Құдай куә, куә мынау жарқын Күн,

Теңіз едің неге семіп, сарқылдың?..

Басқалардан өзің айтшы, жарқыным –

Бақ-талайы төмен бе еді халқыңның?!.

 

... Жарлы байыр, жетімек те жетілер,

Жан жарасын өмір өзі өшірер.

Ертеңгі ұрпақ қайдан білсін, есіл ер

Қайдағыны айтқаны бұл несі дер!..

 

Асқар таумен таласқандай шоқтығы,

Көзден бүгін бұл-бұл ұшса от күні

Барлығы да, бәрі де тек Тәңірден –

Сосын сенен – әділдіктің жоқтығы!..

 

 

*  *  *

Айтарым көп,

                         тек саған айта алмаймын,

Қарызым көп –

                         Оны да қайтармаймын!..

Көңілім қалды күніне мың құбылған

Мына өмірден желіккен сайқалдайын!..

 

Болдың деді – көрмедім болғанымды,

Толдың деді – сезбедім толғанымды.

Алаяқтар ие боп барлығына –

Ұры-қары тонады арманымды!..

 

Мәңгүрттер мен тексіздер өрге шықты,

Місе тұтпай өріңді төрге шықты.

Қазағымның мың өліп, мың тірілген

Өр рухын тепкілеп жерге тықты!..

 

Арсыздың ақылы көп малды болса,

Ақынның қадірі жоқ жарлы болса.

Несін айтам, осымен доғарайын –

Наданға есіл сөзді қор қылғанша!..

 

                     *  *  *

... Күз де келіп қалыпты-ау кезегімен,

Құтылмақ жоқ қашсаң да межеліден!..

... Көк жүзінде қия алмай қош айтысып

Құстар қайтып барады өз елінен!..

 

Өтер өмір осылай білінбестен,

Ұмытылар түбінде кімің де естен!..

Келген – кетпек, қарағым, жанған – сөнбек

Қайда кетті болмаса бұрынғы өткен?!.

 

Сары бақта сарғайтып сары уайым,

Көп отырдым, тағдырға не қылайын?..

... Жақсылықпен біткей де бәрі лайым –

Жапырағы таусылған кәрі қайың!..

 

 

* * *

             ... Қыз көрікті

Саябаққа сары ала күз келіпті...

Аңғармаймыз өмірдің өткенін де

Қу тірлікпен жүргенде күнделікті!..

 

Күз келіпті...

Жасыл баққа жайқалған қыз көрікті...

...Сары орамал тағынған ақ қайыңдар

Сынық мінез, самарқау күйге еніпті!..

 

... Күйге еніпті,

Бар тіршілік тағы да түрленіпті...

...Өтер өмір осылай білінбестен –

Кетер күндер қалдырып бізге үмітті!..  

 

*   *   *

 

   Қайран елім, қазағым қалың ірге

Ақыныңмын әрқашан жаны бірге.

Еске аларсың мені де күні ертең-ақ

Ақпандатқан аязды долы күнде!..

 

Сұм тағдырдан сан рет соққы жедім,

Ит тірлікте қаншама кетті кегім.

Өзім құлап жастам да Жаратқаннан –

Сенің туың тік тұрсын деп тіледім!..

 

Ақталғам жоқ көшімнен қалдым-ау деп,

Мақтанғам жоқ өзгеден оздым-ау деп.

Шағым айтпан саған да, өлсем егер –

Күнім жетпей мезгілсіз солдым-ау деп!..

 

Бәрі Алланың қолында – білем оны,

Білем оны, мезгілсіз кім өледі?!

Өзің барда біз бармыз, ақыныңның –

Жаратқаннан жалғыз сол тілегені!..

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036