Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5981 0 пікір 30 Қыркүйек, 2013 сағат 07:17

Ұлтым деп у ішкен

Атасы  Шырдалым ақын 1924 жылы қытайда мешіт салдырып, медіресі ашқан кісі болған екен. Ол кісі салдырған мешітінің оң жақ және сол жақ босағасына мынадай өлең жолдарын жазып қойған көрінеді:

«Исламның анық атқан таңын көрсем,
Стамбул әскерінің шаңын көрсем.
Дүниеден армансыз өтер едім,
Мекке мен Мәдинеге барып өлсем» - деп бүкіл ислам дінінің біртұтастығын армандап өткен атаның тәлім-тәрбиесін бойына дарытып өскен Әлімғазы Дәулетханұлының ұлт зиялысы болып өспеуі мүмкін емес еді.

Атасы  Шырдалым ақын 1924 жылы қытайда мешіт салдырып, медіресі ашқан кісі болған екен. Ол кісі салдырған мешітінің оң жақ және сол жақ босағасына мынадай өлең жолдарын жазып қойған көрінеді:

«Исламның анық атқан таңын көрсем,
Стамбул әскерінің шаңын көрсем.
Дүниеден армансыз өтер едім,
Мекке мен Мәдинеге барып өлсем» - деп бүкіл ислам дінінің біртұтастығын армандап өткен атаның тәлім-тәрбиесін бойына дарытып өскен Әлімғазы Дәулетханұлының ұлт зиялысы болып өспеуі мүмкін емес еді.

Қай кезде да, қандай бір мезгілде болмасын қалың көпшіліктің алдынан үнемі шығып тұратын бір сұрақ болса, ол «ұлт зиялылары деп кімді айтамыз? Оқып, білім алғандардың барлығы да зиялы ма? Бұл сұрауларға жауап бере алмай келе жатқан қазақ зиялыларының өзі екендігінде дау жоқ. Олай дейтін себебіміз қанша дипломы болса да, ұлттың мүддесін ойламаған адам зиялы емес екендігін сезінбеу біздің қазіргі зиялы қауымның рухани дүниесіндегі жазылмас жарақатқа айналып келеді. Бүл орайда бүкіл өмірін ұлтына арнаған Алаш зиялыларын айтпай кетуге болмас. Әлихан Бөкейхан бар ғұмырын халқының мүддесін қорғаумен болды. Ол 24 жасында-ақ көтеріліске шығып, қара тізімге ілікті. Өмірінің соңына дейін сол қара тізімнен арыла алмай өмірден өтті. Ал Ахмет Байтұрсын болса, халқы үшін бүкіл өмірін азаппен өткізгендердің бірі де, бірегейі екендігі бәрімізге белгілі. Олардың зиялылығының ең басты белгісі, ұлтшылдығы болды. Ал бүгіндері ұлтшыл десе үрейленіп, одан аттонын ала қашатындай дәрежеге жетіп жүрген зиялыларымызға не десек болар екен?! Негізінде ұлтшыл деген азаматтың азаматтығын көрсететін термин болуға тиіс еді. Кезінде 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін өткен құрылтайда сайлауға түскен кандидаттарға берілген мінездемеде «ұлтшыл азамат» деген баға ең жоғары баға болып есептелген. Сол кезде сайлауға түскен депутаттардың ең негізгі көрсеткіші ұлтшыл азамат деп жазылған. Зиялы болам деген адам қай кезде болмасын ұлтының жанашыры болу керек екендігі заңдылық. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда Әлімғазы Дәулетханұлын алаш зиялыларының осы заманғы ізбасары деп кесіп айтуға болады.

Бұған дәлел ретінде, екі алып империяның қанқұйлы саясатымен біркісідей алысқан Әлекеңнің студет кезінде-ақ қандай іс-қимылдармен айналысқандығын төмендегі мына бір неше еңбектерінің қортындысынан толық байқауға болады. «Біздің ұйымның қандай ұран тастап, қан­дай қызмет атқарғаны бүкіл өлке хал­қы­ның көз алдында. Біз атқарған басты іс­терді санамаласақ:
1. 1966 жылдың қараша, желтоқсан ай­ларында негізінен басымызға «қызмет груп­пасы» кигізіп кеткен саяси қалпақтан құ­тылу жолында «4-август оқиғасының» ақи­қатын айтып, нақақтан жазаланған Шин­жияң университетінің 374 адамын сая­си тұрғыдан ақтап шығуға арналды. Та­банды күрес арқылы өзімізді-өзіміз то­лық ақтап, қарсыластарымыздың үнін өшірдік.
2. Шинжияң әскери округі жанындағы «мәдени революция істері» жөніндегі топ­тың қолдауымен Уаң Ынмаушыл «1 қы­зыл штаб» жүзеге асырмақшы болған атышулы № 4 бұйрықтың ұлы хандық шовинис­тікті басшылыққа алып отырғанын әш­керелеп, Үрімжі қаласынан саяси сенімсіз делінген ұйғыр, қазақ отбасыларын зорлап ауыл-қыстаққа айдауына жол бермедік. Біз «Ауыл-қыстақ қаланың көң-қоқысын төге­тін ұра емес» деген ұранмен көшеге шы­ғып, листовкалар таратып, жаппай дискуссия ұйымдастырып, табанды қарсылық көрсеттік. Сөйтіп Үрімжідегі ұйғыр-қазақ­тың жаппай қолдауына ие болып, зор күшке айналдық.
3. Ең басты жеңісіміз – Шинжияң парт­комын бірінші хатшысы Уаң Ын­мау­дың ұлы хандық шовинизмін әшкерелеуді бас­ты ұран етіп, аяқ-асты болған жергі­лікті халықтың ұлттық, саяси правосын қор­ғап, қалыптасқан тарихи әділетсіз­дік­тің отарлық өктемдіктен болып келгенін ха­лыққа жеткізе алдық.» Бұл ҚХР ШУАР-дағы хұн вейбиңдік қозғалысы 2-штабының 11 жоралғысының бірі болған Әлімғазы Дәулетханұлының қытайдағы сол бір алапат жылдардағы елеулі еңбегі еді.

Бұл қимылдың соңы бүкіл Шинжияң адамдардың бір-бірін жаппай аңду, жаппай тұтқындап, атып-шабу алаңына айналып қалған кезде, Әлімғазы, Айтан бастаған «төңкерісшілер» - жасырын тұрғыда «Үш отау» ұйымының белсенді мүшелері ретінде Кеңес одағына барып, олардан көмек алып, қытай, моңғол, қазақстан қазақтарының басын біріктіреміз деген арманмен шегераны бұзып өтуге мәжбүр болады. Сөйтіп 1969 жылы ақпан-наурыз айларында Әлімғазы, Айтан бастаған топ ілгерінді-кейінді Қазақстан шекарасынан өтіп, атажұртқа ат басын тірейді.

Бұл жөнінде Әлекең өзінің «Дос туралы толғаныс» деген естелігінде былай деп жазады. «Біздің  өміріміздегі ең қиын кезеңнің бірі 1970 жылдан – 1972  жылға дейін Көкше жерінде еңіреп өткізген екі жылдық сүргін кезең болды. Ол тұста орыс-қытай шекарасында әйгілі «Даманск» аралы мен Қазақстанның «Жалаңаш көл» маңындағы екі үлкен қанды оқиға болып өткені белгілі. Бізді Көкшетаудың «Еңбекшілдер» ауданына қарасты түкпірдегі «Золотая Нива» совхозына апарғанда жергілікті халық «қытайлықтар келіпті, шекара соғысында қолға түскен қытайлықтар екен» десіп жатырқай, жауыға қарсы алғандай болғаны жанымызға қатты батты. Оның  бір себебі, бізді осы совхоз көлемінен сыртқа шығуға рұқсат етпей әрқайсымызды бір-бір аға шопанға көмекші етіп, солардың бақылауына тапсырғанын кейінірек білдік. Қазақша сөйлеп тұрсаң «ой, мына қытайларың қазақша біледі екен ғой» дегенін де мына құлақ талай естіп, құсалықтан өліп кете жаздап жүрдік. Совхоздың бригадирлері мен аға шопандарының сөздері де іріленіп, бір-біріне «Ей, істесең жөндеп істе, әйтпесе кет, сенің орныңа бір қытайды әкеліп істете саламын» дейтінді шығарды... Совхоздың біз істемеген ауыр жұмысы, онда да жалақысы мардымсыз қара жұмысы қалмады... Біздің Көкшетаудағы өміріміз шынымен өте ауыр, өте көңілсіз болды. Қарнымыздың ашқанына емес, алтын басымыз аяққа тапталғандай, қадырымыздың қашқанына налып, аңсап, әлде қандай ес, пана көріп келген Кеңес өкіметінің қатыбас саясатына лағнет айтып, торыға күйзеліспен екі жылды өткіздік.»

Әлімғазы Дәулетханұлы оңтүстік қазақстан облысына барғанда да сол баяғыдан да бетер қатаң бақылау астында болғандығына оның сол кезде Мәскеуде тұратын Айтан досына хат жазуға себеп болған мына бір детельдың өзі-ақ айғақ бола алады.  «...сен ол кезде менің басымнан нелер өтіп жатқанын білсең еді. Екі күннің бірінде КГБ мен учаскелік милицияның сүмелектері менің соңыма түсіп, аңдуын күшейтіп, алақандай Шұбар ауылында көзге түрткі болып жүргем. Сондай бір тексеріс кезегінде Шымкент облыстық КГБ-ың аға лейтенанты мен учаскелік милиция мен істейтін СПТУ №146-ның жұмысшылар комитетінің басшысы Молдияр ағамызды алдына салып біздің үйге келіп мені сұрайды. Мариям менің үйде жоқ екенімді  айтса сенбей үйге кіріп шипанерді ашып, төсектің астына үңіліп, бала-шағаның берекесін алады. Мен үйге келсем балаларым үрпиісіп, болған оқиғаны баяндап берді,  ызыдан, намыстан жарылып кете жаздадым. Кімге тиісерімді, кімге мұң шағарымды білмей құсалықтан саған ұзақ хат жаздым.»

Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана басында ойнаған әңгіртайақтан арылған Әлекең қызыл империяның табанында 70 жыл тапталған тарихымызды қайта жазуға барынша атсалысып, ежелгі қазақ тарихын зерттеуге дендеп кірісе бастады. Бүгінгі қазақ халқының ататегін құраған ежелгі ұлы Хун империясы, Үйсін мемлекеті, Түрік қағанатының тарихын зерделеуге бел шеше кірісті. Сөйтіп Түркеш қағандығының дәуірлеуі мен күйреу тарихынан құнды деректер мен дәйектерді көлденең тарта отырып, «Түркеш қағанаты» деген көлемді еңбекті жарыққа шығарды. «Ұлы Ғұн империясының тарихы» атты өте қомақты еңбекті түрік тілінен тәржімалап шығу арқылыы қазақ тарихына тың мәліметтер қосты. Осы барыста Әлекең қашан да әділетсіздік пен жалғандыққа қарсы шығып, жасандылыққа жаны қас екендігін көрсете білді.  Сөйтіп намысты оятатын, жігерді жанитын өткір  мақалаларды баспа бетінде үнемі жариялап отырумен бірге алашарысының атына қиянат келтіретін қаңқу сөз пікірлерден оларды арашалап отырды және ақиқатты асқақтата айтатын інілерін желеп-жебеумен де көзге түсті. Бұған Қасымхан Бегімановтың  «- Алаш арысының атын қиянаттан құтқару жолында соттасып жүрген сізге зиялы қауым өкілдері, тарихшы зерттеушілер мен ақын-жазушы әріптестеріңіз тарапынан көмек қолын созғандар болды ма? – деген тілшінің осы бір сұрауына берілген төмендегі жауапқа назар аударсақ-ақ жеткілікті. «– Қабдеш Жұмәділов, Мәмбет Қойгелді, Әлімғазы Дәулетхан, Ғаббас Қабышев, Бейбіт Қойшыбаев сынды бірен-саран азамат ағалардан басқасы ит қосып қуалағаннан басқа ештеңе істеген жоқ! Тіпті Мұстафаны меншіктеп алған «ғалымсымақтар» да бар екен. Тып-тыныш жатқан Шоқай еді, мен сондай ерді елдің есіне салайын деп, деректі фильм түсіріп, кітап жазғаным үшін жалалы болдым. Менің Мұстафаны ардақтап, атымды шығарайын деген ниетім де болған жоқ.»

Мұстафа демекші, Мұстафа Шоқай секілді тарпаң тағдырлы өмір өткелінде қытай билігінің де, кеңес одағының да қудалауы мен құндақтауын басынан өткерген алашшыл азамат, қайсар жазушы, сабырлы сазгер, шығыстанушы, көрнекті ғалым Әлімғазы Дәулетханұлының ұлт зиялысы туралы толғанған мына бір толғамының өзі-ақ оның кім екендігін әйгілеп тұрғандай. « – Бұрынғы қоғамның ең үлкен қателігі – сол қоғамдағы адамдардың өзінің кінәсін, айыбын ешқашан мойындамауында. Басты мәселе осында шығар. Қараңыз, бүгінде біз тәуелсіздік деп айтып та, жазып та жатырмыз. Енді қараңыз, біз тәуелсіздікті кімнен алдық?! Алушы – Қазақстан. Ал, беруші жоқ. 20 жылдың ішінде баспасөз беттерінен тәуелсіздігімізді Ресей империясынан алдық деген сөзді мерзімді баспасөздердің немесе теле-радио арналардан естіп, оқып көрдіңіздер ме?! Немесе үлкен мінберлерде өзін интеллигент санайтындар айтты ма? Әрине, айтқан жоқ. Бұл біздің отарсыздандыру саясатын жүргізбегенімізді көрсетеді. Ендеше, ұлт зиялылары осы мәселелерді айтпай, жазбай қайда жүр. Соған қарамай, ұлт зиялысы бар. Бірақ, оларды тыңдайтын құлақ жоқ. Ұлттың сөзін сөйлеп, ұлт мүддесі үшін жүгіріп жүргендердің ішінде, ұлт зиялысы туралы ең дұрыс анықтама айтқан – Мұстафа Шоқай. Ол ұлттың зиялысы болу үшін ұлттың талап-тілегімен, ұлттың зердесімен, ұлттың сана-сезімімен үйлесуі керек екендігін айтқан. Егер, халық қолдамаса, зиялы болғанымен ешнәрсе істей алмайсыз. Дәл сол сияқты, қазір біздің зиялы дегендеріміз Батыстан білім алып келіп, басқаша сөйлейтіндер. Халық өз алдына. Бұлар өз алдына. Шындықты айтып, әркімнің атын өз атымен атай алса, соны мен зиялы деп есептеймін. Ол қойшы, тракторист не болмаса академик болуы да мүмкін. Ұлт үшін басын бәйгеге тіге алған адам ғана зиялы деп саналады.»
      Расында да, Әлімғазы Дәулетханұлы

Домбыраның қайта бұрап құлағын,

Шертші, Әлеке, бар еді ғой бір әнің.

Мүмкін, мынау  шерлі көңіл уанып,

Қояр бір сәт, зар еңіреп жылауын. –деп 1970 жылы досы Айтан Нұсіпханұлы Көкшетауда «Әлімғазы Дәулетханға» деген атпен жазған өлеңінде айтқандай еліміз егемендік алғаннан кейін «зар еңіреп, жылауын» қойғаны ырас. Алайда ол Алаш ұранымен суысындаған, өз бас пайдасын ғана ойламайтын нағыз зиялы, арлы азамат болғандықтан қазақ ұлты үшін жаралған жан-тәнімен алаштың жоғын жоқтап, қазақтың біртұтастығының жыртысын жыртып келеді. «Басқасын былай қойғанда, патшалық Ресей мен қызыл империяның тепкісіне шыдамай жат-жұрттарға телім болып кеткен 4-5 миллион қазақтың елім-жерім, бауыр-туысым деген азғантай бөлегін де сыйғызбай, біреуін қытай, біреуін қалпақ, біреуін қалмақ деп түртпектейтіні несі? Қайран Мұстафа әкеміз, тұтас түріктің бірлігін армандаған ұлы тұран перзенті біздің бүгінгі сыйқымызды көрсе құсадан тірідей өлер ме еді, қайтер еді?» деген толғамды ой-пікірінің өзі егеменді елдігімізге айтылған ауыр сын екендігі бірден байқалып тұр. Сондықтан да біз ұлт зиялысы болған адам биліктің кемшілігін көзіне шұқып отырып сынай алатын батыл қадам жасумен айналысуы керек деген тұжырымға келе аламыз. Өйткені мақтау мен марапаттау елдігімізді ешқашан да қырағылыққа шақырмайды. Оның үстіне «мақтау – алтын мен алмас сияқты сирек болғанда ғана құнды»  (Б.Джонсон) екендігі бәрімізге белгілі. Сол үшін Әлімғазы Дәулетханұлы қазақ елдігінің егемендігі жолында, қазақтың болашақ тағдыры үшін елім деп еңіреуін және сыншыл да, шыншыл пікір айтуын бір минот та доғарған емес. Бұның себебі ол И.Канттың «Әділдік жоғалған кезде адамдар өмірін мәнді ететіндей ештеңе де қалмайды» деген қағиданы берік ұстанған, ұлт үшін у ішуге дайын, дүниеге көзқарас өлшемінде ұлттық сана деңгейіне көтерілген ер жүрек азамат екендігінде жатыр.

 

Бекқожа Жылқыбекұлы

филология ғылымының кандидаты,

Еуразия Ұлттық университетінің доценті, ақын

Abai.kz
 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036