Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3315 0 пікір 3 Қазан, 2013 сағат 11:22

Мырзан Кенжебай. Оқулықтардағы оспадарсыздықтар

Мына заман ─ бүгінгі мектеп оқулықтары бүгін сәби, ертең ел басқаратын ұрпағымыздың нағыз қазақы ұлттық санасын, ұлттық намысы мен ұлттық мүддесін қалыптастыра алатын оқулықтар ма  деген мәселе әр қазақтың көкірегін кернеп тұрмаса болмайтын заман. Ал сәбилерімізде ұлттық сана мен ұлттық намыстың қалыптасуы жат елдердің әзәзіл философтары,  экономистері, мәдениеттанушылары сұрқиялықпен ойлап тапқан «глобализация», яғни, «жаһандану» заманы деп атаған бұ заманда оқулықтардың ана тілімізде қалай жазылғанына тікелей байланысты. Ал, біздің қазақ мектептеріне арналған қай пәннің де оқулығын оқыған сәбилеріміз  күні ертең не сөйлесе де тек орысшадан тікелей аударма жасап сөйлейтін, көрген-білгенін өз ана тілінде жетік, ұғымды, өз бояуымен жеткізіп бере алмайтын дүбәра болып шыға ма деп қорқатын болдық. Қазір қазақ ата-аналары сәбилеріміз сол оқулықтардағы мәтіндерді түгел миына тоқып, одан қажетті, толық мағлұмат ала алады ма деп те қауіптенетін  болды. Олардың бұлайша қауіптенуінің жөні де жоқ емес.

         Әп дегеннен айтайық, бүгінгі қазақша оқулықтардың тілі шалағай, шорқақ, әрі сәби мен жасөспірім түгіл ересектерге де ауыр тиетінін дәлелдеп, дауласып жатуды қажет етпейтін екі-ақ себеп бар.

Мына заман ─ бүгінгі мектеп оқулықтары бүгін сәби, ертең ел басқаратын ұрпағымыздың нағыз қазақы ұлттық санасын, ұлттық намысы мен ұлттық мүддесін қалыптастыра алатын оқулықтар ма  деген мәселе әр қазақтың көкірегін кернеп тұрмаса болмайтын заман. Ал сәбилерімізде ұлттық сана мен ұлттық намыстың қалыптасуы жат елдердің әзәзіл философтары,  экономистері, мәдениеттанушылары сұрқиялықпен ойлап тапқан «глобализация», яғни, «жаһандану» заманы деп атаған бұ заманда оқулықтардың ана тілімізде қалай жазылғанына тікелей байланысты. Ал, біздің қазақ мектептеріне арналған қай пәннің де оқулығын оқыған сәбилеріміз  күні ертең не сөйлесе де тек орысшадан тікелей аударма жасап сөйлейтін, көрген-білгенін өз ана тілінде жетік, ұғымды, өз бояуымен жеткізіп бере алмайтын дүбәра болып шыға ма деп қорқатын болдық. Қазір қазақ ата-аналары сәбилеріміз сол оқулықтардағы мәтіндерді түгел миына тоқып, одан қажетті, толық мағлұмат ала алады ма деп те қауіптенетін  болды. Олардың бұлайша қауіптенуінің жөні де жоқ емес.

         Әп дегеннен айтайық, бүгінгі қазақша оқулықтардың тілі шалағай, шорқақ, әрі сәби мен жасөспірім түгіл ересектерге де ауыр тиетінін дәлелдеп, дауласып жатуды қажет етпейтін екі-ақ себеп бар.

         Бірінші себеп, қазіргі қазақ мектептеріне арналған оқулықтардың көбі орысшадан аударылған. Олардың мәтіндеріндегі сөйлем құрлысы орысша күйінде сақталғандықтан ересек қазақтардың өздерінің түсінуіне қиын.

         Екінші бір қырсығы мол себеп – оқулықжазушылар арасында қос тілді, тіпті, үш тілді бірдей біледі деп қолпаштанатындар яғни, көптілділер авторлыққа ие болады. Екінің бірі Герольд Бельгер емес, екі тілде бірдей мүкіссіз жазу өте сирек кездесетін жағдай. Мысалы, орыс, ағылшын тілін жетік меңгерген қазақ қалай дегенде де осы екі тілге басымдық беріп отырғанын өзі де байқамайды. Байқаса да сол тілдердің сөзін қосып, араластырып, тілімізді былапыттап отырады. Ең ақыры, екі тілде, үш тілде сөйлейді деп қанша мақтасақ та, сөйлеу бөлек, қазақша оқулық жазу бір бөлек екенін ескеретін кез жетті.

         Үшіншіден, білім уәзриятындағылар біресе «қос тіл-қос қанатың» деп, біресе «үш тұғырлы тіл ұшпаққа шығарады» деп күмпілдек ұран тастағыштары көп  Қазақстанда мектеп оқулығы дегеніңіз өз ата-баба тілін жете меңгерген, бүкіл ілім-білімді өзінің  бай ана тілінде меңгерген, ұлттық санасын өзге дін, өзге идеологияның кір-қоқысы шалмаған таза қазақ ұрпағын тәрбиелеп шығаратын ең басты құралдың бірі деп қарауы керек. Ұтыры келгенде айта кетейік әлгі «қос тілділік», «үш тілділік» дегендерді ойлап тауып, оны мемлекеттік деңгейге көтеретіндер қайткенде де Қазақстанда қазақ тілін тұншықтырып, оның ең басты тіл болуына қарсы адамдар мен қазақ космополиттері. Олар бұл жымысқы бастаманы жүзеге асыру үшін «көп тіл білу пайдалы», «қазақ көп тілде сөйлесе әлемдегі ең күшті ұлт болады», «қазақ үш тілді меңгерсе, бүкіл техниканы ұршықша үйіретін болады» деген сұрқия, желдірме, өтірік ұраншыл сөздерді қазақтың миына осы күні ақ сіңіріп тастады. Бұл қазақ деген тұтас бір ұлтты балаша алдарқатып, қазақ тілін өз елінде өлмеші ғана күйде қалдырудың үлкен бір әдісі. Міне, сол қостілділік пен үштілділіктің кесірінен қазақ мектептерінің оқулықтарында Жауапсыздықтың, Сауатсыздықтың қазақ тіліне Керенау, Енжар, Немкетті қараудың ізі ақ маңдайға қара күйе жаққандай ап-анық көрінеді де тұрады. Егер орысша оқулықтарда осындай сәл сөлекеттік жіберілсе, орыстар дүниені,  бүкіл Қазақияны дүрліктірер еді.

         Енді сөзіміз күнәһарлық болмау үшін әр пәннің оқулығынан бірнеше мысал келтірейік. Біз ұғымға ауыр, бұл орашолақ, мысалнамаларды, «тырнақ астынан кір іздеп» тапқан жоқпыз. Егер олай деп дау айтатындар болса мұндай ерсіліктерді, ерсілік емес сәбилеріміздің санасына жасалып отырған қиянатты осы оқулықтардың кез-келген бетінен тағы да көптеп келтіруге болады.

         Мынау 6-шы сыныпқа арналған «Биология» оқулығы («Атамұра». Арнаулы редакторы Қ.Қайым. Бас сарапшысы Қ. Бұрынбетова, авторлары Қ. Жүнісқызы, Р. Әлімқұлова, Жұмағұлова. Редакция меңгерушісі Ә. Пірманов).

         «Ол көшпелі шегірткені сүйіп жейді», «Жалман деген кеміруші (4-бет). Адам баласы өзінің перзентін, яғни, сәбиін аймалайды, сүйеді. «Қой сүйеді баласын қоңырым деп, сиыр сүйеді баласын торпағым деп, қарға сүйеді баласын әппағым деп!». Міне, қай тіршілік иесі өз перзентін сүюінің бір-бір мысалы осы. Бірақ не адам баласы, не басқа бір мақұлық болсын, еш қайсысы өзінің сүйген баласын, не сүйген ғашығын жеп қойыпты дегенді  естімеген керең болғыр құлағымыз. «Атамұрадан» шыққан «Биология» оқулығының авторларынан естіді-ау. Мұндай сөз саптаумен оқулықтар шығара берсек, бір күні  «ғашық құрбақасы өзін жеп қоятынын білген шегіртке  өзіне суицид жасады» дегенді де оқымасымызға кім кепіл? Ал «кеміргіш» деген атау биологияда баяғыда қалыптасқан. Ендеше оны кеміруші деп өзгерту де ғылыми жаңалық па? «Тікенге айналған жапырақ жүйкелерінің ұшы тақтасының жиегі тікенекті болады. Мысалы, түйетікен, шағыртікен және т.б. жатады. Осы сөйлемнен не түсінесіз? Жапырақтар тікенге айналған болса, жапырақ жүйкелері қайдан шығып тұр? Жалпы, жапырақтағы көзге көрінер-көрінбес жіпшелерді немесе тамыршықтарды жүйке деп атау дұрыс па? Бұл бір. Екіншіден бұл «Биология» оқулығының авторлары өсімдіктердің қазақша атауын білмейтіні, ол үшін ізденбей оны орысшадан сол күйінде көшірме-аударма жасай салатыны ап-анық көрініп тұр. Әйтпесе, осы оқулықтың К. Жүнісқызы, Р. Әлімқұлова, Қ. Жұмағұлова деген үш авторының бірі, не оның Қ. Бұрынбетова деген сарапшысы, не Қ. Қайым деген арнаулы редакторы қазақша «жантақ» деген өсімдікті білмей, оны орысша «верблюжья колючкадан» айнымай туған баладай «түйетікен» деп аудара салғаны қалай? Бұл қазақ ұрпағын өз тілінен алшақтатып, тіпті,  өсімдіктердің төл қазақша атауы жоқ екен деген ой туғызатын қылмыс деп қарасақ та артық болмас. Ал «мысалы, түйетікен, шағыртікен және т.б. жатады» деген де сөйлем болады ма? Болса оның алдындағы сөйлеммен қандай қатысы бар? Бұны авторлардың да, редактордың да, сарапшының да жауапсыздығы, сауатсыздығы дейсіз бе өзіңіз біліңіз. Бірақ осында олардың ұлттық тілге, ұлт ұрпағының ертеңіне қаншалықты керенау, селқос қарайтыны, әйтеуір осы оқулықты тапсырып, қаламақымды алсам деген ғана мақсаты бар екені көрініп тұрған жоқ дей аласыз ба? Әлде табиғатта өсімдік атауларының қазақшасынан сәбилерімізді бейхабар қып, оларды орысшадан аударып айтудың аржағында әлдебір жымысқы саясат бар ма, әлде бұл орыс не істесе соны істеп, орыс не ішсе соны ішуді әдете айналдырған ҚҰЛМІНЕЗ деген аурудан айыға алмағанымыздың белгісі ме?

         Биологияда баяғыдан қалыптасқан «аталық» және «аналық» деген ұғымдар бар. Ендеше, «Атамұраның» осы оқулығындағы «Онда бірнеше ядрошық (ядрода.–М.К) және ата-ененің белгілері мен қасиеттерін ұрпағына «тасымалдап» жеткізетін таяқша тәрізді хромосомалар бар (120-бет) деуіне жол болсын. Қазақ «ата-ене» деп көбіне келіншектің күйеуінің әке-шешесін айтады ғой. Мұны оқып отырып, ядролар да күйеуге тиеді екен, сөйтіп ата-енелі болады екен десек те болатын шығар.

         Ал «Шу сүйрік қанаты» деген балық «Тек Арал су алқабында тіршілік етеді. Аз зерттелген» дей келіп, «Табиғи таралу аймағы Бішкек қаласынан төменгі Шу өзенінің алқабы» дегенді қалай түсінесіз? (196-бет). Ол өзі «Арал су алқабында тіршілік етеді» де кейін Бішкек жақтағы Шу өзеніне барып таралады ма? Бұл балықтың атын «Шу сүйрік қанаты» деп кім тауып қойғанын кім білсін, бірақ дәл осы балықты Арал аймағындағылар ықылым заманнан «қылыш» немесе «қылышбалық» деп атайды. Сол сияқты «Аралдың таралу аймағының ең шығысында кездесетін түрі, қазір жойылып біткен де шығар» дегенді бала түгіл естиярлардың түсінуі де оңай емес. Осыны «Аралдың таралу аймағының ең шығысы» деп шұбыртып, оп-оңай сөзді мишайқарға айналдырмай-ақ «Аралдың ең шығысында», «шығыс бөлігінде» десе де болар еді ғой. Авторлар бұл жерде де балықтың өздері білмейтін атауын ойдан шығарып, «Арал албырты» деп өтірік айтуға шейін барыпты. Бұл нағыз қылмыс емес пе? Бұл да ұрпақты ұлттық тілінен адастыру емес пе? Әйтпесе, Арал өңірінің тұрғындары «Арал албырты» деген балықты көрмек түгіл өмірінде естіп көрмеген. Суретіне қарап отырып бұл балық шөмәйке деп аталатын тұқымдас қой деп қалдық.

         Ал «Математика» (6-сыныпқа арналған «Атамұра» баспасы) оқулығындағы мәтіндердің сиқы мынадай: «Олар мәтінді есептерді шығаруда, диаграммалар салуда, санды табуда көмектеседі (3 бет). Есі дұрыс қазақ  баласына «Есепті шығаруда» емес, «шығаруға», «сурет салуда» емес «салуға», «жоғалған қаламын табуда» емес «табуға» көмектеседі. Бұл да  Оқу министрлігіндегілер айта беретін «бәсекелестікте» жеңіп шыққан біліксіз адамның орысшадан со күйінде аудара салған «дүниесі». Сондықтан оқу министрлігіндегілер «Атамұрадағыларға»  әлде де оқулықтарды қазақ тілінде дұрыс «жазуда» емес «жазуға» көмектесуі керек. Осы оқулықтың 5-ші бетінде «Республикамызда жалпы халық саны (?) 16.198314 адамды құрайды» деген жазу бар. Осындағы «Жалпы халық» деген не? Сан адамды құрайды ма, керісінше адамдардың қосындысынан белгілі бір сан (цифр) шығады ғой. Бұл да  «...составляет 16.198314» деген орыс сөзін әке қылып, қазаққа тудырған сөз. Әйтпесе, бұл жерде «құрайдының» не керегі бар еді. Республика халқының саны 16.198314 млн» десе немесе «Республикамызда.... адам тұрады» десе де оқулық бұдан ақсап қалмайды. Сол сияқты «2007 жылғы дәнді дақылдар өнімділігі 13,6 ц/га болып, 20,1 млн.т. құрады» да осы орысшақұмарлықтың зардабы. Әйтпесе, бұл жердегі «құрады»ның «составляет» деген орыс әкесінен заңсыз «дүниеге келгені» көрініп-ақ тұр ғой. Құдай-ау, ең дұрысы «2007 жылы әр гектардан 13,6 центнер дәнді дақыл алынып, барлығы 20,1 млн. т. астық жиналды»деу еді ғой! Жалпы, қазір қазақ тілін телеарналардағы не сөз білмейтін, не білім-білігі төменқол журналистер орысшадан аударып қолдана салатын осы бір «құрады», «құрайды», «бағындырды», «оқиға орын алды» дегендерді орынсыз қолдану  әбден бүлдіріп, енді оларды жауапсыз, тілге шорқақ, оқу министрлігінің «бәсекелестігінде» қалай жеңіп шыққаны» беймағлұм ауторлар оқулықтарға енгізіп жүр. Сөз ұтыры келгенде айта кетейік, қазақ ата-аналары балаларына ана тілін бұзып сөйлеуге әдеттендіретін мұндай оқулықтардан бас тартып, заң орындарына шағым айтса да артық болмайды. Әйтпесе, «Атамұраның» осы «математикасынан» «Асқабақтан жасалған ас» (15-бет, 47-есеп( дегенді миына сіңіріп алған балаларымыз «Еттен жасалған немесе ұннан жасалған ас» деп сөйлейтін болса, ол баланы таза қазақ ұрпағы дей аламыз ба? О заманда, бұ заман қазақтың «ас жасады» «ас жасайық» дегенін естімеген, көрмеген басымыз тек тәуелсіздік алдық деп жүрген Қазақстан оқулықтарынан ғана көрдік. Әлде бұл аузым да тәуелсіз деп ойына келгенін сықпыртып соға беру ме? Есі дұрыс қазақ «асқабақтан ешнәрсе жасамайды», «асқабақты пісіреді», «тамақ пісіреді».

         Иә, «ағама жеңгем сай» деген мақалдың қай заманда дүниеге келгенін қайдам, бірақ сол мақал құдды қазіргі Қазақстанның басқа да баспаларынан қазақша шыққан оқулықтарға арнап айтылған дерсің. Олар қазақ балаларын өз ұлттық тілін жақсы  меңгеруіне емес, көрген-білгенінің бәрін орысшадан аударып баяндауға,  сөйлемін орысша құрып, со күйінде қазақшаға аударып сөйлеуге үйрету үшін жазылған сияқты. Сенбесеңіз, қараңыз: «Еңбекке баулу» оқулығы  сені техника мен шеберліктің қызықты әлемімен таныстыруды ары қарай жалғастырады» («Еңбекке баулу», «Алматыкітап», 2010. 3-бет. Қалназаров Б. Рахметова Н.Б. Жолдасбекова, С.А.ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған). 3-ші сыныпқа арналған бұл оқулықты «Бисмиллаһи рахмани ир рахим» деп ашып қалғанда орысшадан тұп-тура тәржімаланған ең алғашқы осы сөйлем маңдайымызға тарс етіп кесек тигендей қылды. «Техника мен шеберліктің қызық әлемі» дегенді қазақша дей аласыз ба? Бұл жерде «әлемнің» не қатысы бар? Бұл да жоғарыдағы «составляетты» қазақшалап «құрайды» деген сияқты «мир техники и мастерство» деген орыс әкесінің аузынан айнымай түскен  бала сияқты. «...таныстыруды ары қарай жалғастырады» да сондай «баланың» бірі. «Қатырма қағаз қалыңдығын орындалатын пішінге лайықтап алу керек» дегендегі «орындалатын пішін» де сол орысшадан аудара салған сөз. Ал «пішін белгісі... сызғыштың, қарындаштың көмегімен салынады» деу тілге жасалып отырған нағыз қастандық. Қазақтың «қарындашпен сал», «бояумен сал» деген сөзін білмей, оны «с помощью карандаша»дан аударып  «қарындаштың көмегімен сал» деп лағып сөйлейтін бұл үшеуіне қазақша оқулық жазуға кім хұқық берген? Білім министрлігінің өкілі Бейбіткүл (фамилиясы есімде жоқ) ханым телеарнадан қайта-қайта айта беретін «бәсекелестіктен», «сарапшылардан», әр мұғалімнің немесе мектептің өз таңдауынан өтетін оқулықтың түрі осы болғаны ма? Мұндай оқулық балаларымызды өз тілін құрметтемек түгіл өз тілінен бездіретін құрал деп оларды пайдаланудан бас тартып, не Білімминді, не ауторларды сотқа берсек қалай болады деп ойлайсыз? Ал «қарапайым бедер түзу сызық және нүкте түрінде орындалады» ше? (43-бет). Бедер дегеніміз орындалатын ән емес, өрнек қой! Өрнек өрнектеледі немесе өрнек салынады ғой! Бұл жерде де орысқұмарлық па қайдам әйтеуір «выполняется» деген сөзді тәржімалап беруге неге сонша құмар болғаны түсініксіз. Бұл кітаптағы (оқулық деу де қиындау) бүкіл сорақылықты былай қойғанда мұндағы «Ою-өрнек» сөзі – латынның «орнамент» деген сөзінің баламасы» дегеннің өзі-ақ ұлтты да, ұлттық тілімізді де қорлау емес пе? (ІІІ-бет) Сонда он саусағынан өнер, бармағынаан бал тамған шебер, зергер, ұста қазақ «ою-өрнек» сөзін де әлдеқашан жойылып кеткен латынның «орнамент» сөзіне балама ретінде кейініректе ойлап-тапқаны ма?

         Біз бұл әңгімемізде көбіне оқулықтардың тілі және ана тіліміздің оларда қандай күйге түскені туралы ғана сөз қозғадық. Оның ұрпағымыздың, ұлтымыздың келешегіне қаншалықты кесірін тигізетіні туралы мәселені күн тәртібіне қоятын уақыт әлдеқашан жетті. Біз  қазақ мектебінде оқиды, қазақша сөйлейді деп мақтап жүрген балаларымыздың өзінің қазақшасы жартыкеш, шұбарала тіл екенін әлде жасырып, шүкіршілік қыламыз, әлде өзіміз де солай сөйлеп, соған құлағымыз үйреніп кеткен. Әйтпесе, сол қазақша жақсы сөйлейді деген сәбилеріміздің өзі сөзіне орысша араластырмай сөйлемейтінін көріп-ақ жүрміз. Бір сәт өзіміздің 7-8-9 жасар қаракөзіміздің теледидардан қазақша сөйлегенін онымен жасты орыс баласының орысша сөйлегенімен салыстырып көріңізші. Орыс баласы өз тілінде мүдірмей, тақылдап ап-анық сөйлеп тұрады. Ал қазақ баласы тұтығып, ыңқылдап, сөздерін үзіп-үзіп, буын-буынға бөліп, тіпті, арасында орысша сөз қосып, қашан өз ойын, көрген-білгенін айтып болғанша шаршап-шалдығып әрең шығады. Сәби түгіл әп-әйдік қазақтарыңыздың өзі сондай. Ендеше,  қазақ мектептерінде, әсіресе бастауыш сыныптардан бастап, қашан мектеп бітіргенше «Русская речьті» оқыту не үшін қажет екеніі де түсініксіздеу. Ау, біз алдағы уақытта бүкіл іс қағаздары қазақшаға көшіріледі, 2020 жылы 90% қазақстандық қазақша сөйлейтін болады деп жүрген жоқпыз ба?! Оған да Құдай қаласа 6-ақ жыл қалғалы тұр ғой! Оның үстіне Қазақстан шонжарлары да, шонжарлар не айтса қағып алып, қайталайтын облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі шабармандар да күніге «әлемдік өркениеттен қалмау үшін мемкадрларды ағылшын тілінде даярлау керек, бірінші сыныптан бастап ағылшынша оқытамыз», деп гүмпіп жүр ғой. Ендеше, оған орыс тілінің не қатысы бар? Мемлекеттік тіл мен ағылшын тілін білсе болды емес пе? Ендеше, «Русская речьтің» орнына Қазақстанда қазақ тілін әр маманға міндетті түрде білуді жүктеп, қазақша оқуға мәжбүрлемейміз бе. Біз оның орнына орысша оқуға мәжбүрлеп қойғанымыз қалай? Біле білген адамға бұл ешнәрсеге негізделмеген, қазақ сәбиін ағылшын, орыс тілдерінің басын шалған дүбәраға айналдыру үшін жасалып отырған іс емес пе? Солай-ау, деп күдіктенуге әр қазақтың хақы бар емес пе?

         Жарайды, қазақ сәбиі қажет деп тапса орыс әдебиетінен, орыстың кешелі-бүгінгі мәшһүр ақын-жазушыларынан хабардар болсын. Онда да өзіне қажет деп білсе ғана. Ал бірақ онсыз да бүкіл өзен–су, орман–тауы, даласы мен қаласы күндіз-түні шуылдаған орысшаға толы және қоғамдық көлікте Абайды «Абая», Жамбылды Джамбула, Әуезовті Ауэзова, Өтегенді Утеген деп бақырып-шақырып баратқан қазақ сәбилеріне орыс тілінің грамматикасын, синтаксисін, лексикасы мен морфология, фонетикасын, предлогы мен приставкасын оқытып, әрі уақытын алудың, әрі қаржы бөлудің әрі миын шаршатудың соншалықты қажеті бар ма екен? Бар болса, не үшін? Олар өзіне керек болса Пушкин, Толстой, Достоевскийді,  өте қажет болып баратса Путин мен Жириновскийді былай да оқып-біліп алады ғой. Ал орыс тілінің маманы  орыс мектебінде оқитын қазақтардан-ақ шығады. Ендеше, орыс тіліне қазақ мектебінде сағат беріп, оған қаржы бөлудің, қазақ баласын сөйтіп қинаудың жөні қалай деген сауал бүгінде әр қазақтың көкейінде жүр. Ұлттық тілін, ұлттық мәдениеті мен ұлттық дәстүрін ұзақ жылдар орыс тілі отарлап кейін тәуелсіздік алған  әсіресе Ресейден тәуелсіздік алған ел бүйтпесе керек. Әлде «ученье свет, не ученье тьма» деген сияқты әммеге аян мәтел текқазақша 6-шы сыныпқа арналған орыс тілі оқулығы арқылы ғана санаға сіңеді ме? Әйтпесе, өзінің Қазақстан деген туған  елінде дүниеге келіп, өмірге енді аяқ басқан қазақ баласына:

         Русский язык мне необходим

         Я становлюсь еще сильнее с ним,

(19-бет) Забыв родной язык – я онемею

         Утратив русский

         Стану я глухой-деген не өлең сиқы жоқ, не берер өнегесі жоқ, құр орыс тілін өз тілінен артық болмаса кем құрметтемеуге үгіттеудің аржағында қандай жымысқылық жатқанын білу онша қиын емес қой! Бұл кәдімгі қазақтың бүгінгі ұрпағын орыстың алдында бас игізіп қоятын ҚҰЛМІНЕЗ деген аурудан айықтырмаудың бірден-бір амалы. «Осылайша, ағылшын тілі – бизнес тілі, орыс–тілі ұлтаралық тіл»деген сияқты ешбір лингвистикада жоқ  сусия сөздерді ойлап табу – биылдан бастап мектептерде қазақ тіліне бөлінетін сағатты айтарлықтай азайтуға жол ашып берді. Бұл қалайда қазақ тілін осы күнгі жартыкеш күйінен оңалдырмай, оны көркейтуге қарсы жасалып отырған әрекет екеніне дау жоқ. Айтпақшы, осы «Русская речь» негізінен орыс тілін насихаттауы аз болғандай («Атамұра», 2011 ж) қазақтың Бурабай деген жер-су атауының өзін Боровое деп орысшалап жазып қойған. Ал тарих оқулығы туралы жеке әңгіме болмаса, болмайды. Ол алдағы уақыттың еншісі. Тек ендігі тарих оқулықтарында бүгінгі ұрпағымызға біздің кімдерден қай ұлттан, қай мемлекеттен көп қорлық пен зорлық көргенімізді, тәуелсіздікті кімдерден, қай мемлекеттен алғанымыз туралы ашық айтатын уақыт әлдеқашан келгенін жалтақтамай айтсақ екен дейміз. Біздің ендігі жазылатын тарихымыз бұған дейін оқытылып келген, шындықтың бәрі бүркемеленген, намысы тапталған тарихтан басқаша, ояу тарих оқулығы болуы керек!

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320