Сенбі, 23 Қараша 2024
Желтоқсан жаңғырығы 2297 7 пікір 17 Желтоқсан, 2023 сағат 14:34

Тағы да желтоқсан жайында

Бұл жолдар жас журналист Ақгүлім Ерболқызының сұрақтарына (...оқиғаның шындығы қаншалықты ашылды? Әлі де зерттелуі тиіс, халыққа ашылуы тиіс тұстары бар ма? Ақиқаттың бұрмалануына не себеп? Тарихи шындықтың беті ашылуы үшін әлі қанша уақыт керек?  Желтоқсан оқиғасында құрбан болған жастарды еске алу күні Тәуелсіздік мерекесінің тасасында қалып қойып жатады. ...Бұған не себеп? ... Желтоқсанды қасақана ұмыттыруға жасалған әрекет емес пе?) орай туған еді... 

Еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанына отыз екі жыл болды. Ал өзіңіз «желтоқсан» оқиғасы деп еске алып отырған тарихи дүрбелең одан бес жыл бұрын орын алған. Яғни «оқиғадан» бері отыз жеті жыл өтті. Бүгінде жұртшылық оны Желтоқсан көтерілісі дейді, бірақ билік тарапынан ресми түрде әлі күнге дейін «1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғасы» деп аталады. Оқиға шындығының қаншалықты ашылғаны осы екі атаудан-ақ аңғарылып тұрса керек. Бұл өкіметтің ақиқатты білмейтіндігін емес, соны жан-жақты ашуға құлықсыздығын, төтесінен айтқанда, шындықтан қорқатындығын көрсетеді ғой деп ойлаймын.

Мәселеге тым тереңдемей-ақ, Алматыдағы жағдайды еске түсірейікші: бейбіт демонстрацияға шыққан жастарды, өрімдей он-жеті – жиырма жастағы қыз-жігіттерді билік құдды қазақтардың орыс халқына қарсы шыққанындай етіп көрсетуге тырысты. Іс жүзінде ұлттық белгілеріне қарай бірімен бірін араздастыру әрекетін өкіметтің өзі жүзеге асырды: кәсіпорындар мен ұйымдардың орыс және орыстілді жұмыскерлерінен жасақтар шығарып, оларды темір таяқтармен, кабель кесінділерімен қаруландырды, сөйтіп, турасын айтқанда, демонстранттарды аяусыз ұрып-соғуға, тіпті өлтіре салуға бата бергендей болды. Олар шерушілерді тек орталық алаңға келгендерінде ғана емес, соған бара жатқан жолда – көше-көшелерде де соққыға жықты.

Ал алаңда бейбіт жұртқа арнайы әкелінген арақ таратылды,  басқа да қилы арандату әрекеттері орын алды, өрт сөндіргіш машиналардан суық су шашты, солдаттар, әскери училище курсанттары, милиция және жасақшылар дөрекі түрде жазалау, жуасыту шараларын  жасады. Талайы тәни жарақат алды, қаза тапқандар да ресми мойындалғаннан әлдеқайда көп болды. Ұстағандарын автобустарға, жүк машиналарына тиеп әкетіп жатты. Милиция бөлімдеріне, түрмелерге тықты, қала сыртына тасып, құдды қоқыс төккендей, орларға түсіріп кетті.

Қысқасы, билеуші партия өзі жария еткен демократиялық жаңаруға сеніп, партияның олар үшін түсініксіз шешімінің себебін сұрап-білуге шыққан жастар қозғалысына отардағы құлдарының бүлік жасағанындай кейіпте қарады.

Бұл тарих сахнасынан кеткен империя тұсындағы жағдай еді, енді, тәуелсіз ел болған кезеңде, неге мұның ақ-қарасын ажыратып, дұрыс қорытынды жасамай жүрміз? Мәселен, қырғыз республикасынан тасымалданған әскери бөлімнің солдаты Ылаев Талайбек Молдобекұлы (Ылайтегин Таалайбек Молдобекуулу) көтерілісті басу кезіндегі «ержүректігі мен жанқиярлық іс-қимылы үшін» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Грамотасымен марапатталған болатын. Ол әскерден босап еліне барғаннан кейін Грамотаны Алматыға қайтарып жіберді. Бетіне: «Мен бұл дүниені қайтарамын, себептері менің хатымда көрсетілген. Бұл зат менде сақталуға лайық емес. Мен фашист емеспін, оның үстіне – МӘҢГҮРТ емеспін», – деп қол қойған. Ал хатында сол кезде өзі куә болған оқиға жайын хабарлай отырып, «Жазықсыз жандардың қаны жағылған бұл лас затты мен кері қайтарамын»,  – деп жазған екен.

Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін, «ерліктері үшін» республиканың ең биік наградалары – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және Жоғарғы Кеңес Төралқасының Грамотасымен, тіпті Мәскеудің орден-медальдарымен жазалаушылар мен жуасытушылар қатарында тұрған жүздеген солдат, жасақшы және солардың «ерлік жасауын» ұйымдастырушылар марапатталды, алайда осы күнге шейін араларынан Талайбектен өзге опынған ешкім шыға қоймады-ау деймін. Неге осы мәселенің себеп-салдарын ашып көрсетпеске? Бізге өз кемшілігімізді мойындаған жөн. Зерттелуге, ашылуға тиіс, өз қолымызда тұрған жәйт бұл.

Желтоқсан көтерілісінің тууына биліктің өзі себепші болғаны рас. Бас хатшы Михаил Сергеевич Горбачевтың ұлт мәселесіне терең ой жүгіртіп көрмегені сол шақта аныққа айналды. Ол бұрынғы Ресей империясының іс жүзінде жалғасы боп шыққан советтік империяның императоры екенін көрсетті. Оның Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнына беймәлім орыс қызметкерін қоюы   – ұлт мәселесіндегі бұрмалаулар шүпілдеп тұрған саяси қазанды кемерінен асырып жіберген қатерлі тамшы еді.

Жастар мұны Орталықтың қазақ халқын кемсітуін жалғастырғаны деп ұқты да, орталық алаңға жиналды. Мен олардың алаңның төрт шетінде лаулап өртеніп жатқан жылжымалы милиция бекеттерінің ортасында дөңгелене шоғырланып, бар дауыспен: «До-лой, Кол-бин!», «Жа-са, қа-зақ!» деп ұрандатқанын өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естідім. Қазіргі таңда мән бере қарасақ, бұл қысқа ұрандарымен саяси тәжірибесі жоқ жастар отаршылдан арылу қажеттігін және құқтары тым шектелген халқымыздың  шынайы теңдікке,  тәуелсіздікке жетуі тиістігін   мәлімдеген еді.

Біздің  «тәуелсіз социалистік қазақ мемлекеті» делінетін еліміз тың көтеру жылдары жаңаша отарланғаны белгілі. Соның салдарынан халқымыз өз елімізде барлық тұрғындардың үштен біріне де жетпей қалған. Қазақ мектептері жабылып жатты, орыс тілі отарлаудың пәрменді құралына айналдырылды. Орыстандыру саясаты: «Коммунизмге орыс тілімен барамыз!», «Орыс тілі – екінші ана тіліміз!» ұрандарымен екпіндете жүргізілді. Сол шақтағы ССРО басшысы Никита Сергеевич Хрущев «патшалықтың жүздеген жылдар бойы жасай алмағанын аз ғана жылда жүзеге асырдық» деп мақтанған. Коммунистік идеология советтік «жаңа адам» жасауды мақсат еткен.

Содан республиканы жергілікті ұлт өкілі басқарып тұрған, «ұлт мәселесі шешілген» деп дәріптелген кезеңнің өзінде талай келеңсіздік орын алған-ды. Енді, қазақ елін басқаруға Мәскеу эмиссары қойылғанда,  жағдай одан да әрмен асқынады деп санаған жастар алаңда ұлт мүддесін ескермеудің себебін түсіндіруді сұрады. Ал билік оларға күш қолданумен жауап берді.

Ақиқаттың бұрмалануының негізгі себебі осында: большевиктер өмірге келгеннен бері әрқашан өз істерін дұрыс деп есептеген.

Тарихи шындықтың беті ашылуы үшін жоғарғы басшылықтың, парламенттің саяси ерік-жігері керек. Егер сол қанды оқиғаның қазір тарих сахнасында жоқ мемлекетте болғанын олар мойындаса, айналасы бір аптаның ішінде бәрін орын-орнына қоюға болады.

Желтоқсан көтерілісі ХХ ғасырдың  басында дүниеге келіп, қилы кезеңдерді бастан кешкен жаңа тұрпатты қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жаңа серпін берді. Бұл – жарты әлемді билеп тұрған советтік жүйені дүр сілкіндірген ұлы оқиға. Соған қарамастан әлі саяси бағасын алған жоқ. Тіпті, көтерілісті ұмыттыру үшін, көтеріліс құрбандарын тарихи алаңда еске алатын үлкен қаралы жиын өткізуге жол бермеу үшін студенттерді Тәуелсіздік күні қарсаңында каникулға жіберу әдетке айналдырылды.

Тәуелсіздік мерекесі мемлекеттік  тәуелсіздік жайында Заң қабылданған 16 желтоқсанға белгіленді ғой, бұл Желтоқсанды қасақана ұмыттыруға жасалған әрекет пе, жоқ па –  білмеймін. Егер қазіргі таңдағы Жаңа Қазақстан, Әділетті  Қазақстан құру ұранына сай ойласақ, мерекені де, қаралы күнді де өз орнымен атап тұруға әбден болады.

Бұл үшін Желтоқсанға қатысты жол берілген әсіре сақтықтан арылған жөн. Барша жұрт, әсіресе мемлекеттік қызметшілер бұрынғы метрополияның көне империяшылдық көзқарасынан қаймықпай, Желтоқсанды өз мәнінде мақтаныш ете білу керек. Әркімге өз бойынан құлдық сана қалдықтарын шығарып тастауды, өзін және айналасын шыншыл тарихпен тәрбиелеуді мақсат ету ләзім. Желтоқсан тарихын барша себеп-салдарларын түсіндіріп, мектеп оқулықтарына енгізу, қалың жұртшылыққа барынша насихаттап отыру  керек. Және мұндай жұмысты тек қаралы күн қарсаңында ғана емес, жыл бойы, еліміздің азаттық күресі тарихының маңызды белесі ретінде, тұрақты жүргізген жөн. Сонда азаматтарымызды,  өскелең ұрпақты отаншылдық, мемлекетшілдік рухта тәрбиелеуге елеулі үлес қосамыз және бұлар еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге сенімді кепіл болады.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434