Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ой түрткі 2397 9 пікір 17 Желтоқсан, 2023 сағат 15:31

Тәуелсіздіктен «тәуелсіздік» алу

Фото: astana-akshamy.kz

философиялық және логикалық ойдың өрісінде

Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс,
әйтпеген де болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз.
Әлихан Бөкейхан

Тәуелсіздік кез-келген халықтың баға жетпес бақыты, байлығы. Қазіргі таңда Қазақстан қандай бір жетістікке жетсе, соның бәрін тәуелсіздіктен бөліп қарауға келмейді. Себебі Қасиетті тәуелсіздік өзімен бірге ой мен істің еркіндігін, рухани бостандықтың дамуын, ұлттық өркениетті ала келді.  Бұлардың қай-қайсысы да қуаты күндей, аса қастерлі құндылықтар.  Бір адам үшін жеке басының бостандығы қандай қымбат болса,  ұлт үшін тәуелсіздік сондай бағалы. Ал мемлекет үшін тәуелсіздік мерекесінен артық мереке жоқ, жоқ болуы тиіс те.

Республикамызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 2001 жылғы желтоқсанның 13-дегі «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңдарына сәйкес 16-17 желтоқсан Ұлттық мейрам ретінде  аталып өтіледі. Себебі ол сан ғасырдан бергі милиондаған қазақтардың қанымен суарылған жемісі тәтті, тамыры ащы бір бәйтерек тәрізді дүние. Деседе, жыл сайын осы мерекеміздің жаңа жылдық дыр-дуының тасасында қалып, көтерілуге талпынған рухымызды қайта-қайта төмен тарта беретіні бар.  Әрине, арғы тарихын айтпағанда, елімізде сонау 1937 жылдан бері үздіксіз тойланып келе жатқан, «ақ сақалды, ақ шашты» мерекенің  мерейі әлі басым.

Біз ұлтымыздың еңсесін көтерген бұл мерекенің қадір-қасиетін жалпы халық болып, шынайы сезініп кеттік деп айта алмаймын. Мерекені ән мен күй, әзіл-оспақ кештері, конценрт деп білетіндер де бар. Бұлай түйсіну бізге және болашағымызға пайдасыз және қауіпті болуы мүмкін.  Біз бұл мерекені тарихтан сабақ алу мен болашаққа жоспар жасаудың бастапқы нүктесі ретінде бағалауымыз керек. Ол үшін үлкен ой-толғаныстар мен алыс әрі биік мақсаттар мен мүдделер тұрғысынан келу қажет. Мен кейде «Тәуелсіздік» мерекесінің өз деңгейінде атап  өтілмеуі - осы «тәуелсіздік» деген сөздің көңілге жаттанды, құлаққа сіңімді болып кеткенімен де байланысты ма деп ойлаймын. Себебі осы сөздің артында санаға салмақ түсірердей мың батпан ауыр жүк, оянбаған  ұлтсыздықтың мешел санасы жатқандай сезіледі.

Философиялық  көзқараспен қарайтын болсақ, тірі жан иесінің бәрінде толық әрі шексіз бостандық болмайды. Олар қалай болмасын қоршаған ортаның, климаттың, заң мен діннің немесе отбасының және т.б шектеулері негізінде өмір сүреді. Біздің айтпағымыз, мұндай шексіз еркіндік емес, керісінше бір халықтың саяси, рухани және экономикалық жақтағы еркіндігі. Логикалық ойлаумен үңілсек, күн болмағанда, түн деген түсінік, қара болмаса, ақ деген анықтаманың болмасын білеміз. Осы тұрғыдан қарағанда, тәуелділік болмағанда, тәуелсіздік те болмас еді десек, ешкімде теріс демес. Ал «тәуелділік» дегеніміз не? Менің пайымымша, тәуелділік - шарасыздық, ол – әлсіздік, ол –жеңіліс, ол – құлдық. Ащы да болса шындық осы. Егер, қолымызда мүмкіндік болса, мықты болар едік те, күрескенді алып ұрып құлдыққа түспес едік. Бұл айтқаным біздің халық нашар, әлсіз, құлдыққа бейім халық дегенім емес. Мен өз халқымды, ата-бабаларымды әлемдегі ең ақылды, батыр халықтың бірі деп санаймын. Оның дәлелі жеткілікті, басқасын айтпағанда, Еуропаның оннан астам елі сыятын, дүниежүзі бойынша 9- орында тұратын кең байтақ жеріміздің болуы соның ең жарқын дәлелі. Бізді тығырыққа тіреген тарихи және басқада себептерге байланысты туындаған  шарасыздық, сол шарасыздықтан әлсіздік, одан жеңіліс соңынан құлдық келді басымызға. Ал біз жиі айтатын және айтуды ұнататын «тәуелсіздік» деген осы сөз біздің басып өткен бақытсыз сүрлеуімізді, азапқа толы кешулерімізді үнемі көзімізге шұқып көрсетіп, есімізге еріксіз салып отыратын тәрізді көрінеді. Басқа қырынан назар салсақ, осы сөздің қажетсіздігін де түсіне бастаймыз. Мысалы,  жеке бір адамды мысалға алсақ, кез-келген жан өз басынан кешкен қиын, шарасыз күндерін айтқысы да, ойлағысы да келмейді. Себебі ол өткенін еске алу арқылы жүрегін жаралайды. Ұлт та адам сияқты қасиетке ие. Оның да өткені, бүгіні және келешегі бар.  Шарасыз шағын ескерте беру ұлт үшін де ұнамсыз құбылыс. Сіздерді білмеймін, өз басым билігін қолына алған соң соншама жылдар бойы «тәуелсіз» деген тіркесті қолданған ешбір елді білмеймін.  Африканы айтпағанда, аузын айға білеген Қытай мен Үндістанда, араб елдері де, Шығыс және Оңтүстік -Шығыс Азиа мен Латын Америкасыдағы, Шығыс Еуропадағы көптеген мемлекеттер де бәрі де бодандықтың қамытын киген елдер. Бірақ олардың ешқайсысы мемлекеттің ұлы мерекесін «Тәуелсіздік» мерекесі деп атап жатқан жоқ.

Сөз басында айтқандай біз қалыптасқан мемлекетте жасап отырмыз. Олай болса, бір кездері өзіміздің тәуелді болғанымызды ұрпақ санасында жаңғырта беруден не ұтамыз?. Біз  оларды ешкімнен сескенбейтін, жалтақтамайтын, өр тұлғалы, мінезді ұрпақ етіп тәрбиелеуіміз керек.  Адамды адам, ұлтты ұлт етіп танытатын да осы мінездің ірілігі. Мінездің ірілігі бізді бабалар жеткен биікке көтеретін ғажайып құрал. Жоғарыда айтылғандай, мерекеміздің өз дәрежесінде тойланбауының бір себебі  мінезіміздің ұсақталып кетуі болса керек. Ал мінезді қалыптастыруда Шығыстағы елдердей дәстүр мен ата кәсіп мәдениетін сақтау мен дамытуды,  Батыс елдеріндей  заңдық және ғылыми негізде өркендеген экономикамен үйлестіргенде ғана  қол жеткізуге болады.

Қорыта айтқанда, қоғамда жаппай қолданысқа айналған «тәуелсіз» деген сөзден тәуелсіздік алатын кез келді. Ол сөзді енді әрі қарай қолдана берудің мәні де, маңызы да шамалы. Осы «тәуелсіздікпен» қатар айтылатын Қазақстан сөзінің «стан» деген жалғауынан да арылсақ тіпті жақсы болар еді. Онда төлқұжатымызда «Қазақ Республикасының азаматы» деген айбынды сөз тұрар еді. Сонда 16-17 желтоқсан күндері аталып өтілетін мерекені «Қазақ Республикасының құрылған күні» немесе «Республика күні», тіпті «Мемлекет мерекесі» деп те атап өтер едік. Осы сөздер жүрегімізге жылы тиіп, көктем шуағындай жүрегімізде мұз боп сірескен, қасаңдық, енжарлық, көмпістік мінезді ерітіп, мемлекет мерекесін өз деңгейінде тойлануына бастар еді. Ұлы мереке шын жүректен, өз деңгейінде тойланатын күнге жетсек, мемлекет пен ұлт тағдырының тұғыры асқақтап, шынайы мемлекетшіл халыққа айланар едік.

Қастер Сарқытқан,

Р.Б.Сулейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5625