Жексенбі, 24 Қараша 2024
Даңғыл 2119 7 пікір 18 Желтоқсан, 2023 сағат 11:49

Еліміздің өтпелі кезеңі

Еліміздің егемендік алғанына осы жылы 32 жыл болады. Тағдырымыздың осы қуанышты кезеңінде болашағымызды болжап көрелік. Ол үшін әуелі өткен кезең мен бүгінгі өмірімізге көз жіберуіміз керек.

Шын мәнінде, біз әлемдегі өте бақытты халықтың біріміз. Тағдыр қазақ халқына нендей бір керемет байлықтар беріп, қиындықсыз шалқып өмір сүруге барлық жағдайды жасаған. Балдай тәтті мөлдір суы бар өзен-көлдеріміз, жайқалған орман-тоғайымыз, асқар тауларымыз, шексіз жер асты байлығымыз, әлемдегі ең асыл дәнді дақыл беретін кең байтақ даламыз тәрізді ата-бабаларымыздан қалған құндылықтар бізге ешкімге тәуелді болмай, еркін өмір сүруімізге мүмкіндік береді. Мұндай байлығы бар ел әлемде сирек кездеседі.

Егемендік алғаннан кейін  тағдырдың берген бұл үлкен мүмкіншілігін дұрыс пайдаланып, өркениеттің сара жолына түсуге мүмкіндік туды. Коммунистік жүйе адамды бақытты өмірге емес, керісінше, тығырыққа тіреп, жардан құлататын жол екенін көрдік. Бізге басқа бағыт керегін түсіндік. Енді бұрынғыдай басқаның аузына қараудың қажеті жоқ. Абай сөзімен айтқанда «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ». Енді жөнді жолға түсуіміз керек еді. Осы шексіз мүмкіндікті дұрыс пайдалана біліп, ешбір зардапсыз өмір сүруге болар еді. Бірақ, Абай айтқандай «Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық». Бұрынғы жартас – сол жартас болып, бұрынғы қалпымыздан өзгермедік. Әлі күнге дейін біз өмір шырғалаңынан шыға алмай, жан-жаққа жалтақтай қарап, қолымызды өз аузымызға жеткізе алмай отырмыз.

Елдегі үрдіс бағыты сол баяғы Кеңес дәуірінен көп өзгерген жоқ. Саяси-әлеуметтік тұрғыдан алатын болсақ, қоғам өмірі жақсарудың орнына нашарлап кетті. Кейбір болымсыз өзгерістер болғанымен, олардың шешуші маңызы болмады. Құлдырау қарқыны төмендегенімен, өркениеттің жалпы бағыты сол бұрынғыдай күннен күнге төмендеуде. Бүгінгі жағдайымыз біз үшін құлдырау кезеңінен жоғары өрлеу кезеңіне өтетін өтпелі дәуір болып табылады. Бұл өтпелі дәуірден қашан шығатынымыз әлі белгісіз.

Себебі неде? Бұған кім кінәлі? Осы мәселенің төңірегіне келейік.

Әрбір күрделі мәселенің себебі бар.

Коммунистік идеямен қаруланған бұрынғы тоталитарлық жүйе еркіндікті шектеп, Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарының үйлесімділігін бұзды. Осылай демократия төмендеп еліміздегі өркениет құлдырады. Қоғамның материалдық болмысы мен рухани болмысы үйлесімге келмей, болмыс заңдылығынан шығып кетті. Егемендік алған соң табиғаттың бұл үйлесімділік заңдылығын кезінде ескермедік (мүмкін түсінбедік). Нәтижесінде елімізде көп нәрсенің аты өзгергенімен, заты өзгермей, жағдай сол бұрынғы қалпында қалды. Елдің жағдайы бұрынғыдан да нашарлай бастады. Кеңес дәуірінде Коммунистік партия аз да болса қоғамды бір бағытқа салып, елді бір мақсатқа жұмылдырып отыратын. Ал бүгінгі күндері ол да жоқ. Осылай тәртіп пен еркіндік төмендеп, әрі үйлесімділігінен айрылған демократиясы әлсіз елге айналдық.

Шын мәнінде, 1991 жылы егемендік алғаннан кейінгі құлдыраған жағдайымыз табиғи құбылыс еді. Мұндай табиғи құбылыстарды Ресей империясынан бастап, Кеңес дәуіріндегі жағдайлардан да көре аламыз. Еліміздегі жағдай Ресей империясындағы 1917 жылғы революциядан кейінгі кезеңмен сәйкес келеді. Бұл жылдар да елдің құлдырау жылдары болғаны белгілі. Бұрынғы жасалған қателіктер осылай қайтадан қайталанып отыр. Тарихтан сабақ алу оңай емес екен. Көзімізді жеткізу үшін өткен күндерімізге көз салайық.

Егемендік алған алғашқы жылдар. Ресейде 1917 жылғы төңкерістен кейін қандай жағдай болса, біздің алғашқы жылдарымыз да сондай болды. Өркениеттің жетілуінде синусоида заңдылығы бойынша құлдырау мен өрлеу арасында өтпелі кезең болады. Төңкерістер мен революциялар тудыратын бұл  өтпелі кезеңдер өзара ұқсас келеді. Ол ұқсастық – қоғамдағы хаос, оны жөнге келтіру үшін қатаң тәртіп орнату, саяси-экономикалық реформалар және тағы тағылар. Бірақ, өтпелі кезеңнің мерзімі, реформалар бағыты мен  түрлері тәрізді кейбір айырмашылықтары да болады. Мысалы, коммунистердің өтпелі кезеңі 1917-1932 жылдар арасында он бес жылға ғана созылса, ал біздің елде бұл кезеңнің басталғанына отыз жылдан асты, бірақ қашан аяқталатыны әлі белгісіз. Екеуінде де бостандық алғаннан кейін адам еркіндікке ие болды. Бірақ, әуелде жауапкершіліктен айрылған бұл еркіндік анархия бейнесін алып,  уақыт өте келе шектеліп, бүгінгі күндері әлсіреп, шынайы еркіндіктің құр сүлдері ғана қалды деуге болады. Нәтижесінде дұрыс пайдаланбаған еркіндік өзінің кері әсерін беріп, еліміздің экономикасы бұрынғыдан да жылдам құлдырай бастады. Мұндай жағдай біздің ел ғана емес, Кеңес Одағы ыдырап, еркіндік алған елдердің барлығына тән құбылыс. Себебі, атеистік өмірден қалған рухани мешел ой жүйесі адамдарға демократия шарты болып табылатын тәртіп пен еркіндік үйлесімділігін дұрыс түсінуге мүмкіндік бермейді.

Сонымен, қандай қоғам болса да егемендік алғаннан кейін бірден көтеріліп кетпейді. Өтпелі кезең болады. Инерцияның әсері бар. Сол себептен Ресейде 1917 жылғы революциядан кейінгі жағдайлар егемен болған соң біздің елде де қайталанды. Бұл – біздегі бүгінгі өтпелі кезең. Әйтеуір, Құдай сақтап, Ресейдегідей Азамат соғысы біздің елде болған жоқ. Ал соғыстан басқа жағдайлар дәл сондай болмаса да, өзара ұқсастығы барына көз жеткізуге болады.

Тоқсаныншы жылдары елімізде (біздің елде ғана емес, егемендік алған басқа елдерде де) тәртіп әлсіреп, еркіндік алған түрлі топтар қоғам байлығын талан-таражға салды. Еркіндік алған жауапкершілікті білмейтін қара күштер тәртіптің әлсіздігін пайдаланып, сол кезде ел байлығын тонауға кірісті. Елде зорлық-зомбылық, рэкет, рейдерлік әрекеттер тәрізді түрлі бассыздықтар ұлғайып, адамдар күйзеліске ұшырады. Әділеттілік аяққа басылып, қоғамдағы тәртіп Кеңес Одағының дәуірінен де жылдам құлдырады. Елдің экономикалық жағдайы нашарлап, халық қалада ғана емес, ауылда да тағдырдың шырғалаңына түсіп қалды.

Қалай дегенмен, экономика қанша құлдыраса да, адамдар еркіндік алып, бұрынғы жан күйзелісінен арылуға мүмкіндік туды. Сондықтан, өркениет заттық және рухани құндылықтардан құралатын болғандықтан, оның жалпы бағыты күрт төмендемей, тек қана құлдырау қарқынын төмендетті деуге болады. Синусоида көрінісі 1991 жылы біздің елде де өтпелі кезеңіне, яғни төменгі доғаға жетті. Бұл доға – құлдырау мен өрлеу дәуірлерін жалғастыратын өтпелі кезең.

Коммунистер тәрізді біздің үкімет те қоғамдағы өзгерістерді кезінде қолға алып, талан-таражға салумен қатты күресіп, оны бір қалыпқа келтірді. Қоғамның төменгі топтарында осылай тәртіп орнады. Бірақ қоғамның жоғары деңгейіндегілерді ауыздықтау оңай емес еді. Оның да себебі болды. Мысалы, коммунизм идеясымен қаруланған коммунистер 1917 жылдан кейінгі анархияны жеңіп, қоғамның барлық деңгейінде қатаң тәртіп орната білді. Ал біздің елде халықты біріктіретін ондай күшті идея болмады. Тән құмарын жеңіп, тәртіпке шақыратын жоғары идеялы күш табылмады. Көпшілік егемендікті тағдырдың берген сиындай қабылдады. Сондықтан, ел әлі саяси оянып, пісіп-жетілмеген, демократиялық күштер әлсіз. Осындай жағдайда бұрынғы коммунистер билікке қайта келіп, енді өз қамдары үшін ел байлығын талан-таражға салып, бөлісуге кірісті. Демократия әлсіз болғандықтан, адамгершіліктен айырылған олар халық қаһарынан қорықпады. Енді ел тонау үрдісі төменгі деңгейден жоғарыға, елді басқарушылар деңгейіне көтеріліп, ұйымдасқан топ құрылып, үдеп кетті. Ел билігінде отырған осындай алаяқтар өздеріне елді тонайтын жүйе жасап, халық байлығын өздерінің қамы үшін еркін пайдалануға мүмкіндік алды деуге болады. Атеистік тоталитарлық жүйеден кейінгі бұл құбылыс табиғи көрініс еді.

Солай десек те, бостандықтың аты – бостандық. Елдің табиғи болмысы оянды. Еркіндікке ұмтылған халық бизнеске ұмтылып, 2000 жылдардан кейін елдің экономикасын жандандыра бастады. Жасампаздыққа жол ашылып, құштарлық пайда болды. Бұл жағдай Кеңес Одағының алғашқы кезеңіндегі Жаңа экономикалық саясатымен ұқсас (НЭП) еді. Сондықтан онымен салыстыра отырып, өзіміздің бүгінгі жағдайымызды түсінуге мүмкіндік аламыз.

НЭП Кеңес Одағында  өркендеу дәуірінің өтпелі кезеңінің басы болды. Біз де сондай дәуірден өттік. Бұл кезеңнің жалпы заңдылықтары өзара ұқсас. Олардың ұқсастығы – екі жағдайда да еркіндік пайда болып, халық шаруашылығының жандана бастауы және сонан кейінгі құлдырауы.

Сонымен, еркіндік алған соң халық жігерленіп, барлық құштар-қайратымен өмірін жақсартуға кірісті. Әркім қолынан келгенше амал жасап, жеке шаруашылық жандана бастады. Осылай халық шаруашылығы өркендеп, экономика түзеле бастап еді. Жеке меншік тез жетілді. Әлі есімізде, ол кезде ел құштарлығының оянғаны соншалықты, тіпті салық бөлімінде халықтың көптігінен патент, не болмаса басқа құжат алу үшін бірнеше сағат күту керек болатын.

Бірақ бұл өрлеу кезеңі ұзаққа созылмады. НЭП дәуірі қалай құлдыраса, бұл дәуір де солай құлдырау жолына түсті. Екеуінің құлдырау себептері де бірдей. Ол себеп – экономиканың жетілуіне жасанды кедергі келтіру. НЭП дәуірінде бұл кедергі коммунистердің капиталистік қатынастан қорыққан идеологиялық саясатынан болса, ал біздің елде рухани мешеулік, содан шығатын коррупция, қағазбастық, жемқорлық тәрізді қоғам кемшіліктерінен болды. Біріншісін түзету мүмкін емес еді, бірақ екіншісін түзетуге болатын еді. Өкінішке орай, ол кезде ел басқаратын партия да, соған сәйкес елді алға бастайтын адал, кемел басшылық та болмады. Осылай халықтың жарқын болашаққа деген алғашқы ынтасы су құйылғандай басылды.

Жеке шаруашылық саны күрт төмендеді. Енді бизнес қамынан қорқып, онымен айналысудан адамдар қаша бастады. Олар өздеріне сенудің орнына, көмекті сырттан, үкіметтен іздейтін болды.  Нәтижесінде еліміз әлі күнге дейін экономикалық тығырықта, ал өндіріс құлдырап, қазіргі кезде сіріңкеге дейін шет елден сатып алатын болдық.

Еліміздегі бизнестің тез құлдырауының тағы бір себебі – Кеңес Одағынан қалған менталитет. Кеңес Одағы социализмді 70 жыл құрды, бұл уақыттың ішінде үш ұрпақ өзгерді. Алғашқы екі ұрпақтың жеке меншікке деген ынтасы болғандары түгелдей құртылды. Үшінші ұрпақта құртатын ешкім қалмады – барлығының ой жүйесі қоғамдық меншікке ауысты. Сондықтан егемендік алғаннан кейін елде жеке меншікпен шұғылдануға деген ой жүйе, ынта-жігер, тілек-арман қалмады. Тіпті халықтың оған деген  ыңғайы да жоқ еді. Әлі жетілмеген, әлсіз болды. Сонымен бірге, экономикалық жүйе мен капиталистік қатынас дайын емес еді. Экономикалық жүйе мен капиталистік қатынас бір-бірімен байланысты.

Бүгінгі күндері адамдардың жеке меншікке салқындығын салық бөліміне кірген адам да жақсы көре алады. Бұрынғы қаптаған халықтан енді ешкім жоқ. Болса бір-екі адам. Осылай НЭП кезіндегі қателікті ескермей, оны тағы қайталадық. Өткен дәуірдің маңызды тәжірибесін қолданбадық. Халықтың алғашқы ынтасын қолдағанның орнына, оны  басып тастадық.

Бұл қателікті жібермеуге болатын еді. Ол үшін билікте отырғандарға еркіндік алған адамның ынта-жігерін басудың орнына, оны  қолдап, толық еркіндік беру керек еді. Қытай елі не себептен жылдам қарқынмен жетіліп келе жатыр? Себебі олар адамның ынтасына, бөгет жасамай, керісінше, толық қолдап, жасампаздыққа еркіндік беріп, тіпті оларға барлық жағдай жасайды. Оның жақсы нәтижесін бүкіл әлем көріп отыр.

Үкімет тарапынан алатын болсақ, бізде барлығы керісінше болды. Бүгінгі күнгі жағдайды ел біледі. Сондықтан, тереңіне бармай-ақ, оған қысқаша көз жіберетін болсақ, жеке бизнеске түрлі кедергілер жасалып, шек қойылып, оның қалау-ниетін тежегенін көреміз. Бизнеске ұмтылған адамды қағазбастыққа шырмап, түрлі құжаттардың көмегімен шаруашылығын жетілдіруге мүмкіндік бермеді. Керекті-керексіз көптеген тексеру ұйымдары ашылды, сонымен бірге, оларға қолында билігі бар адамдар қосылып, рекет, рейдерлік әрекеттермен бизнесті тонап, тұншықтырып жіберді. Осылай рухани надандық жеңіп, жеке шаруашылықтарға үлкен салықтар салынып, арнайы салық полициясы құрылып адамның жасампаздық қуатын тұншықтыра бастады. Билікті пайдаланған адамдар қолына ел байлығын шоғырландырып, монополия күшейді. Үкімет тоталитарлық жүйеге айналып, діннен бастап білім алу, медицина салалары, сот-прокуратура жүйелерін бір орталыққа, жоғары жаққа бағындырылып, олар солардың нұсқауына қарайтын болды. Адам өз еркінен айырылып, әділеттілік аяққа басыла бастады. Осылай демократиялық құндылықтардан айырылып қалдық. Нәтижесі - бүгінгі өмір көрінісі.

Бұл көріністер өркениетті дамыту үшін адамның жасампаздық қуатын арттыру қажеттігін, ол үшін еркіндік пен тәртіпті үйлесімге келтіріп, елді демократиялық жолға салу керегін тағы да дәлелдей түседі.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5613